Қазақша өлең: Мұқағали Мақатаев (Бала шақтан - болашаққа) » ZHARAR © 2018 | мұқағали мақатаев Бала шақтан - болашаққа өлең стихи на казахском мукагали макатаев казакша олен, мұқағали мақатаев өлеңдері, мукагали макатаев олендери, мукагали макатаев все стихи на казахском языке, мукагали макатаев стихи на казахском языке, Бала шақтан - болашаққа

Қазақша өлең: Мұқағали Мақатаев (Бала шақтан - болашаққа)

Қазақша өлең: Мұқағали Мақатаев (Бала шақтан - болашаққа) казакша Қазақша өлең: Мұқағали Мақатаев (Бала шақтан - болашаққа) на казахском языке


Өмірдастан
1. БЕСІК БАЛАҒЫНДАҒЬІ ЖЬІЛАН
Қырық-отыз құрым үй Жиектегі,
Қырқадағы орақта ниеттері.
Шешем бөлеп, ұйықтатып, бесігіммен,
Керегеге кетіпті сүйеп мені.
Кетіпті өзі жылғаға су алуға,
Сусап келер әкемді суаруға.
Әкем байғұс орақта болса керек,
Мұршасы жоқ күлуге, қуануға.
Есі-дертін екі ұлға кезек бөліп,
Кетсе керек әжем де тезек теріп,
Тойып алсам, томпиып жатады екем,
Шамалы екен шешемді мезі еткенім.
Жар салып, жасалмапты тойым анық,
Ағайын шабылмапты қойын алып,
Уыз емген бұзаудай жатсам керек,
Уызына шешемнін, тойып алып.
Тал бесігім қорғаныш болып маған,
Жатсам керек, сірә да, қорықпағам.
Қашан тірлік айналам дүние екен,
Құрымаған, немесе молықпаған.
Жатса, тұрса жармасып жерге үңіле,
Өз тірлігін күйттепті ел де міне.
Сірә, бір жан, білмеймін, қуанды ма?
Бір қазақтың өмірге келгеніне.
(Heгe керек куансын, қуанбасын!
Қазақ жұрты әйтеуір суалмасын!)
...Шешем менің жылғадан қайтсын үйге,
Асыл-ғұпыл, асығып су алғасын.
Асығыпты, ешнеге бұрылмапты,
Әлденеден жүрегі суылдапты.
Құлағына әлдекім сыбырлапты,
Әлдебіреу мен болып шырылдапты.
Үйге келсе,қаперсіз жатыр екем,
Шошырлықтай нәрсе жоқ заты бөтен.
Қайта бүркеп бесікті қойыпты да,
Қаннен-қапер қатерден қапыл екен.
Бірдеме деп, күбірлеп, ырымдапты.
Тіршілігін жалғапты, бұрылмапты;
Жүк үстінде, сол сәтте ала мысық,
Үдірейе, бесікке, бырылдапты.
Ине-мұрты шаншылып танауында,
Әлденені мысық тұр қарауылдап,
...Оралып қарашұбар жылан жатыр,
Бас жақта, тал бесіктің балағында.
Зәре-құт жоқ, анамда сұр қалмаған,
Қарсы алдында аждаһа сумаңдаған,
Бас бармақтай басында сағат тілі,
Өтті-кетті дегендей жылмаңдаған.
Құрым үйдің құбыжық есік-тері,
Дәрмені жоқ алмапты шешіп мені.
Әжем үйге кіргенде, үнсіз ғана,
Әбжыланды нұсқапты бесіктегі.
Әжем келіп жүзімді байқап көрген,
Тірі ме деп басымды шайқап көрген,
Сусып түсіп сумаңдап, шұбар тажал,
Ирелеңдеп, іргеге тайқап берген.
Қысып тұрып қысқышпен желкесінен,
Әжем оны алыпты жер төсінен.
Анама сүт әкел деп бұйырыпты,
Әңгімені доғарып келтесінен.
- Бұзықтың қамшысындай иректелген,
Бұзық ит, сені не cop сүйреп келген?!
Тамыз, кәне, сүтіңнен таңдайыңа,
Тажал неме бізге де үй деп келген.
Тұрыпты анам түсінбей мән-жайына,
Ысып-суып, зымырап, қан бойына.
Дұшпанды әжем есен-сау жолға сапты,
Ақ тамызып жауымның таңдайына.
- Өлтірмегін,көтерме құнын босқа,
Ол шаққан жоқ,жытуын, қуын, шошқа!
Ұйықта ботам.езің кеп тиіспесең.
Жылан деген төкпейді уын босқа.
Мен жатыппын есен-сау бесігімде,
Алда болып ажалым, несібім де.
Титтей-титтей қырық күн сығалапты.
Қырық жамау құрым үй тесігінде.
Әлде сақтап, періштем қақты ма екен
Әлде қорғап мысығым жатты ма екен
Әлде менің дұшпаным өзі қорқып,
Менен келіп қорғаныш тапты ма екен
Heгe менің үйіме төте кірді?!
Бесігіме неліктен көтерілді?!
Heгe мені шақпады?!
Сезді ме әлде?!
Мен өзіне жау емес екенімді.
Жақын болса жауым кеп, сүйінер ем,
Жауым болса жақыным, күйінер ем;
Кім екенін білмеймін, түсімде мен,
Қарашұбар жыланды жиі көрем.
Сақта мені салқын тау, жұпар далам;
Улы тістер бар шығар мұқалмаған...
Екінші рет, білмеймін не боларын,
Бірінші рет, әйтеуір, жұта алмаған...

2. АЛДЫМЕН КӨРГЕНІМ - АСПАН
Кешірсін мені Жер-ана,
Жер-ана - мәңгі жөргегім
Кек аспан, тұнық көк аспан -көзімді ашып көргенім.
Әкеткен де іліп сол Аспан, әжемнің құрған өрмегін.
Тек Аспан - менің арманым
Тек Аспан - менің ермегім.
(Шалқамнан бөлеп үйреткен)
Жатырмын міне шалқамнан.
Аспанды көр деп, Жер өзі,
Көтереді арқамнан.
Шаршайды бір сәт жанарым, сүрініп сонау тауларға,
Өте алмай алып қалқаннан.
Қалқанға барып, көкжиек,салбырап тұрып құлайды;
-Аспанның шеті сол ма? - деп, абдырап сәби сұрайды.
Әлек боп әже жатқаны, әуелі атап құдайды:
...Аспанның шеті болмайды, болмайды, балам, о несі?!
Қалқалап тұрған, көрдің бе?
Таулардың сонау төбесі.
-Әр қарай тағы аспан ба?
-Мыжыма, балам, есесің, өскен соң өзің көресің.
Көнбеймін,және қараймын,
Алыста жатыр мұнартып, көк айдын, бірде ақ айдын,
Тағы да таулар-қалқандар,
Аспанның шеті құлай кеп, таусылғанға санаймын.
Тамаша!
Дәл сол жерде, оңаша,
Тағы да аспан бар ма екен,
Өз көзіңмен қарасаң!
Көкжиек!
Жұмбақ көкжиек!
Әр жағың маған белгісіз,
Әлде бір жатқан түнек пе, тірі адам шыдап көргісіз?!
Әлде бір аспан бар ма екен,
Менікіде бергісіз?!
Белгісіз маған белгісіз.
Өз үйім ғой - Жер менің,
Алдымен Аспан - көргенім.
Айды, Күнді, Жүлдызды -
Сонан соң барып көргемін.
Алдымен аспан - көргенім,сонан соң барып таныдым,
Бұлттардың қаптап өргенін, ағызып өткен селдерін,
Селдерден кейін, аспаннан, әжемнің көрдім өрмегін.
Аспаннан түнді таныдым, аспаннан таңды таныдым,
Таныдым түннің, түнегін,
Таныдым күннің жарығын.
Аспаннан саулап тұратын,түйірі ме әлде бидайдың,түйірі ме әлде тарының?!
Желгініп алып, бір сәтте, желікпе-бұлттар тарайтын,
Тойымсыз біздің томпақ жер,томсарып көкке қарайтын.
Көкжиек және көлбей кеп, көлеңке тауға жанайтын.
Жанарына жас тұнып,
Жалғызсырап көлдер де,
Аспанға қарап жататын,
Қайтқанда құстар, келгенде.
Айдында шабақ шоршитын, аспандағы айды көргенде, аспаннан сәуле төнгенде.
Аспанға қарап суығам,аспанға қарап жылығам,
«Аспанның асты кең» дейді,-
Үсті кең, солай ұғынам
Апырау, мұнда не сыр бар?!
Майлыаяқ біздің қамықса, аспанға қарап ұлыған.
Аспанға қарап келді адам, аспанға қарап кетті адам,
Шынымен аспан шексіз бе?!
Белгісіз осы тек маған.
Көкжиек таумен сүйісіп, көрінбей жатса әр жағы,
Аспанның біткен жері сол,аспан жоқ әрі деп қалам.
Құнысқан құрым үйімде, жаттым-ау, талай шалқалап,
Белгісіз маған әуе-аспан, белгісіз маған шартарап.
Майыстырып уығын, желпініп алып, құрым үй,
Аспанымды, аядай,тұратын еді арқалап.
Аядай менің Аспаным.
Төңкерілген төбемнен,
Алайда, сен шексізсің,шетіне жетпей келем мен.
Өзіңе қарап туыппын,
Өзіңе қарап өлем мен...

3. АДАМ ATA МЕН ХАУА AHA
Мен - Адам Ата,
Ол - Хауа ана,
Мен де таза, ол да таза, ауа да.
Жылжып ағып жылға жатыр - қой-толқын,
Харекетсіз біз отырмыз жағада.
Айналамыз алау-жасыл жаннат-бақ,
Аңтарылған екеумізді ардақтап.
Бет алған ек біздер қайда бармаққа?
Heгe отырмыз ел көзінен аулақтап?
He күш бізді бастап келді, білмейміз,
Heгe біздер ойнамаймыз, күлмейміз?!
Heгe біздер бұрынғыдай асыр caп,
Алдым-жұлдым арпалысып жүрмейміз?!
Әрі жақын, әрі алыс арамыз,
Қыз бенен ұл...
Бөлініппіз, қараңыз.
Қыз бенен ұл...
Жер мен көктей арамыз,
Жер менен көк жақындасып барамыз.
Біз отырмыз, еш нәрсе де демейміз,
Еш нәрсені түсінбесек не дейміз...
Жылып аққан жылғаға тас лақтырып,
Құныға кеп құмға аяқты бөлейміз.
Ал, табиғат...ал, табиғат тым басқа,
Түйіп болмас, сүйіп болмас сыр-дастан.
ЬІю-қию құстар анау шуласқан,
Көбелектер нәр алуда тынбастан.
Шалғын мынау бұйра шашын таранған,
Сары, жасыл.,қызыл гүлдер - caп алуан.
Самалдатып сағым ақса аулақта
Сағым болып теңселеді тау, орман,
Барлығы да сүйісуден жаралған.
Бар өлкеде бара жатыр нұр жанып,
Бәрі бізді бағатындай ұрланып.
Адам Ата бастап берген күнәға,
Біздер, бірақ, мойнымызды бұрмадық.
Бақа-шаян, айуандар не түрлі,
Сол күнәні қалайтындай секілді.
Басқа шығып бал шарабы коктемнің,
Балбыратып, мазамызды кетірді.
He керемет бізді мұнда тастаған?!
Ол да менен, мен де одан жасқанам.
Айналайын Адам Ата, Хауа ана,
Алдыменен қайсың едің бастаған?
Әлде сен бе, айналайын, Хауа ана,
Қауызын ашқан гүлге ұсап қараған?
Адам Ата, әлде сен бе, ақ гүлден,
Нәр алғанды тіршілікке балаған.
Айтарым бар сендерге меи мақтанып
Сендер батқан күнәға біз батпадық.
Түрган болар әйтеуір бір от жанып,
Жанып барып, жанып барын, тоқтадық.
Албыраған алмадайын Хауа анам,
Албырап тек отыр еді манадан,
Шырт етті де, бұтағынан үзіліп,
Шолп беріп, суға түсті жағадан.
Сермеп қалып, аппақ сазан-білекті,
Ағынменен арпалысып бір өтті.
Су сипалап, су аймалап денесін,
Мен өппеген дидарынан су өпті.
Аунап, тулап, арнасында жылғаның,
Араласып кетті-ау, кетті су, жалын.
Сонда барып, сезді менің қу жаным,
Су мен өрттің өрістес боп туғанын.
Тас бауыры қалуға бір жылынып,
Суық су да тілейді екен жылылық,
Алау жалын өртенгенмен қаншама,
Қалайды екен қалғанды бір суынып.
Су мен жалын бірін-бірі тапқандай,
Суыта алмай, жылыта алмай жатқандай,
Ақ жалынды аппақ нөсер жапқандай,
Ақ айдынға аппақ жалын батқандай.
Жалын мен су барып-барып басылсын,
Мөлдір моншақ жағаға кеп шашылсын
Хордың қызы судан алып кеудесін,
Қос қолымен көкірегін жасырсын,
Қос бұрымы қос иыққа асылсын.
Жылып қана жуасыған жылғада,
Су моншағы мойынынан сырғанап,
Моп-момақан, ақ қанатты періштем,
Әлі менің көз алдымда тұр қарап...
Махаббат па, әлде басқа сезім бе?
Сезінбедім сол бір сәтте өзім де.
Қысқа өмірдің қызғылықты сәтінің,
Негативі әлі менің көзімде.
Талай қызық көрдім де мен, көрермін,
Тайталасқан сезімге ерік берермін.
Менен алып негативін сол сәттің,
Сондағыдай сурет жасап, берер кім?\\\\\\\\\\\\\\\'

