DataLife Engine / Сұлтанмахмұт Торайғыров (Бұлар кім?)

Сұлтанмахмұт Торайғыров (Бұлар кім?)

Бұлар кім үсті-басын мұнар жапқан,
Жалқаулық бір-бірінде алты батпан.
Аяғын алға қарай бір баспайды,
Жолына құрылғандай алмас қақпан.

Өз ара жанжалдасып қанға батқан,
Ішінде түрлі пітіне толып жатқан.
Басқаны өз қарнынан ойламайды,
Мал берсе, ары түгіл жанын сатқан.

«А, құдай, бере көр!» деп тыныш жатқан,
Тағдырға барлық ісін үйіп артқан.
Өзі жатып құдайды жұмсамаса,
«Кәпір болдың» дейтұғын молда тапқан.

Жау болып бірін-бірі күнде шапқан,
Жасы, қарты — бәрі де бәле баққан.
Соқырға жан-тәнімен басын ұрып,
Көздісін көмір қылып отқа жаққан.

Ауруы оңалмастай түрі жаман,
Түсінтер бұларды айтып қандай адам.
Екенін дұрыс-бұрыс біле алмаймын,
Береді былай жауап біреу маған:

– «Көрінген сіздің көзге нашар жандар,
Болады жалқау, надан мұсылмандар.
Ұжмақтан ай мен күндей хорды күтіп,
Басқаға кең дүниені ұсынғандар.

Бұлардың түрік еді арғы заты,
Жиһанды тітіреткен салтанаты.
Бұл күнде азып-тозып күлкі болған,
Бұлар да сол түріктің жұрағаты».
07.07.2016
Вернуться назад