Асқар Алтай | Мәйіт

  Асқар Алтай | Мәйіт

Бұл оқиға байтақ далада емес, күні бүгін қыспақ қалада болды.

Аламан бәйге шабардай ғана жерде ұйлығып жатқан қалалықтарға таңсық емес. Көрдегі аруақ бір аунап түссе де, еттері өліп кеткен. Сөзге құлақ аспас, ойға сауын салмас...

І

Иқанның да, Иванның да кәсібі кісі қызығарлық емес еді. Олар — кәдімгі көр қазушылар: могильщик, қабірші, ақымшы, лақатшы... Өлі мәйіттің ең ақырғы “сауабын алушы”.

Екеуі бүгін де құлама қияда қабір қазды. Ақ қар жамылған Алатау бауыры таң бозынан күрек шыңылын шамырқанбай қарсы алған. Қара санды қабар сере күртікті сыпырып тастап, тоң жүрмеген қара шірікті қалың қабатты қарулы қимылмен аршып үлгерген. Күн төбеге көтеріле кісі бойы сары керішті кертіп, мәйіт келгенше дайын қылды.

Жұрт жиналған кезде оңашалау барып, астарына сырт киімдерін төсеп отырысты. Шылымдарын шығарып, құшырлана сорған.

— Байлар екен, — деді Иқан.

— Иә, көрініп тұр, — деді Иван. — Одан бірақ бізге келіп-кетері жоқ...

— Өз ісіңе жауап берсең — болды, — деп Иқан Иванның қышыған жерін қасып қойды.

— Білем, білем, — деп Иван да күмілжіді. — Әйел адам секілді.

— Білмеймін, — деді Иқан, — өлген соң бәрібір емес пе?! Қара жерге еркегің не, әйелің не — жұта береді...

— Солай, — деді Иван да терең демалып, — құдай топырақтан жаратады, топыраққа таратады. Амалың жоқ.

Осы кезде топырақ салушылардан жырылып, әлдебіреу бұларға келді. Ол да шылым алып шекті.

— Мұрныңды құрт жеп бара ма?! — деп сығырая қарады Иван.

Анау оқшырая қарап: “Шыдатпай барады... Осы зират басында митинг өткізіп, ұзақ дұға оқуды доғару керек” деп керенаулық танытты.

— Жайыңа отырсаңшы! — деп қалды Иқан.

— Не деп қойдым сонша, — деп Иван ақталды.

— Жақыныңыз ба еді? — деп, Иқан енді сөз сыралғысын өзі жасады.

— Досымның анасы... маған да шеше болып кеткен жан болатын, — деп, қырықтың о жақ, бұ жағына кеп қалған жігіт бұрыла берді.

Ол қаралы топқа барып қосылғанда, Иван мейірлі шуаққа көзін сығырайта қарап:

— Қаңтардың күні емес, сәуірдің күні сияқты. Жер дүние жіпсіп жатыр. Жұрт осы қандай күнде өлуді де біледі, — деді.

— Құдайдың бұйыртқаны байларға ғана... Біздей сорлыға қарлы-жаңбыр мен желді-боран жазған, — деп Иқан қитыға қалды. — Боранда булығып туамыз, аязда қатып өлеміз.

— Ол да құдайдың бұйрығы, — деді Иван. — Бұйрықсыз іс-әрекет жоқ...

— Жә, ділмарсыма! — деп Иқан шамданды. — Сенің осы ақыл айтқыштығың қалмайды. Білгішсіне бересің.

— Қойдым, қойдым! — деп Иван өп-өтірік жуаси қалды. — Қазір заман өзгерді... Сен болмасаң, мен біле бермеймін ғой. Сен жассың... заманың да, елің де жас.

— Кекетпе, “Иванушка-дурачок”! — деп Иқан кесіп тастады.

... Иван үнсіз қалды, сәлден соң: — Алақаныңды жай, — деді.

Жерлеушілер жапа-тармағай отыра қалып, алақанда-рын жайып, бастарын төмен салып, қолдарына мөлиіпті. Иван да әлде не деп күбірлеп, қара жерге қадала қарап, оң қолымен шоқынуға көшті. Иқан да еріксіз алақанын күнге тосты. Күн сәулесі тілім-тілім, мүйіз-мүйіз терісін жылытты.

Қабір беті жабылып, дұға оқылысымен жұрт та жылыстап, зират басынан тарай бастады. Үйілген төмпешік басында сүйектің ет жақындары мен молда жігіт қана қалды. Оларға келіп Иван мен Иқан қосылды.

Қабіршілер топырақтың етегін қымтап, төбесін жалдап жатқанда молда қысқа қайырып бата қылды. Олар да ел соңынан барып көліктерге отырып, төменде қара-көк ыс басып жатқан қалаға аттанғанда, құлазыған қалың моланың арасында Иқан мен Иван ғана қалып еді.

* * *

Түс ауған күн төстік ерітердей шуағын төкті. Мола-моланы көміп қалған қалың қардың күнгей беті қабыршықтана еріп, қара жерге беттескен табаны жылымшылап, күзден қалған қаудың бой-бойымен топыраққа сіңіп жатыр.

Қабірші екеу сүймен-күректерін сүйретіп, әлдебір зәулім сарай тектес зираттың күнгейіне келіп жайғасты. Үйден ала келген астарын шығарып, жайма шуаққа жауырындарын беріп ауқаттануға кірісті. Әлдеқайдан қаңғыбас үш-төрт ит пайда болды.

Иван:

— Әй, сорлылар-ай! Кә-кә! — деп шақырды.

— Оларды қайтесің?! Шақырма! — деп Иқан қарсы шықты. — Өткендегі өлікті қазып жеген осылар емес пе... Қарындары тоқ олардың.

— Қияға қойылған мәйіт қой, жер жылжығанда ашылып қалған. Иттердің кінәсі жоқ... Адамдардың өзі кінәлі, — деп Иван ақтай берді. — Кә! Кә!..

Қаңғыбас бұралқылар жалмаңдай жетті. Олар қорқақтай келіп, лақтырылған тауықтың сүйек-саяғын қақшып алысты.

— Жоғал ары! — деп Иқан зеки түсіп, қасында жатқан кесек тасты атып жіберді.

— Қатыгез!.. Қатыгезсің сен, — деп Иван тосылып қалды.

— Сенен қатыгез емеспін, — деп Иқан да қасара қалды. — Әзірге өліктің алтын тісін қаққан емеспін...

Бұралқы иттер болса шәу-шәт етісіп, өз жөнімен кетісті.

— Алтын көрмей жүрсің ғой, көрсең — көрден көр қоймай қазардың өзісің... Періште кім бар мына дүниеде: патша да, әкім де, бай да, кедей де күнәһар... Сен екеуіміз де пендеміз, — деп Иван пәлсапасын соқты.

... Енді Иқан да аңтарылып қалды.

Күн ғана Алатау бөктерін иітіп тұр.

— Қандай адам болса да, құдай оған бір нәрсені жеткізбей береді, — дей бергенде:

— Ей, қойшы, шал! — деді Иқан. — Қазір неге байлар мәйітті алтын тіс, сырға-сақинасымен қоймайды, ә?!

— Неге қояды? Олар — сараңның сараңы... Өлікке де қимайды.

— Бұрын неге тиіспей, тісін қақпай, құлағын жыртпай қойған?

— Құдайым-ау, ол кезде ондайды сұмдық көретін! Қазір ғой “сүйекпен бірге бар байлығым ауып кетеді” дейтін... Сүйекке бітпеген, ұрлап-жырлаған байлық болған соң, жандарынан шошиды. Сондықтан ғой зиратты сарай қып салып, аруақтың алдында ақталып, “байлығымызды қара жерге өзіңмен бірге ала кетпе” деп жалынып-жалпаятындары. Жаратқан иесі беретінін ұқпайды бұлар, құдай атқандар! Құдайдың қарғысына ұшырайды, әлі...

— Шал, құдайды қоя тұршы! — деп Иқан қайырып тастады. — Маған бір ой келіп отыр. Сендер кезінде тіс қағып, нәпақа таптыңдар... Қазір мәйіттің өзін бизнес қылуға болмай ма?

— Қалай?

— Солай! — деп Иқан өз-өзіне риза көңілмен мардымси түсті. — Қазір нағыз прагматизм заманы...

— Әй, бауырым! — деп Иван таңданысын жасыра алмады. — Маған түсінікті тілде сөйлеші.

— Шал, қараңғысың... өткен ХХ ғасырда жүрсің, — деп Иқан “шалын” тұқыртып алды (Ақиқатында, Иван он-ақ жас үлкен еді). — Сен маған керемет ой салдың — “ойшылым”.

— Сонша не деп қойдым?! Тісін қағып тастап, табытқа немесе ақымға салмай-ақ бетін жаба салатынбыз дегеннен басқа не айттым?

— Шал-ау, сен нағыз “алтын сөз” айттың. Ол уақта алтын тіс, гауһар сырға ұрласа, қазір сүйектің өзін ұрлау керек.

— Оны қайтпексің?!

— Сатамыз.

— Қайтіп?

— Иттен оңай.

— Оны кім алады?

— Әй, шал-шал! — деп Иқан Иванды қағытты. — Иесіне... то есть, туыстарына... Сүйекті қазып аламыз да, уақытша басқа жерде бетін жасыра тұрамыз. Сосын “выкуп” сұраймыз. Әрине ақшалылардан. Аруақ үшін олар ештеңесін аямайды.

— Ұсталып қалмаймыз ба? — деп Иванның да жібі босап қоя берді.

— Неге ұсталамыз? Жын қағып па?! — деп Иқан ежірейе қалды. — Шал, жиырма бес мың теңге үшін жалданып жүрміз ғой, бір түнде жиырма мың доллар табуға да болады. Қауіп бар, бірақ тәуекелсіз бола ма?! Тәуекел ету керек. Сосын үш-төрт ай тым-тырыс көрімізді қаза береміз. “Сядем на дно!” Түсінікті емес пе?! Шыдам ғана керек.

— Сол, шыдай алмай құримыз ғой...

— Басты қатырма! — деп Иқан бір-ақ кетті. — Жалғыз өзім де жетем... Бәлсінбеші! Телефон-террорист құрлы жоқпыз ба? Боқмұрын мектеп оқушылары ғой... Ал біз – сомадай еркектерміз.

— Жо-о-о... ме-е-е-ен... — деп Иван міңгірлеп, сөз аяғын жұтты.

ІІ

Іңір түскенше бұлар ертең қойылатын сүйекке арналған екінші қабірді де белуардан қазып тастады. Кешкі салқынмен бусанған терлерін басып отырды.

Ай туғанша күтті. Ақшам туысымен жарты ай да Алатау желкесінен қыдиды. Сонда ғана екеуі күндіз қойылған мәйіттің қабірін қазуға шұғыл кірісті. Үн-түнсіз қимылға көшті.

Күндізгі жылымықтан кейін қызыл іңірмен төмендегі сай табанынан көкмұнар көтерілді. Көкмұнар кіреукелеген қала оттары көмескілене көрінді.

Биік бел басындағы қабіршілер болса арындарын басар емес. Қабағат қайратпен қимылдайды. Маңдайларынан бұршақтап, жондарын шылқытқан тер тыныстарын аша түсіпті. Алқыныссыз күрек батырып, тобарсып үлгермеген жұмсақ топырақты толтыра лақтырады. Бір-бірімен жарыса қимылдап жатқандай.

Ай жарығымен Алатау ғана сұстана үңірейеді. Оны бірақ көр қазушылар елең құрлы көрмейді. Тілсіз таудан сескенер де, тау сұсын сезінер де түрлері жоқ. Арандары ақым ашылғанша басылар емес.

Түнгі қабіршілер кісі бойы қазып, құбыла беттегі лақатқа жетіп, қаланған ақ кірпіштерді ашқанда, жүздерін әлдеқандай жылы леп шалып өтті. Сонда ғана Иқан тіксініп қалды.

— Қорықпа! — деді Иван. — Бәріміздің де барар жеріміз осындай суық... Алғашқыда бойың үйрене қоймайды. Басты тіктің бе, бетіңді теріс бұрма!

— Бір жылы леп шалды, — деді Иқан әлі де қорқынышы басылмай.

— Адам өлсе де, жаны бірден ұшып кетпейді, — деді Иван былқ етпестен. — Көрдегі тәнін қимай, біраз уақыт айналсоқтап жүреді. Қабір азабы сол болса керек. Періштелер келіп сұрақ алмасына кім кепіл?!

— Болды, шал! Мылжыңдама! — деді Иқан үрейлене. — Тезірек көтерейік.

Мәйіт мұздай екен. Аппақ ақзумен оралса да, ызғары жалаңаш алақандарын қарыды. Иқанның бойы тітіреп кетті. Көңілін өкініш аралас үрей сезімі иеледі.

Екеулеп жүріп үш-төрт зираттан кейінгі әлдебір темір қоршаулы, елеусіздеу моланың ішіне кіргізді. Жіті қимылдап, топырағының етегін ойып, сүйекті жаба салды.

Иқанның ойына күндізгі иттер орала берді. Солар келіп сүйекті жұлмалап, жеп кетпей ме деген жалқы ой мазалады. Иванға айтуға қарадай жасқанды. Бәрін бастаған өзі.

Еріксіз Иванның соңынан ерді...

Қайырылып келіп қабірдің басындағы күректерін алып, өздері бесін ауа бастап қазған моланың басына қарай жүрді. Молаға бармас бұрын мәйіт апарған зиратқа дейінгі іздерін жасырған болды.

— Құдайдан енді қар жауғызуын тілейік! — деді Иван. — Бүгінгідей жылымықтан соң қар жаууға тиіс.

— Жауады, — деді Иқан да сенімді дауыспен, — құдай біз жақта... Біздің де бір уақыт көз-жасымызды көруі керек қой.

— Қар жауар, сен бұл мәйіт балаларының телефонын қайдан аласың?

— Оп-оңай. Ертең мәйітханадан басына аты-жөні жазылған ағашын қою керек дейміз. Өйткені көктемге дейін басы үйленбейді, қасына басқа қабірлер түседі. Бәріне де жазып қоямыз деп, аты-жөнін білсек, арғы жағы белгілі... Компьютер заманы, өзі-ақ айтып береді.

— Әй, жыланның аяғын көрген адамсың...

Олар екеуара мініп жүретін көлікке отырып, етекке қарай аға жөнелген. Тау тыныштығы мен мола мылқаулығын машина гүрілі бұзды.

* * *

Айтқандай-ақ таң қараңғысында құбыла беттегі Балқаш бойынан жеткен көбік қар төпеп тұрды.

* * *

Арада тағы бір күн өтті...

Иқан сол күні кешке қалаға кіре бере көлікті тоқтатып, көшедегі аялдама басынан телефон шалды. Иван болса көлікті өшірместен күтіп отырды.

— ...Иә, бұл сол кісінің үйі. Сіз күзетшілерге түстіңіз.

— Ол адам қайтыс болып па еді?

— Иә, жақында ғана қойылған, — деді күзетші еш күдіксіз.

— Онда оның ұлдарына айтыңыз! — деді Иқан еркінірек үнмен. — Аналарының мәйіті ұрланды...

— Не? Не деп тұрсыз?!

— Былшылдамай сөз тыңда! — деп Иқан тіке кетті. — Сүйегі ұрланды. Шешелерінің сүйегі керек болса, жиырма бес мың доллар дайындасын... Сөзді бөлме, есуас! Жиырма бес мың... Иә! Полицияға хабарласса, мәйітті итке тастаймыз... Біз тағы хабарласамыз!

Иқан телефон тұтқасын іле салды.

Ол көлікке отырысымен, Иван газды басты.

...Ал бұл кезде мола басын тіміскілеген сұғанақ иттер қаңғылестеп жүріп сүйектің үстінен шыққан. Олар мәйітті жан-жағынан қаба тістеп, қорлауға кіріскен еді.

Қаладан биікке орын тепкен аруақтар қорымында қараңғы түн ғана торығады.

2006 жыл, қаңтар.



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі