Тоқаш Бердияров | Жаңалық

  Тоқаш Бердияров | Жаңалық

Гүлайна апай отарға ерте оралды. Қызымды сағындым деп күні кеше Алматыға аттанған-ды. Тұңғышы — Зіреш қалада пединститутта оқитын еді. Зіреш қысқы, жазғы демалысын көбіне совхоз орталығындағы нағашыларының үйінде өткізіп жүрді. Айлар бойы өз қызын көрмеген ана сағынбағанда қайтсін? Перзент десе, ана жүрегі алып ұшады емес пе!

Киіз үйдің ішінде қымыз ішіп отырған Нұртай ақсақал, аттан түсіп жатқан бәйбішесін көріп ойға қалды. «Тәуба, қызыма барам деп менімен күні-түні керілдесіп, мазамды алушы еді, мұнысы несі?! Ерте оралғанына қарағанда бір гәп бар сияқты. Әйтеуір, жамандық болмағай!..»

Ол тысқа шықты. Болдырып келген аттың ертұрманын ағытып, тыныштық па дегендей бәйбішесінің жүзіне телміре қарады. Гүлайна аса көңілді, ауыл жаңалықтарын айтып, сарнай жөнелді:

— Талқанбайдың ала сиыры екі бұзау туыпты. Екеуі де инеліктей әншейін, қарындары қабысып тұр. Әлгі қу тоқал енесінің сүтін қақтап сауып алады екен. Уызға жарымаған бұзаулар қайтып мал болсын? Обалдағы-ай, обалдағы-ай!..

Нұрекең ер-тұрманға жамбастай кетті де, қарсы алдында шөкиіп отырған бәйбішесінің, әңгімесін ұнатпаған шыраймен:

— Қызыңа бардың ба, соны айтшы,— деді.

— Ойымды бөлмей қоя тұршы, түге!.. Әлгі біздің тентек бала есеп сабағынан «екі» алып қапты... Інтірнаттың, тамағы да мардымсыз көрінеді. Балам жүдеңкіреген тәрізді. Үйде жүргенде төрешімнің құлағы кішірек сияқты еді, ал кәзір тіпті сыпырадай болып қауқайып кетіпті. Құлыным-ау, бойыңнан да құлағың ұзарып барады ғой десем, «ұзармағанда қайтсін, Жетпісбай ағай күнде соза берген соң» дейді ол мұңайып... Міне, інтірнат тәрбиешісінің сыңайы...

Сен де қызықсың-ау, кемпірім-ай!— деді Нұрекең жақтырмаған пішінмен,— Құлақта не тұр дейсің,? Созса соза берсін. Құлағы үлкен екен деп, қыз тимей жүрер дейсің бе?.. Оқа емес, іс қып адам боп шықса болғаны.

— Құлақ мәселесін қойшы, ескі молдалар да шәкірттерін сөйтуші еді ғой. Ал енді, қаршадай баланы араққа жұмсағаны ұят-ақ! Қысастықпен «екі» қойғанын қайтерсің?! Со есеп сабағының мұғалімі арақты көп ішетін көрінеді. Менің інім Шілтікбай да ішімдікке үйреніп апты. Бес жасар Төлеш: «Папа, қашан арақ ішесің?»— деп қайта-қайта сұрайды. Папасы: «Онда шаруаң қанша, қайтпек едің?»— десе, Төлеш тұрып: «Шөлмегі керек еді, шар алайын деп ем»,— дейді. Міне, бала екеш бала да қу боп алған.

— Ал, Айнаштың оқуы қалай екен?

— Айнашым аман болса биыл жетінші класты бітіреді ғой. Бірақ бір нәрседен шошыныңқырап қалдым. Жуырда мектепте мынадай бір оқиға болыпты; Айнаштың кластас жолдасы Мая дейтін бір жап-жас қыз тапа-талтүсте біреумен қол ұстасыпты да кетіпті.

— Ол кімнің қызы?— деп Нұрекең елең ете қалды.

— Сен білесің, «Заготскоттағы» әлгі Әлім деген бақташының қызы.

— Оқушысынан айрылып, мұғалімдер немді бітіріп жүр?

— Мен де соны айтам, бәсе, немді бітіріп жүр?—деп Гүлайна апай да шап ете қалды. —Мектеп деректірі ІІІәтиева деген біреу әйтеуір. Балалар оны «тордағы тиын» деп атайды екен. Өз оқушыларына сыр алдырып, беделден жұрдай болған сорлы-ай, десейші! Бұл қырсықтан құтылғысы келген Шәтиева қыздық қолына документтерін ұстатып, «қайда барсаң онда бар» деп мектеп қабырғасынан аулақ ұзатып салады. Сөйтіп, байғұс қыз тұрмысқа шығуға мәжбүр бопты.

— Оқу керек еді-ау, қап!.. Есіл жастық дәурен-ай!..

— Сосын мектеп деректірін аудандық прокурор шақыртып алып: «Бұ қалай?» — деп сұраған екен, Шәтиева: «Кадр көбейе берсін»,— деп жауап қайырыпты!.. Бүйткен кадрі бар болсын, масқара ғой, түге! Естіген елден ұят-ay!.. Тексеріп, түзетпекші екен.

— Қай-қайдағыны айтып, далбасалап кеттің-ау, кемпірім,— деді Нұртай ақсақал шамданып, жә, сен әлгі қаладағы қыздан хабар алдың ба?

