Алтын – айдар

 Алтын – айдар

Бір хан болған екен, оның екі қатыны болыпты. Олар бала таппапты. Сол уақытта бұл бай сапарға шығуға ойланып, қатындарына айтыпты:

— Мен келгенше не істеп, не тауып қоясыңдар? – депті.

Сонда үлкен қатыны айтыпты:

— Мен сен келгенше алтыннан әдемілеп үй салдырамын, – депті.

Кіші қатыны айтты:

— Мен алтын айдарлы бір ұл, бір қыз табамын,– депті, – ол баланың аты Алтын Айдар болады,– депті.

Сонан соң бұл хан сапар шығып кетті. Хан бір-екі-үш жыл жүріп қайтып келіпті. Сонда манағы үлкен қатыны үй салдырып қойыпты, кіші қатыны Алтын-Айдар баланы тапқан екен, бірақ оны үлкен қатыны күндеп, бір сиқыршы қатынға айтып, баласын ұрлап алып, құдыққа тастапты. Ол кіші қатынға сен күшік таптың деп, күшік беріп, бәле қылыпты. Сонда бишара тоқал жылапты да, шарасыз көніпті. Манағы хан келіп, күшікті көріп, тоқал қатынды қуып жіберіпті. Енді баланы әлгі кемпір құдыққа салып жіберіпті. Сонда құдайдың құдіретімен Жәбірейіл періште құс болып келіп, аяғымен көтеріп алып кетіпті де, қаланың шетіндегі бір кемпірге әкеліп беріпті. Ол кемпірдің ұлы, қызы жоқ екен. Сонда ол екі бала үш-төрт жыл тұрыпты. Сол уақытта әлгі кемпір өліпті. Сонан соң бала оқ мылтық атып, құлан-бұлан аулап, етін тамақ қылып, терісін киім қылып жүріпті. Сөйтіп жүріп бір таудың шұқырына келіп, соны үй қылып, сонда тұрыпты. Ол баланың тірі екенін біліп, бұрынғы қас қылған шешесі баяғы сиқыршы кемпірді жіберіпті: Алтын айдарлы баланы өлтіріп кел деп. Сонан соң ол сиқыршы кемпір баланы іздеп шығып келсе, бала аңға шығып кетіпті. Қарындасы үйде отыр екен, оған айтыпты:

— Ағаңа айт, мына жақта Күлмесхан дегеннің бір биесі бар; күнде құлындайды, құлындары арғымақ, тұлпар болады,– деді де, кетіп қалды. Ол кемпір қастықпен өлтіруге ойлапты. Ол жолға барған кісі - жолда адасып кетіп, өледі екен. Кешке ағасы келіпті. Сонда карындасы кемпірдің айтқанының бәрің де тәмам айтыпты. Мұны есітіп, ағасы құлынды іздеп, сапар шығып кетіпті. Жолда келе жатқанда бір дарияға келіпті. Ол дариядан жүрген, өткен кісі әлек болады екен. Бұл Алтын Айдар өтіп келе жатса, дарияны бір перінің қызы толқын қылып, кемені аударуға келе жатыр екен. Ол аудара бергенде, Алтын-Айдарлы бала қолынан ұстап алып, қолындағы сақинасын, білезігін тартып алып, жолына жүре беріпті. Жүріп келе жатқан Күлмесханға келіпті. Ол Күлмесханның биесі құлындап жатыр екен. Күлмесханға айтыпты:

— Әй, тақсыр, құлыныңызды ұлықсат болса алайын,– депті.

Сонда хан:

— Ала ғой,– депті.

Олар өздері де құлындарын ала алмайды екен. Ол құлынды туысымен бір перінің қызы бермей алып кетеді екен. Сол уақытта бала мұны күзетіп тұрғанда, бір перінің қызы бұлт болып келіп, құлынды алып бара жатқанда, Алтын-Айдар қылышпен бұлтты салып қалыпты. Сонда перінің кебісі мен құлынды алып қалыпты. Сонан соң ханға келіп, кебіс пен құлынды көрсетіпті. Сонда хан бұған бата беріпті. Бұл алып қарындасына келіп, құлынды, сақинаны беріпті де, және аңға кетіпті. Сиқыршы кемпір тағы келіп, құлын мен сақинаны көріп, қарындасына айтыпты:

— Мінекей, мен сендерге жақсылық ойлаймын,– депті, –Ағаң саған сақина алып келді,– депті; тағы енді бір жаққа жібер, онан барып, алтын сандық алып келсін,– депті де, кетіп қалыпты.

Ағасы келген соң, қарындасы:

— Тағы бір жерде бір жақсы сандық бар деді, соны маған алып келіп бер,– деді.

Сонан соң ағасы тұлпар құлынына мініп кетіпті. Жолда бір кемпірді көріпті, ол кемпір жердің жарығын жамап отыр екен; бұған келіп:

— Шеше, не қылып отырсың? – депті.

Ол кемпір айтыпты:

— Мен осы жердің жарығын тігіп отырмын,– депті. — He үшін десең, осы жерге өзіңдей батырлар келіп кіріп, бір сандық үшін өлді,– деді. Сонда бала:

— Маған да сандық керек, – деп, келіп кіріп кетіпті. Жердің астынан бір пері шығып айқайлапты:

— Тапал-тас үйде болсаң, хабарлас,– деп айқайлағанда, Алтын-айдарлы бала тас болып өліп қалыпты. Тұлпары бір-екі күн келмеген соң, үйіне қайтып, жылап тұрыпты. Сонда қыз ағасының өлгенін біліп, тұлпарға мініп, кемпірге келіп, манағы жер жамап отырған кемпірді көріп, ағасын сұрапты. Кемпір айтыпты:

— Ағаң өлген, сен барма, барсаң сен де өлерсің,– депті. Сонда қыз айтыпты:

— Мен ағамды көріп өлермін деп, көріп кетейін деп! – кемпір айтыпты:

— Сен жылай бар: «жер үстінде мен мұңдық жер астында сен мұңдық» – деп. Сонда ол қыз осылайша жылап кіріп бара жатқанда, алдынан бір пері қызы шығып, мұңын сұрап, мұны аяп ағасын тірілтіп беріпті.

Сонан соң бұлар бір үлкен көп ағаш көріп, соған келіп кіріпті де қарындасын тұлпарымен ағаштың шетіне қойып кетіпті де, аралап ағаштың ішіне жүре беріпті. Сөйтіп жүріп бір ақ отау көріп, оған келіп кіріпті. Ішіне кіріп біраз отырған соң екі пері қызы үшып келіп, сол үйдің төбесіне қонып отырып, екеуі біріне-бірі айтыпты:

— Әй, мен бір қорықтым депті, неге десең мені бір бала, суда жүріп, кемені аударып жүргенімде қолымдағы сақинамды тартып алды,– депті. — Мен ол баланы көрсем, оған қатын болар едім,– депті.

Сонда кішісі айтты:

— Мен де бір қорықтым, – деді.— Heгe десең мен де бір ханның құлынын күнде алып кетуші едім, бір күні алайын деп келгенімде, бір бала күзетіп тұр екен. Мен ала бергенімде, менен құлынды тартып алып қалды. Ол табылса мен де оған қатын болар едім, – дегенде:

— Міне қатын болсаңдар оларды тартып алған бала мен, – деп түрегелді.

Сонан соң екі қыз да бұған некесін қиып тиді. Бұл бала қыздарды отауымен көшіріп, манағы қарындасы мен тұлпарына алып келді. Барлығы жиылып бұрынғы орнына келді. Сол жерде төрт-бес жыл тұрды. Қанша күндер өтіпті, бала әр күнде аңға шығып жүреді екен. Бір күні аңға шығып жүрсе, бір адамды көріпті. Екеуі келе жатса, алдынан бір аң шықты да, көлбектеп жүре берді. Сол уақытта бала да, қасындағы кісі де атайын деп ұмтылғанда, әлгі аң кісі болды да, атайын деген кісіге айтты:

Сенің мынау балаң,– деді. Балаға айтты:
— Сенің мынау әкең,– деді, — сендерді мыстан кемпір деген сиқыршы кемпір айырған,– деді де, өзі жоқ болды. Сонан соң әкесі мен баласы бірін-бірі біліп жылап көрісіпті де, әкесі баласын үйіне әкеліп қонақ қылып, үлкен қатыны мен мыстан кемпірді шақыртып алдырып өлтіртіпті.

Мұның шешесін бала таппадың деп қайыршы қылып, қаңғыртып жіберген екен. Соны алдырып, өзіне бұрынғыдай қатын қылыпты. Алтын-айдар бала патша болыпты.

Бұл баланың қарындасын, қатындарын алдыртыпты, бәрін жинап алып той қылдырыпты, ат шаптырыпты, барша мұратына жетіпті.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇
  • Автор: Umit
  • 1 669



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі
» қазақ тілі тестілеуде_келген_сұрақтар_зерттеуші
» Наурыз мейрамы Қазақстанда жаңа форматта тойланады