Сұм, қулық, залымдық, пәлелік, сұрқиялық

 Сұм, қулық, залымдық, пәлелік, сұрқиялық

Баяғы жартас - бір жартас.

Сұм қартайса, сопы болады.

Сұм сипап отырып шымшиды.

Сұм байыса, үйі тар,
Қатыны қар болып көрінеді.

Қудың аяғына су жұқпас.

Іс бітті, қу кетті.

Қудан үйрен, сұмнан жирен.

Жолдас болма қуға,
Басың қалар дауға.

Пітінә адам - безбүйрек,
Пәле тоқыр ішіне.

Су тоқтаса тоқтар, сұм тоқтамас.

Қуды қу табады, шұқанақты су табады.

Қулығы көген (басынан) аспайды.

Ез, езден без.

Ала жылан, аш бақа.

Үндеместе үйдей пәле бар,
Екі ұртында жала бар.

Иегіне тағалы ат тайғандай.

Судың жолын құм бөгер,
Ердің жолын сұм бөгер.

Арамның адымы қысқа.

Арамзаның құйрығы бір-ақ тұтам.

Арам әрекет елден кеткізер.

Шелді көзден шет жүр.

Сиырдың жорғасы секілденіп.

Сұм ілем деп жүріп, ілініп кетеді.

Бит ішіне қан құяды.

Бүгін қасқа, ертең басқа.

Іштен шыққан сұр жылан.

Қашса құтылып, қуса жетеді.

Аңқау астына қарайды,
Арамза үстіне қарайды.

Тасқа тісі өтпеген жалайды.

Іш мерездің ішінде,
Ит өліп жатса да білмейсің.

Тастай батып, судай сіңді.


Арамның ісі өрге баспайды,
Өрге басса да, өрден аспайды.

Қазанға - қақпақ, есікке - іренек.

Ішіне кіріп, сыртынан шығар.

Күле кіріп, күңірене шығар.

Іздегенге - сұраған.

Жақсы екен деп жүрерсің,
Күнің түскенде білерсің.

Бетерден де бетер бар.

Жексұрынды көрсе ел,
Жүрсе жер тітіркенеді.

Кісілік бір басқа, кіділік бір басқа.

Қараңғыда қарсақтың ізінен жаңылмайды.

Шілдеде мұз қатырған.

Үйректей жүзіп, қаздай қалқиды.

Опасыздық өкіндіреді.

Опасыздан құзғын да жиренеді.

Тасқа тары, мұзға бидай еккен.

Байдан пайда, қудан айла артылмас.

Бай қасына көшіп бар да,
Байымасаң, маған кел.

Қу қасына көшіп бар да,
Құрымасақ, маған кел.

Қуды мініп, құланды құрықтаған.

Надан, пасық,
Сөге өгіздей жайылады.
Тойғаннан соң,
Жатып күйіс қайырады.

Сүтке тиген мысықтай.

Бақсам, бақа екен.

Көлгірдің көзі жасты.

Жылпос майдай жағылар.

Түзде мырзаң, үйде сырдаң.

Екі жақсы таққа таласса,
Ортада қу тойынар.

Алдау мен өтірік - сұмның ісі.

Қара суды теріс ағызған.

Қулығына құрық бойламайды.

Залымның дәулеті әулетіне бұйырмас.

«Илла, біллә» - арамның анты.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Ораза айт намазы уақыты Қазақстан қалалары бойынша
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!