— Е-е, ұмытып барады екем ғой, айтайын оны да... Өзің білесің, аптауызға отырсам басым айналып, лоқсып құсқым келеді емес пе? Соны уайымдап Шілтікбайдьң үйінде шай ішіп отыр едім, бір кезде тілезірі сөйлеп қоя берді. Шашы шөмеледей төбесіне үйілген бір әдемі, жылы жүзді инабатты келіншек тақылдап сөйлей жөнелді. Әлгі келіншек лезде зым-зия болды да, айнадан бір сұлу жігіт көрінді. Ол өлең айтты. Сол қоңыр дауысты әнші жігіт — «Биқара, Биқара..»,— деп даусын мың құбылтты. Шіркіннің, әуезі біресе шылдырап аққан бұлақтай құрып кетеді де, біресе сарқырама судай гүрілдеп, үйді басына көтереді. Талай қырқадан асып, қарасы үзілген ән әп-сәтте ауадай күркіреп, қасыңа жетіп келеді. Әйткенмен, әнші-ақ жігіт екен! Лайым көсегесі көгерсін!..

— Сондағы Биқарасы кім екен? Біздің Айқын тұқымында Биқара дейтін би жоқ еді ғой.

— Қайдан білейін, басқа елдің, биі болар?..

— Сөйтіп сен Алматыға бардың ба, жоқ па? Қыздың хал-жағдайы қалай екен? Жайлауға қашан келмек?— деді Нұрекең шыдамсызданып.

— Сабыр, сабыр шалым,— деді Гүлайна апай күлімсіреп,— әлгі әнші жігіттен соң манағы әдемі келіншек қайта шықты. Ол былай деді: «композитор Шәмші Қалдаяқовтың «Анама» дейтін әнін тыңдаңыздар. Орындаушы — студент Зіреш Нұртаева!».. Мен елең ете қалдым. Аттас біреу болар деп те ойладым. Сөйткенше болсаң жоқ, Зірешжаным айнадан көрінді. Ой, айналайын-ай, саған өтірік, маған шын кәдімгі өзіміздің Зіреш!.. Көзі, қасы, құлағы... бәрін де танып тұрмын. Езуінің үстіндегі қап-қара меңі баяғы өзім сүйген мең. Пүштиген мұрныңнан айналайын деппін со жерде. Шай ішіп отырған тамам жұрт мәз-мейрам боп күліп жатыр, күліп жатыр... Ой, жалған дүние-ай, жұлдызымды көріп бір жасап қалдым-ау, әйтеуір! Қалаға бармай, жайлауға ерте оралған себебім де сол, шалым... Қызымды көрем десең, ауданға бар да тілезір сатып ал!..

— Өй, сорлы неме, көшіп-қонып жүрген қойшы адамға тілезірдің қажеті қанша?! Әлгі, Жаманқұлдың «автоклубы» да жетеді емес пе! «Кино көріңдер»,— деп, апта сайын екі рет сабылып келеді. Тіпті, киноны өз үйіңде шалқайып жатып-ақ көресің.

— Ойбай, атама, Жаманқұлдың аты өшсін! Соңғы бір келген сапарында жүгермектің не істегенін білесің бе? Құдықтан су алайын деп жатсам «мм-ә-ә, мм-ә-ә» деп маңыраған қойдың даусы келеді құлағыма. Тіпті, біреу пышақпен бауыздап жатқандай-ақ, әлгі, аянышты дауыс тұншығып шығады. «Бұ қайдан?» деп аңырып біраз тұрдым... Үн шыққан жаққа қарай сақтықпен жылжып отырдым... Жаманқұлдың «автоклубының» ішіне ендім. Үлкен ағаш сандықтың аузын ашып жіберсем, мә саған безгелдек, дойдей семіз екі саулық айқасып жатыр. Жануарлардың мұрындары пысылдап, бүйірлері бүлк-бүлк етеді. Со замат бұрқан-талқан болдым. Жаманқұлды шақырып алып, ал кеп сыба!.. «Кәззәп, ұры, мұның не сенің?!» десем, ол жүгермек мұртынан күліп: «Мына сандықтың ішінде азын-аулақ арпа бар еді, шамасы, соны жегелі келген қойлар ғой... Ашуыңызды басыңыз, жеңешетай!» — деп беталды ыржалақтап, кісіні тәлкек еткісі келеді, түге. Екі беті бүлк етпейді-ау, арсыз неменің, ой, тобай!.. Тәмәм жұртты киноға еліктіріп қойып, қой ұрлауын қарашы сұмпайының!..

— Е, кемпірім-ай өткен істі айтып неме керек,— дей Нұртай ақсақал тілінің астына бір атым көкшіл насыбайды сүңгітіп жіберді.

Қарт шопан орнынан тұрып, оң қолын қалқалап, алысқа көз тастады.

— Байқаймысың, бәйбіше, сонау қасқа жолмен шандатып келе жатқан салт атты ма, әлде тарантас па? Зірешжаным болса игі еді!.. Гүлайна апай да ентіге қасқа жолға көз салды. Біртін-біртін бетінің әжімдері молая түсіп, түсі бұзыла бастады.

— Ойбай, шалым, қойларыңа ықтият бола гөр, Жаманқұлдың «автоклубы» келе жатыр...

Ерлі-зайыптылар қонақ күту қамына кірісті.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Ораза айт намазы уақыты Қазақстан қалалары бойынша
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!