Сұлтанмахмұт Торайғыров (Кім жазықты)

 Сұлтанмахмұт Торайғыров (Кім жазықты)

Бір сөзім бар шалдуар
Болмаса да тыңшысы.
Бұ күнде жоқ, соң туар
Роман мен сыншысы.
I

Түскендей әуе жерге қырық күн шілде
Ішкен мас, жегендер тоқ күнде-күнде.
Қысқа түн қымқырылды, таң көрінді:
Кел, шық деп, иек қағып жарық күнге.
Ән салды таңды мақтап сансыз торғай
Бас иіп, бәйік болып, жерге қонбай.
Найқалып таң желіне тербетілді
Көк майса көзі ілініп тұрған сондай.
Асыл шөп, жасыл шықтың иісі аңқып
Батқандай мелдігінен нұрға қалқып,
Күлімдеп көктің жүзі көңілі шат:
Жауһардай күн шығар деп бізге балқып.
Көлбеңдеп көкке қарай жердің буы,
Айнадай анандайдан көлдің суы;
Күй билеп суда тұрған барлық қамыс,
Ән салды домбыра мен құстың шуы.
Мақтанып қара түнде нұрын шашқан,
Айдың да өлеусіреп түсі қашқан;
Шығарын сұлу күннің сезгеннен соң,
Бірі жоқ таман жұлдыз бетін басқан.
Жайылып төрге қарай таңның ағы,
Көрінді ауыл-ауыл маңайдағы.
Қарайып, өрген сиыр, түйе менен,
Ауылдың малға толды әрбір жағы.
Ыңыранып қой қотанда таңды көріп,
Күн шықса, жайылысқа кетпек өріп.
Төбеттер үй алдына жаңа жатты
Түн бойы қой күзеткен, ұйқы бөліп.
Таяқты, жалаң аяқ шалдар тұрып,
Сүйкенген үйлеріне қойларды ұрып.
Бір молда шәугім ұстап, тысқа шықты,
Бүкшеңдеп, арба айнала қақырынып.
Қисайған қос секілді жалғыз қара -
Ауылдан арқан бойы тұрды дара.
Қолтықтап "Әптиек" пен "Құрандарын"
Жиналып жатыр сонда біткен бала.
Күн хабар сонда берді нұрын шашып,
Бір күлдік жүзіменен амандасып:
"Ал, бізге сәуле түсті алақай!" деп,
Ой мен қыр қарап тұрды жымыңдасып.
Өргізді қойшы тұрып қойын айдап,
Ерттеп ап арқандағы атын жайлап:
Торсыққа ақ боз үйден қымыз құйып,
Жанына мықтап алды байлап.


II

Жайлауға кеше қонған Тасболат бай,
Дарыған қыдыр соған, дәулеті сай,
Ақ орда сегіз қанат тігіп тастап,
Жатқаны қор-қор ұйықтап: көңіл жай.
Бейқисап ол жайлауда жердің шөбі:
Көрінбес кірсе ішінен малдың төлі.
Айдын көл айналасы, ат шаршарлық,
Көркейтіп көздің жауын жердің өңі;
Жан-жағы көк майсалы шалғын томар,
Қаңқылдап жалтырына қаздар қонар.
Мөп-мөлдір суы таза, суықтығы:
Шілдеде түскен кісі жаурап шығар.
Өрісі көз көрім жер, ұзақ кеткен,
Мың жылқы тырағайлап ұзап кеткен.
Жер еркін, қуар, қорыр тірі жан жоқ:
Бетімен жей береді аяқ жеткен.
Іргеден бие бауы тұрған пісіп,
Құрақ жеп, ыстық болса, суға түсіп.
Аяқты малдың оңалғанын көріп,
Ойларсың кетті ме деп күп боп ісіп.
Сүт тұрды сауған сайын малдан ағып,
Ешкім жоқ азаптанған, оны бағып.
"Ет, ет" деп қымыз ішіп, көпірісіп,
Қазақтар тек жүрмекте, сандал қағып.
Бұ жерде мекен еткен Керей халқы,
Кең жері, байлығымен шыққан даңқы.
Бұл елде басқа елден де басым еді.
Бұрынғы қазақшылық, ата салты.


III

Тасболат жұрттан асқан малды кісі
Сол үшін өз табының алдыңғысы.
"Болса да аузы қисық, бай сөйлесін"
Дегендей оңға басқан әрбір ісі.
Он бес жыл болыс болған, Меке барған,
Қазақша еш қызығы жоқ мұнан қалған.
Шалдары қошеметші айтушы еді,
- Апырмау, бар ма екен,- деп, сізде де арман?
Үйінен күндіз-түні ат кетпеген,
Қонаққа, мырзалыққа жан жетпеген.
Қазақ тұрсын, "начальник", "төрелер де"
Қағысып "пожалуйте" етпеттеген.
Саудагер жүрген-тұрған, қожа молда
Жем үшін, тұрымтайдай қонып қолға;
Қазақша барып тұрған жуан тұқым
Үкімі жүріп тұрды оң мен солға.
Бұл дәулет жалғыз ғана ез басында,
Жоқ еді Жақып деген ағасында.
Баласын ағасының болыс қойды,
Билеген өз халқының арасында.
Мырзамыз болыс болған Байбол атты,
Орысша білуші еді тіл мен хатты.
Баласы Тасболаттың Жақан мырза
Жағынып әзер алды кандидатты.
Тасболат қимаса да болыстықты,
Тіл білмесе қоймайтын закон шықты;
Не баласы, не өзі оқымаған,
Болмағанмен қара күшке сонша мықты.
Ал енді қыларыңды қыл заманға:
Бір білген ауысылмас мың наданға!
Байболды амалсыздан қоя салды,
Кететін болғаннан соң басқа адамға.
Оқуды іздеп еді Байбол жаста,
Мәз болмай, Жақанға еріп, ішер асқа;
Жасы жас, семинарияға былтыр кірген,
Өтірік "приговормен" толды жасқа.
Көрмеді болыстықты Байбол оңды,
Жұрт шулап, десе-дағы: "бақыт қонды..."
Көп қашты "оқимын" деп болыстықтан,
Қоймады жұрт талқысы, ақыр көнді.
Жақан мен Тасболаттың өңі қашып,
Сырты жай болса-дағы, жүрегі ашып:
"Қонақ күт, оқып не бар саған!" дейтін,
Кеткен соң өздерінен Байбол асып.


IV

Екі жыл мұнан кейін заман өтті,
Қыршын жас Жақан өлді, ажал жетті;
Ауруы күйдіргі еді, докторға айтпай,
"Құдай сақтар өзі" деп, қапы кетті.
Жылады: "жөн менікі ед" деп атасы,
Сүйтсе де артында бар бір баласы;
"Соған өмір берсін деп" тоқтау айтып,
Бата оқыды, бас жеді отағасы.
Бата оқыр, ағайыны күнде торып;
Жемтік көріп жиналған молда отыр;
Қылқиып мойындары шарт жүгініп,
Мықшита "ағузыны" "құран" оқыр.
Жақан марқұм қатынды жасында алған,
Өскен соң бірді айттырған, қылып арман.
Бастапқысы жиырма алты жасында еді,
Бесікте бір ұлы бар, туып қалған.
Соңғының болған әбден малын беріп,
Той қылған, қол ұстаған, қойынға еніп;
Біраздан соң алам деп жүргенінде,
Жетпеді мақсатына ажал келіп.
Бәрінен Тасболатқа осы батты,
Қайғырды келіні үшін жаман қатты;
Тірі кісі тіршілік қамын қылып,
Жыл өтті: есін жиды, етек жапты.
Әжібай кенже қалған жалғыз бала,
Он екі өтіп, он үшке толған жаңа.
Әжібайға бес жасында қыз айттырып,
Мал беріліп қойылған оған және.
Оқуға ынтық емес қазақ халқы,
Атадан қалған қате бұл бір қалып;
"Бай кісі бала оқытып, підие ала ма?"
Дейтұғын Тасболаттай байлар салты.
Үйреткен Тапекеңді өткен сайлау:
Тіл білмеу болыстыққа болып байлау.
Сол жылы шардан қалып ыза болып,
Школға беріп еді Әжібайды-ау.
Екі қыс оқып еді Әжібай онда,
Биыл тағы жүр еді оқып сонда:
"Қарағым ағаң өлді, үйге жүр!" деп,
Тасболат Әжібайды алды қайта қолға.
Алатын неге десең жесірі бар,
(Қазақтың жесір деген кесірі бар).
"Бар болса өмеңгері жесір кетпес",
Дейтұғын ескі ғұрып кесімі бар.


V

Әжібай ерке өскен, қағу көрмей,
Бетіне ешбіреуден шіркеу келмей.
Балаға, тілі шықса айналасы,
Қоя ма тұрмысынан өрнек бермей?
Тәрбие жоқ қой қазақ арасында
Солайша өскен ата-бабасы да:
Көргені әке-шеше қалай болса,
Алмақшы содан үлгі баласы да.
Еркінше ел жұртына еркелеген,
Әкесі: "Бұл қарағым ерке" деген.
Жан біткен қымыз бенен еттің құлы:
Ел оны еркелетпей қойсын неден?
Боқтаса "қарағым!"- деп беттен сүйген,
Болмай ма байға ала көз оған тиген?
Жан-жағы тәрбиесіз, надан болып,
Солардың жұға-жұға кебін киген.
Оқытқан "әліпсін-ә" надан молда,
"Иман шарт", "Әптиегін" беріп қолга.
Онда да тумыстағы зеректікпен,
Үш жылда хат таныған шала-зорға.
Жүр еді орысша оқып өнер бастап,
Әдетін мектеп көріп, бір-бір тастап.
Тасболат тоқтатқанын сөйлеп өттік,
Талабын өркендемек бетке жасқап.
Әлпеті алмас қылыш жайнап тұрған,
Ашуы шапшаң, қатты барып тұрған.
Жасынан зейін, алғыр, тілге шешен
Қазақша қарасөзге ағып тұрған.
Қуаты өлеңшілік жүрегінде
Бар еді Әжібайдың сүйегінде.
Үйренген ауыз бірақ бейпілдікке,
"Тентек" деп сөйленеді жұрт көбінде.
Сымбатты қара торы, орта бойлы,
Кеудесі жылдам сезгіш, жүйрік ойлы.
Осындай, әттең дүние, зеректігін,
Оқытпай надандыққа байлап қойды.


VI

Өз қайыны Әжібайдың алысырақ,
Шамасы сексен шақырым, емес жырақ.
Жәмилә - қалыңдығы жиырма жаста,
Сүйегі бос, бет-аузы тәуір сымақ.
Көрмеген өмірінде ұстаз алдын,
Бетімен қазақша өскен далдың-дұлдың.
"Қыз оқыса, хат жазса, бұзылады",
Дейтін әдет шіп-шикі надандардың.
Жәмилонің әкесі соның бірі,
Әрі пысық жан емес еті тірі.
Шай қамзол, құнды бөрік кигенменен,
Бес батпан десең болар еттің кірі.
Ондай жан құнт қыла ма үсті-басын,
Биттетер салақтықпен, жумай шашын.
Үлгі алар, үйретерлік кісі көрмей,
Откізер қазақ қызы өмір жасын.
Әкесі Жұмағұл бай болған болыс,
Алтайдың бір саласын қылып қоныс.
Қажыға Тасболатпен, бірге барған,
Басталған содан барып құда болыс.
Баласын со жыл туған ырым қылып,
Ат қойды "Қажыбай" деп атандырып;
Ақырда Жұмағұлмен құда болған,
Сүйек жақын болайық десіп жүріп.
Көлденең жұрт: "Жарайды, орын" деді,
Той-құдалық,- бәрі де орынды еді.
Бұлар құда болысып, мал бергенде,
Әжібай - бес, Жәмилә - он бірде еді.
Әжібайдың ағасынан қалған қайны,
Жанғабыл би байшікеш малға сайлы;
Жалғыз қызы - Жаңылды әуелде де,
Беріп еді деп ойлап, орны жайлы.
Жанғабыл неге десең, жерге құмар
Таласып ағайынымен жүрген бұлар;
Аузы бұлды құдайға арқа сүйеп,
Жанғабыл енді алаңсыз билік құрар.
Ақылы аз Жаңылдың да оңып тұрған,
Мінезі құстай ұшып, қонып тұрған.
Сүйегі тым бос емес, іске тәуір,
Парықсыз дарақылау, бойы бұлғаң.
Еш нәрсе оқымаған бұл байғұс та,
Жері жақын бір қоныс, бір болыста.
Әжібайға келіншек боп биыл түсті,
Он сегіз жасқа толар осы қыста.


VII

Жаңылды Жәмиләдан бұрын алған
Бір рет солай етер жөні бардан.
"Не алсын, не босатсын "жесірін" деп
Аздан соң Жұмағұл да кісі салған.
Болғанмен Әжібайдың жасы кіші,
Жек көрер Жәмиләні қазір де іші;
Қол ұстап бұрнағы жыл көргеннен соң,
Келмейтін сонан бері еш алғысы.
Бұл сырын ауылдағы білетұғын:
"Малың босқа кетеді" деп күлетұғын.
Тасболат ел шақырып тойын қылды,
Қайынға уақыт болды жүретұғын.
Бала айтты: "Алмаймын да, бармаймын",- деп,
Әкесі айтты: "Барасың таяқты жеп.
Қажы бардым, сақалды басым мынау...
Бата бұзған не сұмдық сен сүйтті - деп.
Берді деп ойлайсың ба малды босқа?
Өзіме тартпай туған ақымақ шошқа!
Тілімді әлден менің қайырасың.
Айтайын не бетімді дос пен қасқа?"
Ел айтты: "Біз де тұрмыз намыстанып,
Кетеді елге үлгі боп мұндай қалып.
Сүймесең бір қатын тағы аларсың,
Әйтеуір осы ауылға келсейші алып".
- "Разы бол, мен барайын сендер енді,
Ренжіп ата-анам да қарғай берді;
Әйтеуір ауылыңа әкеп бір берейін",-
Деп Әжібай біраз күнде алып келді.
Жәмилә көп жасаумен келіп түсті:
Кілем, тон, шапаны көп әрбір түсті.
Жиыла елі келіп Тасболатқа
"Қайырлы болсындарын" жаудырысты.
Жәмилә келіншек боп түскен күннен,
Әжібай маңайынан алыс жүрген.
Онда да Тасболаттың түрткісімен,
Жылына үш-төрт барып, өмір сүрген.
Әжібайдан Жаңылдың да үлкен жасы,
Нақ разы боп келмеген оның басы.
Баласы жас болған соң іші сенбей,
Жүр еді қысып ұстап қайын анасы.
"Билетпе!" деп Әжібайға сабаттырып,
Кекетіп түзу сөзін теріс бұрып,
Сүйгені барды-жоқты сонді Әжібайдың
Тіліне анасының еріп жүріп.


VIII

Үш-төрт жыл өтті сүйтіп бұл арада,
Жаңылдан туып салды бір бала да.
Жақанның тұл қағыны байға тимек,
Баласын қимай біраз шыдаса да.
Кете алмай жүрсе-дағы орнын қиып,
Жас кісі қалай тұрсын нәпсін тыйып?
Ішінің томпайғанын сезгеннен соң,
Тұра алмай сөз қылдырған үйге сыйып.
"Мұны да ал!- деп айтты Әжібайға:
Жіберме жесіріңді бөтен жайға;
Алмасаң балам, сенің ісің тентек
Ағаңның аруағы мен бір құдайға".
Әжібай деді: "Отырма оттап, үріп!
Қақпасым, жүрген жерің бәрі бүлік!
Алмақ түгіл тастаймын екеуін де..."-
Деді де кетіп қалды атқа мініп.
Тасболат жанындағы жұртқа алаңдап,
Ұялып айтқан болды қызараңдап:
"Баланы ерке өсіру бекер екен...
Қарғайын десем, жалғызым... қап, бәлем, қап...
Әжібайдың көнбесіне көзі жетті,
Кетем деген жесірді енді нетті?
Ағайыны Тасболаттың Садық деген:
Зорлықпен соған қосып, зар еңіретті.
Садықтың алпыс беске жасы келген,
Кемпірі жетпістегі былтыр өлген.
Күтуге енді оны кісі керек,
"Жесір ерден кетсе де, кетпес елден".
Сорлы әйел шарасыздан шалға тиген
Баласы мұнда қалып, іші күйген;
Садық алған уақытта екі қабат,
Айтқан екі сөзді болды деп сондай күймен.
Садыққа барғанына үш ай толды,
Баланың туатұғын уақыты болды,
Шалсынып һәм ұялып ел мен жұрттан
Себепкер жігітімен тартты жолды.
"Кетті,- деп,- жесірімді алып қашып", ,
Сөз қылды Тасболат бай съез ашып.
Жігітке көп мал кесіп айып салды,
Барлық жұрт тентек Қылып шуылдасып.
Малына жігіт шыдап сабыр етті,
Сүйтсе де тым көп еді: батып кетті.
"Қатыннан туған бала менікі" деп,
Садықтың дауласумен өмірі өтті.


IX

Әжібай қазір міне он сегізде,
Әкесін билеп алған осы кезде.
Әке-шеше, қатынды жан деместен,
Қырындап қызды ауылды болған кезбе.
Он төртте еді, төрт жылдай заман өтті,
Бай баласы буланып, өсіп жетті.
Үйінен жасқа толып келген қыздар,
Тұрмыс басты, күн сайын өңі кетті.
Бұл кезде екеуінен бала туған,
Көре алмай бай қызығын қайғы буған.
Жүдеу бас, киімі кір, күтімі жоқ.
Әжібайдың көрген сайын көңілі суыған.
Алмаған басында да Әжібай сүйіп,
Қосылған тек қазақтың ғұрпын киіп:
Әжібай айында бір қатыным дер,
Онда да көңілі түссе құдай иіп.
Астына әсемкерін мініп алып,
Үкі тағып, тамағын алшы салып.
Домбыра, сауық-сайран, өлең құттап.
Қызды қызық жиынға қалмай барып.
Буынып мықынынан ырғаң басып,
Бой салмай шаруасына тиіп-қашып.
Маңында беті тәуір қыздарменен
Жүруді мақтан қылды қалжыңдасып.
Аузына насыбай салып сөзін бұзып,
Жолдасы қошеметшіл өңшең бұзық.
Әйелді алдап тастау, сүйтіп тастау -
Қазақша ер жігітке үлкен қызық.
Жем үшін бес минуттік жігітқұмар,
Деп ойлар: "Ең болмады атым шығар".
Көркі үшін көрінгеннің жаратылған
Әйелді мақұлық деп жігіт ұғар.
Қыз да жоқ, тазалықтың қадірін білер,
Кісімен түпкіліксіз бой бүлдірер.
"Пәленше бай баласы жолдасым" деп,
Ол жетпесе, мақтан қып айтып жүрер.
Әжібай білді құрығы қайтпайтынын,
Көп қыздар теріс жауап айтпайтынын.
Көркем, пысық, бір байдың жалғыз ұлы
Екенін қыздар-дағы байыптайтынын.
Осылай табылды ермек Әжібайға,
Үйдегі қатын қайда, шаруа қайда?
Айтқанына тез көне қоймағанды,
Алдаушы еді алам деп, етіп айла.
Жәмилә тумысынан босаң шіркін:
Білмеді ұстап, ұқсатып үйдің мүлкін,
Салақтықты сыныққа сылтау қылып,
Әжібай сабаушы еді дүркін-дүркін.
Жаңылға түскен жылы шешек шығып,
Бет-аузын кетіп еді бұжыр қылып;
Фельдшер әкеп жасында ектірмейді,
Не болса құдайдан деп, қазақ біліп.
Әжібайға Жаңыл жексұр онан сайын
Көрмеді жылға дейін бір маңайын.
Қатындары Әжібайдан елі үмітті,
Демеді: "Басқа өмір қармалайын":
Неге десең ата-ана, ауыл-аймақ,
Ұқтырған қатындарға әбден жайлап:
"Әжібай әлі-ақ қояды жастығы ғой?
Жасында кім үйтпеген, тұрсақ ойлап...
Пәленше де сүйтетін баяғыда.
Қатынын жақсы көрген аяғында.
Жақтырар бұ сені соңыра таман,
Жүре бер, көтере бер таяғын да..."
Бұл сөзбен қатындардың күні кешкен,
Тосты, күтті, көңіл жоқ әлі үйлескен.
Сергектік, жинақылық қайдан келсін:
Айрылған ойлай-ойлай ақыл естен.
Сүлесоқ былқ-былқ етіп ауру жандай,
"Уһ" десе, көкіректері жарылгандай:
Бір кісі жылы қарап сөз бастаса,
Мұң шағып, көз жастары ағылғандай.
Ой да жоқ, әлдеқашан кеткен тарап,
Көргенде мұңды көзбен етіп алақ.
Ішінен көлденең жұрт ойлаушы еді:
"Әжібай қалай ұнатсын, бұлар салақ..."
Десе де сырттан қазақ сондай
Шынында қалай тұрсын мәңгі болмай?
Келін боп түскен күннен көздерінің,
Құрғақ тұрған күні жоқ жасқа толмай.
Жәмилә, Жаңылменен тірі жесір,
Жас өмір сол қорлықпен өтті-ау есіл!
Шын жесір мұнан дағы болған артық
Қазақтың тағы үйткізбес ғұрпы кесір.
Бұл кірмес Әжібайдың еш ойына:
Оның ойы кезіп жүр өз тойында.
Жәмилә, Жаңылменен керек емес,
Басқа жерден дос табу бар ойында.


X

Отыз шақырым Әжібайдың ауылынан
"Қызыл су" деген қала бар бұрыннан.
Атақты "уездной город" болмаса да,
Халық көп мекен еткен әр рудан.
Әжібайдың бұл қалаға барысы көп,
Ішіп кетер, жеп кетер - танысы көп;
Қаланың майда тілді байларымен
Тасболаттың һәм беріс-алысы көп;
Кейде ішіп Әжібай мырза бүліп жүрді.
Ыржықтап кез келгенмен күліп жүрді.
Дәулетін төгіп-шашу арқасында,
Атаққа "Мырза" деген кіріп жүрді.
Қалада Бейсен деген бір кәрі шал
Бейсеннің екі ұлы һәм қызы бар;
Орныққан не заманнан сол қалада
Дәулеті орташалау, көп емес мал.
Оқыған, бірі - учитель баласының,
Бірі - ішкіш басқан жері бір қап шығын.
Учитель жаңада опат болып,
Бейсенді қайғы басқан тым-ақ мығым.
Марқұм көп ауырған еді чаходкамен,
Енді қалған баласы Жүсіп деген.
Аппақай сол Жүсіптің қарындасы
"Сұлу" деп, көз сұқтаған сондағы елдің.
Мұны да қазақ ғұрып шатастырған,
Жасында бір қазақпен атастырған.
Күйеуін ес білген сон, көңілі сүймей,
Жас жүрек жан серігін қарастырған.
Марқұм болған ағасы тірісінде,
Қазақтың жақтырмайтын бір ісін де.
Бір қазақ қаладағы жас фельдшерге,
Бар еді берем деген ой ішінде.
Таныс боп фельдшер жүрген келіп-кетіп,
Ішкі ойы Аппақайды көңіл етіп;
Жүрегі Аппақаймен құп жарасқан
Бірақ, сөз байланбаған уәде бекіп.
Аппақай хат біледі, мінезі ашық,
Әнге ұста, домбыраға кеткен асып.
Азырақ орысша да сөйлесе алады,
Жасынан жүргендіктен араласып.
Жұрт аузы Аппақайды мақтаушы еді,
Қырындап бозбалалар жақтаушы еді.
Қолдары жетпесе де қоразданып
"Басы бос емес... әттең... қап!" деуші еді.


XI

Ал біздің Әжібай мырза көрсе қызар,
Аузымен Аппақайға бек ынтығар.
Неге десең -"ел мақтап жүрген қызды,
Әжібай сүйтті..." деген ат жұртқа шығар.
Көп уақыт бұл туралы қылған кеңес,
Шығынсыз бұл кеңесі тағы да емес.
Бір досы айтты: "Жүсіппен таныс болсаң,
Біржолата алсаң да, бермен демес.
Ол Жүсіп ішкіш жігіт, араққұмар
Бір-екі мәжіліс құрып, қандырындар.
Бірер жүз саудасына қарыз берсең,
Құрметтеп не десе де, ұшып тұрар.
Онда әрі ол болар пәтер-үйің:
Базарлық қатынына берсең бұйым.
Әзер болса азырақ ақшаң шығар,
Тәйірі ол бар кісіге қанша қиын!?"
"Құп" деді, айтқанының бәрін қылды,
Жүре-жүре Жүсіпті қолы білді.
Аппақайға қаншама жалынса да,
Еңбегін зая қылды, алмай тілді!
Түнде әкесі жататын үйге жатар,
Есікті Әжібай келіп тықырлатар,
Ішінен тас бекітіп дыбыс бермес,
"Ашар" деп, тоса-тоса, таң кеп атар.
Сөйлесер күндіз болса, жүрмес қашып,
Сонда әдепсіз сөз кетер араласып:
"Ал ендеше мен кеттім" дей жөнелер,
Дәрмен жоқ отырғызар иық басып.
Әжібай қала берер, қашып өңі,
Сонда да өсек қылды жұрттың кобі:
Жат жаққа оңашада өзі-дағы
Мақтанар: "түзелді,- деп,- істің жөні".
Базарлық жақсы нәрсе күнде сыйлар,
Сыра әкеп, келген сайын кісі жинар.
Ілтипат ешбіріне қылмаған соң,
Құр іштен қапа болып жанын қинар.
Аппақай фельдшер келсе, бек қуанар,
Бір-бірін көздерімен қабыл алар.
Әжібай іштен тынып, іші күйіп,
Аңызын екеуінің байқап қалар.
Әжібай көрген жоқ-ты шылым тартып,
Тек әдет қылған еді насыбай атып.
Көзінше Аппақайдың бұрқыратып,
Күмісті портсигар жарқыратып.
Жақтырмай жүр шығар деп қазақшамды,
Орысша қымбат киім киіп алды.
Көзінің түк мүкісі болмаса да,
Қымбатты көзілдірік тағы салды.
Аппақай онан сайын суық қарар -
Әжібай ыза болып, іші жанар.
Қалада бақсы-балгер, хазіретке
Әжібай "дуа қыл" деп күнде барар.
Үшкіртті тұз, мейіздің талайларын,
"Ақтыққа" хазірет алды талай малын.
Ешбірі ем болмады, ерегісті,
Ауызбен қылса-дағы оңай бәрін.
Бейсенді көп мал беріп байытар еді,
"Енді күйеу менмін" деп айтар еді.
Атастырған жерінің дауы болса,
Оны да мойынға алып байқар еді.
Ағасы Жүсіп-дағы берер еді
Бейсен де көп сіреспей, көнер еді
Таңдаған Аппақайдай жарын алып,
Әжібай мал қызығын көрер еді.
Бірақ көңілін Аппақайдың бұру қиын,
Оны бұрып, өзіндік қылу қиын.
Тастап-ақ ызасына кетер еді.
Тағы да көрмей шыдап тұру қиын.
Кей уақыт күйіп-пісіп ыза болар,
Деп "Қылық жоқ бұл қызда ешбір оңар".
"Көрмеймін"- деп ант ішіп, кетіп қалып,
Үш күннен соң қайта кеп тағы қонар.
Аппақай сүйтті екен деп қалпын бұзбас,
Сөйлесер баяғыша, сыр алғызбас;
Әжібай сәнденсе де, не қылса да,
Ескермес, Аппақайға бәрібір бәс.
Әжібай білді Аппақай көнбейтінін,
Еш нәрсе құр қуғанмен өнбейтінін.
Басында іздегені атақ еді,
Жабысты шын от енді сөнбейтұғын.
"Шын ғашық" десек-дағы болмас бекер,
Дәрмен жоқ Әжібайда сабыр етер,
"...Қалқатай, мұным осы..." дей бастаса,
Аппақай құлақ қоймай тұрып кетер.
Әжібай ақыл тауып сүйтпесе еғер,
Бұл ақшамен құтылу еш мүмкін бе?
Кіжініп Әжібай жүрді тіпті өшігіп,
Бұлар қатты сақтанды сонысын біліп.
Фельдшерлердің бір қалада жолдасы бар,
Сонда көшті орынын ауыстырып.
Жүз шақырым ол қаланың алыстығы.
Бар еді фельдшерменен таныстығы.
Үйренген жерім демей, тілін алды,
Болған соң ниеттерінің қалыстығы?


XII

Енді әңгімем фельдшерден тайғанақтап,
Қайтадан Әжібай өмірін аяқтатпақ,
Сөйтіп Әжібай салбырап қайтты үйіне,
Аппақайдан суынған, көңілі батпақ.
Ызаланып, қынжылып келсе үйіне -
Жаңыл жоқ, Жәмиләсы жүр үйінде.
Әкесі салқын түспен жаман қарап,
Шешесі жылап сөйледі күйіне-күйіне,
"Біз болдық, қу жалғыз-ау, неден сорлы?
Бейсеннің қызы болмай, бәле болды.
Шаруа тастап, ата-ана тілін алмай,
Зар қақсатып бола ма адам оңды?
Бір қатының кетті үйіне жаяу қашып,
Өлсе қайттік, боранда ол адасып?
Бесікте бала мынау, тастап кеткен,
Өлуге жақындады қарны ашып.
Бір қатының ана үйде, шашын жұлып,
Екі көзі бұлаудай отыр ұлып,
Бесіктегі баланы уата алмай,
Отырмын әбден шаршап, діңкем құрып".
Әкесі айтты: "Сен болдың - сорға берген;
Ұялтып-ақ бітірдің талай елден.
Егер сенде ми болса, намыс болса,
Қыз алам деп бүлінер ме ең сондай жерден?
Бейсен кім? Бізге тең бе, кедей жатақ?
Жұртты құртқан қызымен болдың шатақ.
Ордалы, жақсы, ылайық орын болса,
Бере бер, аямаймын малды матап.
Не бетімді айтайын, жұрт шуылдар,
Осы ісің басымызға емес пе ар?
Ұят-ай! "Малшы-құлшы, көрінгенге,
Көп шашылды" дегенде бет дуылдар.
Кетпей нетті Жүсіпте 500 теңгең:
Нәрсе емес, ол қолынан вексель* берген.
Вексель (орысша)- қарыз ақшаны мерзімді уақытында кайтаруға беретін міндетті қағаз.
Малы жоқ, таңса, даулап несін алдық?
Алшы, кәне, кісің ғой беріп сенген!"
Жәмилә анау үйден сөйлей еніп,
Жылады бірдеңе деп еңк-еңк.
Манадан ашу қысып тұрған Әжібай
Жіберді жүгіріп барып теуіп-теуіп.
Жәмилә содан жығылып танды есінен,
Әжібай тағы мыжыды тізесімен;
Арашалаған шешесін қоса қабат,
Жықты итеріп ашумен кеудесімен.
Тасболат: "Кет!" деп ұрысты, кетті шығып,
Тағы қайта жөнелді атқа мініп.
Үйіне 15 күндей жоламады,
Баяғыша саудайылық елде құрып.
Тасболат көрмей тағы шыдамады:
Ұялды "үйге жүр!" деп, өзі барды.
"Ұрысса да өз әкең"- деп үгіт айтып,
Елінің тіл алғызды жақсылары.
Мұнан соң Жаңылдың да төркіндері:
"Өз ерің, ұрса, ұрысса" деп және әкелді.
Бұрын бетін көп ашпай жүруші еді,
Әжібай енді әкесін мүлде жеңді.
Жаңылдың жасқа жуылып екі беті,
Таяқ өтіп көгерген дене еті.
Жоқ нәрсені сылтау ғып, тұрса сабап,
Ашуын сонан алмақ Әжібай ниеті.
Әжібай жүрсе үйінде айғай-ұйғай,
Тынымсыз басылмайды салған ойбай.
Көзіне бәрін қылған солар көрініп,
Ұрушы еді жүрегі ішке сыймай.
"Кет!" деді, қайда кетсін ол қатындар?
Ұлғайған һәм бауырында баласы бар.
Не түрлі мехнаттың бәрін көріп,
Құр жүрер шықпаған соң кеудеде жан.
Қалмаған баста ақыл, беттерінде ар,
Бір күні әкесі айтты: "Тіл алмадың;
Бәрін дұшпан көресін айтқан жанның
Мазаны алмай, таңдашы сүйгеніңді,
Әзер болса бір жылғы төлі малдың".
Айттырмақшы ол қызды, бұл қызды да,
Бүгін, ертең хабар сап болмақ құда;
Жеме-жемге келгенде сөзін бұзып,
Әжібай кете берер тайқып шыға.
Неге десең жүрегі көшпелі оның,
Болғаннан, махаббатқа болмас орын.
Ойлаушы еді: "Түбінде қайда қашар?
Әзірге бек жігіттік - осы жолым..."
Сол оймен Әжібай кетті өз жайына,
Амалсыз үйі көнді ыңғайына.
Көзге: "Мырза, жоғары шық" десе-дағы,
Жексұрын болды зиян сап маңдайына.
Әсіресе бой жеткен қызы барлар,
Әжібай десе, түрпідей көріп зарлар.
Неге десең халыққа әшкереленген,
Әжібайдың жүрісінде мұндай мән бар.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі