Мағжан Жұмабаев (Қарындастарға)

 Мағжан Жұмабаев (Қарындастарға)

ҮЙДЕГІ ҮНСІЗ ҚАРЫНДАС

Қарындасым, салмақтым
Қорғасын құйған асықтай.
Был-сылқ етіп басқаны
Молдалар жазған машықтай.
«Шүкір» деп шапшаң айтпайсың,
«Үш-ш-ш» дейсің асықпай.
Жуырда жауап бермейсің,
Жігерді жүн ғып жасытпай.
Берсең жауап балбырап,
Су татыған жасықтай.
Күңіренгенің - күлгенің,
Көздің жасы білгенің,
Ашуды у ғып ашытпай.
Қайтейін сені, бауырым,
Тым тұйық, бұйық баласың.
Әкеңменен қол соғып,
Алады-ау сатып сасық бай.


БҰЛҚЫНЫП, БҰҒАУ ҮЗГЕН ҚАРЫНДАС

Қорғасын құйған сақадай
Сәулем менің салмақты.
Салыстырсам салмағын -
Қала қызы қаңбақ-ты...
Менің бауырым сызылып,
Сәнденуші еді салмақты...
Сол салмағы cop болып,
Таласта талай қор қылып,
Тістетіп еді бармақты.
Сол бауырым бұл күнде
Құр салмақпен қалмапты.
Ұшан дария ақылы
Азаттық ұранды аңдапты.
Андаған соң, бұлқынып,
Мал бергенге бармапты.
Көндірем деп еппенен,
Аға, жеңге арбапты...
Ақ батаны бұздың деп,
Ата-анасы қарғапты.
Қара ормандай қайраттым
Қайыспапты қарғысқа...
Арбауға кұлақ салмапты.
«Мен енді азат адам,- деп,-
Сүйгеніме барам»,- деп,
Тас түлектей талпынып,
Өзіне теңді таңдапты.
Бергелі жауап жарымен
Бұрала басып, майысып
Мекемеге кіргенде,
Сызылып сөйлеп салмақтым,
Бір сөзінен танбапты.
Хабарыңды естіп осынау
Бұғау үзіп босанған,
Сүйгеніне қосылған,
Қуаныш сыймай қойнына,
Тарту қылып тойыңа,
Уыстап шашқан шашудай
Ағаң өлеңді аңдатты...


ОҚУДАҒЫ ҚАРЫНДАС

Бауырсақ мұрын, бүйрек бет,
Қаймақ қабақ, қара қыз
Камзолының төсіне
Қадап алып «ай», «жұлдыз»,
Жылы былтыр бойжеткен
Боп қара қыз майысқан.
Биыл баста көн шапке,
Камзол киген қайыстан.
Күзді күні келіп ед
Тебініп қап түйесін.
Көрдім кеше: үңіліп,
Оқиды «тұрмыс жүйесін».
Оқиды, көзін ашады,
Ойлап түрлі, пікірлейд.
«Есен бе, шырақ?»- деп едім,
«Үш-ш-ш» демейді, «шүкір» дейд.
Сөйлесіп ем, тезірек
Сөзді бұрды ауылға.
Неліктен мұнша ауылшыл?
Апасы қапты-ау ауылда...


ЖОЛҒА ШЫҚҚАН ҚАРЫНДАС

Құшақтап сүйіп сіңлісі
Тетелес туған әпкесін,
Киді жолға шықпақ боп
Көн шапан мен шапкесін.
Баяғының киімі
Жасқа қайдан шақ келсін.
«Теңдік» деген ұранға
Толтырды қолда папкесін.
Көндірді де, сендірді:
«Келем, күт!»- деп әпкесін.
Торсық бетті борсық бай
Қақалсын мейлі, «қап!» десін,
Қарындасқа жол шыққан
Біз жолдаспыз айнымас.
Азаттықты аңсаған
Әпкесіне ап келсін.


ҚЫЗМЕТТЕГІ ҚАРЫНДАС

Торғайдай таңмен оянды,
Оянған соң жатпады.
Азаттық іздеп шарқ ұрды,
Тұрмыста тұщы татпады...
«Бұзылған бала» атанды,
Басында жұртқа жақпады.
Бықсық, сасық өсекті
Табанға салды, таптады...
Бой бақпады, ой бақты...
Бетіне бояу жақпады.
Шұбалтып ұзын шаш қойып,
Шылдырлап шолпы тақпады.
Шапке киіп, папке алып,
Баяндама жаттады.
Орынбор, Мәскеу аралап,
Жазы-қыс дамыл таппады.
Арып-ашып ел кезіп,
Қайғылыны хаттады.
Күң боп езіліп, егіліп
Жылағанды жақтады.
Суырылып топта сөз сөйлеп,
Әйел мұңын жоқтады.
Қысқасы, әйел жынысына
Қара ормандай қызмет қып,
Өркені өскір қарындас
Ақтады үмітті, ақтады.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі