Ақылбек Шаяхмет (Аралас)

 Ақылбек Шаяхмет (Аралас)

Қысы-жазы көздің жасын құрғатпай,
Қолын созып, көмек берер жан таппай,
Өзек жалғар бір тілім де нан таппай,
Демі үзілсе, «өлдім»» - деп те тіл қатпай,
Жүрген де көп жалаңаяқ, жалаңаш.

Масайраған, ішім-жемге тоймаған,
Мықты келсе жалбаң қағып, тойлаған,
Жанның емес, малдың қамын ойлаған,
Қонақ келсе, тышқақ лағын соймаған,
Пенде де көп бір біріне қарамас.

Күн суықта абыржитын, сасатын,
Жиғаны жоқ қатарынан асатын,
Бірақ, бардан қайыр, мейір тосатын,
Шамасы жоқ бірді бірге қосатын,
Келей де көп бір тойғанға шала мас.

Торқалы тон, жыртық шапан кигендер,
Тұщы етіне ащы таяқ тигендер,
Арам қолды басын иіп, сүйгендер,
Суға түсіп, жанған отқа күйгендер,
Бәрі-бәрі бұл фәниде аралас.


Өлшедің бе өмір, өлім арасын,
Дәм таусылса, көзді бір күн жабасың.

Кетсе нөсер шөл даланы қылып көл,
Тасқын судың не қылғанын ұғып көр.

Жаурағанды жылындырса жанған от,
Жойқын өрттен ешкім аман қалған жоқ.

Барар жерге жылдам жетсең көлікпен,
Ажал табар кейбіреу сол көліктен.

Мәз боласың ас ішкенге табақтан,
Ажал табар кейбіреу сол тамақтан.

Төсегінде адам қызық көреді,
Төсегінде жатып науқас өледі.

Сөз қадірін кез келген жан ұғады,
Сол сөз кейде пәле болып шығады.

Жалт-жұлт еткен өмір осы қас-қағым,
Олай болса, жаңсақ қадам баспағын!


Әміріңді жүргізіп,
Қадіріңді білгізіп,
Алтын тақа мінсең де,
Төбең көкке тиіп те,
Шығып алып биікке,
Мұнараның ішінен
Шықпай өмір сүрсең де,
Аллаға зар қылам деп,
Қылуетте болам деп,
Жер астына кірсең де,
Ден сау болып, талтаңдап,
Бағың тасып, алшаңдап,
Жерді басып жүрсең де,
Салып сауық-сайранды,
Жиі көріп мейрамды,
Тоқсан жасқа келсең де,
Ажал сені табады.


Қала көп пе бүгінде,
Мола көп пе жерде осы,
Терең мұхит түбінде
Кейбіреудің мүрдесі.

Болды ма екен бұрын да
Адамзаттың қадірі?
Эверестің шыңында
Кейбіреудің қабірі.

Еске алмауға бола ма,
Не өтпеген басынан?!
Жусан өскен далада
Қанша сүйек шашылған!

Қатқан қара тастың да
Кеудесінде нала жүр.
Әр төбенің астында
Жатқан жоқ па мола бір?!

Өтер өмір, бір күні
Топырақ жабар бетіңді.
Жердің өзі, ойласаң,
Алып мола секілді.


Тура жолды болмайды теріс деуге,
Қисық жолды болады тегістеуге.
Жақтырмайтын шындықты кісілерге
Бұл сөзіммен болады келіспеуге.

Шындықты іздеп көп кісі сабылады,
Жәбір көрсе, Аллаға шағынады.
Мағынасын жырымның түсінгенде,
Бұл сөзімді қолдаушы табылады.

Бұл фәнидің көрсең де қызықтарын,
Қоя алмайсың көрмеге тізіп бәрін.
Өзгертуге болады, шамаң жетсе,
Маңдайдағы тағдырдың сызықтарын.

Қатарынан бағы асып, озғаны жоқ,
Адамзаттың жалғанда азғаны көп.
Не түссе де басына, көніп соған,
Жүре берме Алланың жазғаны деп.

Кең ғаламның сырларын меңгерер кім?
Балық-сынды сең соққан сенделермін.
Үміт етіп Алладан, қайрат қылса,
Өз қолында тағдыры пенделердің.


Айтса да ақыл кемеңгер,
Адасып жүрген көп әлі.
Аллаға ғана құл болған
Исаны Құдай дегендер
Шындықтың бетін жабады.

Айтса да білмей надандар,
Көтеріп оны жоғары,
Құрсақта жатып, жетілген,
Әйелден туған пайғамбар
Қалайша Құдай болады?

Шындықты айтар кім бетке,
Оларға жалған ұнайды.
Оқыған кім бар Інжілді?
Жазылған онда: «Сүндетке
Отырғызған деп Құдайды».

Өмірдің өзі шарайна,
Көңілге жиі қарай ма?
Лай мен судан жаратқан
Адамды тең деп Құдайға,
Жатқаның Хаққа ұнай ма?!

Тауысып, сірә, көз майын,
Оқыған жан көп Құранды.
Сөзімді әрі созбайын,
Исаның айтып мән-жайын,
Серпілткен жоқ па күмәнді.

Жалғанда жан жоқ тең келер,
Алладан тағы сұраймын.
Шайтанның сөзін жөн көрер,
Тәубаға келсін пенделер
Танымай жүрген Құдайын.


Бұл өмір адамның көзінің қарасы, ағындай,
Тым қымбат ат басы алтындай,
жақұт пен лағылдай.
Алайда, көп жанның ғұмыры қысқа ғой,
Қас пен көз арасы, қамшының сабындай.

Жүрсең де үлде мен бүлдеге малынбай,
Босқа өтсе өмірін көпірген сабындай,
Артыңда өшпейтін бір ізің қалмаса,
Кеудеден уайым қояды арылмай.

Жаратқан Алланың еркіне бағынбай
Болмайды.
Арманың көлбеңдер сағымдай.
Көктемнің күндерін қыс түссе сағынбай
Тұрмайсың.
Сондықтан таппайды жаның жай.

Жастық шақ – бастағы бағыңдай,
Жастықтың жайнаған отымен жалындай,
Өзіңнен мықтыға жағынып, жалынбай,
Жүрсең де ешкімге бағынбай,
Қамал көп қалатын алынбай.

Білімін жинаған – таусылмас малыңдай,
Мақсатың – төбесін қар жапқан тауыңдай.
Жел мүжіп, тозатын үстінде тоныңдай,
Іздеген заттардың біразы
Бәрібір, кетеді табылмай...


Оңнан құрған тордан,
Солдан келген сордан,
Арттан атқан оқтан,
Алда қазған ордан,
Сақта мені, Жасаған!

Сінген мінді сүйекке
Сылып таста құр еттей,
Ізгі ойдағы тілекке,
Ықылас пен ниетке,
Баста мені, Жасаған!

Төбеден келген мұз-қардан,
Табаннан өткен ызғардан,
Кемталант, қарау ақыннан
Өзінен ассам, қызғанған,
Сақта мені, Жасаған!

Қалмай елдің көшінен,
Таусылмаса несібем,
Ырыздықты теріп жеп
Туған дала төсінен,
Болса болды бас аман.


Өмір кейде әуе жолы секілді,
Әуежайың дайын тұр ма қонатын?!
Таза ұста жүректе ізгі ниетіңді,
Орта жолда қырқылмасын қанатың.

Өмір кейде теңіз жолы секілді,
Кез де болар ащы суды ішетін.
Бірақ, балық жем қылмасын етіңді,
Мақсат айқын порт секілді түсетін.

Өмір кейде пойыз жолы секілді,
Рельстен ауытқымай жүретін.
Жол бойында елді мекен не түрлі,
Қай бекетте тоқтайтынын білетін.

Өмір кейде асфальт жолға ұқсайды,
Жүрсең болды басқа жаққа бұрылмай.
Түзу жол да үнемі ойдан шықпайды,
Жүру қиын кедергіге ұрынбай.

Жалғасады ғұмыр бойы осылай
Өмір жолы көкте, жерде, теңізде.
Қиындықтан, тәуекелден шошымай,
Адаспайтын тура жолды сен ізде!


Саған бұл сөз ұнамай ма, ұнай ма?
Кез келген жол апарады Құдайға.
Барасың-ау, барғаннан соң, алайда,
Қалай, қайтіп ақталасың? Соны ойла!

Жас, кәрі ме, жасамыс па, бала ма,
Бәрін де Алла әкеледі молаға.
Қияметте жауап берер күн жақын,
Олай болса келгенің жөн тобаға.

Патша, сұлтан, бай-манап па, әмір ме,
Бәрін де Алла апарады қабірге.
Бірақ, қабір емес соңғы мекені,
Олай болса сыйын жалғыз Тәңірге!


Жүрген кезде бұлт ала, жер шола,
Күнде көрген тауқіметім қаншама?!
Кешегім мен бүгінімде болса да,
Кес-кестейді алдымыздан бір шала.
Өткенімнен сабақ алам!
Бүгініме тәуба қылам!
Ертеңіме сенім артам!
Мына жалған күйіп-жанып тұрса да.
Соның бәрі сенің арқан, Жаратқан!
Астапыралла!
Әлхамдулила!
Иншалла!


Неге сонша ұйқы қашты,
Емес едім түкке де алаң.
Көтергендей қара тасты
Жетімсіреп жұртта қалған,
Қорғасын ой еңсе басты
Түн ішінде келіп маған.
Кенет біреу есік ашты,
Мысық екен ұйықтамаған.
Бос жатқаным жарамасты,
Қалай ғана ақтала алам?!
Қалай ғана ашық-шашық
Жатқан елге тұтқа болам?
Тұр, Ақылбек, көтер басты,
Жәрдем берсін Хақ-Тағалам!


О,тоба!
Күнде жүретін көріп жоқ адам,
Тіріліп қайта, келмейді ол қайтып моладан.
Ағайын, туған жиналып, оның мүсінін
Жерінде жатқан қойыпты құйып қоладан.

Естімес мүлде жақынның дауысын жылаған,
Жан бітсе кенет, сөйлер ме болып тірі адам.
Тас болып қатқан тұғырда тұрған ескерткіш
Жауын мен қардың әсері тіпті жоқ оған.

Фәниде дәйім болмайды ісің қалаған,
Жер басып жүрсең, асып та кетпе шамадан.
Үзілмес өмір тереңде болса тамырың,
Жапырақ жаяр ұрпағың сенен тараған.


Қай жерге тоқтады Нұхтың кемесі?
Ешкім де білмейді бүге-шігесін.
Таусылса тұз-дәмің, бітсе егер көресің,
Қалай келесің – солай кетесің,
Қара жер қойнына жалаңаш енесің.

Шыр етіп келгенде – орансаң жаялық,
Жыласаң сүт сұрап кеткенде оянып,
Қаншама мал-мүлік, байлықты жисаң да,
Ажалдың сағаты келгенде таянып,
Кебіннен басқаны алмайды көр, анық.

Қыбырлап, қимылдап өмірді сүргейсің,
Өйткені, үнемі жер басып жүрмейсің.
Жамбасың қара жер қойнына тигенде,
«Фәниді өткінші, Бақиды шын» – дейсің,
Жатқан жер жұмсақ па, торқа ма, білмейсің.

Бұл өмір өзгермей қалыпта тұра ма?
Аллаға иланбай, батсаң да күнәға,
«Ол жақта не бар?» – деп молдадан сұрама.
Барлық ел барған жер, көміліп қалған жер,
Әкең мен шешеңнің мекені – сол ара.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі