DataLife Engine / Нұржан Наушабайұлы (Леп ұрған кейбір жігітке)

Нұржан Наушабайұлы (Леп ұрған кейбір жігітке)

Атқа мінсең наз бедеу
Қапалы көңіл ашылар.
Кем болмаса тумысың
Қатарға басын қосылар.
Әдеп, ақыл, білімді
Үйрене һеш кім тумайды,
Көруменен ысылар.
Ілгері тәңрі бастырса,
Өнерін күн-күн асырар.
Бақ қалаған жігітке
Таңдап мінсең бедеу ат
Көңілдің күбі шешілер.
Бекзаданың белгісі
Ашу болмас бойында
Жібектейін есілер.
Жамандардың қалыбы
Кемдік беріп талапқа
Көңіл зауқын ұшырар.
Сыр сақтамас ішіне
Көрінгенді дос көріп
Басына елді көшірер,
Һауи мисыз жігіттер.
Ертеңнен кешке шапсаң да
Шабысын тұлпар таңбайды.
Мәрт жігіттің белгісі
Бір қалыбын өзгертіп
Жеңіл сөзге азбайды.
Нәмәрттердің ісі бұл
Білмеген ісін білем деп,
Өзінің сөзін дұрыстап,
Қыңырайып болмайды.
Міңгіре еткен қызметің
Тек қана жоры болған соң
Бір тиынға тұрмайды.
Заман ауып мүбәдә
Қолынан бір іс келсе егер
Һеш кімге мойнын бұрмайды.
11.08.2016
Вернуться назад