4. ШАРУА ҺӘМ ЖАУЫНГЕР
Білмеймін, өлдің бе сен, өлмедің бе,
Белгісіз, жеңдің бе сен, жеңбедің бе.
Кетіп ең: «Көппен көрген - ұлы той» деп,
Уыстап қайратыңды шеңгеліңде.
Білмеймін, сен аттың ба, жау атты ма?!
Тірідей тықты ма әлде абақтыға?!
Білмеймін, бір қағынғыр соғыс салса,
Шалғайдағы шаруа жауапты ма?!
Жанжал десе, құлағы елеңдеген,
Жауынгерлер сияқты ем сенен де мен.
Сенбеймін, сен адамды ата алмайсың,
Қару алған жауынгер дегенменен.
Аранын ашқан шақта қанды ауыздар,
Қорғанып аттың ба әлде жалмауыздан?!
Білмеймін, қайтып адам өлтіре алдың,
Үйіңде көрмеп едің мал бауыздап?!
Намысың қозды ма әлде, төзім беріп,
Оқ болып ұшты ма әлде сезім-желік?!
Орақпенен қолынды отап алсаң,
Шошушы ең ез қаныңды өзің көріп...
Әлде, ол, басқа қан ба, жолай, бөтен,
Әлде ерліктің ғадеті солай ма екен?!
Әлде еліңде егін caп, мал бақаннан,
Адамды ата салу оңай ма екен?!
Мен білмеймін,білмеймін,түсінбеймін!..
Ел мақтасын ерлігің үшін мейлі
Қарлығаш боп, отыңа су себем де,
Сені әйтеуір тозаққа түсірмеймін.
Қару құрсын, қаруды нағыласың,
Сен орақты алдымен танығасың.
Жаһаннамға қан жүктеп кеткен жоқсың,
Егін салған егеу-қол шаруасың.
Базарлап отыратын барыңменен,
Шаруа едің жаныңмен, арыңменен,
Әлде жау бұлағыңды бұрып алып,
Егініңді суардың қаныңменен?!
Әлде біреу тұтқан соң арманыңды,
Амалсыз, жұмсадың ба қанжарыңды?!
Амалсыз, өлтіруді үйрендің бе,
Жау айдап баратқасын бар малыңды?!
Құлағалы тұрған соң қайран қосың,
Қару болып қолыңда қайлаң-досың.
Қансыратып біреуді жықтың-ау сен,
Құрбандықсыз қан майдан қайдан болсын.
Өлтіруден басқа еш, дым білмедің,
Кім білсін, кек алып та үлгірмедің...
Алғаш рет жауыңды жамсатарда,
Аян маған абыржып, ділгіргенің.
Мүмкін, жауың сол сәтті пайдаланды,
Аяушылық, парасат жайға қалды,
Сезім билеп, сен аяп тұрған шақта,
Сені аямай, дұшпаның байлап алды.
Адамен тілдесуге құмар едің,
Мүмкін, сен аңғалдықпен тұра бердің,
Мүмкін, сенің көзіңде қан ойнақтап,
Әйтеуір қыра бердің, қыра бердің.
Өкінбен сен өмірден өтті ғой деп,
Өкінем жау түбіңе жетті ғой деп.
Өкінем жендеттердің арасында,
Сендей бір шаруалар кетті ғой деп.
Кетсінші аулақ!
Құрысын пайымдаулар!
Жан емеспін қасқырдан қойын даулар.
Менің әкем, белгісіз солдат емес,
Бауырлар моласына қойылғандар!
Бауырлар моласына табынамын!
Басқадай ескерткішті нағыламын.
Бастарында мәңгілік тұрса болды,
Орақ пенен Балғасы шаруаның...

5. МЕНЕН СҰРА
Мен соғысты көргенім жоқ,
Көргім де жоқ, көрмедім.
Соғыс ойнын ойнайтынмын,балалардың ермегі.
Қару алып,қан майдамда,
Қас жауыма төнбедім,
Көрдім, бірақ,жесірлердің, жетімдердің еңіреуін.
Мен соғыста болғамын жоқ,қатыспадым, бармадым,
Батыр ойнын ойнайтынмын,батыр болу - арманым
Білем, бірақ,шымылдықтар түсірілмей калғанын,
Бесік жыры болғандығын қатындардың зарлары.
Жоқ, жоқ,жолдас!
Біз соғысты көргеміз!
Аты солдат болмағанмен,солдаттардан кем бе біз?!
Қызыл аяқ партизандар -қырдан масақ тергеміз,
Қалтамызды қағып тұрып,қан майданға бергеміз.
Аштан өлген ауру қартты,ақпандатып,көрге біз,
Тоңды тесіп, әзер-әзер,
Үш-төрт күнде көмгеміз.
Таттық біздер, сол соғыстың,«балы менен шекерін»
Көрдік біздер,
Махаббаттың құлазыған мекенін,
Сездік біздер,жеңгеміздін, жастығының өтеуін,
Білдік біздер,әкесіздік,некесіздік не екенін.
Көрдік қой біз,өткердік қой,қилы-қилы кездерді.
Гүліміз де ерте ашылып,кәмелеттік тез келді,
Тыңдап біліп,көмейдегі айтылмаған сөздерді,
Тани білдік құмарлықтың тұманы бар кездерді.
Атасына жараспайтын келінінің сәлемі,
Кез еді бір...кесапаттар кесапатқа тән еді...
Тілдеріне тиек тұтып,іздейтұғын дәлелі -
He демексің,тек соғыстың, тек соғыстың әлегі.
...Соғыс деген қайдан шықты?!
Авторы кім алғашқы?
Есіл Адам,есі кетіп,оған несін жармасты?!
Бір дәуірден бір дәуірге неге үзілмей жалғасты,
Бүкіл адам тарихының бетін неге қан басгы?
Соғыс деген немене өзі?
Тек қана апат, қырғын ба,
Арман-тілек, ақыл-ойды апаратын құрдымға?
Соғыс деген -аққан соры ақсүйектің, құлдың да,
Соғыс деген -теккен ары қыздың және ұлдың да.
Соғыс деген жаралмаған,жалғыз ғана қан үшін.
Соғыс деген -cop айдаған содырлардың табысы.
Соғыс деген - сақаймайтын есуастар дәрісі.
Соғыс деген -сойқандардан қорғанғандар намысы.
Соғыс деген -сотқарлардың қолындағы найзасы,
Қолданады, долданады,таусылғанда айласы.
Соғыс деген,соғыс деген - зұлымдықтың айнасы,
Біреулердің шығыны да, біреулердің пайдасы.
Жас дәуірге,жармасып ап,соғыс дейтін кәрі бір,
Қолдан ажал жасап алып,жасқандырып әлі жүр,
Әділетті,әділетсіз...
Аты - соғыс, бәрібір,
Қан тегіссіз қара жердің кірмей қойды «сәні»
Тыныш жатқан бір елге,бір ел келіп ұрынар,
Қандай ғана әкесінің, алынбаған құны бар?!
Қайсы ел соғыс бастаса,ел емес, ол - ұрылар,
Қан майданда басы оның алдыменен жұлынар.
...Шексіз сүйем ұлтымды,сүйе тұрып, алайда,
Басқа адам баласына көз алартсам, қалай ма?!
Ұлтын сүю бір бөлек,ұлтшыл болу жарай ма?!
Қантіп айтам Дантеге,
Жетпейсің деп Абайға?!
Маған соққан самал жел,басқаға да соғады,
Маған келіп бақ қонса,басқаға да қонады,
Мендегі бар ұлылық,басқаларда болады,
Қандай ғана қақым бар,тұрам деуге жоғары?!
Әлемге ортақ ауа бар,әлемге ортақ жарық бар,
Мұңаймасын «кішілер»,мұңайтпасын «алыптар»,
Ұлы ұлт жоқ,кіші ұлт жоқ,
Адамдар бар, халық бар,
Соғыс емес, еңбекпен ұлылығын анықтар.
Халықтар бар,алдында тарам-тарам жолдары,
Табиғаттың бәрі ортақ,таласпаса болғаны.
Соғыс деген -бір халық бір халықты зорлауы,
Соғыс деген - фашистер,ұлтшылдықтың қорғаны.
Соғыс дейтін сөз ескі,өтті ол енді кезеңнен,
Сөздік қорға фашизм, фашист деген сөз енген.
Фашизм, фашист - сөздерден,құлақтардың безі өлген,
Қарғай жүріп оларды ерніміз де кезерген.
Соғыс - фашист,екі сөз, бір түбірден таралған,
Бірі сыңар қалмауы үшін,біреуісі жаралған.
Қарға оларды, тау мен тас,қарға оларды, қара орман,
Фашизм - ұлы ғасырды уландырған арам қан!
Фашизмді көргемін, фашизмді сезем мен,
Мен құрсақта жатқанда маған қару кезенген.
Фашист барда - соғыс бар,ол - ақиқат ежелден,
Фашизм бар, фашист бар,соғыс деген сөз өлген.
...Мен соғысқа бармадым,мен соғысты көрмедім,
Бірақ көрдім солдаттың үйіне кеп өлгенін.
Құмарлана құша алмай сағынышын жеңгемнің,
Құлағанын үйге кеп өз көзіммен көргенмін.
Мен соғысқа бармадым,мен соғыста болмадым,
Жүрді бірақ майданда мен жіберген қолғабым.
Көрдік, бірақ құрбы қыз толмай жатып солғанын,
Жібіткенін көргемін әлдекімнің тондарын...
Жанап өтті балалық, бала болып өспедім,
Шаруаның ғұмыры, кенедейден кешкенім.
Менен сұра,
Бидайдың егілгенін, өскенін,
Менен сұра,
Еңбектің қысқа таңын, кештерін.
Менен сұра, соғыстың тастап кеткен зардабын,
Ауыл қайтып көтерді қан майданның салмағын,
Менен сұра, жас бала қайтып әйел алғанын,
Менен сұра, жас қыздың қайтіп шалға барғанын...

6.АҒА, МЕН ТІРІМІН
...Содан бері көрмедім, жолаушы аға,
Жолығысып, шіркін-ай, қол алсақ-ау!..
Кезең асып, қайрылмай кетіп еді:
Сонау - сен, сонау - атың, сонау - шанаң.
Жадымда.
Соғыс кезі, сойқанды кез,
Қыс еді қытымыр шал, сойқан мінез.
Салдыртып шыға келдің қыр басына,
Қалдырып алдыңдағы қайқанды лез.
-Мынадай түтеп тұрған борасында,
Ей, бала, өлейін деп барасың ба?!
-Ағатай, ала кетші нағашыма?
Әнеки, анау таудың арасында.
Сөзіміз осы болды, үндемедің,
Шұбар ат желіп кетті «Шуу!» деп едің.
Қайырымсыз кісіні алғаш көрдім,
Қайырымсыз қазақты білмеп едім.
Деп тұрғам жоқ, сенен мен өш алайын,
Кездесті ғой қайрымсыз неше ағайын...
...Шұбар атың аман ба, өлген жоқ па?
Сынған жоқ па сондағы кәшауайың?
Білмегенсің, менің кім екенімді,
Жетпесімді ауылға, жетерімді,
Сәлем, аға, көңілдің архивінен
Сен қалдырған бір тозаң көтерілді.
Сен кеттің.
Мен тағы да жаяулайын,
Жүгірейін, желейін, аяңдайын.
Сәл сабыр ет, ағасы, ретіменен,
Аспай-саспай, ақырын баяндайын.
Аштық дейтін албасты-наланы артқан,
Бала едім қорек іздеп бара жатқан.
Адамның баласы деп, қарайлап ем,
Қараңдап көрінген соң қараң арттан.
Баратқан ем, таппақ боп несібемді,
Ағат айтсам, ашумен, кешір енді...
Сен маған қайырылмай кеткеніңде,
Есінде ме, ағасы, бесік еді.
Екі көзім - шұбар ат, сенде, менің,
Өкпем кеуіп, артыңнан терлегемін.
Әуре етейін деген бір әзілі деп,
Өзімді-өзім жұбатып, сенбегемін.
Панам ғой деп, тәңірім жолықтырған,
Шырылдағам жолыңа болып құрбан.
Естімеуің даусымды мүмкін емес,
Себебі, жел мен жақтан соғып тұрған.
Ақыры ғайып болды тарлан шұбар,
Тарлан шұбар - сендегі ардан шұбар.
Жарты қасық қазақтық қаның болса.
Құлағыңда дауысым қалған шығар.
Сол кеткеннен мол кеттің, қарамадың,
Күн батты, қырға қарай жағаладым,
Жүріп келем, қадалып жүрегіме,
Шұбар аттың емшекті тағалары.
Батырсып, қайрат жиып, жортқан болам,
- Қайт! - дейді, қарсы алдымнан соққан боран.
Сонда, аға, сен қай жерде бара жаттың?
Шұбардың тұяғынан оқтар борап?!
Мен адастым таудың бір аңғарында,
Байыпленен бағдарлай алмадым да.
Еміс-еміс естимін иттің даусын,
Ендігі сол - үмітім, арманым да.
Болды ма аяз, білмеймін болмады ма,
Көңіл бөлген мен жоқпын ол жағына.
Сен сонда шай да ішіп үлгердің-ау,
Болайын сенің қазақ болғаныңа...
Қарамай қажығаным, тоңғаныма,
Иттің даусы қай жақтан шықты екен деп
Тың тыңдап, терім қатып, сорладым-ау.
Иттің де даусы тынды қырсыққанда,
Өлген бе бұл дүние, тұншыққан ба?!
Кешір, аға, мен сені аяғам жоқ,
Омбы қарға бір түсіп, бір шыққанда...
Бір сайдың тірелдім кеп тұйығына,
Аспан құлап барады иығыма,
Бетім ауған жақпенен безіп келем,
Түсіп алып қойлардың шиырына.
Жоқ, аға, мені өлсін деп жаратпаған,
Үміт тұр қарсы алдымда, қарап маған.
Шай ішіп, буы шығып, қыстау жатыр,
Мұржасына түтінін сабақтаған.
Төбеттер жүр қораны шыр айналып,
Тура тарттым, тұрмадым мың ойланып.
Қорқыныш та, үрей де былай қалып,
Тақадым-ау қыстауға құлай барып.
Кісі алатын төбеттер қалай бөтен?!
Несібемнен бұрылып, қалай кетем?!
Қорықпа, аға, есен-сау үйге де ендім,
Аш адамды ит-тағы аяйды екен...
Төрт-бес төбет қаппады, таламады,
Рахмет иттерге, бағалады.
Иттің тісі жүрекке дарымады,
Дарығаны - шұбар ат тағалары.
Үй иесі өзіңнен бөлек екен,
Бала десе, бәйек боп өледі екен.
Қайырымды қазаққа дөп келінпін,
Қазақ деген сен емес, бөлек екен.
Жауып жатыр тонын да, торқасын да,
Беріп жатыр етін де, сорпасын да.
Нағашымның қыстауын таппағанмен,
Әке-шешем отырмын ортасында.
Сен туралы қартқа айттым, жолаушы аға
Сені жақсы демеді ол оншама.
Әкеңнен, тәліміңнен түк қойған жоқ,
Ластанды сонау ат, сонау шанаң...
Қарт сенің біледі екен қылығыңды,
«Даярлап жүрмін,- деген, құрығымды».
Қан майданнан баласы оралғанда,
Қалайда үзем деген жұлыныңды.
Білмеймін бес бересі, аласынды,
Қарт саған кәрін төгіп, аласұрды.
«Ит болмаса, айтпай ма, бұл тауда жоқ,
Ол сенің біледі ғой нағашынды».
Өткен күн - өткен із ғой басылады,
Көшкен бұлт - көңіл кірі, ашылады.
Бабам білмес қазақтың қара шалы,
Он бес күн каникулда асырады.
Қолқанат қып, қойын да бақтырмады,
Тоң аудартып, кетпен де шаптырмады,
Өзі әкеліп тастады ауылыма,
Өзіңе ұқсап, өзекке лақтырмады.
Жетер енді,
Жел сөзді желпіді інің,
Жолаушы аға, барсың ба, мен тірімін.
Атын былғап, аман-сау жүрсің бе сен,
Қазақтың қасиетті кемпірінің?!

7. ДАРИҒА-ЖҮРЕК
1.
Аққудай еді
Болған-ды менде бір жеңге,
Жылайтын еді бір демде,
Күлетін еді бір демде;
Күлетін еді күллі әлем,
Дариға жеңгем күлгенде;
Жас тамып жасыл бүрлерден:
Қарағай, терек, бүргеннен;
Жылайтын еді гүлдер де,
Дариға жылап жүргенде;
Ауыра қалып бір демде,
Айығушы еді бір демде.
«Аққудай еді көлдегі,
Сұңқардай еді жердегі».
Айта да жүріп осы әнді,
Дариға-жүрек шөлдеді.
Санаттан жары келмеді.
Саятқа көңілін бөлмеді,
Сабырға сайтан ермеді;
Сайтанға ерік бермеді;
Дариға-жүрек шөлдеді,
Шөлдеді, бірақ өлмеді;
«Сұңқардай еді жердегі,
Аққудай еді көлдегі».
Аққудай еді көлдегі...
Жолбарыс бақай - білегі,
Құлан жоқ жанның бірі еді;
Құлпыра соқса реңі,
Құтыра соқса жүрегі,
Қыранды құрдай іледі;
Қос уыс бұрым арқада,
Қос жылан болып жүреді;
Егіз шың тұрған кеудеде,
Еңістің жатыр сілемі;
Қос жанар бірден жалт етсе,
Жарқ етіп шыққан күн еді;
Дариға-жүрек кім еді?..
Даланың жалғыз гүлі еді,
Екеуі болса, бірі еді,
Біреуі болса, өзі еді;
Оны өзі де сезеді.
Дариға-жүрек кім еді?
Тасылмай қалған өзені,
Ашылмай қалған өзегі,
Келмей бір кеткен кезегі,
Керемет жанның өзі еді;
Айтылмай қалған сөз еді;
Ашылмай жүрген сыр еді,
Басылмай жүрген жыр еді;
Дариға-жүрек кім еді?
Дариға-жүрек мендегі!
«Сұңқардай еді жердегі,
Аққудай еді көлдегі»;
Дариға-жүрек шөлдеді,
Дариға-жүрек шөлдеді.
Сап-салқын қоңыр кештерде,
Сайлардан самал ескенде,
Алыстан Ай кеп, шындардың,
Ақ сәлдесін шешкенде,
Керуен-бұлттар көшкенде,
Көңілден оттар өшкенде,
Аршалар күбірлескенде,
Жан салар соның бәріне,
Ән салар сонда бір үн бар;
Тұрыңдар бәрің, тұрыңдар!
Әнменен туып, бірге өлген,
Атаңнан қалған ырым бар;
Тұрыңдар, түгел тұрыңдар!
Әуезге құлақ бұрыңдар,
Әуелі сыртқа шығыңдар;
Шығындар да, тыныңдар,
Талықсып жеткен сол үнге
Талықсып біраз тұныңдар;
Аясында анау аршаның,
Дариға отыр ән салып;
Білдірмей өксігі, бір шалың,
Бір шалың отыр тамсанып...
Дариға отыр ән салып;
Жер түбі кеткен жарларын,
Жесірлер тұрсын қарсы алып
Жетімдер ұшсын жар салып
Дариға отыр ән салып.
Өлі бір кешке жан салып;
«Сұңқардай едім жердегі,
Аққудай едім көлдегі...»
Дариға-жүрек шөлдеді,
Дариға-жүрек шөлдеді,
Сапардан жары келмеді...
Дариға отыр ән салып,
Дариға солай отырсын,
Жалғаннан жарын шақырсын.
Керенау, дел-сал, ей, таулар,
Күрсінбей неге жатырсың?!
Кейімей тұрсың, кең жайлау,
Кең жайлау емес, татырсың!
Кеуіп бір қалған тақырсың!
Кейімей тұрсың Ай да, сен,
Ай емес, кара бақырсың!
Қараңды суға батырсын!
Күңірен, таулар, күңірен,
Күңірен, жайлау,.күңірен,
Кеудеңнен жалын атылсын!
Кірпігінді қақшы, Айым,
Көзіңнен жасың шашылсын.
Дариға-жүрек басылсын,
Көңілдің кірі ашылсын,
Жасырсын, бәрін жасырсын.
Шақырды жарын, келмеді,
Белгісіз тірі, өлгені;
Дариға-жүрек шөлдеді.
Тау-дағы көңіл бөлмеді,
Ай-дағы көңіл бөлмеді,
Жайлау да көңіл бөлмеді;
Қос басы - өлік көмгендей,
Дариға оны көрмеді;
«Сұңқардай едім жердегі,
Аққудай едім көлдегі»,
Дариға-жүрек шөлдеді,
Дариға-жүрек шөлдеді.

2. Жалған
- Жеңгелер-ау, жеңешем қайда менің?
- Шомылып жатыр анау сайда,- деді.
Бір сұмпайы күлкіні қымтап қалды,
Қылымсыған қатынның қаймақ ерні.
- Әкел бермен,қымызың қайда?! -деді.
- Қымыз емес, бүгінгі айран еді...
- Ыстық мынау, соншама кешігесің...
Әкел бермен!
Несіне тесілесің?!
Шалғы шыңдап отырған кексе қатын:
- Ей, Бәтіш, неңе сонша есіресің?!
Несібеңді ұрлаған Дариға ғой, -
Балаға несін сонша жекіресің?..
- Жүресің де қоясың,өсек бағып,
Қашан бізге беріп ең төсек салып?!
Жәйіңе отыр оттамай, ісіңді біл,
Тұлпарға әкеп теліме есекті алып!..
- Пішту деген бетім-ай!Қарай қалғын?!
Білмейсің бе сынғанын шар айнаңның
Өз көзіммен көргемін, әлі көрем!
Шомылуға сен-дағы талай бардың...
Мен кетіп қалдым...
Жаман түстен шошынып оянғандай,
Шошып кеттім,шошыдым,ой, аллам-ай!
Мен алапат екі бір жыртқыш көрдім,
Қызыл қанға бөксесі боялғандай.
Сұмдық көрдім ешқашан сыр ашпаған
Несіне айтамын деп тыраштанам...
Сұмдық көрдім,бүкіл бір сұлулықты,
Сұрқия құмарпаздық ластаған.
Дүние-aу,сұлу ең ғой жаңа ғана,
Оп-оңай-ақ,осылай,жоғала ма?
Айтсаңшы, ей, табиғат,сұлулығың
Осындай сұрқайлықтан жарала ма?!
Дариға...
Тфу!!!
Жаман еді аты қандай!
Сорлы аға,сойқан атты қатын алмай.
...Аузымды аңдаусыз ашып қалсам,
Жүрегім снаряд боп атылардай.
Тфу, ит!
Қандай жаман ән салады,
Ән емес, осы екен ғой аңсағаны.
Мына бір бояуы жоқ бозала тау,
Өзіне сұлумын деп тамсанады.
Мына бір бұрқыраған бұзық-өзен,
Даурығып озіне-өзі жар салады.
Мына бір татымы жоқ тау самалы,
Ана бір албастыдай аршалары.
Мен сұлу, мен сұлу деп қарсы алады;
Мына бір қызыл гүлдер қызынақсып,
Ана бір жаужапырақ қол соғады;
Қай жерден көрінер деп қансонары,
Сонау бір кәрі қыран тау шолады;
Қыран емес, жауыз ол, қан сорады!
Жақпар-жақпар жартастар,құдайсыңдар!
Себебі, сендер, міне, былайсыңдар:
Тәкаппар сұлулықты сақтайсыңдар.
Беттеріңнен жосқанда лай сулар;
Тәкаппар сұлулықты сақтау үшін,
Тәкаппар қорлықтарға шыдайсыңдар;
Күннен жылу, желден тіл сұрайсыңдар!
О, жартастар!
Жартастар, құдайсыңдар!
Жабыла кеп жалғандық күндегенде,
Әр «сұлудың» басына құлайсыңдар;
Сұлулықты қайтадан сұрайсыңдар;
Сендер ғана - мәңгілік ескерткіштер,
Сендер ғана - мәңгілік құдайсыңдар;
Сендерге мен шыңғырып шынымды айтам,
Шыңғырып сендер бірге жылайсыңдар.
Жалған! - дедім,жалған деп айтам әлі.
Жалған-н-н! - деді,жартастар қайталады.
Таулар! - деп ем,тауларым байқамады.
Жартастарым таулар деп қайталады.
Дариға-жүрек!тағы да қайталады.
Құндыз бөркі құздардың шайқалады.

3. Намыс пен муза
Самалдап барып,саялап тынған шалғайда,
Дариға-жүрек,аққуға қосқан ән қайда?
Сұлулық шіркін,шынымен мені алдай ма?
Дариға-жүрек,жөне бір әнге салмай ма?!
Қою түн мынау,қоқырсып жатыр қос басы.
Бозкүйез тау тұр,бозбала бұлтпен достасып.
Бір бел мен бір бел -қосыла алмайтын қос ғашық.
Гүлдерін ұстап,қолдарын былғап, қоштасып.
Естерін жиып,есіней-есіней, маужырап,
Адамдар түгел ұйқыға кетті қалжырап.
Бұлақтың басы,бұйығы өскен бал-құрақ,
Бағады сыбыс,естілер емес ән бірақ.
Жартастар жатыр,жалаңаш тастап кеудені,
Сайлар да, міне,сарыла-сарыла, шөлдеді.
Мазасыз бұлақ маңайға тыным бермеді,
Аңсатып бәрін,
Дариға-жүрек келмеді.
Несіне келсін,ән салу оған мақтан ба,
He жетсін, шіркін,несібе құшып жатқанға.
Несі бар оның:жетім мен жесір, қарттарда,
He жетсін, шіркін,темекіні орап тартқанға.
Жат көздер, мейлі, жазғырып оған қарасын,
Түсінсін бе олар, өлі мен тірі арасын.
Жарайды сол да, жанының басты жарасын,
Жадырап енді, жалыны бойға тарасын.
Дариға-жүрек, несіне енді салсын ән,
Несіне алды оның, жүрекке ине шаншыған,
He тауып еді, көзінен тамған тамшыдан.
He тапты әннен, көңілін ыңғи жаншыған?
Күтпеңдер, таулар,
Дариға әнге салмайды,
Жартастар күтпе,
Дариға даусы бармайды.
Күтпеңдер сайлар, күлкімен енді алдайды,
Халқының үнін сауыққа енді арнайды.
...Осы бір ойлар, түн сайын мені езеді,
Бойымда қаным -тулаған таудың өзені.
Жанымды менің, жеңгемнің даусы кезеді,
Жүрегім ұлып, қалғандай жетім сезеді.
Шөпшабыс еді.
Қосымыз тұрған шатқалда
Ұйқыдан қауым, жаңадан тұрып жатқанда,
Дариға-жүрек, ботадай келіп боздады,
Бозарып тұрып, бозарып атқан ақ таңда.
Тыңдаған жан жоқ, өзінше жұрттар дүрбелең,
Кімдері сөйлепкімдері ұрсып кімменен.
Қауымның мұндай, қатыгездігін білмеп ем.
Айғай мен хайбар, айналам тегіс гулеген.
-Таң атпай жатып, ойыңа түсті әлдене?
Сайқалданба енді, үніңді өшір, қар неме!
Сұмдықты бастап, таң атпай жатып зарлама,
Үніңді өшір!
Өтірік зарлап, алдама!
-Пәруәрдігер, албасты ма өзі, пері ме?!
Әруақты мына ит, оятар болды-ау көрінен.
Дариға-жүрек, мына жұрт сенен жеріген,
Көмгелі жатыр, әніңді бірге сенімен.
Күрсініп алып, күңіреніп кетті тау маңы,
Бағытын бұзып, бұлттағы Ай теріс заулады.
Тигендей бүйі, кең жайлау кейіп, аунады,
Дариға-жүрек, дамылын таппай, лаулады.
Жайлауды тастап, жапырлап ауыл көшкендей,
Шатырлап барып, ошақта оттар өшкендей.
Азалы бір үн, аяулы біреу өлгендей,
Азамат мерт боп, ауылын жауы жеңгендей.
Азалы бір үн, арызын кімге шаққандай,
Мезгілсіз күз кеп, мерейді тұман жапқандай.
Мекенін тастап,мезгілсіз құстар қайтқандай,
Қоңыр қаз ән caп, қоштасып бара жатқандай.
Қыршындай солған, қызғалдақ гүлге бүр жарған,
Қурайлар сыңсып, жоқтау caп құла қырлардан.
Азалы бір үн, бірде мұң-қайғы, бірде арман,
Азалы үннің астында жатыр бұл жалған.
Дариға-жүрек, лапылдап барып басылды,
Күрең күн келіп, мойнына таудың асылды.
Бір белден сонда, бригадир келді ашулы,
- Тездет! - деп, жұрттың дегбірін әбден қашырды.
Тірліктің күні, тірліктің сәнін сырғытты,
Тірліктің күні, тірліктің әнін қылғытты.
Жалына аттың, біреулер жасын ырғытты,
Біреулер жасын, бетінен төмен жылжытты...
- Қымызың бүгін тәтті екен,құйшы. тентегім,
Айызым қанып,ішейін бүгін иен тегін.
Жеңгемде көзім, күдіктің бұлтын серпемін,
Белгісіз маған, көңілім бір күйі шертеді.
Ернінде оның, қиығы менің көзімнің,
Елестеп кетті, қылығы бағлан-қозымның.
Қозыма сусын бергендей болып сезіндім,
Лас ойларды лақтырдым мүлде,безіндім.
Сырлы тостақтан,сызылта сорып болды да,
Сызыла беріп сырғанай тұрды орнынан.
Аяныш көзбен, абайлап қарап сорлыға,
Жігерім жасып, көңілім сонда болды нан.
- Тентек, сен отыр, атыңды тұса, аттанба,
Тас жуа теріп келейін ана шатқалдан!
- Дем алсаң етті, несіне сонша желіктің,
- Тентегім менің...түсінесің бе...жерікпін...
Түсіне алмағам, жерікті қашан көріппін.
Оңаша, жалғыз отырмын жұмсақ мақпалда,
Қоямын қарап, жеңешем кеткен шатқалға.
Оңбаған ойлар, оралып жатыр қайтадан,
Сонау бір өткен, сонау бір сұрқай шақтарға.
Безінем одап, көрмедім оны,бармадым,
Бәрі де сұлу, сұлулық толық жан-жағым.
Қарағай-шырша, қапталдан құлай қаулауын.
Тұңғиық көкте, қыранның, қара, самғауын.
Сайлардан соққансамалдың, қара, салқынын,
Тандайға ұйып, гүлдердің мына аңқуын.
Бу шашып,әнеу, кәрі жартастың балқуын,
Жасыл белдердіңжасырын бәрі шалқуын!
Жарық дүние-ай, жаным-ай менің!Ғажапсың!
Ғажапсың, шіркін!
Амал не, тезсің, аз-ақсың...
Құзар жартастанорамал көрдім бұлғаған.
-Қош бол, тентек!..
Әзілдеп, сірә, тұр маған.
Көк көйлек көрдім, қалықтап құздан зулаған,
-Қош бол! - деп,- Тентек..шуылдап үні тынбаған.
-Қош бол! - деп тастархабарлап жатты жан-жаққа,
Неғылған сұмдық!
Дариға ма, әлде аруақ па?!
Өте алмай қалдым, жете алмай қалдым ар жаққа,
Дариға-жүрек...
Ұшты да кетті аулаққа...
Муза деп атап,ақындар ғибрат қылатын,
Сол екен - менің періште жырым,мұратым
Дүниенің мынау, қабағын бағып тұратын,
Дариға-жүрек, өмірге берді бір ақын...

8. ҚАНАТТАРЫМ МЕНІҢ
...Сол жылдардағы соғыс құрбандарының семьяларына арнаймын.
Бәрі де майдан үшін!
Осы ұранды,
Медет қып бүкіл қауым жосыған-ды.
Шабындықтар айрылып шалғышыдан,
Дихандардың еркексіз қосы қалды.
Кетіп жатыр біреудің бауырласы,
Біреудің бас иесі, ауылдасы.
Қаңырап, мелшиіп тек қарап тұрды,
Бітпеген мектептердің қабырғасы.
Жоқ болды жаңа мектеп енді бізге,
Бітпей қалды, қырсықты көрдіңіз бе?!
Сонда барып ойнаймыз соғыс ойнын
Сәбиміз, дәнеңе жоқ көңлімізде.
Атысамыз, Чапай боп шабысамыз,
«Біз» болып, «неміс» болын алысамыз.
Діңкеміз құрығанда үйге келіл,
Дертімен шешейлердің табысамыз.
Осылай енген біздің өмірімізге
Баяғы болып өткен соғыс-аңыз.
Бартұғын екі досым, екі інім,
Екі Анам, екеуі де екі Күнім.
Мал дегеннен жалғыз-ақ құла құнан,
Қасқасы бар астында кекілінің.
Екі Ана, екі ғана дос болатын,
Екі іні, құла құнан - қос қанатым.
Жеті жетім сүйеніп бір-біріне,
Қайғы дейтін қаңырап бос қалатын.
Мен қанатсыз емес ем жаралғаннан,
Жалғыз жаяу да емес ем қараң қалған.
Жаным сүйген жақсы атты қанатым деп,
Қанат алып ұшқан ем адамдардан.
Өмір озды,
Отыздан әрі аттадым,
Ұшып келем, келмейді тағаттағым.
Қандай еді?!
Қайда жүр?!
Қайда кетті?!
Менің мамық балапан қанаттарым.

I
Құздары құлаш ұрған көкте күнге,
Алып таудың аулымыз бөктерінде.
...Құландай құнаныма құрық түсті,
Соғыстың ең алғашқы көктемінде.
Сәби ем, шын қайғырып үлгермеген,
Жалаңаш-жабықтықты мін көрмеген.
Жарысып бірге жүрдім күндерменен,
Жайғасып бірге ұйықтадым түндерменен,
Сәби ем зор өмірден дым көрмеген.
Жылғада жүрдік ойнап аулақтағы,
Жылқы жатты қашада тау жақтағы.
Бір топ адам бір асау ортасында,
Қарбалас қоршап алған қаулап бәрі.
Құтылмас бұғалықтан жылқы малы
Шу асау қыл арқанда қылқынады.
Босанбақ боп шалмашы тақымынан,
Торға түскен тортадай бұлқынады.
Көз алдымда шалмапын шіренгені,
Жақындады асауға біреулері.
Қос кұлақтан біреулер құтырта ұстап,
Біреулері тентекті жүгендеді.
Соншама атбегілер ортасында,
Құнан емес, құланнан қорқасың ба;
Жалына кеп, жармасып, пысық бала,
Қарғын мінді асаудың арқасына.
Тастай алмай үстінен «батыр» ұлды,
Асау біраз әлек боп атырылды.
Жылқышы қарт балаға дем береді...
«Тарт тізгінді, босатпа тақымыңды!»
Қарысып қалды бала құламастан,
Көнді асау ауыздыққа шыдамастан.
Кенет менің жарқ етті көз алдымда,
Кекілі күлтеленген құлақасқам.
Қос құрбым қос жағымда қанатымдай,
Алды да ұшты арланды соғатындай.
Үшеу болып ұштық біз, ортада мен,
Нағыз бір жауды шауып алатындай.
Таусылмаған табы бар бұла күннің,
Тізгініне оралдым құнанымның.
Тай-ашуым тулап бір өн бойымда,
Шеміршегін шайнайды құлағымның.
Бойды кернеп барады аңғал күщім,
Қайткенде де қалап тұр жанжалды ішім.
Жылқышы қарт мырс етті миығынан:
«Қарай гөр зәнталақты, малжандысын!»
Жүрегімнен қарт сөзі шоқып алып
Тұр едім мен ызаның оты жанып,
Жем иісін сезгендей құла құнан
Иіскейді кеудемнен отырақап.
«Үйретіп бер деп сенен сұрадым ба,
He әкеңнің құны бар құнанымда?!»
...Пысық бала құланы мытып еді,
Атылды асау
Мен қалдым жыладым да.
Шаужайынан айрылып қалғанымда,
Әзіл-оспақ гуледі жан-жағымда.
Сайқы-мазақ тұрғандай болды қаптап,
Бүкіл сонау таулардың аңғарында.
Шарт сынды шанағынан шыдам деген,
Қалайша кек қайырам жылауменен?!
Қос қанатым - қос досым, әйда үшеуміз,
Жарыса ұштық самғаған құнанменен.
Омыраулата, осқыртып Көктеңбілін,
Артымыздан саңқ етті өктем бір үн:
«Ей, шірік! Қай жеті атаң көріп еді,
Аттыны жаяу қуып жеткендігін?!
Жоғал былай, жотаңнаи таспа алармын!
Қу аяқ, құйттайыңнан қашқан арың.
Жалғыз сенің басыңа түскен іс пе,
Жаны қайтіп шыдап жүр басқалардың?!
Күн өткен әкең сені бұла қылған,
Жаныңды шығарармын кұлағыңнан!
Күшіміз жетпей жатыр, соқаға шық,
Қасымда болсын десең құла құнан.
Қарай гөр, қаршадайдан жынданады...
Екі бірдей шешеңді кім бағады?!»
Қайырып үшеумізді қосқа әкелді,
Шолақ қол бригадир Құрманәлі.

2
Аңызақ.
Аптап сеуіп тұрады аспан,
Аңыздарда қаңбақтар жүр адасқан.
...Бала неме бар күшін сарқа тартып,
Арып біткен астымда құлақасқам.
Арып біткен жануар майысады,
Жетектегі жауырға ойысады.
Құстай байғұс қамытта мықшиғанда,
Денем мұздап, қабырғам қайысады.
Беу жастық-ай!
Сезбейді-ау құлағанын,
Бір қамшы салдыртпайды құла-жаным.
Азаптан құтқарайын десем-дағы,
Таба алмай-ақ қойғаным бір амалын.
Басын тежеп, пәлек сәл салбыраса,
Соп қамшымен соқашым салды қанша,
...Күңіреніп дүние кетер еді-ау,
Егерде адамға ұқсап мал жыласа.
Пысық бала сұм еді-ау ойран бөлек,
Ойлаушы едім қас дұшпан қойған ба деп
Жаным келіп алқымға тығылатын,
Арықтарды жауырдан сойғанда кеп.
Сүйсінетін соп қамшы ысқырғанда,
Құмар еді құлшына күш қылғанға.
Іштей нелер қарғысты жаудырамын,
Тәңірінің таяғы түскір жанға.
Қаныпезер, жауыз деп аталғандар,
Соқыр күштің торына маталғандар,
Адам деген сезімнен тумады ма,
Қайдан ғана жаралған қатал жандар?!
...Күннен бөлек түйір жоқ шар аспанда,
Самал да жоқ саялап, толастарға.
Көлбей келіп кекжиек төңкерілген,
Төңіректі қоршаған тау-асқарға.
Жатыр таулар, кемедей қайырлаған,
Жатыр дала, әлдене уайымдаған.
Жатыр бәрі, жатыр бір сал тіршілік,
Жердің төсін уыстап айырылмаған.
Шошымаған, тірліктен жасымаған,
Жатыр ауыл бір-бірін асыраған.
Біреулердің түтіні түзу шығып,
Біреулердің түтіні шашыраған.
Бәрі жатыр қимылдап, әлі өлмеді,
Әлі өлмейді, өлмейді, дәлелдеді!
Осынау тыныштықта сену қиын,
Қырғын боп жатқанына әлемдегі.
Сену қиын қырғын боп жатқанына,
Адамды адам аяусыз атқанына,
Сену қиын ұры кеп түскеніне,
Байырғы Бағбан-Отан бақтарына,
Сену қиын қарауыл болғанына,
Нелер ғұмыр фашистің оқтарына.
Алайда, абыржу бар жерде, аспанда,
Дариға-ай, дүниені шер басқан ба?!
Тату елге бұл тажал қайдан келді?
Таршылықтан көздерін енді ашңанда.
...Иесіз дала.
Аңызақ.
Арық көлік.
Бар қуатты бойдағы алып беріп,
Түрендейміз соқамен ескі аңызды,
Арықтармен қыбырлап барып-келіп
Жырта-жырта түтіліп, тозған аңыз,
Күш шамалы, тыңға қол созбағамыз..
Өшпесін деп әкелер салған ізі,
Әйтеуір қозғаламыз, қозғаламыз.
Қозғаламыз бағынып бір ағынға,
Қозғалады жануар құнаным да;
Соп-қамшысын жыландай ысқыртады,
Пысық бала соқаның құлағында.
Сыртылдап бар сіңірі, таспалары,
Құлақасқам қамшыдан жасқанады.
Домбыраның ішегіндей созылады,
Сорлым менің, су болып қас-қабағы.
Құстай менің құрбым-ай!
Қанша амалым?!
Мұншама азап мен саған аңсамадым.
Арқа-басын тер басты.
Сездім міне,
Қанатымның біржола шаршағанын.
Бар қуаты біртіндеп ойсырауда,
Жануар ғой, тілі жоқ жәй сұрауға.
Бір пысқырын, кекілін сілке тастап,
Дөрмені жоқ құлағын қайшылауға.
Тоқтады, зор күрсініп алды-дағы,
Кілт тұрып қозғалыстың қалды бәрі.
Мезгілсіз үсік ұрған жапырақтай,
Бүрісіп қос құлағы салбырады.
Сөніп кетіп барады әл-шыдамым,
Әлденемен әлек боп жаншыламын.
Пысықтан қорықтым да тұңғыш рет,
Қанатымды аямай қамшыладым.
Қайыс өрме бауырын тілімдейді,
Еш қимыл жоқ, буыны дірілдейді.
Қарғып түсіп,қарасам көздеріне,
Баяғы от, баяғы ұшқын білінбейді.
Үрей кеулеп кетті де тағатымды,
Қамытынан босаттым қанатымды.
Соқаның құлағынан айырылмай,
Состиып сол бір сотқар бала тұрды.
Ерін алдым.
Сергін бір сілкінбеді,
Астыңғы ерні сәл ғана бүлкілдеді.
«Ештеңе тақалған жоқ, абыржыма!»
Деді де пысық бала күңкілдеді.
«Пысық, пысық» дегенге әуестене,
Аяйтұғын жәйі жоқ әбес неме.




KZ » Қазақша Өлеңдер жинағы, мұқағали мақатаев Бала шақтан - болашаққа өлең стихи на казахском мукагали макатаев казакша олен, мұқағали мақатаев өлеңдері, мукагали макатаев олендери, мукагали макатаев все стихи на казахском языке, мукагали макатаев стихи на казахском языке, Бала шақтан - болашаққа, мұқағали мақатаев Бала шақтан - болашаққа өлең стихи на казахском мукагали макатаев казакша олен, мұқағали мақатаев өлеңдері, мукагали макатаев олендери, мукагали макатаев все стихи на казахском языке, мукагали макатаев стихи на казахском языке, Бала шақт, Қазақша өлең: Мұқағали Мақатаев (Бала шақтан - болашаққа) қазақша өлеңдер жинағы скачать бесплатно олен казакша махаббат туралы стихи на казахском языке стихи на казахском языке стихи с днем рождения на казахском языке