Ілияс Жансүгіров | Бадырақ

  Ілияс Жансүгіров | Бадырақ

тарау

Таң анық атқан жоқ. Айдың аяққы қараңғысы. Таң алдына шейін талықсып келіп, бой жасаған өлетін адамның көзіндей ажарланып бағжиған жұлдыздар жерді албастыдай басып тұрған меңіреу қараңғылыққа әр жерден өштесіп, өжеттенгендей. Бірақ өздері еңкейіп батып бара жатқам сияқты.

Осы қараңғылықпен араласа әр ауылдың қонысында түйенің анда-санда бақ еткен дауысы естіледі. Жылқы кісінейді. Тәрізі бұл өңірдегі ауылдар көшіп жатыр. Жер салқынмен көшпесе бүгінгі кештегі қозы-лақ жете алмайтын кер баланың шеліндей бір бұйрат құм еді.

Сондықтан қатындар сүтті пісіріп, ұйытпай тұрып тұлыпқа құйып, іңірден бастап үйді жыққан. Қомның арқаны тесін қысқан түйелер бақырады.

Бір жерден қызғыш құс ұшты, ойқыр демей біреу жортып, бірнәрсе қарап келе жатқандай. Қызғыш осыдан ұшып еді. Бұл бала күреңге тоқым салып жайдақ мініп, байдікіне қонған екі қонақтың атын іздеп жүрген қойшы еді. Қойшының аты Бадырақ. Қойшы көшіп келе жатқан ауылдың жанындағы қоңыр белеске таман келіп, күреңінен топ етіп түсіп, жантайып жата кетті.

Бадырақ — байдың жалшысы. Жасы жиырманың екеуінде, орта бойлы, дембелше, жауырыны қақпақтай, жас жігіттің алыбы еді. Төбесі биіктеу, шекесі торсықтай, бүркіт қабақ есті жігіт. Арысқа түсіп алысқанда жауырыны жерге тимей жүрген, кеудесі есіктей, балтыры бесіктей бал улы, құлама жарлауыт кабак астына оты ойнай біткен қой көзі кедейліктің неше алуан езгісінен, жалшылықтың жаншуынан жасқанып, қылау құрлы көретін емес. Өзгеше бір отты қайрат қайраулы тұрғандай. Неге салсаң соны жалбыратып түсетін өткір алмас.

Бұл әке-шешесі жасында өліп жетім, панасыз қалған Қоянбай деген бала еді. Бір жұт жылы мұның шешесі болғанда қой таба алмай, қояннан қалжа жеген екен. Сондықтан мұның атын Қоянбай қоя салыпты.

Міне, Қоянбайдың сол күннен бастап қозы бағып, қой жайып, жан сауғалап келе жатқан ауылы — Қоянкөз ауылы. Қоянбай Қоянкөз ауылының әркімінде-ақ жүрген. Әсіресе көптен күлімен кіріп отымен шығып келе жатқан үйі — осы Сағындықтікі.

Қоянбай Қоянкөз ауылына пайда болысымен-ақ, атаның аты бұл ауылдың ұрғашыларына оғашырақ естілген болатын. Қойшының атын Қоянбайлап шақыра беру, жарықтық Қоянкөз атаның атын ала кетіп, аруағын тебіренту сияқты болған соң, Қоянкөз ауылының ұрғашылары қойшыға жанама ат жасап, Қоянбайды тастап Бадырақ деп атақтаған.

Сағындық билікке таласарда да Қоянбай бір үй болып, Бадырақ Жершілбай баласы делініп, хатқа да түскен. Қоянкөз ауылының атаған Бадырақ атымен төңіректегі ауылдар да осылайша атап кеткен. Оның бір тоғалығын, қайратын өз жалшыларына үлгі қылғанда «Малшы болсаң — Падырақтай бол, ол Сағындықтың ырысы ғой», — десіп отыратын. Сөйтіп, жалшы Қоянбайдың алғашқы азан шақырылып қойған аты — Қоянбай аты қазір біржола ұмытылған. Бұл атыраптағылар оны Қоянбай демей, Бадырақ дейтін еді. Сондықтан бұл қойшының Қоянбай атын қоя тұрып, ауылы қойған Бадырақ атын қаламға алдық.

Бұл өзі тепсе темір үзеді. Осы қайратының үстіне түк ерінбейді, бала-шағаға дейін оны жұмсайды, қойды да бағады, отынды да ала келеді, қиды да ояды, құдық та қазады. Қонақ келсе мал да сояды, қазанға су құйып, отынды да жағады. Қысқы боранда жылқыға кетеді, жазда бие де сауады, самаурын да қояды. Ел көшсе Сағындықтың жүгін түйеге жалғыз артып, елден бұрын жөнелтеді.

Мына Қара шағыр қол атан түйесін бақыртып, керегесін қомдап жатқан ауыл Сағындық байдікі. Сағындық жуан жерден шыққан белді бай, ауыр дәулетті, малы мол адам. Үш қатыны бар. Бастапқы бәйбішеден ұл жоқ. Жалғыз-ақ ұрғашы тарғыл мысықтай бір қара қожалақ бойжеткен қызы бар. Бұл қызға екі қырық бесінін малын алып, жиырма екіге келген қызын әлі де жас деп бермей отыр. Сағындықтың бұрын атқамінерліктен тапқан малының үстіне мына қызды бір қылшық айранды, сасық бай он үштегі жалғыз ұлына айттырып, Сағындықтың малы төтенше көбейіп, әсіресе қорасы қойға дөңгеленіп кеткен.

Ал ортаншы қатыны пұшпағы қанамаған адам. Оның да үйі бөлек. Бәйбіше осылардың ешбіріне қосылмайтын бөлек ауыл. Сағындық өткен жылы күзді күні қалың малын төлеп үшінші қатыны Жеңсікті алған.

Жеңсіктің желегі басында. Бұл бәйбішенің босағасына келін болып түсіп отыр. Түскелі осы үйдің отымен кіріп, күлімен шығады. Өзі ауылдағы бейнеттің талқысына түсіп, әбден пісіп-қатқан кедейдің қызы. «Баланы жастан, қатынды бастан» деген мақалды ұғып алған Толарсақ бәйбіше қатындыққа ысылмаған томаға-тұйық тоқалды тұқырта баурап алған еді. Отбасында өзі бөстек көрпесін астына салып алады да, барлық жұмысқа басалқалық айтып, тоқалға тыным бермейді.

Жұмыс, шаруа жағынан Жеңсік тоқалдың байы осы сияқты. Өйткені Толарсақ бәйбіше Сағындықты да билейді.

Сағындықтың сақалы бурыл тартып, көзі қызарып, іріңдей бастаған. Оның жылы қоян, міне биыл елудің екеуінде.

Сағындық Жеңсікті аса жек көрмейді, оның он, жақта салулы тұрған қара текеметінің үстіне жатқысы-ақ келіп тұрады. Тоқалды бай бір шикі өкпе көру үшін алған. Анда- санда қойнына кіріп, қолынан ұстаса, жүрегі жас жігіттей лүпілдеп-ақ кетеді. Тоқалдың саусағының жалыны кәрі денесін жібіткендей болады. Бірақ Толарсақтан аса алмайды. Жазатайым, Сағындықтың тоқалдың төсегінен тұрған күпі басын салбыратып ұзақ күн бойы нәр татырмайды. Екі сөзінің бірінде қағажулап Сағындықты да, Жеңсікті де жерден алып, жерге салады.

Күні қараң күндестік жас Жеңсікті осылай шідерлеген соң, ол ішінен өзін-өзі жегідей жейтін, аһылайтын - үһілейтін. Бірақ одан ештеме шықпайтын. Аяғында байалыштың жалынына анда-санда бір су бүріккендей бойын сергіту үшін, жазға салымнан бері әлгі бала күреңімен келіп ауыл артындағы дөңестің астына түсіп, тосып отырған қойшы Бадырақпен көңіл қосқан.

Бадырақ жантайып жатқан. Қоңыр белесті ала кеуеңде ағараңдап асып, ақ шыт көйлекті Жеңсік жедел басып Бадырақтың қасына келіп, мойнынан құшақтап, бұраң ете түскенде, ерінге ерін лып етіп жабыса кетті. Белесті қуалай соққан таң қараңғысында қоңыр желмен жеңі желбіреген оттай лапылдаған білектер әп-сәтте айқасып қалды. Шөпілдеген сүйіс. Бейнеттің уында шираған әлуетті Бадырақ Жеңсікті жеделдей баурап, бауырына қысады.

Жел ұшырып, балды қурайға жабыстырған арадай, Жеңсік жігіттің бауырында талықсып, әзер ғана қозғала байдың жалшысын шөп-шөп сүйеді, жан-тәнімен сүйеді. Қойшысын деп қорламай қолын қысады. Бұл бір олардың індерінше ұлы базар еді.

Ай жарымнан бері бәйбіше тоқалды аңдитын. Бұлардың анда-санда отбасында өзгенің көзін ала беріп, қас қатысқанын бәйбіше бір шалып қалған. Ішінен ол бұған қатты қуанған. Күндердің күнінде ысыла түсіп, байды баурап, мал мен жанды билеп кетуге қаупі бар тоқалға күні бұрын қам қылуға мына қас қағысу ойда жоқта бәйбішеге түскен олжа еді. Сондықтан Толарсақ отырса да, тұрса да Жеңсік пен Бадырақтың қозғалысын мысықтай бақылайтын. Бәйбішенің күдігін куәлендіретін әлденеше қылықты көзі шалып қалған.

Бәйбіше далаға құман алып дәретке шығып келе жатқанда бұзау байлап жатқан Жеңсікті жаулығының ұшынан Бадырақтың тартып, ойнап тұрғанын көзі көріп қалды. Осының бәрін бәйбіше шүберекке түйіп, өзінің сұмдық жинайтын ой түкпіріне тыға берген. Мына алагеуімде дөң асып, алыстап жеке шыққан Жеңсіктің жүрісінде бір бәленің барлығын барлап тұрған бәйбіше де бұрыннан құлағын бұрап жүрген Сағындықты жетелеп, іле-шала дөңге шыға келді.

Толарсақпен Сағындық дөңге шыққанда Жеңсікті шыбықтай майыстырып, Бадырақ Сүйігі тұрған еді. Жотадағы қараңдағанға көзі түскен тоқал Бадырақтың құшағынан асаудай ыршып шығып, үйге тартты. Ал бала күреңге қарғып мінген Бадырақ ары қарай шауып ала жөнелді.

Бірақ Сағындық қараңдаған қара нобайынан шолғаны болмаса, кім екенін анық байыптай алмады. Сондада болса ол тоқалының ойнасы кім екенін ұқты.

Сағындық дөң үстінде қорбаңдап Жеңсікке жүгіргенімен, ол еліктей ұшып ұзап кетті. Бұл жерде бай да, бәйбіше де қыңқ етіп жақ ашқан жоқ. Өйткені ол үйінде қонып жатқан екі сыйлы қонақтан именген еді.

II тарау

Күн шаңқай түс. Аспан айналған ыстық. Жіңішке тоған шаның шилеуіт бойына топырлай қонған ығы-жығы ауыл. Сиырдың дегдуге жайып қойған ақ жаппасындай үйме-жүйме итарқа, жапыр-жұпыр жаппа. Жұлған тырнадай сорайған күздеулі түйелер шилерге ала бұйдалармен тұқырта байлаулы тұр. Күмісті ер-тоқымды көш аттары ауыздығын қарш-қарш шайнап, қалмақша байланған. Иттердің тілі қарыстай болып ши түбінде солықтайды. Ауылдың арт жағындағы дөңеске шаншылған қара шашақты қарағай найза көкке тәу етіп тұр. Көлеңкесіз жердегі адам баласын күн ыстығы сарттың шашлығындай пісіреді.

Кеше екіндіден түйеге қом қойған елдің бәрі мұрттай ұшып тыраюлы. Мамық көрпе-жастықтың үстінде Сағындық та азбан қошқардай қорылдап ұйықтап қалыпты. Оған таяу жаулығы жалпиып, шашы дудыраған Толарсақ бәйбішенің де мұрны бырқырап, қарагер төсі ашылып, емшегі салбырап жатыр. Не болғанын білмейді.

Өзге де итарқаның бірінде пысықсып іс машинаны қолына алған бойжеткен сары көйлектің етегі машина алқымына бұралып, мүрдем кетіп ол жатыр. Өзге үйлердің бәрі де осындай әлі ұйқы құшағында.

Қарала текеметті үстіне айқара тастаған бір итарқа оқшауырақ қоныпты. Мұның ауыз жағында бала қойшы Бадырақ қырықтық қайрап отыр. Итарқаның ішінде Жеңсіктің желегі желбіреп, ақ маңдайының астындағы ұйқысыз қара көзінен нұр ойнайтындай. Келіншектің әзіл сөзінің жетегіне еріп алған Бадырақ қайраған қырықтыққа бармағым кесіп алып, ақ шүберекпен байлап жатыр.

Жеңсік Бадыраққа мелшиген местен мыс шығыршықты, шұңғыл саптыаяқпен мөлтілдетіп қымыз ұстата берді. Бадырақ ішіп жіберіп «Жеңгем сыйлап берген соң ішіме сыйса жарады», — деп, амалсыз алған сыңайсып, қымыз бетіндегі қара келтек қылшықты сүйелді саусағымен іліп тастап, тартып жіберген. Өзге жан тұяқ серіппейді. Жалғыз-ақ қойшы мен тоқалдың көз жанарлары ойнай айқасып, әзілге әзіл жарасып отыр.

Қорада қой да, қозы да екі бөлек иірулі тұр. Қырықтық кесіп құрттаған қойлар мен шыбжыңдаған ешкі кебенек болмаса, өзге қойлар бірінің бауырына бірі тығылып, бастарын саялатып, тырп етер емес. Елпеңдеген ешкілерді «шайт» деп қойып, қымызды сыңғытып Бадырақ отыр.

Жеңсік итарқадан шығып бір керілді де, жан-жаққа көз жіберіп бір шолды. Төңірек жалпағынан маужырап жатқан тыныштық күйде еді. Келіншек мұрнын жұлып босанған қара атанды ши бұрап, қайта байлап, итарқаға келгенде қырықтығын ала сала Бадырақтың өзі өңмендеп итарқаның ішіне кіріп бара жатыр еді. Келіншек жан-жаққа қарап тағы бір есінеп алды да, еңкейіп итарқаға кірді. Саудыраған сақиналы ақ саусақ, шортанның бауырындай білегі жарқ етіп, итарқаның есігін қымтай берді.

Едәуір мезгіл өтті. Бадырақ пен Жеңсікке тиген оңаша қызық тойдырмай манауратып жатыр еді. Осы кезде ауылдың қойы қозының үстіне келіп, жамырап кетті. Қойдың даусымен ауылдың бәрі оянып, бірі бақаның бірі сойылын алып, жабыла жүгіріп қойға барды. Кебісінің басын аяғына іліп, дамбалының бауын салбыратып Сағындықта жүгіріп келеді. Сағындықтың алдында, қойшы мен қозышының аузы-басынан сорғалатып, Бейапар бәйбіше жауырына сауысқан қонған жауыр биедей шыбжың-шыбжың етіп ол жүр.

Жұрт қойды әрі қуып, бері қуып, ауылға икемдеп келеді. Қойшы болса әлі жоқ. Сағындық пен Толарсақтың көзіне қойшы түспейді. «Қойшы қайда?»—деген әркімнің ақ дауысы Сағындықты ширықтырып жіберді. «Бұл бізге қылмағаны қалмай, тайтаңдай төбемізге шығып алған жоқ па», — деп бәйбіше отқа май құйғандай сампылдап сөйлеп келеді. «Осыны Қоянкөздің жалғызындай тым тайтаңдатып жібердіңдер, жалшыны осылай ұстаушы ма еді», — деп, бәйбішенің бауыры Төлепберген:

— Саржалақ Бадырақ сүмелек дәу де болса ана итарқада шығар, — деп, байды одан бетер жауықтырды.

Бай:

— Бадырақ, әй Бадырақ, шық бері, — деп айқай салды.

Кешегі іңірден барлық жүкті жаңғыз артып, күн-түн мызғымаған жазған Бадырақ жеке тиген Жеңсікті құшақтай сүйіп жатып, балбырап барып ұйықтап кеткен еді.

Байының мына айқайынан шошып оянған Жеңсік Бадырақты тақыр қолтықтан бір түртіп оятып жібергенде, ұйқылы көзімен сопаң етіп Бадырақ ұйқы-тұйқы күйде итарқадан шыға келді. Шошып оянған ұйқының әсері ме, итарқадан жар кетіп Бадыраққа іле-шала тоқал да бір көрінді де, «мұным не» дегендей, жалт беріп қайтадан итарқаға кіріп кетті.

Толарсақ бәйбіше жаутаңдап келіп:

— Итім, әне көрдің бе, қалай екен, — деп Сағындықты сабауымен түртіп қалды. Жамыраған қойдың қозысын ауылға көгендеуге айдап келе жатқан жанның бәрінін көзі басы-көзі ұйпалақтанған Бадырақ пен бадырайып тұрып тоқал шығып көрінген итарқада еді.

Қырықтығы қолында, емпеңдеп, құрттаған жылқыдай кирелеңдеп Бадырақ қойға келгенде бір кемпірдің қолындағы бақанды жұлып алған Сағындық оңтайына келіп қалған қойшыны қос қолымен табандап тұрып көк желкеден көсіп қалғанда Бадырақ аузын бақадай ашып,тыраң ете түсті.

Қатып қалған қайың қара бақан қарақұстан айқара тигенде көзінің оты жасындай жарқ ете қалды. Үні шықпады. Одан арғысын Бадырақ білген жоқ. Бадырақтың жанына қанша батқаны бізге де мәлімсіз. Жалғыз-ақ жамыраған қойды қозысынан ажыратып, өріске жіберген шақта аузынан қара қаны ағып топырақпен илектеніп жатқан Бадырақтан басқа шилі татырқайдан өзге ешнәрсе көрінбейтін еді.

III тарау

Күн көктің етегіне елбіреп іліне бергенде, жұртынан қозғалған ауылдардың көші әлем-тапырық болып араласып кетті. Төңірек ию-қию. Үкілеген екі-үш бала, жылқышы жылқыны жеделдете жинап-айдап, көштің алдына шығарды. Қызыл қырғауылды, қырмызы кілеммен әшекейленген көштің ең алдында Қоқанның құранды ерін ерттетіп, үйдей болып боз ат мінген бәйбіше барлық көшті жетелеп келеді.

Тегермеш етіп соңғы үлгімен жасалған қара құндыз кәмшат бөрікті ақ маңдайға қиғаштата, шекеге салған екі қыз қатар келеді. Жезді қамшымен төгілте қамшылаған, күміске бөлеулі аттарды ауыздығымен алыстырып, түйеден ауған кілемнің пұшпағынан тартып түзетеді де, арттарына қарап сақылдап күледі.

Қалың көш созылып ойдан деңге шыққанда, енесінен айырылған құлын-тай баладай шырқырайды. Әр жерде ылыққан иттер ұлиды.

Көштің жуан ортасындағы шаңырақ салған қара іңгенге ілесіп, түйенің қомдаған уығымен тіркеле, құлынды торы бие келеді. Беліне түйенін, жалба жабуын көлденең сала салып, басын ала құрмен ноқталаған биенің үстінде шашы дудырап жалпылдаған адам көргісіз албастыдай әйел. Бұтындағы көнетоз балағы жырым-жырым дамбалдан басқа үстінде лыпа жоқ. Аузы-басы қара қожалақ күйе. Мойнында құрым киіздің жалбасы тесіп ілінген. Бұл құрым үстінен тарам-тарам болып аққан қамшының қанымен сатпақталған екі емшекті жабуға жетпейді.

Екі қолы артына мықтап байлаулы, аяғы аттың бауырынан ала жіппен тартылып байланған.

Бұл кеше түстегі қозы жамырағанда Бадырақты қойнынан тұрғызып жіберген Сағындықтың жас тоқалы Жеңсік еді. Кешегі қызық бүгін мұны міне осындай азапқа түсірген. Жеңсіктің кеше итарқадан Бадырақты шығарып жіберуі бәйбішенің де, сол жердегі елдің де «намысын» қоздырған. Қатынның төрт жағынан төрт қазық қағып көрген. Үстінен қой айдаған. Құрым киізбен ұшықтаған, қырықтық қыздырып денесін қарыған, екі бұрымын шорт кесіп тастаған. Түнімен сол қазыққа таңулы жатып, ел көшкен соң мойнына құрым іліп, бетіне күйе жағып, ауылды үш айналдырғанда, торы биеге жалаңаш таңып, қара іңгеннің уығына тіркеген.

Бұл Қоянкөз ауылының ата-бабасынан қалған, осындай құл-құтанмен шатасып сүйек сындырған бұзықтарға істейтін ежелгі жазасы еді.

Осындай «тамашаны» көруге түйелерін жетектеген әр үйдің қатындарының дауысы сыңқылдап шығып, ойдағы-қырдағы өсекті қоқсытып келеді.

— Ол да ғана мұндар-ай, қойшымен қосылғаны несі екен, - дейді Жеңсіктің әлгіндей түрін көріп жанынан өткен келімшек жырқылдап күліп, беттерін шымшылайды. Бозбалалар жерге түкіріп, қыз-қырқынды қағытып, «сен де сондай боласың», — деседі. Қасына ерткен саудырлақ үш кемпірді әңгімеге тартқан Толарсақ бәйбіше жау мұқатқандай тасқындап сөйлеп, қара аттың, үстінде есіп келеді.

Мұның үстіне өңшең тай-байталға мінген кедейлер бір топ сиырды топырлатып қуып тықты, сиырдың бірнешеуіне кедейлердің жүгі артылған. Үстіне ши теңделген қоныр ала өгіздің артына тіркеулі, аяғы өрелеулі бір жалаңаш жаяу келеді. Басы-көзі көнектей көкала, үсті-басы шиедей қан. Екі қолы артына таңулы, абыройы ашық, бет-аузы күйе, мұның да мойнында құрым киіз. Екі тақымдағы қара шылбыр сексеуіл бұраумен бұралып, бунап тұр.

Сиырды қуып айдаса, тұсаулы жаяу еліктей ұшады. Бұл да көштегілер үшін үлкен «тамаша» болды. Бұл — кеше түстегі қозы жамырағанда итарқадағы Жеңсіктің қойнынан тәтті ұйқысынан шошып оянып тұра жүгірген Бадырақ байғұс еді. Бұған да кеше ұрып жығылғаннан кейін ел жиналып, мойнына шылбыр тағып, құрым іліп, имен ауыл айналдырған, жабыла сабаған, түнімен тұманың, басына керіп тастап, үстіне қырық шелек суық су құйған.

Сағындық Төлепбергенге тарттырғалы жатқанда, көлденең бір сый кісілер келіп қалып, кісі тартудың негізі жаман екендігін айтып, басып кеткен. Бұл да өзінің бойын бағып, қойын бағып жүре бермей Жеңсікке жерік болған тентек құлдың ескі ғұрып бойынша тартып келе жатқан жазасы еді.

IV тарау

Күн боран. Қиыршықтап қар жауып, оңнан соққан суық жел. Ақсудың кішкене қалашығы. Бір терезесі бар үйде уездік комиссар Абылайхан тұрады. Бұл он болыс матай деген елге қалын малын таратып салып, садыр Омар қажының қызын алғалы жатыр. Матайдың өңшең жуаны — Тәңірберген Тұрысбекұлы, Қалабек Шиырбайұлы, Бекіш Былшықұлы, Сұлтан Егеубек, Сақайбайдың Мүтәші бар, барлығы жабылып бұған қатын әпергелі жатыр.

Заполоты бұзылған үлкен қорада мыңға жуық түйе жатыр. Бәрі аш, шомын жұлып жейді. Лаушының ортасында мұрны жырылып, шиедей қан аққан, көзі жаудырап, мойнын жерге салып шөгіп жатыр жануарлар.

Қабағында қалын қайғы біреу осы маңайдағы қылыққа разы болмай қарғайтындай. Алөкпе болып күркілдеген, өзі аш түйені бауыздады. «Арық малдың бауыры ас» деп қара бураның бауырын далаға жаққан қамыстың күліне көміп жеп отырған қойшы еді бұл. Қойшы—лаушы. Лау деген елге қара құрық. Бұл түйелердің алынғанына үш ай.

Мына лаушы ауылдан шыққалы да үш айдай болған. Бұл өлген атан қойшыға қанжығаның ар жағында кез болып, жүгімен бұған тапсырылған. Оқ-дәрі тартып келгелі он бес күн, аш-жалаңаш қамалып жатыр. Жаман жалба тонның етегі төсек, жеңі жастық, жамбасы мұз, қойны қар. Бұл қойшы бүгін түнде кезекті күзетші болған еді. Қырсық қылғанда, төменгі Кенже деген ел бұл түні оның он бір түйесін ұрлап кетіпті.

Сақайбайдың Мұқашы мен қылыш асынған екі орыс түйені түгендеуге келді. Болыс-болыстың лаушысын тексеріп келгенде, он бір түйе алып Кенженің бес адамы түнде қашып кетіпті. Кім бар, кім жоқ дей келгенде жөні білінген соң бүгінгі күзетші кім деп сұрастырып, қойшыны тапты.

Қойшы болса есі шыққан меңіреу адам сияқты. Анадай жерден өзге жігіттер көрсеткенде, Сақайбайдың тілмаш Мұқашы әке-бабадан тартып боқтап ала жөнелді. Солдат қойшыны мылтықтың дүмімен түйіп, жұлындай ұшырып түсіріп, бастан бір тепкенде етіктің одырайған шегесі төбедегі құйқаны сыпырып, көзінің алдына түсірді. Басы-көзін қан жауып кетті. «Ойбай»деген бір әлсіз дауыс шығып, қорқырап, құлап кетіп бара жатты.

Қойшы түйе сиіп, көк мұз болған тайғақ жердің үстіне жығылып, көкке қарап көзін ашқанда, аспандағы бұлт қойшының сұрғылт сияқты көрінді. Қиыршықтап суық желмен үрілген ұшқын ұсақтас қойшының қанды маңдайына тиеді. Кірпігін әзер ашып, таңға қарайды. Көзін сығырайтып, күнге қарағанда күннің нұры лайланып көрінгендей, ашылмайтын әбігер боран сияқты еді.

V тарау

1918 жыл.

Бірінші айдың жиырмасы. Күн жылымық. Қорадағы сары сідік жібіп, жолға түскен қойдың құмалағы қарға батып жатыр. Бүгінгі күн наурыз. Ішіне шеке салған тары көжелі қара қазан шыбығынан мөлдіреп, бүлкілдеп қайнап тұр. Елдің қарны ашалаң. Әсіресе байдан ақысын ала алмаған, соғым соя алмаған жарлылардың үйі күрең қабақ. Сағындық сияқты байдың үйіндегі қап түбінде аз күнге жетер-жетпес тары қалған.

Наурызға жиналған ел үй ішіне лық толып отыр. Сақалы саудыраған шалдар мен молда, қажылар төрдің алдына ми алған. Қайдағы-жайдағы ұзынқұлақты күпітіп, тасытып отыр. Құлағына бірдеме тисе қобырата кететін Қожығұл судыр қаладан келген екен, естіп, білгенін бұлдыратып былай дейді:

— Мұның өзі де ішінен бүлініп жатса керек. Өнері асқан Балшабай деген бір атаның баласы наразы болып, Мекалайға кісі салыпты. Балшабайдың бастығы Лиан деген тілді-ауызды адам білем. Сол Лиан: «сен Романский тұқымы үш жүз жылдан бері тақтан таймаған патша болып келесің. Біздің есеге қолымыз әлі бір жетпейді. Бізде бірталай жұрт едік қой. Құдайға қарасаң, жұрт тынышталсын десең, елді қақ жарып, патшалықты бөліп алайық. Сен мына ақсүйек, алтын түйме, бай-ұлықтарды алып, қазақ-орысыңмен бол. Зауыттағы қара табан малай мен соқа ұстаған мұжықты маған бер. Сөйтіп, бітіселік», — депті.

Сонымен, Мекалай жағы бұған көнбей, «тұрысатын жеріңді айт» деп қағаз қайырыпты.

Балшабай жағы да қаратабан малайды ертіп ұрысқа шығып, орыстың көп жерінде ұран шақырған екен, мұжық атаулы соған болысып кетіпті. Әр қала-қалада, майдандағысы майданда бет-бетімен патшаға, қазақ-орысқа қол көтеріп, тас-талқанын шығарып, қырып жіберіпті. Байды талап, пәбірігін өртепті. Сол бетімен осы жаққа да келе жатыр деп айтады дейді, —деп, қолындағы мұжып отырған шекені Сағындыққа ұстата берді. Сағындық шекені қорбаңдап алып жатып:

— Тақсыр-ау, заман не болып бара жатыр, — деп молдаға қарады.

Молда:

— Замана қырдың таянғаны ғой. Балшабайды халықтың пиғылына жіберген алланың жалғыз көзді тажалы шығар,— деп керіле бір кекірді.

Насыбайға сатала болған сақалдан асаған еттің тұздығын сорғалатып жеп отырған жыпық, Қайрақбай:

— Айтса да, айтпаса да, мұның көзі шаңырақтай маңдайында жалғыз екен деп айтады, анаугүні біреудің жаназасында айтысып отырды, — деп, тағы бір сөз тастады, — алды Алматыға келіпті. Ондағы ұлықтар бет-бетімен қашып кетіпті. Абақтыдан Тынышбаев екеуіміз бірге қашып шығып едік, бірақ оның қалай кеткенін біле алмадым, — деп, Отыншы Әлжанов деген төре осы маңға бір қоныпты да, зытып беріпті.

Жандаралдың тілмашы Жайнақұлы Ыбырайым, ол да қашып осы жаққа келе жатыр дегенді айтысты, — деп, Жұман пұшықта тамағын бір кенеді.

Осының бәрін ет жеген елдің қолына қыдыра су құйып жүріп, көже үлестіріп жүріп, Бадырақ түгел естіді. Бірақ, Мекалайдың кім екенін, Балшабайдың не сөз екенін Бадырақ ажыратып сабақтай алған жоқ. Қаратабан малайлар мен мұжықтар бірігіп, патшаны жеңіп, байды талап, өкімет болды деген сөз Бадыраққа баса салмақ болып, қанша ойланса да ұшығына жете алмайтын жұмбақ еді.

Әлеумет аяқ-аяқ көже ішті, ет желінді, ел тарады. Бадырақ қашада сағырлап жатқан қойды қылшалауға шығарып, төбе-төбеге жіберіп, биіктен қарап тұрды.

Қойдың күннің жылысында жадырап, көсіле жайылғанын көріп көңілі көтерілген қойшы аспандағы ақшарбы шаңыт бұлттан жалт еткен күнге «қай уақыт болды екен» дегендей көзді сығырайта қарап қойды. Күннің көзі дөңгеленіп, нұр төгіп тұр. Сонда Бадырақ «Балшабайдың жалғыз көзі деген осы күн секілді екен ғой»деген ойға беріліп, көңілінде бір сезім жасындай жарқ ете түсті.

Бадырақ қой жайып тұр. Даланың алыс аспанындағы бұлт бетін бүркеген қызыл құлақты күн қылт етіп, шаңыт тұманға қайта кіргенде қойшы күн Балшабай көзіндей деген ойдан айырылып қалып, жайылып жатқан қойға қарап «шайт, шайт», — деп қойды.

VI тарау

Бұл уақыт жылдың шілде айы болатын.

Қыстайғы аңыз болып, «ұзынқұлақтан» естілген Балшабай қала-қалаға келіп, ат жинатып алып, қырға шығып жатыр. Байды талайды. «Байсың» деп кім болса соны талайды, ауыл аралайды, әйел басады. Көрінгеннің астындағы атын тартып мініп, мінген аты мен ер-тоқымын кез келген жерге тастап кетеді.

Белгілі бір бастық, рет, тәртіп жоқ сияқты. Бестен, алтыдан солдат елге шығып, әкесіне «бауырым» салғандай ауылға шауып келеді де, мылтықты атып-атып жіберіп қопарыла үйге түседі. Қымызды түрегеліп тұрып, не аттың үстіне алдырып ішеді де, қалғанын шашып жібереді.

Үйге кіріп, теңді тіліп, жарақты нәрсенің бәрін алады. Тіпті бойжеткен қыздардың кәмшат бөркін киіп алған талай сарыауыз солдат болған. Төлепбергеннің ауылына мылтық атып, теңді тіліп, ұрғашы белдік пен ақбұйра ішіктерді тартып алған. Былдырдың ауылына да білгенін істеген. «Товарищтардың» осындай өрескел қылықтары елдің жүрегіне найзадай тиіп, ішіне мұз қатқан.

Бірақ бұлардың бір жақсы жері — ел ішіндегі жуан- жұдырық пен байды басып, құрдай жорғалатқан. Бұрын орыс-қазақтың тобынан беті қайтпаған, бурадай бұрқыраған, қарыны аттың басынан асатын саңқылдақ Сарман «Балшабай келеді» дегенде, қазанқап жамылып, жерошаққа жата қалып, күні бойы тығылып жатқан.

Қазақтан асқан Маман ауылының бірнеше адамдарын дуан орталығы Қапалға шақырта бастағанда, олар Қытайға боса қашқан. Мұндағы қалған олардың жабдықтарын талап, үйлерін өртеп жіберген. Бұл Маман балаларының үйін талап, өртеп жіберетін «Балшабайлар» сол маңдағы Тасбекет деген қаланың қазақ-орыстары болған. Бұлар ежелден қазаққа жау, өшпенді орыстар еді.

Көлдің көгалды жеріне итіне қонған бір-ақ ауыл тұр.

Ауыл үш үй, бір итарқа, бір қос. Ортадагы ауыр сайманды ақ үй. Оған жалғас байдың қоңыр үйі. Ақ үйдің он жағында бәтес қаптаған үзікке борлат ою бастырған бүлдіргендей әсем отay.

Күн екінді. Ауыз ораза. Ақ үйдің көлеңкесінде Мырзағұл қажы көрпе үстінде сақалы дөңгеленіп, омырауын ашып отыр. Байдың қаршығадай қақа тұяқ тоқалы көк тегештегі қымызды қызыл ожаумен үйіріп, салқындатып сапырады. Одан оңашарақ көлеңкеде үйіндісі үйдей қажы бәйбішесі ұйықтаған баласын шыбыннан қорып отыр. Ауызашарға дайындап, сұр араластырып қайнатқан қазандағы кепе қозының етінің сарала сорпасы шымырлап киді. Ақ отаудың алдында ала сырмақ төсетіп, байдың келіні мен бойжеткен қызы машинені сырылдатып, киім тігіп отыр.

Бұл ауыл Лeпci оязындағы Садыр деген елдің Сәрке деген руының қажысы Мырзағұлдікі. Ол ежелден ескі, қордалы бай. Басқан бойынан салған көк шатырлы үйі бар, Жылқысы жер қайыстырып, қойы мыңғырады. Мырзағұл Сағындықтың бауыздау құдасы. Алыспағанын алысып, аузындағысын жырып берісіп, сыйласып отырған қимасы.

Мырзағұлдың қоймай жабысуымен Бадырақты Сағындық жақында ғана соған берген. Ол әне, көгенделген бойдақ қойды қырқып жатыр. Лезде неше қойды тұрғызады. Бадырақтың «байға қылма, малға қыл» деп сүйегіне біткен жұғымды, таза ниетті қызметіне Мырзағұл ішінен қатты қуанған еді.

Дуылдың иті шу ете түсті. Тарс-тұрс мылтық атылды. Түтін, шаң. Тыныш жатқан ауылдың алды-артына өңшең бip шолақ атты, сұр шекпенді солдат қаптап кетті. Қара- ала текеметтерді қылышпен қырқып тоқым етіп, үстіне ұрғашының күмісті ерін жіппен тартып мінген, аузы тобарсыған сарсапақ солдаттар қораны аралай шауып, Мырзағұлдың үйіне келді. Есіктің алдына келіп түсе қалып, байды мылтықтың дүмімен қойып қалып: «жылқы қайда, алтын бар ма, ақша тап», — деп, ішке теуіп-теуіп қалды.

Байдың көзі бажырайып, есі шығып, домалап тұра алмай жатыр. Мұны қисық табан солдат етікпен және бір орыс теуіп жібергенде, домалап, сасқалақтап барып, жақын тұрған тайқазанның ошағын мойнына іліп алды. Байдың мойнына арқан тағып «алтын тап, ақша тап», — деп солдаттар киізше илеп, тепкілеп жүр.

Астына ала сырмағын төсеп, баласына шыбын қондырмай, жайбарақат отырған бәйбішенің да шашы дудардай болып тарқатылып, анадай жерде ойбайлап тепкі тиген бөксесін уқалап жылап тұр.

Солдаттар үйге кіріп, былғарымен қаптатып, үстіне ақынай ұстасына күміс жаптырған қарала сандықтарды мұжық тесемен талқандап, біріне-бірі балдыр-бұлдыр сөз айтысып, қуанысып ішіндегісін алып жатыр. Бар асылды, олжаны қойын-қоныштарына тығады. Кілемге бұған теңдердің қарала арқандарын қылышпен турап, ішін ақтарды. Түлкі, жанат ішік, қарсақ, қасқыр ішіктер, саудыраған су жана сәукеле құшақ-құшақ болып үлестіріліп жатыр. Сарт заманынан бері өліктердің бетіне жауып келе жатқан мата астарлы жұқа шайы шапан екі солдаттың тартысына түсіп, дар ете түсті.

Ана жақтағы ақ отауға солдаттың бес-алтауы апыр-топыр кіріп барады. Қыздың құлындағы дауысы шығады. Бірталайдан соң желегі ортасынан екі бөлініп, шашы жалбырап, буынын баса алмай, орыстың ұлы дүбір ойнағына түскен қалжақпас асау, шығымды байталдай сандалып қалған келіншек пен қыз тұр. Бұрын кірпігіне кір жуытпай, ақ мысықтай ширатылып отыратын Мырзағұлдың ақ борық келіні сүметіліп, үйден бетін басып далаға атып шықты.

Жалбыр-жұлбыр болып жан-жаққа шауып кетіп бара жатқан орыстар. Ішінде қала қазақтары да бар. Мұның біреуі — ұрлық қылып ұсталып, былтыр ғана шыққан осы елге белгілі Тоқымбек деген ұры. Мойнына асқаны бесатар, қылышы қолында. Өмірінде әкесі мінбеген күміс ер- тоқымды ерттеп алған қара жорға атпен орағытып, ауылдың апшысын қуырады.

Бұл маңайдағы ел үркіп кетті. Төңіректегі ауылдардың адамдары Мырзағұл ауылының маңайынан торғайдай тозған. Дуылға солдат соқтыққан кезде-ақ есіктің алдында топырлап жетіп келген ат тұяғының астында қалған, бағанағы шыбыннан қорғашталып отырған жас бала баж ете түсiп, соңғы үнін бір-ақ естірткендей болды. Мұны көріп дәті шыдамаған Бадырақ жүгіріп келіп баланы ұстай бергенде, қалада жүретін карташы Қуанышбай:

— А, тексіз кедей, байдың баласына жаның ашып бара ма, - деп, атының бауырына алып Бадырақты қамшымен салып-салып жіберді. Ұлан-азар шаң қылып, ауылға жылқыны да айдап келді.

Жылқымен бірге Мырзағұлдың баласы Смайыл мырзаны да алып келді. Оның басы-көзі қан. Жүйрік боз ат ұстатпай, жылқыдан шыға қашқанда, оған құрық жіберген жылқышыны бір солдат атып, ұшырып түсірді.

Солдаттар жиырма бестей кісі, мұның бесеуі мұсылман, біреуі ұры, біреуі карташы. Ал енді бірі кісі өлтіріп, ұсталып жүретін қазақ. Тағы екеуі ноғай. Мұның бірі алыпсатар молданың баласы.

Күн батуға айналғанда солдаттар Мырзағұлдың бар малын ауылға иіріп қойды. Үзігін сыпырып тастап, жалаңаш үйге Мырзағұлды, баласы Смайылды арқанмен тас қып байлап тастаған. Бәйбіше мен қыз, келіні, екі тоқалы аңырап өлген баланың үстінде жылап отыр.

Мырзағұл төңірегіндегі қойшы-қолаңның қатын-қалашымен асулы қазан басына айдап барып, мал сойғызып, қазан астырып жатыр. Бадырақтың ойына келгені — «осындай қарбаласта қой жоғалар ма екен, жылқы қойды тоздырып, тұрғызбайды». Бадырақ құстай ұшып барып мың қойды қоралап жүр.

Жерошақтың басына төселген кілем-көрпелердің үстіне жусаған қойдай ақ жастықтарды тыңқитып қойдырған, оның үстіне аунап-қунаған орыстар балдыр-бұлдыр етіседі. Сиыршы Мекербектің кемпірі өреше үстіне ет түсіріп жатыр. Етті істікпен алып жейтін, оның жасауын білмейтін солдаттар қасқырша жұлып жейді. Күрешкесімен малып алып, сорпасын ішеді.

Бір уақытты бір орыстың аузынан: Әкең аузы... кушай киргиз, как волк... — деген одағай сөздер естілді.

Содан соң маңайдағы малшы қазақтың барлығын жинап алып келіп, шидің үстіне үйілген еттің қасына тұрғызды.

Бірақ бірде-бір қазақтың тамағынан ет өткен жоқ. Бұларға: «Көкірегін шалап алған қу кедей, же!»—деп Әкімбек ұры әкіреңдейді. Онымен бірге орыстар мылтықтың дүмімен желкеге нұқиды.

Қойдың ортан жілігін зорлықпен ұстаған Бадырақты:

— Кушай, сволочь киргиз, — деп, көкжелкеден түйіп қалып мұрттай ұшырды.

Мұның не бәлекет екеніне ешкімнің көзі жетіп тұрған жоқ. Қағылдап шетке шыққан қазақты етке қайырады. Боқтап, қуып тығады. Қазақтар амалы жоқ, шешесі ұрып тамақ жегізген баладай әйтеуір қажалайды. Мұнысы кедейге байдан әперген кегі, байды мұқатқаны, кедейді есіркегені еді.

Ақшам кезінде даланы шулатып, мал қалаға айдалды. Мырзағұл, Смайыл баласымен бірге қолдары артына байлаулы айдауда келеді. Айдаушы екі қазақ, бес солдат. Бұлармен араласа қызы мен келіні және бәйбішесі де аңырап келеді. Жайдақ атқа масаты кілемнің үстіне қойшының қоңыр мұжық ерін тартып мінген бір солдат келіп бұлардың алдында шылым тартады. Дікеңдеп ұрсады. Бұлар ернін шығарып «адыра қалғыр, аулақ» — деп, атының басын бұрса, солдаттар сақ-сақ күледі.

Бадырақ таңдатып айдаған жылқы мен қойдың соңында жаяу келеді. Өмір бойы баққан малы бұған, әрине, ыстық. Оның әлі қойдан айрылғысы келмейді. Өмірде қар төсеніп, мұз жастанып, аш-арық жүрсе де, сол өмірі бүгін міне көзінен бір-бір ұшқандай болды.

Айда, — деп бір солдат Бадырақты атпен омыраулатып еді, ат оның өкшесін басып, қызыл асықтан төменгі кердің терісін сыпырды да түсті. Ауырсынып отыра қалып еді, солдат оны қамшымен көсіп кетті. Қорыққанынан сылти басып қойды айдады. Ертеңгі бесінде айдалған мал Сарқанның қаласына келді. Қалада жатқан әскер төңірегіндегі Балшабай болған жатақтар малды талады.

Орыс-қазақ үлескенде, Мырзағұлдың малын бөліп кіргізген барлық қора малға лықа толды. Малды алып болып, күн ұясына батып бара жатқанда Мырзағұлды баласымен бірге запалотка сүйеп қойып атты. Қыз, келін, бәйбішесіне солдаттар білгенін істеді.

Өткен қыс Бадырақ Сағындықтікінде жүргенде бір ұры түсіріп алған еді. Ол бүгін Балшабай болып, Мырзағұл атылып жатқанда, қойшыны тани кетті.

— Мынау Мырзағұлдың баласы. Қулық қылып жаман киім киіп тұр, - деп Балшабайдың бастығына айта қойды. Орыс бастық мылтықтың дүмімен Бадырақты сілейте ұрып жығып, қылышпен көк иықтан бір шауып, Мырзағұлдың жемтігіне қарай сүйреп тастады.

Есі ауып қалған қойшы шабан сары жұлдыз туа қолымен қармана жүріп, қарнымен жорғалап, жылжып келіп, талдың арасына кірді. Арықтан су ішіп, аздап әл жинады. Жуынып алып, қаланың ар жағында тұрған тауға қашып кірді.

Таң құланиектене таудың сылдыраған бұлағының басында таң атқанша отырып, Балшабайдың кешегі өз басына істеген істерін ойлап шықты. Ала қыстай естіген «Балшабай бай мен кедейді теңейтін әділ екен» деген ойдан Бадырақ жаза басып, Балшабайды кедейге баймен бірге қабаттай келген бәле екен деп, өзінше қорытынды шығарды.

Күншығысқа тұрқын беріп, асқақтаған ұлы таудың мұртынан шашырай төгіліп, әлемге қызыл сәулесін тарата шығып келе жатқанда, қараңғылығы әлі ашылмаған Қаршығалы деген қара сайдың сылдырай аққан бұлағында қарғадай қалқиып бір мүсәпір суға қамшыдан аққан қатқан қанын жібітіп, жуып отыр.

Бұл баяғы Бадырағыңыз еді.

VII тарау

Бұл уақыт 1921 жылдың жазға салымы болатын.

Қара бұйрат қалың құмның қойнауында қарағайдың көміріндей қаусаған қалың қараша үйлер бір жерде үйме-жүйме отыр. Бұл ауылда малдан маңырама жоқ. Бұлар биыл жарлы-жалшылардың ұйымы жасалып, әр қаланың қақпасында, әр байдың босағасында телім-телім болып жүрген тозғын кедейдің басы құралып, бірлесіп қонған ауылы болатын.

Күн қайта бергенде, қаладан екі-үш оқыған жігіттер келді: Ауылдың ортасына Исабайдың келісін төңкеріп, үстел қып, мәжіліс ашты. Үстел басыға Байтоғай, Ербосын, Қиқымбай сайланды.

Осы ауылдың еркек-ұрғашысы айнала алқа-қотан отырысты. Кішкентай қара кітапшасына жасалатын баяндаманың ішкі сүйегін жазып алған шашты қара бала түрегеліп тұрып сөз сөйледі:

— Ардақты жолдастар! Кедей-кембағалдар, жарлы-жалшылар! Үстіміздегі үкімет — кедейдің кеңес үкіметі. Ішкі Ресейде кеңес үкіметі орнағалы үш-төрт жыл болса да, бүгінге дейін біздің осы жерімізде шын мәнісінде кеңес үкіметі болған жоқ. Оның түрлі-түрлі тарихи себептері болды. Біздің Жетісу топырағында орыс жаулап алу дәуірінен бepi шаруа, саяси әлеумет жөнінде шиеленіп келе жатқан қиын түйіндердің талайы жұрт басына томаға болып келеді. Бізді жаулап алған соң орыс үстемдігі орасан шымбайымызға батып, оның отаршылдығы шектен асты.

Орыс елдің арасын әкімдіктен ада қылып, ұйтқысын бұзды, шаруасын шайқады. Кір жуып, кіндік кескен атақонысынан ажыратып, елді тауға, тасқа, құмға, тақырға қамады. Өрістен айырылған мал қожырап, қоныстан айырылған ел кедейленді. Қала-қалаға батырақ толды. Даланың шаруашылығы қанаумен қалаға жұтылды. Үкімет елді сабаумен, қамаумен қорқытып келеді. Сондықтан елдің орыстан соқтасы суып, жаны жауықты. Орыс атаулының бәрін жау көрді. Сонымен бірге орыс шашбауын көтеруші өкімдерді көпшілік қара бұқара сүймеді. Орыс әкімдерін де, оның қолшоқпары — қазақтан шыққан болыс, би, старший, тілмаштардың да ел, қара бұқара назарында қорқытудан басқа қадірі болмады. Кедейдің малын талап, қамшымен қанады. Ел біреңкей, ал болыс пен орыс бірөңкей сықылданды.

Орыс өкімдері ел ішіндегі жуандарды, байды қолдады. Кім малды болса, әкімге жақын болса, сол өзге көпке өкім қылды. Аз атаның баласы жуанның жұлығына жамауға қойынды болды.

Қала-қаланың қазақ-орысы Жетісу өңіріндегі барлық сулы жерге бауыр басты. Жыл сайын төңірегіндегі елді қырып-жойып, қазақты қарғадай атып тастай салды.

Міне, осындай шиеленген шаруа, саясат қайшылықтарынан орыс пен қазақтың арасында ұлт дұшпандығы туды. Орыс-орыс, қазақ-қазақ деген түсінік күшейді. Бұл бөлектік, ұлт жігі күннен күнге уыттанды. Осыдан келіп, он алтыншы жылғы жігіт алу жұмысымен жапсарласа Жетісудағы қазақ-қырғыз халқының патшаға, орысқа қара бақанмен қарсы көтерілісі болды. Бұл жергілікті халықты құлдануға елу-алпыс жылдай талап қылған патша өкіметі саясатының жемісі еді.

Жер-жиһан соғысы қарсаңында патша өкіметі қармағын қайрап қазаққа салған еді. Алым-салымнан елдің әбден жығасын жығып, жігітін ішкі Ресейге, майданға тозғындатып жібермес еді. Егер бостандық болмағанда сол алынған жігіттерден елге тұяқ қосылмайтын еді. Көзсіз көбелектей көрінген жердің жұқпалы ауруымен шыбындай қырылып, таусылатын еді.

Осы жетінші жылы бостандық болды. Бостандық Ресейдің жалпы қара жалшысы, қалың крестиянның тауқыметімен жасалса да, оның басына байлар мен капиталистер, солардан шыққан оқығандар ие бола кетті. Соғыс тоқталмады. Елдің шаруасының шайқалуы тоқталмады. Кедей жары тендікке, шын бостандыққа жете алмай, бұрынғыдан бетер боздады. Халық күресін тоқтатпай, әлі де төңкеріс қимылын қылды. Жалшы-крестиянды дегеніне жеткізуіне жетектеп жүрген Ленин бастаған большевик партиясы еді. Көпшілік большевиктің уысында болды. Бұлардың салқынымен тағы да өзгеріс болды.

Енді өкімет басына ұсақ байлардың табақшысы — әсер, меншевик партиясы міне кетті. Тартыс сөйтіп тағы да басылмады.

Біздің осы жерімізде «бай бостандығы» болды. Біздің қазақтан «бостандықшыл» бай-манап, тілмашы болды. Жуан ақсақал, саудагер, молда, қазіреттер «құриятшыл» болды.

Бәлкім, өздеріңіз естіген шығарсыздар, осы Қапал ауданының атқару комитетінде ноғайдың көпестерінен Шаяхмет Әбдісаттаров, Қадырбай Көсебаев, орыстың байы Шабалов, қаланың имамы Ноғай қажы Ахмет, даланың молдасы Сүлей қажы, талмаш Сақабайдың Мұқашы, қазақтың саудагер-бай жуаны Құдайберген Тұрысбекұлы, Қанабек Шиырбай ұлдары соларға мүше емес пе еді?

Сол жылы күллі Ресейде де осы жағдай еді. Нашарға теңдік болған жоқ. Тіпті ел ішіндегі жуандардың өз қолына өкімет тиген соң сол жылы жарлы-жақыбайларды жаншып жіберді.

1917 жылдың күзінде Қазан төңкерісі болды. Ол төңкерісті крестиянмен тізе қосып, Ресейдің қаратабан жалшысы өз қолымен жасады. Өкіметті өздері иеленді. Кедейлер кеңес өкіметін құрды. Мұны көре алмаған жоғарғы іші ашынды болған байлар, ақсүйек, жандаралдар кеңес өкіметіне тұс-тұстан жауықты. Біздің қазақтың төре тұқымды оқығандары «Алашорда» деген өкімет жасап, кеңес өкіметінің жауына болысты. Осылардың шақыруымен қазақ қоныстанған жердің көбіне ақтар әскері ойнақтады, от шашты. Елдің басында ерік, малында билік болмай, шаруаны бақсы ойнаған оттың күліндей етті.

Лay, алым-салық, сойыс, талан-тараж елдің жағасын жығып, әсіресе Жетісудың қара керей, садыр, матай елдерін тақыр жерге отырғызып кетті. Елдің бірқатары Қытайға ауды, ашаршылық жайлады. Әсіресе осы селебеде жарлы жаншылып, кедей кеуседі. Осының бәрі орыстың буржуазиясы мен қазақтың байы мен жуанының салған лаңы еді.

Ресейде Ленин бастаған жалшылар жасаған Қазан төңкерісінің салқыны алғашқы қарқында Жетісуға жете алмады. Бұрынғы уақытшa өкіметтің«май бүйен» комитеттері oн сегізінші жылдың наурызына шейін елді ұстап тұрды. Осы жылдың жазынан былай қарай Қазан төңкерісінің дүмпуі Жетісуда өзінше бір өзгеше түс алды.

Жетісудағы қала-қалаға тұрғанның бәрі тұяғымен түгел «төңкерісшіл» болды. Қашаннан қазақ құлданып, жергілікті ең жерді тартып алып, бата қимылдап қалған қазақ-орыстар да қолындағы бұрынғы жабдығымен «революционер» болды. Майданнан қару-жарағымен қайтып келген қазаққа бұрыннан өшпенді қақолдар маңайындағы қазақтың көрінгенін бет-бетімен быт-шыт қып атып жатты. Тәртіпсіз талау, аяусыз ату, байды қорқыту, — мұның бәрі большевиктің қылығы. Өтірік айтып, осыны істеген большевик дейді.

Әркім әр қалада бас аламан әскер жинап, бет-бетімен «революция» жасады. Мамонтов, Петренко дегендер сондай большевик атын жамылған Жетісудың жұдырықтары еді. Бұлар өңшең бұзықтан әскер жасады. Әскер болып жазылғандар Жетісудың қашаннан қазағының қанын сорған қазақ-орыстары еді. Қақолдың жұдырықтары, ноғайдың алыпсатарлары, тараншының дәркемшілері, қазақтың ұрылары еді. Осылар елге білгенін істеді.

Ауыл шауып, ел талады, үй өртеп, үлес бөлісті, әйел басып, текемет тілді. Біреудің қолындағы тәуір қамшысын тартып алу үшін «байсың» деп бажыраятын еді. Көрінген қазақты кезіккен жерде сабап, атын аударып мініп әлем тапырық қылды. Мұның қандай большевик екеніне көпшіліктің көзі жеткен жоқ.

Байдың ауылын басып, онымен қоса кедейді қызыл сирақ етті. Талай қойшы, талай жылқышы атылған баймен қосақтала оқтың астында кетті, — дегенде Бадырақтың ойына Сарқан қаласына Мырзағұлмен бірге айдалып барып, жазаланғаны ойына түсе кетті.

Өрлей үрлеген желменен көзіне жалбырай түскен шашының астындағы терді бір сыпырып, сөйлеп тұрған қара бала:

— Жолдастар, бір аяқ шалап табылады ма екен?—дегенде:

— Шырағым, осы ауылдан ақ табылмайды, ауыл-үйдің түрі мынау ғой. Бәрі де ылғып отырған өлмелі ашалаң кедей. Құдықтан таза су әкеп бер, — деп бала жұмсап, кедейлер ұялғандай күбір-күбір етісті.

Кетік тостағанмен суды сіміріп алып, қара бала сөзді ары қарай созды.

— Әлгінде айтылғандай, ретсіздіктер жұрттың соқтасын суытып, елге іріткі салды, толысын төгіп, ортасын шайқады. Қара бұқараны қойдай үркітті. Осыдан келіп, жалпақ қараңғы ел большевик дегенді құбыжық көрді. Сөйтіп, бұл «большевиктер» ел ұстап үш тортай тұрса да, берекелі тәртіп орнатқан жоқ. Олардың істегені атып-шабу, жаншу, талан-тараж болды. Ел бұрынғы Мекалай заманына жылап көріскендей болды. Сондықтан, осы секілді «өтірік большевикке» елдің байынан бұрын қара бұқарасы, кедейі жауықты. Осының құлауын тіледі. Көптің көңілі өзге өкімет іздей бастады.Большевик кім? Төңкеріс деген не? Бостандық қайда? Оның несі кім? Кіммен кім дұшпан? Кім кімнің лауы? — бұларды жұрт ажырата алмай қалды.

Ел басына қойыртпақ бұлт орнап, көзін қараңғы тұман бұрынғыдан бетер басты. Бадырақ секілді қаратабан жалшылардың бірқатары таланған байдың малымен бірге атылғанда, біздің ауыл арасында: «байлар, жуандар болша-байыңа сендермен қоса жарылқанды ғой»,—десіп, кедейді кекей мазақтады.

Міне, осы жағдайлар, өтірік большевиктердің орынсыз өкімі, талан-таражы Жетісудағы жалпы елдің қара бұқараның кеңес өкіметіне қарсы көтерілген ақтар мен алашорданың алдауына ауып кетуіне себеп болды.

Сөйтіп, ақтың әскері қазақтың әлегін аспаннан шығарды, жау жайлады. Елдің малынан құрық, басынан сырық кетпеді. Ел ішіндегі жуандар жұмыла атқа мінді. Қаптаған қалың лау, қара құрық сойыстан әркім өз басын қорғап, малын арашалап қалуға қам жасады. Ақтардың ұлығымен біреу тамыр болып, түлкі тұмағын, күмісті ер-тоқымын беріп, енді біреу жорғасы мен жүйрігін сыйлап, тіпті кейбіреуі қыз-келіншектерді де тарту етті. Жалпы, лау шығынынан құдасын, аңдасып қорғап, алым-салықты ылғи қара бұқараға таратты. Айналып келгенде тағы да кедей сорлады.

Өнe бойы лауға кедей жүріп, қысылшаң қыстарда талайлар даладағы ұзын жолда, боранда торғайдай ұшып өлді. Осыны естіп отырған Бадырақтың ойына Ақсу қаласында лаушы болып жүріп, ашығып өлген арық түйенің бауырын отқа пісіріп жегені есіне түсті. Сондай-ақ ол Мұқаш тілмаш пен орыстардың тепкілеп, басы-көзін қан қылып, естен тандырғаны ойына тағы оралды.

Жолдастар, бір кішкене демалыс, — деп мәжіліс бастығы жариялаған соң қара бала сөзін доғарып, қалбырынан шылымын шығарып, тарта бастады.

Осы ұзын сөздің әсері мен уыты кедей-кепшіктің буын-буынына түскендей болып маужыратты. Осының барлығы рас дегендей, бастары төмен тұқиып, мәуедей салбырады.

Сөз тағы басталды.

— Былтырдан бері кеңес өкіметінің тұс-тұс жағынан жауығып, жабылған aқтap, байлар, жандаралдар өздерің сияқты кедейден құралған қызыл әскердің қайраты мен күшіне шыдамай, есеңгірей жеңілді. Кеңес өкіметінің шеніне жүре алмайтындай болып, басқа бай, патша мемлекеттерді сағалап, қашып кетті. Қазақ жері де, елі де алаштың алаңғасар азбандарының әлегінен әбден тазаланды. Кедей қамқоры — кеңес өкіметі шашылған қол-аяғын жаңа бауырына алды. Ойындағысын орындауға ойы жаңадан орнықты. Енді шынайы кеңесшіл өкімет сіздер секілді ауылдың кедейлеріне қол ұшын бермек.

Біздің Жетісуға Қазан төңкерісінің салқыны осы қыстан бері келе бастады. Бұл күнге шейін тон жамылған қасқырлардың қолындағы өкім Жетісудағы анық кедей өкіметінің төңкерісшіл қамқорларының өз қолына берілді. Кіндіктен шын төңкеріс қазанында қайнап өскен революционерлер мен қызыләскер келіп, «өтірік балшабайды» қуды. Шын большевик партиясы бастаған әділ кедейдін езілген табының, арттағы езілген елдің қолдаушысы бүгін енді іске кірісулі. Жетісудың жуан жұдырығы, бұзық ниетті отаршысы, бай-манабы, тілмашы ауыздықталды.

Өкімет ауылдағы байды да, қаладағы жұдырықты да, телім-телім болып тентіреп жүрген қазақ малайларын да ұйымдастырмақ. Орыс, қазақ демей, басын теңдікке жеткізбек. Шаруа мұқтаждарынан босатуға тырыспақ. Байды бай, кедейді кедей деп, жік-жікке бөлмек. Әр ұлт дұшпандығын жойып, «жарлы-жалшылардың союзы» деген ұйым ашпақ. Бұл ұйымға осы отырғандардың бәрін де кіресіңдер, батырақ боласыңдар.

Ауылдағы байдың малы — аспаннан жауып, жерден өніп, құдай берген нәрсе емес. Әрбір байдың малы өсуінде, көбеюінде төңірегіндегі кедейлердің үлесі бар. Оның малы қойшы, малай, батырақтардың бұ дуымен өскен. «Қызыл қозы», «тайының» деп берілген несиенің өсімін енді кедейлер төлемейді. Мұның қорғаушысы өкімет, ауылдағы атқамінердікі болған, бақташысы кедей батырақ болған.

Енді ауқатына, күнкөрісіңе қарай адам баласы алалықсыз бауыр басады. Сендер өздерің ұйымдасып, бірігесіңдер, осы күнгі кеңес өкіметін билеп, жасап отырған жұмысшы-шаруалар көпшілігімен қол ұстасасыңдар. Солардың демеуімен сендердің де өнерлі жұрт қатарына кіріп, социализм деген дәуірге бұрылып, оған жететіндерің анық. Біз сол ұйымдарыңды құрып, жөн сілтеп, жол-жоба жасап беруге келген жайымыз бар.

Ұйымның бағыты түзу болып, большевик партиясы басшылығындағы ойдағы ұйым болып, жалпы кедейдің басы теңелуіне, тегістік дәуірге жетуді тілеп, бірігіңдер, ұйымдасыңдар. Тап татулықтарың ұштасып, бай басылып, кеңес үкіметі нығайсын! Жасасын Қазан төңкерісінің қазаққа түскен салқыны, жасасын кедей табы! — дегенде, ойына ой қосылып, жетекке еріп, салбырап келе жатқан кедейлердің жаншылған жаны жадырап, шапалақтарын сарт-сұрт ұрып, «пәлі, пәлі», — десіп сілкініп, ширап шыға келгендей болды.

— Әй, шырағым, өкіметіңнің өркені өссін, — десіп жатты.

Тұмақтар алып тасталды, насыбайлы қақырықпен қатқан сақалдар тұштаң етіп, ырбиған жаман езулер ыржың еткенде өмір бойы тұнжыраған ауыр қайғылы қабақтар жар кетіп ашылып, баяғыдан басып-жаншып басын қатырған кедейліктің ауыр салмағы күн көзіндей жарқ етіп ашылғандай болды.

Мұнымен бірге қара баланың қасындағы қаладан келген, тәртіп көрген Батырақ «Көзімізді ашып, біздің қамымызды жеп, осындай тәртіпті шығарып жатқан Ленин, Троцкий деген жолдастар жасасын», — деген дауысқа көпшілік жамырай шуылдады.

Жаман бөрік, жалба тұмақтар аспанға лақтырылды. Жұрт мәз-мейрам. Жиналыстың жуан ортасынан сүметіліп Бадырақ тұра келіп:

— Жолдас, бір кішкене... — деп қолын көтерді. Мәжіліс бастығы:

— Не айтасың? — деді. Бадырақ:

Жаңағы мына жолдас айтқан біздің қамқорымыздың аты кім деп еді? — деген сұрақ қойды. Жұрт түйткілденіп, түсінбей қалды.

— Жолдас, жаңа осы жақсылықты шығарған кім деп еді? — деп Бадырақ сөз сөйлеген қара балаға қарады.

— Ленин, Ленин, — деп әр жерден-ақ жұрт шу ете түсті. Бадырақ:

— Иә, сол Лиан бастығымызға біздің бір сәлеміміз жетер ме екен? — деді.

— Жетеді. Телеграмм соқсаңдар өз қолына тиеді, — деп қара бала ұғындырды.

— Олай болса, бұлай деп телеграмм қағыңдар: «Ақсудың құмының алысында жатқан жарлы-жалшы сол кісімен тілеулес, езілген халық етегінен ұстадық, жолы болсын» деңдер.

Отырған өзге кедей «жөн-ақ», «сөк» десіп кеулеп кетті. Бұл сөз тоқтамға кіріп, тегіс жазылып, Ленинге телеграмм соғылды. Телеграмм жазуы орысша болғанымен ой мен мәні Бадырақ айтқан жоғарыдағы сөзден асқан жоқ.

Бадырақтың осындай белсенді ұсынысына сүйініп, көңілі өскен шашты қара бала:

— Мына жолдастың аты кім? — деп сұрады. Жиналыс жабылған соң жай қысыр кеңеспен шашты қара бала көптің ортасында Бадырақтың жай-күйін сұрады.

Бадырақ бастан кешірген өмірін баян қылды. Ол сөзін бітірген соң қара бала:

— Өмірде көрмегенді көрген тесік өкпе, қара жалшының өзі екенсің. Осы күнгі өкімет сендердікі. Жаңа өзің айтып ұсыныс еткен, телеграмм соқтырған Ленин жалпы сендей жалшының көсемі. Осы қараңғы күннен енді құтылдың. Енді міне, өз өкіметің құрылды. Талап қылып талпынсаң, Бадырағым боласың,— деді.

Жиналып отырған көп кедей:

— Жолдас, бәріміз де Бадырақ болмаймыз ба? — десті.

Қара бала:

— Бәріңіз де Бадырақ болдыңдар. Бұл ұйымдарыңның аты «Бадырақ» ұйымы, — деді.

Сонда кедейлердің бәрі шулап:

— Бәріміз де Бадырақ болдық, Бадырақ ұйымына кірдік, — десіп жатты.

Сол кезде шалбарының жалбыр балағын жаман шарығының қонышына жинап тығып жатып, Шағанбай отағасы:

—Тегі, әуел баста осы Бадырақтың аты осындайға басталып қойылған-ау, — деді. Жұрт дуылдасып күліп жатты.

Барлығы Бадырақ ұйымына жазылып, жиналыс күн батарда әзер тарады.

VIII тарау

Кешегі жиналыста батырақтар жарлы-жалшылар ұйымына мүше болып жазылған. Кедейдің көңілі көпіріп, өсіп кеткен. Олар бейне кеңес үкіметі өздері болғандай қуанды. Ортасынан комитет сайлап, ауылдық кеңселер ашты. Комиссия құрып, байлардың қойын санатып, сауын, көлік алды. Алған көліктен бір өгіз, үш лақты ешкі, төрт қозылы қой Бадыраққа тиді. Көлік, сауын жоқтығынан жұрт қатарлы жер тараштай алмай отырған жарлы-жалшылар далбасалап мына алынған көлікпен егін салып жатты.

Бадырақта мал құралды. Енді қазан асылмаған қара шаңырақ жоқ. Бадырақ қатын алудың ығын таба алмай жүрді. Судия кедейге қатын үлестіріп жатыр деген дақпыртпен сот болатын бір күні «білейінші» деп, қаңғалақтап соттың кеңсесіне келді.

Қолындағы ақ таяқты сермей таяна жүріп белге шыққанда соттың тігулі тұрған ақ үйі көрінді. Үй оңаша, жалғыз. Маңында ер-тоқымды тұсаулы аттар тұр. Сотқа келіп, отқа қойылған сиыр, түйе сияқты барлық көліктердің маңайында топ-топ кісілер. Ауылдың артындағы сөйлескен әр топтың ортасында бір қатын.

Ылғи күміс белдікті атқамінерлер бұл қатындарды қолға алып «осы тұрған бәленше адамнан таңдап, біреуімізге ти, Ерден кетсең де, елден кетпейсің, жарқыным», — деп қайта азғырған сыңайлы. Көп әйел күмілжіп, бұлардың қармағына түсіп те жатыр. Кейбірі олар құрған қармақтан бұлқынып шығып:

— Қалсам, соттың өзінен қалайын, қол ұстасып жүрсем де теңіме тиейін, — деп өңкей атқамінердің, өңкеңдеген нәменгердің соқтасын суытып отыр.

Осылайша бұлқынып, атқамінер ағайын талқысынан шығып келген бір келіншек:

— Менде нелерің бар, жетеді бұл күнге шейін жылағаным, — деп байының кеудесінен итеріп еді, қатынның даусы батылырақ шыққанда, гүжілдеп сөйлейтін қара көсе қазақ судиясы:

— Жібер, кіргіз, — деді.

Есікте қатын мен жасауыл иін қағысып қалғанда Бадырақ та осы босағада қатынды қақпайлаған жасауылдың иығынан тартып қалып, оңтайы келіп қалған келіншектің білегінен ұстай алды. Бұған аңтарыла қараған келіншектің ежелгі ыстық қара көзіндегі өшпеген жанар оты ойнап, бір жалт еткендей болды.

Бадырақ есіктің сыртында қалды. Жүрегі жұлқынып, алып-ұшып барады. Бір қолы жоқ шолақ писір де қағаз-қаламын сықырлауық үстел үстіне ыңғайлай бастады.

Түрулі үйдің керегесін кернеп, кісілер иінтіресіп, «осы қатынның жайы қалай болар екен» деп құлақ түре, сот үкімін тыңдауға асықты.

Насыбай атып, төңірегіне түкіріп отыратын судия үстел астына топырақ толтырып қойған сары шылапшынға бір түкірді де:

— Не айтасыз? — деп қатыннан сұрады.

— Yш қатынның бірімін. Жасым жиырма бесте. Әкем нашар адам еді, жастай малға сатты — атағы бәленшенің қатыны болғаным болмаса, жас болып, жеке базар қызық көріп, жарық сәуле сезінгенім жоқ. Көк аю күндестіктің шеңгеліне түстім. Күні бүгінге дейін көргенім қорлық, көз жасымды көріп, өкіметке салып, басымды босатыңыз, — деді.

Бурыл сақалы желпілдеп, омырауынан таспиығы салбырап, қойдың қиының үстіне отырғандай дамбалының сарала ауын салбыратып, қара бұйра мыжырық бөрікті қолыма алып, қара қожалақ орамалымен маңдайынан сорғалаған терді сүрте-мүрте қалбалақтап байы кірді.

Мұнымен жапсарласа есіктегі жасауыл бір-екі күміс белдікті атқамінерді де қоса кіргізіп жіберді.

Мұндай жерде, қара қазақтың алдында өзін ызбарлап ұстай білетін, жүрек шайлықтырудың әдісіне төселген үйіндісі үлкен кертағыл бұқадай сүзе қарайтын судияның көзіне көзi түскенде байдың жаны шығып кете жаздады. Буын-буыны босам әлі құрып кетті.

Судия:

— Мына қатынның арызы туралы не айтасыз? — дегенде:

— Тақсыр, тақсыр... — деп тамағына бірдеңе тығылып қалғaндай жауап қата алмады.

— Тақсырлама, — деп судияның жарамсақ жасауылы байдың бетін қақты.

Бай:

— Тақсыр, товарищ, — деп көмекейінен күрмелді, — бұл менің қыздай алған кіші қатыным. Ақ қой сойып, ақ бата оқытып, ата-анасы, елі-жұрты берген. Биыл жеті жыл болды. Содан бері ешбір шай дескеніміз жоқ. Мал да, жан да өзінікі. Kip көйлек кигізіп, жаман төсекке жатқызғаным жоқ... оны мына кісілер де біледі ғой. Тіпті құдайшылығын осылар-ақ айтсын, — деп, қасындағы қалды бет қара сақалға қарады. Қалды бет:

— Бұл сөзде бұрыстық жоқ. Әншейін азғырушы сайтан болса азбайтын пенде жоқ дегендей, бір білместік бұл баладан кетіп тұр. Кеңшілігіңіз болса, бұл сөзді өзіміздің қолымызға берсеңіз, далаға алып шығып, біз мына Әбіш екеуіміз тындырып, бітірелік, — деп киліге кетті.

Мұндай көлденең көк бөрі жырындыларға сайтаны ұстап кететін судия мына сөзге ширығып:

— Тәйт, қиқақтама, шығар мыналарды, — дегенде есіктегі жасауыл лып етіп екеуін де сәуріктей қуып шықты.

Байда үрей қалған жоқ. Егжей-тегжейді екшеп, ет асым уақыт сұраған соң, протоколын жаза бастағанда, бай тағы қалтырап:

— Тым болмаса мынаның өзімен тысқарыға шығып бір оңаша сөйлесуге рұқсат етіңіз, — дегенде, судия қатынға қарап еді, қатын:

— Шығатын ештеңе жоқ. Не болса да осы жерде болсын, — деді.

Судия қасындағы билермен біраз уақыт кеңесе келіп, екі жағына да билікті естіртуге шақырды.

Билік жарияланарда ел жабылып, үйді жығып кете жаздады. Орысша сөзі араласып, шұбарлана мұсылманша жазылған протоколды, қағаз жазып таратып отыратын Әбдибек хатшы оқып, естіртті.

— Атынан Ресей социал бидарасы Талдықорған оязының екінші учаске нар соты осымен қылған кесімін жариялайды. Граждан Сағындық қатыны Жеңсік және Сағындық Дүйсен баласы екі жағы көзбе-көз болды. Жеңсік үш қатынның бірі болып ескі қазақ, ғұрпы бойынша басында күштеп берілген. Сағындықпен бұдан былай бірге тұруға риза болмаған себепті, басына бостандық алады. Кімге тисе де өз еркі өзінде, — деді. Жиналған жұрттың ішіндегі атқамінерлердің жүрегінің басына мұз құйылғандай болды. Кедей жағының көңілі жаңбыр жауғандай жаңарып, жасарып сала берді.

Судия:

— Сүйген бойдақ кісің болса мына қағазбен барып, исполкомға жазылып, қағаз алып қосыласың. Жеңгей, көздеген кісің бар ма еді? — деген кезде есіктің жапсарынан сығалап тұрған Бадырақ:

— Бар, мен, — деп даусының қалай шығып кеткенін өзі де байқамай қалды. Қатын:

— Сүйген кісім осында тұр, — дегенде судия мұртынан күліп:

— Сүйгенін кіргіз, — деді жасауылға.

Жасауыл Бадырақты қалбалақтатып үйге кіргізгенде, бай көзінің іріңін бір-бір сүртіп Бадыраққа қарап, тани алмай қалды.

Судия мына жігіттің кім екенін сұрай келіп:

Бұл күнге дейін бойдақ па едің? — дегенде Бадырақ ұстап тұрған Жеңсіктің қолын жүрегінің тұсына апара беріп:

Көрейін дем тұрған жарығым осы, — деді.

Ендеше жолдарың болсын, ендігі жерде ештеңеден именбей емін-еркін қызық көріңдер, екеуіңде жассың, мал басқа бітеді. Талаптарын болса, еңбек етсеңдер, кедей болмайсыңдар. Мына қағазды апарып, ауылнай исполкомдеріңнен қосылғандарың туралы қағаз аласыңдар. Бұл кеңес өкіметінің нашардың көз жасын көріп, кедейдің басын жеткізгені, — деп қазақша жүйелі сөз білетін судия екеуін кұттықтағанда, қосыла қол ұстасып тұрған Бадырақ пен Жеңсіктің көңілі тау суындай тасқындап кетті. Бадырақ:

— Айналайын кеңестің өркені өссін, — деді.

Қатын:

— Бізге қылғаны барлық ұл-қызыңның алдынан келсін, — деді.

«Қатынды өзіңе әперемін» деп байдан бармақ басты, көз қысты алған жасауыл жабырқап, жиналған жұртқа:

«Үйді босатыңдар», — деп ақырғанда үйдің іргесінен кеп адам дүркірей тұра жөнелді. Үйден қол ұстасып Жеңсік пен Бадырақ шыға келді. Бұл істі тамашалап, олар дөң асқанша еріп келіп жұртшылық біртіндеп қала берді.

Өйткені бұл оқиға бұрынғыдай әйелді малдай саудалап келе жатқан қазақтың қалың қараңғы ғұрпының тамырына алғашқы шабылған балта еді.

Әсіресе мына Сағындық сияқты ел ішіндегі мұрты сынбаған жуан байлардың қойнындағы қатынын есіктегі Бадырақ сияқты құл-құтанның көптің көзінше жетелеп шығып бара жатқаны өзгеше қылық еді.

Бұл екеуіне елдің жабыла еретіні сондықтан болатын.

Қоңыр желдің желпуімен зерлі тақияның шоғындай басын шайқалтқан күреңсені тізеден кешіп, дөңге шыққан екеуі басынан кешкен өткен күнін есіне түсіріп, бір-бірінің қолдарын қысып, емірене, елжірей қарасқанда көздерінен қуаныштың ыстық жасы мөлт-мөлт сорғалап еді. Ол жас айқасқан қос білекті де жуып жатты.

Бұлардың көне көңілдерін көпіртіп, лепіртіп тасытып барып, осы ыстық жас жан жүректерінен қайнап шыққан еді.

Жалғызағаш деген жердің өзегінің бойында қозы жамырайтын итарқадан жарқ етіп шығып, елдің қаһарына жолығып, беттеріне күйе жағылып, мойнына құрым киіз ілініп, көшке тіркелген күндері де осы күн еді.

IX тарау

Екеуі қол ұстасып ауылға келді.

Ауылдың ақсақал-қарасақалы, кәрі-жасы қаптап алдарынан шықты. Қараборбай балалар да үлкендерден қалыспай бұл екеуін көрмекке асықты. Қатындар бірімен-бірі сампылдаса әңгімелесе жүріп, қуырған бидайдан Бадырақ пен Жеңсікке шашу шашты.

Бадырақ байдан алған лақты ешкіні ұстатып, біреудің бір бойдақ қойын айтып сойып жатыр. Оның бүгін қағанағы қарқ, сағанағы сарқ. Сол ауылдың ұйымға жазылған кедейлері қаулы қылып, Бадыраққа үй құрауға кірісті. Бұл жұмысты ұйымдастырушы жарлы-жалшы ячейкасының бастығы Қосымхан. Ол:

— Бадырақтың үйіне қосатындарыңды әкеліңдер, — деп бұйрық берді.

Алдымен Ырысбек үйінің бір жағын жалаңаштап сыпырып тастап, ескі құрым туырлығын сүйретіп алып келді. Жартыбай былтыр күзде бір байдың күземін алып беріп ақысына алған ақ киізін әкелді. Кендірбай бір қанат кереге берді. Шерубек шелек пен шаңырақ сыйлады. Ғаппар қазан қосты. Ұмсынай үш уықты бауымен беріп, тағы бір қара қазанға мырзалық жасады.

Осылайша көп көмектесіп жатқанда Маржан жеңгей «мен құр қаламын ба» деп, бір таңғыш құр арқан мен баласының тостағанын жайраңдай күліп алып келді.

Міне, сөйтіп әр үйден құралған нәрселердің басы бірігіп, Бадырақтың үйі құралды. Кешке таман осындағы бұрынғы ойы жеті қара лашықтың жанына Бадырақтың қара ала Отауы он сегізінші болып тігілді.

Кішкене отаудың шаңырағында мол етіп ет асылып, Көшімбай ақсақал дастарқан басында ұзақ бата жасады. Ауыл-аймақ риза болып тарасты.

Ал ауылдың кешкі малы келгенде байдан Бадырақ бөліп алған қара ешкінің бауырында топатайын толтыра сауып, бір қатын отыр еді. Бұл баяғы мыңдап саулық сауатын Сағындық байдың тоқалы Жеңсік болатын. Бірақ ондағыдан қабағы әлдеқайда көтеріңкі, көңілді. Ол осы бір қалбиған қарала үйі мен осы тұрмысына әбден риза, мәз-мейрам.

Сол күні Бадырақ екі саулық, екі ешкіні қырқып шықты. Ертеңіне Жеңсік одан үш арқан, бір тең жіп, екі таңғыш арқан есті. Қалған шет-пұшпақты да іске жаратып, азғана төліне бүлдіршіндей бұршақтап көгенше де есіп алды.

Х тарау

1922 жылға қарсы күз.

Өткен жылдың жазында Жетісу өңірінде үлкен өзгерістер болған. Бұл күнге дейін Жетісуды билеп-төстеп келе жатқан жуан жұдырықтан, бай-манаптан жергілікті халықтың қара бұқара кедейлері мен орыстың нашарларының мойны босаған.

Ел тұнығын лайлаған «өтірік большевиктің» буалдыр тұманынан Жетісу аспаны тазарған. Жер өзгерісі жүріп, реформа болып, бұрынғы жуан жұдырықтар мен алпауыттар пайдаланып келе жатқан жерлер байырғы өз иелеріне қайтып, жергілікті халықтың телімденген малайы мен орыстың кедейі кенелген.

Жарлы-жалшылар тап дұшпанын тауып табандасып алысып, оларға шаруа ретінде кіріптар болмау үшін қаладағы қазақтың қаратабан малайы мен орыс крестиянының кедейі бірігіп, жарлы-жалшылардың «қосшы союзын» жасаған. Жуан жұдырықтан үй-бақша, қора-жай алып, тіршілігін күйттеуге кіріскен. Жарлы-жалшы бұрынғы қанаушы, отаршы, саудагер, жуан жұдырықты қонысынан аударып, артық мал-мүлкін бөлісіп алған.

Міне, сөйтіп төңкеріс сәулесі далаға да түскен. Қазақтың кең далада тозғындап жүргені, кедей-кепшігі сілкініп, жарлы-жалшылар ұйымына кірген. Өздері комиссия болып, басқа ұрып отырып байдың малын санап, көлік пен сауын мал алған. Бостандық жолымен байлардың байлауы мен матауынан шыққан бірнеше әйелдер батырақтар мен кедейлерге тиіп кеткен.

Жетісуға өстіп анық төңкеріс рухы орнап, кеңес өкіметіне үлкен қуаныш болған. Жарлы-жалшының қанаушылардың қанды шеңгелінен азат болғанына орай олардың облыстық тойы болып, тарихы әспеттелген.

Бұл тойдың мәні бағаланып, Ұзынағашта жасалған. Өйткені Ұзынағаш Жетісуды орыс жаулап алғанда, Қоқан қолымен қазақ-қырғыз жұрты соғысып, бір жеңіске жеткен жері еді.

Оған патша өкіметінің итаршысы жандарал Колпаковский өзіне самұрық суретін салдырып, ескерткіш қойдырған. Ол ескерткішті жарлы-жалшының тұңғыш тойы 1921 жылдың сегізінші маусымында талқандаған. Самұрық құсты сындырып, орнына «орақ-балға» қойған.

Сол тойда Жетісу жарлы-жалшыларының тұңғыш сиязы жасалып, облыстық ортақшыл партия комитетінің өкілі Ораз дейтін шойқара жігіт кедей-кепшікті заманның жай-жағдайымен таныстырған.

Ол осы күнге дейін Жетісу топырағындағы жұртшылықтың тарихи кезеңдерін шолып өтіп, бай-манаптың, батырақтың, жуан жұдырықтың шаруа саяси қайшылықтарын айнадай етіп жарқыратып, көпшіліктің алдына тартып, ендігі жалшы ұйымының партия мен кеңестің қолдауында қалай ел болатындығын ашалап айтып берген. Қырғыз- қазақтың қаратабан малайы өз өмірінің баянына сонда түсініп, кімнің-кім екенін, қандай тап екендігін сонда білгендей болған. Кеңес кедей өкіметі дегенге көзі сонда жеткен. Орыс-қазақтың, тараншы мен дүңгеннің кедейлері ажырамастай ұштасып, ұйым болатындығына сол тұңғыш сиязда, тұңғыш тойда серт қылысқан.

Қолдарына қызыл жалау алып, төңкеріс жырын жырлап топтанып, айдынды жүріс жасаған, ат шаптырған. Мәскеу, Ташкен, Орынбордағы кеңес өкіметінің партияның орталық ұйымдарына құттықтау телеграммаларын салып, Жетісу батырағы кәрі дүниені бір солқылдатқан еді.

Сөйтіп, тарихи өмірге шеттің отаршысымен, өзінің бай-манабына ұлтарақ болып келген, тапталып келген халықтың мерейі 1921 жылы бір көтеріліп, шарасынан асып, көңілі тасқан. Тап тартысы тасқындаған.

Ал мына биылғы күз басқа күз. Бұл 1922 жылдың күзі. Ішкі Ресейден шыққан жаңа шаруа саясатының салқыны Жетісуға жаздан бері келіп жеткен.

«Жана шаруа саясаты шығыпты» дегенде, батырақтан бай-манап, жуан жұдырықтар елге былай деп сез таратып жіберген:

Жер жүзіндегі бай-патшалар жиналып, большевикке, оның бастығы Ленинге, Троцкийге ақырыпты. Пұлы, шайы көп, қазынасы мол Мекалайды орнына түсірдің, шаруаны шашып, байды таладың. Мына алған нәрселеріңді, малдарыңды қайтарып бер. Әйтпесе бәріміз саған жабыламыз. Тұрысатын жеріңді айт, деп қағаз түсіріпті. Содан большевиктер табанын тап басып тұра алмай бастығы Ленин болып, елді жұмсағырақ ұстайық деп мәулет сұрапты.

«Бай таланбасын, зорлық-зомбылық болмасын, кедейлер бұрынғы алғанын қайтып берсін» деп жер-жерге бұйрық түсіріпті, — деген өсек-аяң ел ішінде гу-гу етті. Бұған түкке түсінбеген қараңғылығы көп жарлы-жалшының ойы тағы да толқып, көтерілген көңілі басылып қалғандай болды.

Байлар бас көтеріп сотқа, атқару комитеттеріне, милицияға арыз кіргізіп, батырақтар алған көлік пен сауынды қайтарып ала бастады. Жер-жердегі құр сүлдері жүрген «өтірік кедейшілдер» осы дақпыртпен жанданып, бай таяғын ашықтан-ашық батыраққа соға бастады. Кедейдің көбі қолындағы көзі бар малдарын байдын өзіне беріп құтылуға кірісті. Көзі жоғы ұлы сүрен дау болды. Ауылдағы атқамінерлер мұндайларға «қол сияз» қылып, «кәмпеске», «күмән» сықылды бітім шығарып, шылқа майлы дауға кірісті.

Сөйтіп, батырақтар бұл жылы мазаққа айналды. Байлар: «Батырақ боласың ба?» — деп, әр кедейді кекейтін болды.

Байдың төрінде домбыраны күмбірлетіп, ән салып, байдың «қолқайырын» мақтап, тоқты-торым, тері-терсекке ауқат қылатын жарлының жан дұшпаны Бекембай сықылды соқыр ақын осы қарсаңда:

Өкімет боп желікті Бадырақтар,

Шауып келіп ауылға адырақтар.

Маңдайына жазбаған байқұс кедей,

Байдан алып байыдың адыра-ақ қал, —

деп күлетін болды.

Бұл рас та еді. Кейбір шаруаның ұқыбын білмейтін керенау кедейлер жаздай байлардан алған сауын сиыр мен қойды сойып жеп, көлікті азаға салып, борышына беріп жіберді. Қолындағы қара-құраны, ұсақ малды өсірмек түгілі, быж-тыж кылып, тұқымын құртты. Алғаннан соң үш-төрт ай өтпей жатып, әлгі малдан құралақан қалды.

Бадырақтай егін сала алғаны да сирек болды, шөп шаппады, жалғыз аттары жауыр, лоңқа болып өлді. Міне, осындайлардың жаман атағы шығып, «батырақтар жалпағынан жалқау, маңдайына жазбаған соң мандымады» деген сөзге жолықты. Бірақ мұндайлар жалпы кедейлер емес. Қолына түскенді құрастырып ала қойғаны да, қолындағы көлік сауынмен егін салып ала қойғаны да бар еді. Оның бірі өзіміздің Бадырақ.

Осының бәрі де не де болса, әйтеуір жалпы кедей кенелген, тарихтан тап болып таласып сыбағасын алып жатқан улы толқынның сарыны еді. Осындай ұлы толқынның ен алыс пұшпағындағы көп қаңбақтың бірі болып біздің Бадырақ та келе жатыр еді.

Ол қаладағы малайлардай орыс жуан-жұдырықтарынан жер-су алған жоқ. Оның мекені дала. Қаладан аулақ қалың құмның іші, қазақ ортасы. Ол осы кеңес өкіметі арқасында басына үй тігіп, бауырына қазан асып, қатын құшақтаған, түтін түтеткен. Қолындағы байдан алған ешкі-лақты жаздай сауынға сауған.

Қолдағы бір өгізімен біреумен мойынсерік болып, бірлесе егін салып алған. Ол егіннен басып қалған.

Тамының айналасының бәрі ұра. Ұра толған астық. Екі шошақ пішен шапты. Жаздың күні егін жинар алдында кірпіш құйып қойған. Суалған соң байдың ешкі-лағын аман-есен өзіне қосқан. Түйнек болып өлген баяғы бір тоқтымен борыштанып тойға соятын бойдаққа төрт шелек тары беріп құтылған. Енді ешкімге бір тиын борышы жоқ.

Бадырақ биылша қыстауға, әкесінің ескі орнынан там салып алып, қора-қопсы жасап жатыр.

Жеңсік те ала жаздай қарап жатқан жоқ. Қолдағы қой-ешкінің жүнінен үйдің арқан-жібін, қап-қалтасын түгендеп алған. Ара-тұра түйесінің жүнін иіре алмайтын бошалаң Қадишаның шекпе жібін иіріп беріп, ода күйеуіне бір қажекей, өзі бір кеудеше болатын шекпен шығарып алған. Шаңырақ көтергенде елден құралған киізді оймақтайдан құрап, тап-тұйнақтай үй қылған.

Бұлар жиырма бірінші жылғы жаңадан бай мен жарлы арасына қоқалақты қозғалыс салған «жаңа шаруа саясаты» НЭП-ті осындай күймен қарсы алды.

XI тарау

1924 жыл.

Ресейдегі еңбекшілер үстемдігімен кеңес үкіметінің тамыры әбден бекіген. Дүниежүзіндегі, әлем арасындағы аруағы өсіп, СССР болған, Орта Азияда ұлт республикалары жасалып, әр ұлт өз кеңес үкіметін құрып, қырғыз —Қырғызстан, қазақ — Қазақстан болып, өзбек өз алдына кеткен.

Жетісудағы бұрынғы Түркістан қолтығына қарайтын қазақтар Қырғыз республикасына қосылып, Қырғыз атанып келген болса, енді өз алдына отау тігіп, Орынбордағы қазақ ордасын Ақмешітке алып келіп, Қызылорда құрған.

Жетісудағы жергілікті халықты жерге жайғастыру жұмысы жүріп, өкімет қазақтың кедейіне жер кесіп беріп, қала жасады. Қала болған кедейлерден бес жылға дейін салық алмай, оның үстіне қазынадан мал, арба, ақша қарыз беріп қамсыздандырған.

Бадырақ ауылдас болып отырған жиырма бес үй кедейлер кеңес өкіметінің бұл пейілімен бергеніне белсеніп кірісті. Бергенін берекелендірді, алғанын ажарландырды. Қала салып, мәдени ауыл болуға асығып, қуалап жүріп қоныс кестіріп алды. Әрқайсысы тістей қатып, шаруа қамдады. Дәл осы кезге шейін Бадырақтың үйі әп-әжептәуір қорланып қалған еді.

Ол өзі алғашқы егін салған жиырма бірінші жылдан соң-ақ, жерге еңбек сіңіріп, диханшылыққа орысша кірісіп кеткен. Жылда жинап алған бір астығы бір астыққа қосылып, артығын сатып киім-кешегін бүтіндеді. Екі бұзаулы сиыр, екі ат сатып алды. Қос өгіз бітті. Осы малдың бәрін егіннен өндірді. Іші кірсе шыққысыз дүмбіредей ақ үй Бадырақтікі.

Бадырақ тапқанды үйде Жеңсік келістіріп отырды. Ол кей-кейде қарадомалақ ұлын емірене сүйіп қояды. Өзі тағы екіқабат, шеңберінен шығып отыр.

Міне, осы кезде Қазақстан өкіметі жоғарыда айтылған қара лашық кедейлерді «Қызыл қайың», «Діңгек» жерге отырғызып, жер кесіп берді. Бұл жерге өкімет тарапынан, қазына есебінен тоған қазылған. Осы кесілген жерден көпшілікпен бірге екі басына қазына сыбағасымен тиген жерді Бадырақ та кестіріп алды. Бес үй бірігіп қазынадан бір арба, қос өгіз, бір соқа, бір тырма кетпенімен алды.

Міне, осы сайманымен Бадырақтар жұмысқа кірісті. Күздікүні өзіне тиген жерге ағыл-тегіл болып ағып жатқан суды жайып тастап, бау-бақшаға да ыңғайлана бастаған. Жеріне неше түрлі ағаш шаншыды. Алма, өрік, шие секілді жеміс ағаштарын да екті. Жер бөлімі осы ауылдың шаруасына ақылшы агроном қойды. Соның кенесімен күздікүні суалған сиырын беріп, үстіне астық, ақша қосып, Ресейден келген қақолдан бір жақсы сүтті сиыр сатып алды.

Қазынадан тұқым алып, екі десте жоңышқа салды. Сөйтіп, бұлар жаңа қонысқа қонған жылы-ақ он бес дестелеп егін салатын мұқият шаруаға айналды.

Бұл ауылдың ортасына өкімет ақысын төлеп бір мұғалім жіберіпті. Әжіғұл атаң кедейді жинап сөйлесіп, қаулы етіп, биылшаға деп, жедеғабыл Сарқаннан бұрынғы бай орыстың екі бөлмелі үйін көшіріп әкеп, мектеп салып берді. Мұғалім қарашаның басында жаңа мектепке бала жинап оқытуға кірісті. Бұл жылы қырық алты бала оқыды. Мұның қақ жартысы қыз бала. Мұғалімнің биылша пәтері болмай, Бадырақтың үйінде тұрып жатты.

Алматыдағы қысқа мерзімдік курстен нұсқа көріп қалған іскер, ұқыпты мұғалім Аңызбай ертеден кешке дейін бала оқытады. Мектепте жабдық жоқ, қара тақта жоқ. Бір жапырақ қаңылтырға жазып оқытып, жоқтан-бардан құрап балаларды баурап әкетті. Пионер ұйымы жасалып, неше түрлі ән салып, екі айда осы мектеп балалары елдің аузына ілінді. Кез келген белгілі төңкеріс мейрамдарын құр өткізбей, бәріне де сол ауылдың ерігіп жатқандарын жинап алып әңгіме жасайтын болды. Қолына қызыл жалау алып, салтанатпен көшеде жүріс жасады. Қаланын ұл-қызы жастары жиналып, ойын-сауық кештерін өткізді.

Мұғалімге газет-журналдар мен жаңа кітаптарды қалаға қатынасқан кісілер құшақ-құшақ етіп әкеліп береді. Мұғалім Діңгектегі батырақтардың бірінші басқыш бастауыш мектебінің пионер ұйымы деп құлаштай ақ таяққа қызыл борлаттан жалау жасап алды.

Сондай-ақ ол кереге газетін шығарып, кооперация мектебінің алдына жапсырып қоюшы еді.

Ортақшыл партия ячейкасы ашылып, бірсыпыра жөндемді батырақтар коммунист болды.

Балалар мектептен тарқағаннан кейін күнде кешке таман осы ауылдың үлкендері оқитын еді. Жеңсік пен Бадырақ та осылардың жуан ортасында, екеуі бір партада отырады, екеуінің «сауат ашқыш» деген бір шеті жыртық кітабы бар.

Мұғалім кезек-кезек қара тақтаға жазып оқытады.

Бадырақтан гөрі Жеңсік жазылған жазуды тез оқып шығады. Бадырақ шабандау, бірақ бадырайып отырып, әйтеуір жаза баспай жазуды дәл шығарады. Бір күні тақтайдағы «Ленин» деген сөзді оқудың кезегі Қожабай сақауға келіп, оған тілі келмей, жазуды анық айыра алмай «Лан» дегенде, Жеңсік пен Бадырақ бірін-бірі шымшып қалып, елдің тыныштығын алып жырқ-жырқ күліп жіберген.

Жазға салым мұғалімнің нұсқауымен бұл ауылдың кедейлері қаулы алып кооперация ашты. Араларынан жөнін біледі деп, сауатсыздықты жою кезінде есепті тәуір үйреніп шыққан Шегебайды бастық қойып, мұғаліммен бірге Бадырақ та оның басқармасына мүше болып сайланған.

Бес теңгеге шағып, астық пен жарна төлеп жазылып, еркек-ұрғашының барлығы кооперацияға мүшелік ақша берген. Бұлардың кооперациясына өкіметтен несиеге соқа-сайман сияқты ауылшаруашылық жабдықтарын алып, аз күнде дүр ете түсті. Күз ортасынан кооперацияға үй жасалып, дүкен ашылды. Темір шеге, ыдыс-аяқ, сіріңке секілді не керектің бәрін бұл ауылда мүшелік билеті барлар арзан бағаға алып отыратын болды. Осы сауда дүкені келе-келе кітап, журнал, газеттерді де сату жұмысын мойнына алып, төңірегіңдегі он алты болыс матайдың ағарту жұмысының орталығы болды. Елді өзіне тартты, сауаты ашылған қосшылардың бәрі хат-шот біліп, көзі ашық шаруа болып кетті.

Бара-бара мезгілді жәрмеңкесі осы жердің өзінде ашылып, аяқ жетер жердегі қазақтың саудасы осы қаланың қасында болды. Қала күннен-күнге көбейді, күннен-күнге көгерді. Сайлау келгенде исполком осылармен ауылдас, болыстас бұрынғы бірнеше жуан ақсақалдар, қарынбай байлар, қара тазы атқамінерлер, ұры кедейлер дауысқа ие емес деп, көп кедей қаулысымен шығарылып тасталды. Жеңсік аткомға мүше болып өтті.

Бұрын бұл ауылда коммунист партиясы ұйысқалы бірқатар жыл болса да жұмыс барысы әлі де бастыға алмай келе жатыр еді. Жерге жайғасып, ел отырықшы қала болған соң, партия жұмысы да ойдағыдай жол алып жүріп кетті.

Әлеумет жұмысына араласамын деген дәмелінің бәрі жазылды. Бұлардың тәрбиесі де қала тарапынан айрықша назарға алынып, көңілдегідей болды.

Енді қосшы ұйымы күшейіп, жерді тоғай орап, «земілес» ұйымын жақсы жолға ұюға кірісті. Бұл батырақтар өздері табанды жаңа жұртшылық жасаған соң, ауылдағы жалшыларды, малайларды өздерінің ұйымына тартып алуға шындап кірісті.

Кеңес өкіметі демеуімен орын тепкен жарлылардың жаңа қаласы, жаңа жұртшылығы осы бетімен алдағы жылдардың табалдырығын біртіндеп аттай бастады. Мына жарлылардың шаруасы да, мәдениеті де, ынтымақ, берекесі де ортақшыл партияның жетегімен «дәуірлеп бара жатыр екен-ау» деп әркім ішінен еріксіз айтатын болды.

XII тарау

1947 жыл.

Күн көтеріліп, ай жабылып қалған. Қатпар қабырғалы қоңыр тау жаратылыс сұлулығынан масаттанған төбедей болып төрде жатыр. Жылы жел қоңыр дөңдердегі раң күреңшелерді үріп, үкідей желпілдетеді. Аспанда шөкімдей бұлт жоқ. Әлемді маужыратқан сұлу табиғаттың шарасын кірлетуге дәті жетпегендей, бұлттар бұғып кетіпті. Осы сұлулықтың қожасы күн. Ол болса қызыл тарғыл таудың шоқтығынан жымиып, жерге нұрын шаша күліп тұр.

Бүгінгі күннің шығысы өзге күннен айрықша ажарлы сияқты. Өйткені бүгін болып жатқан төңкеріс мейрамының тоғысқан тойы. Бүгін жер жүзіндегі, әлем өміріндегі жалшылардын Ресейде алғашқы үкімі жасалған Қазан төңкерісінін отыз жылдық мейрамы.

Жетісудағы жарлы-жақыбайлар ұйымдасып, бостандық алғанына жиырма бес жыл. Жалшының жерге орнығып жана тұрмыс, шаруа жасап, «осы өркен» қалашығының алғашқы ipгe көтергеніне жиырма жыл. Бұған қосымша тағы ондап, бестеп жыл болған игілікті істер көп, солардың мейрамы да бүгін еді.

Қоңыр таудың бауыры көбелей біткен қалың екпе ағаш, бұйра қоңыр қолаттың бәрі егін, пішен, егіндіктегі неше түрлі жаңа машиналар қаптап жұмыста жүр.

Ана қоңыр таудың алқымындағы не артындағы белеске шыға келгенінде, осы алқапты алдындағы жаюлы дастарқандай анық көресің. Осы жердегі құмырсқаның илеуіндей құжынаған шаруашылық — баяғы кеңес өкіметі саябағында Ресей жалшыларының қолдауымен осындай шаруалы жұртшылыққа жеткен. Қазақ кедейлері қазір жаңа жұрт.

Мынау қаланың өзі екен деп ойлайсың. Төңірегінің бәрі қаптаған үй, қалың ағаш. Мұнда қазақтардың ылғи асыл тұқымды сиырлары жайылып жүр. Әрбір сиыр бесіктегі баладай мәпеленіп, жеке-жеке күтулі. Олардың анасындай қазақ мамандары тамақты шайнап бергендей, аялап асырайды. Мезгіл-мезгіл сүтін де, өзін де өлшеп тұрады.

Су қыста қан жылым, жазда қоңыр салқындатып беріледі. Сиырлардың асты таза, байдың құс төсегіндей жұмсақ. Бұл ауылдардан қалаға баратын кішкене шойын жолдар салынған. Ол жолмен шағын вагондар шұбала ырғалып, сүт, майды қалаға тартып жеткізіп жатыр.

Miнe, мынау бағалы жылқылардың қорасы. Олар ұядағы балапандардан артық мәпелі. Тай-құлындар ойнақ салады. Өңшең арғымақ шалыс әдемі аттар жүзіктің көзінен өтердей жұлқынады. Бұл жылқылардың жаз жайлауы Қарасырық, Айдаусай, Қараүңгір. Қыста осы мекенді қыстайды. Мұндай мал өсірудің жайын нұсқаумен үйренген қазақ шаруасы мамандардан да артық біледі.

Әлгі шаруашылықтың бәріне бұты-қолын созып бір қала жатыр. Қаланың іші-сырты ұзатқан қыздың жасауымдай сәнді. Оған бір жағынан шойын жолмен ақырын, отарба кіріп-шығып жатады. Шойын жолдың өн бойы қазақ жұмысшылары. Әр жерде зауыт мұнаралары мойнын көкке созып, анадайдан қол бұлғайды.

Қаладан Қымқа тауға қарай дөңесте үш қабат үлкен ақ үй тұр. Төбесінің қызыл бояуы күнге шағылысып, көздің жауын алады. Айналасы бау-бақша. Бұл осы ауылдың мектебі.

Қаланың бел асар жерінде көк төбелі өрнекті үлкен үйдің басына қарасаң бөркің түседі. Ана таудың алыс сеңгірінен көздегенде осы қала жайылып жатқан қой сықылды да, мынау үй күнге қарап күйсеп тұрған үйіндісі үлкен қошқардай. Үйдің маңайында үлкен етіп айқастыра жасаған қызыл айдар тұр. Бұл айдарды абайлап қараған кісі «орақ пен балғаны» анық көреді. Орақ пен балға осы қошқардың мүйізі сияқты. Бұл осы ауылдың клубы еді.

Шеттен келе жатқан адамға сымсыз телеграмм мосыдай болып көрінсе, қаланың өзге үйлері мосы астындағы ақ жападай әсер қалдырады. Әр үйдің қызыл ұшырмалары мен әр мекеменің қызыл жалаулары жел шайқағанда жанып жатқан жалын секілді.

Қаз-қатар салып тасталған астамдар, қаланың көшелері сынық ине тастаса жоғалмайтындай айнадай тақыр тас. Кең көшеде ағылып жатқан машиналар, түн болса электр айдан жарық.

Қаланың бір жеріне оңашарақ шаруаларға ақыл айтатын шаруа үйі салынған. Ертеден кешке дейін есігінің алды той болып жатқандай топыр, қара құрық ат кетпейді. Бұл үйдің әр бөлімінде жайып тасталған газет, кітап, журнал. Қолдан дайындалған неше түрлі шаруа өнімдері. Үй ауылшаруашылық мұражайына айналған. Қазақ агрономдары мен басқа да мамандар қалың шаруаға ақыл айтып тұр.

Міне бір ақ сандықтай ақ үй — аурухана. Маңайынан дәретсіз басуға батылың бармайтындай таза. Бұдан жиырма жыл бұрын елді жайлаған мерез, құрт-құлғана, теңге қотыр, сүзек сықылды аурулардан айықтырған осы аурухана. Олардың тамыры бүгін ел ішінен тазаланып, қырқылған. Сондықтан аурухананың алды көптен ондай науқастардың өшіретінен тазаланған. Әншейін анда-санда жүрегі ауырып, қаны азайғандар ғана емделіп, қайтып бара жатыр. Бұл жерде де қазақтың неше түрлі білгіш қарт докторлары әппақ қудай болып, ақ халатын киіп, ауруларды аялап жүгіріп жүр.

Қара қобыздың иығына қарбая мініп, (алла, әулие, аруақтап) ақырып-бақырып, ауруды қоламтамен ұшықтап, қырық аяқ сумен сабап, қара шаңырақты шақырлатын ортасына түсіріп, азан-қазан қылып жататын баяғы бақсылап ел де, жер де тазаланған. Қазақтың оқыған қара домалақ, мейірімді қыздары әптекте дәрі-дәрмек үлестіріп, ықыласты қызмет етеді. Арала, мозы, тотиайын ішу, сыпан, адыраспан түтету түстеріне де кірмейді.

Әне бір әдемі кең үйде еркін босанып жатқан қазақ қатындары. Ақ шүберекке бөленген аяулы апайлар мен келіндер жас нәрестелерді іңгәләтіп туғызып алып жатыр. Апалары қолындағы тікенін алған ғұрлы қымсынбайды. Толғатып, талықсыған қатынды «албасты басты» деп, аттан салып ауылға жылқы қуып келіп, қамшының астына алып, тарс тұрс мылтық ататын, жабыла тепкілейтін тентек шалдары бар ауылдар қазір жоқ.

Мынау бір ақ шұбар үй — пошта-телеграф конторы. Газет-журнал, кітабы тоғанақ-тоғанақ болып қырға баратын ауыл поштасымен даладағы елге тарап барады.

Анау бір қызу орта — базар, бұл жерге шойын жол келген соң, бүкіл Ресей, Орта Азия, күнбатыс Қытай, Моңғолия осы жерден қазандай бұрқылдап, қайнасып кеткен. Сауданың жалпы тетігі өкімет пен кооперация қолында. Бұдан жиырма жыл бұрынғыдай ауылға теңдеп келіп, үш кез Қытай далабына немесе бір тақ сарт матасына бір қой алып жүрген саудагер алыпсатарлардан бүгін ел іргесі аулақ. Елдің керек-жарағын әкеліп беріп, қолында барын бағасына жеткізіп, өз ауылында алып отырған өздерінің дүкені. Кооператив дүкендерінің іші бәйшешектей құлпырып көздің жауын алады. Барлығы да жұртқа керекті нәрсе. Әсіресе ауыл шаруашылығы жабдығы мол.

Қаланың бір жағы кер жазықты кең саз. Кең сазда жасаулы түскен келіншектің кеселеріндей дүмбірлеген ақ үйлерде, ауылдарда дала сәулеті, қыр салтанаты. Ескі үй тігіліп, мал өсіріп жүрген елдің көне көшпенділік енері өзгеше бір түрге түскен, өнегелі болып өңделген.

Отырықшылық пен көшпелі өмір егіз қатар жетіліп, дәуірлеп өскен. Ауылдың әдемі ақ күмбез үйлерінің де, қаланың қабат-қабат әсем тамдарының да иесі халық.

Олар баяғы 1920 жылы Жетісуда ұйымдасатын жергілікті кедейлер мен олардың бүгінгі ұрпағы. Ауыл мен қаланың арасында қатынасатын автомобиль, автобустар қайшыласады.

Ауылдан аулақ кең, жазықтың доңғал дөңінде топ-топ болып, тұс-тұстан адамдар ағылып, жиналып жатыр. Бәйшешектей киініп, тотықұстай түрленген қыз-келіншек қалың жиналыстың бір жағын тұтасымен сәндендіріп, гүлдей жайнап, көрік береді.

Сабаудың саласындай самсаған қызыл сая (әскер) сапсап болып тізіліп тұр. Оның бастығы да қазақ. Қамшының өріміндей жас командирлер мыңдаған қазақ бозбаласын асықша ойнатып, үйретіп жүр.

Ал ел өнерпаздарының өнері де өркендеген, түрленген, гүлденген. Неше түрлі өзгеріске түсіп, жаңаша құлпырады. Қазақтың музыка аспаптары ажарланып, аршылған қазақ, күйлерін тартқанда аспанды түндіктей жалпылдатып, жерді желпілдеткендей болады. Еріксіз таңдай қағып, бас шайқайсың.

Өңшең өрім жас шыбық — қызыл тамақ ақ шымшықтай пионерлер он шалқытып, күй төгіп әскер ағасының алдынан шықты. Ол жаңа қатарлы жас өркен әлеуметтің көпшіліктің күресіне әрқашан қолқабыс етуге дайын тұрғандай.

Мынау қалың топ — қазақтың пролетариаты. Анау оның алдындағы қызыл ту кәсіпшілер одағынікі. Мұның бәрі бұрынғы қиялдағы қауым, ұшқыр ойдың болжамындай нәрселер еді. Социалшыл өмірге ерте аттанған Ресей жалшыларының қолдауымен қазақ кедейі де осы дәрежеге соңғы екі он жылдың ішінде-ақ келіп қалған екен. Бұлардың ауылы Ленин бастаған жолдағы болжалға анау Ресей жалшыларымен бірге араласа кіріп қалған түрі бар.

Бүгін міне осынау қыраттың үстіне төртбұрыштан қызыл жалауларын желбірете көтерген қазақтар лек-легімен келіп жатыр.

Үкілі өрім-тай құнандарды ойнақтата мінген жас балалар. Кежімдеп тастаған қамшыдай қатқан бәйгеге қосылатын аттарын мінген қазақ баласы қаптап кетті. Олардың топ-топ болып, қосыла айтып келе жатқан өлеңдері жаныңды жадыратып, көңіліңді көкке самғатқандай. Өңшең сәйгүлікке мінген милиция өз ретімен іс атқарып, ел тәртібін реттеп тұр.

Осы топтың орта жерінде әдемі әшекейленіп, тақтайдан мінбе орнатылған. Оның төңірегі қоршалған, оңаша. Осыған таман жеңіл жорға автомобиль келе жатқанда көпшілік оған жарылып жол ашты. Автомобиль жайлап жүріп келіп, жиналған топтың тұйығына тоқтады. Оның топсалы есігін серпіп ашып, ішінен бурыл сақалды арық қара шал жерге түсті. Жарқылдаған жампоз кемпір де бірге түсті. Екеуі қатарынан елге еңкейіп, амандасқандықтың рәсімін білдірді де малдасты құра, көрсетілген көк шалғын үстіндегі арнаулы орынға отырды. Көпшілік оларға қызыға қарап, құрмет көрсетіскендей. Ың-шыңсыз тәртіп сақтап бас изескендей болады. Бұлар Жеңсік пен Бадырақ еді. Балалары ер жетіп, бұлардың да енді міне баршын тартқан кезі еді, дәулеттері мол жетіп, дәуірлеген кезі еді.

XIII тарау

Көпшіліктің көзі көк жүзінде. Күткені көктен түсетіндей. Кенеттен аспанның төріндегі ақ шарбы бұлттың арасынан бір алып құс көрінді. Жұрт «әне, әне», — десіп шу ете түсті. Милициялар олай-бұлай шапқылап, қозғалған жұртты тыныштандырып тәртіпке шақырып жүр. Көпшілік дуылдасып, аспанға өздері ұшатындай бөріктерін қолына алып айқайлайды. Әлгі құс айналып ұшып көпшіліктің дәл төбесіне келгенде қызыл әскерлер мен кәсіпшілер ұйымы, жастар ұйымымен оларға ерген жас ұландар қызыл тулар мен жалауларын желпілдете көтеріп көкке бұлғағанда, кер қоңырдағы халық қызғалдақтай жел соғып ұйқы-тұйқы болды.

Ә дегенше болған жоқ, аспанды айырып ағындап келе жатқан айырплан көптің төбесінен көлбей ұшып, құдиып төмендей келіп, жерге жайлап қонып жатты. Айырплан келдің бетіне қонған қара бас шағаладай көпшіліктің көз алдында тұрды. Қалың жұрт оның төңірегіне қаптап кетті.

Қабырғасында «Қызыл Қазақстан» деген таңба жазуы ұшқыш құс шоқтығынан түйенің көзіндей көзілдірігін енбегіне серпе салып, сары жарғақты ұшқыш қазақ жігіті түрегеліп, әлеуметке амандасты.

Оның соңынан үстіне сұрғылт сулық киген арықша қара жігіт айырпланның есігінен басын қылт еткізгенде қалың көпшілік:

— Жасасын Жарқын Бадырақұлы! — десіп гуілдесіп қошеметтеді.

Бұл қара жігіт Бадырақтың тұңғыш баласы Жарқын еді. Оның жастайынан оқуға кетіп, ауылға қайтқаны осы.

Ол әке-шешенің үйінен аттанғалы тоғыз жыл болған. Ол қазір кеңес өкіметінің отты да ойлы азаматы. Коммунист партияның қабырғалы қызметкері.

Жарқынды Бадырақ әжетке жараған соң-ақ оқуға — ішкі Ресейге жіберген. Ол алғаш зауыт-фабрик оқуына түскен. Өндіріс жұмысының ішінде қайнап, көргенді, тәрбиелі адал азамат болып өскен. Қоғам құрылысының ең мәнді жерінде өмірмен біте қайнап, бірге өсіп, бұғанасы бекіп, қабырғасы қатайған. Пионерлік, комсомолдық, партия істерінде шынығып, өмірдің оқуын ерінбей-жалықпай оқыған. Жалпы білімін саяси сабақпен жанастыра іштей жетілген, «КОМВУЗ-дың» үлкен оқуын тауысып оқып, Коминтерннің көрнекті қызметінде болған.

Еңбекшілдер топ-тобымен ұйымдасып, тұс-тұстан төңкеріс жасалып жатқанда, күнбатыс жұмысшыларының арасында болған. Дүние жиһангерлерінің отаршыл құлдығынан босануға әрекет қылып жатқан күншығыстағы езілген ұлттардың азаттығына ат салысқан. Дүние жүзін кезген. Күнбатыс пен күншығыстағы жұрттың шаруасымен, тұрмысымен түгел таныс, компартия мен коминтерннің тапсырған төңкеріс жұмысын ойдағыдай орындаған отты жігіт осы еді.

Жарқын Қазақстанға қайтып келіп жұмыс жасағалы үш жыл. Қазақстан орталық партия ұйымы бүгін кенелген, тоғыз тойлы тоғысқан мерекеге өз өкілдерін жібергенде, Жарқынға «Өркен» қаласында болатын тойға құттықтау сөз айтуды тапсырған. Бұлар кеше Қызылордадан күн ауа ұшып шыққан. Міне, енді осында келіп тойдың үстіне түсіп отыр.

Асығыста амандасып үлгермеген жолдастармен қол ұстасты да Жарқын жарқ етіп қызылға бөленген биік мінбеге шыға келді. Жұрт «жасасын, жасасын» деп айқайлады. Бұл күнгі мерекені өткізуге сайланған комиссияның бастығы:

— Мәжіліс ашылды. Бүгінгі мерекені Қазақстан компартиясының орталық ұйымынан құттықтау үшін келген Бадырақұлы Жарқын жолдасқа сөз беріледі, — дегенде, Жарқын сөзді жай тастап, салмақпен бастап, арындамай, аптықпай бәйге атындай созыла бара-бара түйдектеліп алып кетті.

— Ардақты жолдастар! Әлеумет қауым! Бүгінгі күн бізді осы жұртшылыққа жеткізген ұлы төңкеріс Қазан революциясының отыз жылдық тойдың дүбірі. Бүгін Лениннің бастауымен жасалған еңбекшілердің ұлы төңкерісі болғанына үш он жыл өтті.

Бүгін ұлы Қазан төңкерісін өз қолымен жасап, дүниежүзінің жалшысы мен жарлысына, шығыстың езілген ұлтына бостандық, теңдік жолын көрсетіп, тап таяғын ұстатып кеткен ұлы көсем Лениннің қайтқанына жиырма төрт жыл. Біз осы жиырма төрт жылды Ленин жолдастың өзінсіз өткіздік. Бірақ оның сөзі мен өсиетін орындап, нұсқаған бағытымен жаңа өмір жасадық. Бүгінгі күн социалистік кеңесшіл Қазақстанның ұлт мемлекеті өз алдына құрылғалы жиырма төрт жыл.

Бүгінгі күн Жетісудағы қаратабан малайлардың, патша өкіметінің жуан жұдырық, бай-манаптың бүрме шеңгелінен шығып, өз ұйымын орнатып, тап тартысынын табалдырығын салып, алғашқы ұйымдасқанына жиырма жыл.

Бүгінгі күн сол қазақ жарлы-жалшыларының жерге жайғасып, осы қаланың тасын қалап, кооперация жасап, үлгілі шаруаға егін салғанына жиырма жыл!

Біз бүгін сол барлық тоғыз тойдың тоғысқан мерекесін мейрамдап отырмыз. Осы күнге жеткен бұрынғы өңшең езілген жарлы-жалшы, жаңа жұрттағы тойларыңыз құтты болсын! Жасасын жарлы-жалшының жаңа жұртшылығы! — дегенде жұрттың арасынан айқай гуілдеп, аспанға шығып жатты.

Музыка ойналып, еңбекшілер ұраны шырқалғанда дүлей тоғайдың қамысындай самсаған қалың көп бұлбұл торғайдың аяқ қайыру күйіне салбырағандай тыныштала тыңдады.

Әсерлі де әсем музыка өз үнін қоңырлата келіп, үзілте тоқтағанда баяғы қара бала қағып алып кетті:

— Бұдан отыз жылдан арғы уақыттағы Ресейдегі жалпы жарлы-жалшыны, жұмысшы крестиянды арадай талаған қанаушы өкімет еді. Біздің қазақ ұлты елдігінен, жұрттығынан айырылып, партия-сұрқия болып торғайдай тозды деді. Шаруа шайқалып, қалың қазақ кедейі тұтасымен қалата қара жалшы болып кетіп еді. Бай-манаптың босағасында аш-жалаңаш, адамгершілік құқы жоқ тарыққан тап еді. Ленин бастаған Қазан төнкерісі ол заманның күлін көкке ұшырды. Жарлы-жалшының өз өкіметі жасалды. Жарлы жарылқанып, кедей кенелді. Қазақ жұртының басындағы қалың қара тұманды Қазан төңкерісінің желі серпілтті.

Кеңес өкіметі ауыр күйде төрт-бес жыл дәурен сүрді, жан-жағындағы жауы қасқырша шапты. Шаруа күйзелді. Ашаршылық, ауру, басшылық молайды. Бірақ төңіректегі байлар мен жауызға жәрдем беріп, жалпы қара бұқара жарлы-жалшы осы тап дұшпанымен табандасып алысып, бәрін де жеңді. Күшін әлемге айқындады.

Аз жылдың ішінде алапаты асып, кеңес үкіметі үлкен одақ болды. Осы өкіметті жоюға жұмыла кіріскен Англия, Франция, Америка, Жапония секілді жиһангер мемлекеттер кеңес өкіметімен саудасын жандандырып, араласу үшін шарт жасаса бастады.

Тіпті бұдан екі он жыл бұрынғы сыртқы жағдайымызды алайық. Ол уақытта аралдағы Англия азуын айға білеген арыстан еді. Бес бөлек дүниенің барлығына шеңгелін салып, ондағы әлсіз ұлттардың жанын қинаған қаныпезер еді.

Американың қоспа штаты «Алтын тәжі» деген атақ алып еді. Оның капитаны дүние базарына қожа болып, өзге бай мемлекеттер қанаушылары оның жырын жырлап, күйін күйлеуші тауығы еді. Күншығыс халқы тұтасынан күнбатыстағы бай мемлекеттердің піскен тарысы еді.

Олар өзара жауықтырып, елдің жуан қансорғыштары ақсүйегінің артына көпшік қойып, елдің байлығын бақадай сорушы еді. Мұны істейтін әсіресе Англия еді. Шығыс жұрты батыс байының талауында еді. Бұл күнгідей жуансыз жоны біріккен жұртшылық жоқ еді.

Күнбатыста Америка да, Жапон да елді құлданып, еңбекті қанауға бәсекелескен бай жиһангер патшалықтар еді. Ондағы жалпы жұмысшы, жалшылар біріге күрес ұйымдастыра алмайды, әр жерде әредік еді. Жаны жасулы, жалыны басулы еді. Ол жалшылардың өз ішінен шыққан топ жамылған тоқмейіл «көсемдер» байлармен бағыттас болып, жалшыларды еркін саяси саудаға салып жүрген алыпсатарлар еді. Олар тасқындап келген жалшылар төңкерісінін түйдегін бытырата беретін ұйтқымалы құйын еді.

Бүгінгі тоғысқан тоғыз түрлі мерекемізде біз жан-жағымыздан не көреміз?

Ол күндегідей әлемді құлдануға талпынған отаршылдық, жиһангерлік жоқ. Түгі тамырынан төңкерілген. Күнбатыс жалшылары, крестияндар күншығыста отар елдердің езілген халықтарымен қол ұстасып, байшыл өкіметті жойған. Біздің үлгімен кеңес өкіметі жасалған.

Ол күндегі Сакдональд, Томки секілді Англия еңбекшілері саясат саудасына салатын делдал алыпсатарлардан жер жүзіндегі жалшы арасы тазаланған.

Бүгінгі жұртбай мінезді партиялардың қылығын тарихтан ғана оқиды.

Ол күнде еліміз езгіде, халқымыз қанауда еді. Орыс отаршылдығының орасан саясаты қазақшылықтың қабырғалы саясатын жұлып жеп, торғайдай тоздырумен болды. Ел басылды. Шаруа шашылды. Жарлы жаншылды, әйел малға сатылды.

Саудамен бірге неше түрлі көлденең өкім, қанау, талау, саясат салдары түйдектеліп елдің есін шығарды. Жерді жетіскен алды. Кедейлер қоныстан қуып шығарылды. Әкімшілігі, реті, сайлау салты қырық құбылған елдің берекесі кетіп ұйытқысы бұзылды. Осындай отар шеңгелін қатты салып жіберген патша өкіметі елу-алпыс жылдың ішінде-ақ жергілікті халықты құлдай қорғалатып, құрдай жорғалатты.

Қала-қалаға қазақ малайы толды. Келімсектің жұдырықтары алпауыт ретінде байыды. Орыс-қазақтың ұлт өшпенділігі бықсып, жігіт алатын 1916 жылғы қазақ-қырғыздың көтерілісіне соқты.

Патша өкіметі майданға қара жұмысшы алмақ болды. Бұған әсіресе Жетісу қазақ-қырғызы белсенді қарсыласып, бекем алысты. Бақан, сойыл, тесе шотпен олар зеңбірек пен пулеметке қарсы шықты. Бірақ өздері шыбындай қырылды. Ел Қытайға ауып тозғындалды.

Сөйткен елдің көз жасына кешікпей кеңес төңкерісі болды, кеңес өкіметі орнады. Лениннің нұсқауында партия басшылығымен жаңа жұртшылық құрылды. Қазақтың телім-телім, тоз-тоз боп жүрген жалшылары ұйымдасып тап іргесінің тасын қалап, ұйымдасты. Ұйым арқылы берекелі шаруаға кірісті.

Кедейлер билеген кеңес өкіметінің жетегімен қазақтар міне осы күйге жетті. Баяғы күндегідей шаруасын шашып, одан айырылып қалған қаратабан қалың қара жалшы, қала-қалада тобарсып топырлау жойылды. Өзі қала, өзі өнегелі шаруа. Мінсе көлігі машина, кірген үйі тас болат.

Бұдан екі он жыл бұрын жалпағынан сауатсыз қазақ бүгін тегіс сауатты. Кеңсе жұмысы қазақ тілінде. Оның қызметкерлері түгелдей қазақтың ұл-қыздары. Неше түрлі өнер машиналары қазақ тілімен қызмет қылады. Радио, кино, телеграф бәрі де қазақша.

Соңғы екі он жылдың ішінде ұлт мектебімізде оқыған жастарымыз, жұртымыз мынау. Үлкен оқу орындарымыздың қазақшасын бүгін жүздеп санаймыз.

Ол күндегі ел берекесіне, ауыл ұйтқысына іріткі салған атқамінерлер жойылып, ауыл социалистік қоғамға көшу үшін қорғасындай құйылған. Көктей ұрылып күндікке көніп, шалға сатылып кеткен қазақ әйелдерді бүгін таба алмайсыз.

Қазақ әйелдері әр білімі мен өнердің саласында қазақтың жана жұртшылығының кірпішін қаласуда.

Ендігі ауылдың шаруасы, салт-санасы, енбегі, түсінігі, ұғымы барлығы да ілімге сүйенген. Ауыл-аймағымен бала-шағасы да осы жолда.

Жалпы жұрттың, өкіметтің шаруасымен бәсекелесе алмай, саудагерлік, алыпсатарлық әлдеқашан құрыған. Елдің шаруасы кооперация қоғамына көгенделген.

Бұдан отыз жыл бұрын Жетісудағы ұлт араларындағы орыс, қазақ, кәпір, мұсылман деген дін ұғымы жоғалып, ұлттар алаңсыз ағайын боп топтасқан. Тап тартысына бұрын шыныққан орыс пен Еуропа пролетариаты қазақтың тәжірибесіз жас жалшысын орталарына алып, езілген басқа да ұлттар сияқты қатарласып алға басайық дейді.

Бұдан жиырма үш жыл бұрын Ресейдегі Ленин бастаған большевик партиясының баулуына түскен қазақтың коммунистік партиясы да ескілікпен қалай күресудің жөнін таба алмайтын дағдарған күйде емес. Оның бәрін табандап жеңген. Отыз жылдық стажы бар қазақ коммунистері ұзақ күрестің жемісін жеп, бүгін міне, осы жұртшылықпен шаттықты бірге бөлісуде.

«Жер жүзінің еңбекшілері, бірігіңдер!» деген ұран тасталған. Ол ұранды еңбекшілердің арғы атасы Маркс ақсақал әлемге тастап, Ресей жалшыларынан бастаған.

«Түпкөмбе — коммунизм жотасы» еді. Ленин жолдас отыз жылдық өмірінде жалшылардың атын жаңағы ұранымен таратқан, жалпы жұрт жалпақ жарысқа түскен.

Алдыңғы рет ат тартушы Ресей жалшылары еді. Оның алдыңғы шылбырдағылары коммунист партиясы еді. Коммунист айқайшысы Ленин еді. Талас-тартыс өте күшті болды. Әр тап өз атын өрге сүйреп өзгені тізе қақпай қылмақшы болды. Бірақ Ресейдің жалшысы мен крестияны езілген ұлттармен иықтасып, өз ішінен өзгені қағып тастады.

Қазақтың ішінен де төңкеріс түсінігіне ие болған қудан қырағы, құланнан ұшқыр лениншілдер шығып, коммунистермен бірте қазақ шылбырынан ұстады. Сондықтан ежелгі жай жарыста қоғам жарысын дағдылы жолмен бір килігіп өтетін орта жолдағы капиталистік дәуірі дегенге қазақтың аты соқпай өтті. Міне, біз осы араға осы себептен жылдам келіп қалдық.

Мынау сол Қазақстан! Мынау сол жұртшылық!

Мына көрінген Ленин көсем болжаған социалшыл өмірім! — деп, Жарқын сөзді шорт тоқтатып, тыныс алғанда алдындағы қалың кұс қанатын бір қағып, дүр сілкінгендей болды.

Шапалақтың шарт-шұртымен араласа: Жасады кедей кеңесі! Жасады Бадырақ кедей!

— Жасады жаңа жұртшылық!

— Жасады Қазақстан!

— Жасады жалпы жарлы-жалшы бірлігі! — деген айқайлар аспан айырғандай саңқылдап тұрды.

Бұл айқайдың әрбірінің аяғын қазақтың ұлт музыкасы жеке-жеке ілестіріп алып кетіп, көңілі көтеріңкі әлеуметті астындағы жерімен солқылдатып, қуаныш тұлпарына мінгендей болды.

Сөз тоқталды. Мерекенің құттықтау бөлімі бітті деп жиналыс бастығы жариялады. Жарқын жерге түскенде Бадырақ пен Жеңсік қатарынан көрісуге тосып тұр еді. Өзгелер бұларға жол берді. Жарқын жарқылдап жақындағанда Жеңсік жылап, Бадырақ бақырып қоя берді. Екеуі екі жеке көрісіп, баласының бетінен сүйісті. Не керек, Бадырақ байып, Жеңсік жетіскен бақытты күн болды.

Жұрт орын-орнына отырғызылып, ойын басталды. Қазақтың ескілі-жаңалы ұлт ойындары ойналды. Балуандар күресті.

Жерден ақша ілінді, жамбы атылды. Көкпар тартылды. Динал аға ат шабылды.

Құйрығын сүзген арғымақ шалыс темір қара қызыл құнан алдымен келді. Үстіндегі қызыл көйлекті жампоз бала келіп комиссияға бірдеңе айтып жатты.

— Бадырақ тұрғанда бәйге аламыз ба, — деп топтың арт жағында тұрған бұрынғы жуан шалдардың күңкілі естілді. Өйткені алпыс құнанның алдымен келген құнан Бадырақтікі еді. Үстіндегі бала немересі еді.

Ат шабылды. Ақ бөрте ат алдымен келді. Бұл да Бадырақтікі еді. Аттың температурасын өлшеп, қазақ докторлары жазып шығып, бәйге комиссиясына беріп жатыр. Бадырақ аттың бәйгесін сұрап қолын созғандарға үлестірді.

Бүгін және «Шаруа күні» деген мейрам еді. Жақсы өсірілген шаруа өніміне өкімет бүгін бәйге бермек.

Әркім-ақ өз шаруасының бір-бір нұсқасын алып келіп, көрмеге қойған. Керген комиссиялар барлығын жазып-сызып, үлгілі шаруаның алдыңғы бәйгесі мен мақтау қағазын Бадыраққа тағы әкеліп берді.

Жұрт жалпағынан құттықтап жатыр.

Бұларға Бадырақ пен Жеңсік ақ шатырдың астында тұрып, бас иіп ризашылығын білдіреді. Дәл осы кезде Бадырақтың көңілі тасқындап кетіп жан-жағына қарады.

Айналаның бәрі де қалалы қазақ шаруасы. Жұрттың бәрінің өзің ажарлы, киім киісі салтанатты. Біреуден біреудің дәулет артықшылығы жоқ секілді. Баяғы «бай, жалшы» дейтін қазақ ұғымы мұнда жоқ. Бәйгеден келген екі аттың үстіндегі екі пионер немересі жұртқа көсемдік қылып тұр. Қуанышқа кенелген Жеңсігі қасында, автомобилі астында.

Осыны көріп Бадырақтың көңілі тау суындай тасып кетті. Жүрегі ойнақтап тайдай тулады. Өткен бұлдыр күннің азабынан жүректің түкпіріне бұғып қатқан шер-мұңы босанып, бусанып, тас балқып, мұз жібіткендей болды. Өмірдегі бейнет теперішінде темірленген денелерде сіңірлер сықырлап жұмсарып, кедейлікте кепкен жүйкенің жүйесі босады.

Тасқындаған жүректің әлегімен алапты шарасынан алған екі ескі көз жаутаң қағып, кірпіктен қуаныш әсерімен жылым жас жерге төгіліп-төгіліп кетті.

Бұл жас біріншіден — өмірдегі денеде қалған жан жарасының ертедегі езгендігінің шайындысы еді.

Екіншіден - жаңа дәуірдегі дәулетке тасыған жүректің тамшысымен көпірген көңілдің көбігі еді.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі