Сақыпжамал

 Сақыпжамал

Бұрынғы заманда Нұғыман деген бір хан болыпты. Ол хан бірнеше қатын алса да бала көрмей, жарым жастан өткенде бір әйелі екіқабат болып, бір ұл, бір қыз тауыпты.

Хан үлкен той жасап, ұлының атын Бәкір, қызының атын Зере қойыпты. Хан балаларын өте жақсы көріп, балаларының еркіне көніп: «Немен ойнаймын десе қолдарынан тартпай өсіріңдер», – деп, әйелдеріне тапсырып қойыпты. Бәкір алты жастан жетіге шығарында, етегіне бір етек ділдә салып ойнап жүрсе, бір қайыршы кемпір кезігіп қалып: «Балам, құдай үшін қайыр», – десе, Бәкір етегіндегі бір етек ділдәні кемпірге сол күйінше төгіп бере салыпты.

Сонда кемпір: «Ой, балам, көп жаса құдай сені Сақыпжамалға қоссын!» – деп бата беріпті.

Бәкір сол батаны естігеннен кейін: «Сақыпжамал деген қандай қыз екен, анығын сол шешемнен неге сұрамадым?», – деп, Сақыпжамалға ғашық болады. Балаға өскен сайын ой түсіп, жүдей бастапты. Бәкір бұрынғыдай ойынды қойып, уһілеп жатып алатын болыпты. Әке-шешелері: «Қарағым, саған не болды? Бір жерің ауыра ма?» десе: «Еш жерім ауырмайды», – депті. «Ендеше неге уһілейсің? Тамақ неге ішпейсің?» – десе: «Тамақ ішкім келмейді, әншейін уһілеймін», – деп, ішкі сырын қанша жалынып сұраса да айтпай қойыпты. Бәкір барған сайын қара ағаштай қатып, бақсы-балгерді жинап қаратып көрсетсе де, ешқандай оған ем қонбайды. Бәкір, сөйтіп, он жасқа шығыпты.

Хан жалғыз еркек баласының мұндай болғанына қатты уайымдап, бақсы-балгер, молда-қожалармен бірге жай үлкен адамдарды да әкеліп көрсете беріпті.

Бір күндерде баяғы қайыршы кемпір есік алдынан өтіп бара жатса, Нұғыман хан көріп: «Мына адам да үлкен адам ғой, «қырықтың бірі - Қыдыр» деген, баламды көрсінші», – деп Бәкір жатқан жеріне ертіп кіріп: «Сіз де үлкен адам екенсіз, осы баламда қандай ауру барын білемісіз?» – деп сұрапты. Сонда кемпір көре салып тани кетіп: «Ойбай-ау, мені ділдәмен байытқан қарағым ғой? Тақсыр хан, балаңызда ауру жоқ, балаңыз алыс жердегі өте мықты Қәһилә деген патшаның Сақыпжамал деген қызына ғашық, ол патшадан мықты патша жер үстінде жоқ, оның қызын алу да оңайға келмейді. Бірақ бұл балаңыз Сақыпжамалды алмаса, ғашықтығымен ақыры өледі, оны қалай етеріңізді өзіңіз білесіз»,– депті.

Сонда Нұғыман хан тұрып: «Ол патшаның қызын алып беруге шамам келмесе, менің жалғыз мирасқорым Сақыпжамалды алмаса ғашықтығымен өлетін болса, мұны қайттім?»– депті. Сонда кемпір тұрып айтыпты: «Ол туралы мен былай ойлаймын, бұл балаңызды ғашықтықпен сарғайтып өлтіргенше, балаңызға бірқанша адам қосып, көптеген алтын-күміспен өзін жіберсеңіз ажалсыз болса тауып мұратына жетер», – депті. Нұғыман хан баласының дертіне анық көзі жетіп: «Қой, баламды қимай үйде сақтағаныммен үйде тіршілігі болмаған соң қимағанымнан не пайда? Онанда баламды жіберейін!» – деген ойға келіп, уәзірлерімен ақылдасып, қасына қырық жігіт қосып, қырық қашырға алтын, ділдә артып, жіберетін болыпты.

Ханның бас уәзірінің де жалғыз баласы бар екен. Ол бала Бәкірмен бір жылы туған, екі жасынан бірге жүріп, бірге өсіп, екеуі өте сүйікті дос екен. Уәзірдің баласы досының сапарға жүретінін естіп, әкесінен рұқсат сұрап: «Мен де досыммен бірге кетемін», – депті.

Уәзір де жалғыз баласын қимай: «Қой, қарағым», – деген екен, баласы қашып кетсе де кететініне көзі жеткен соң: «Қайтейін, менің балам ханның баласынан артық па?» – деп уәзір де баласына рұқсат беріпті. Ханның баласы қасына қырық жігітті ертіп үйінен шыққанда, уәзірдің баласы да жетіпті. Бұған Бәкір өте қатты қуанып, қырық екі болып елінен шыққан күні, уәзірдің баласы Бәкірге:«Ей, достым, осы біз Сақыпжамалдың елін тапсақ, Сақыпжамалды күшпен, қайрат қылып аламыз ба, қалай алар едік?» – деп сұрапты.

Сонда Бәкір тұрып: «Біз қырық екіміз қайрат етіп не бітіреміз, құдай берсе бір айла қылармыз», – депті. Сонда уәзірдің баласы: «Олай болса, мына қырық жігітті қайтар, бұлар бізге аяқбау болады, не де болса екеуіміз-ақ кетелік», – депті.

Бәкір де бұл сөзді тура көріп, қырық жігітті қайтарып, екеуі қырық қашырды айдап жүріп кетіпті.

Сонымен екеуі айдан ай, жылдан жыл жүріп, ашып-арып, сұрап жүріп, Сақыпжамалдың шәрісін тауыпты. Шәріге келгенде алты қашыр ділдәден басқасын сыртқа бір жерге көміп, алты қашыр ділдәні алып шәріге кіріп, сол шәріні аралап бір балалары жоқ өздері өте нашар бір кемпір мен шалды тауып алып, сол кемпір-шалға бала болып тұра беріпті.

Сонда уәзірдің баласы Бәкірге: «Сақыпжамалдың шәрісін таптық, ал енді өзін табу үшін мол айлалар керек, кейін Сақыпжамал бір жерден сезіліп қалса, сонда менің ақылымнан шықпағайсың», – депті. Уәзірдің баласы кемпір мен шалға тойғандарынша ділдә беріп: «Біздер сіздерге бала боламыз, сіздер біздің ауыр-жеңіл істерімізге шыдаңыздар», – депті.

Алтын мен ділдәға тойған кемпір мен шал: «Ой, қарақтарым, сендер өліп бер десеңдер де шыдаймыз», – депті.

Сонымен екі бала бір күні базарда жүргенде, бір алтын сарайдан қаңғыр-қаңғыр қоңырау соғылыпты. Сол қоңырау соғылғанда базардағылар мен көшедегілер быт-шыт болып алды-артына қашып, үйлеріне кіріп, есіктерін, терезе қақпақтарын бекітіпті. Ел алды-алдына қаша жөнелгенде Бәкір көпшілікпен бірге жөнеліпті. Уәзірдің баласы, «мұнда не керемет бар екен, байқайыншы» деп, бір жерге жасырынып тұрып қалыпты.

Аз тұрғаннан кейін, өзін көретін адам болмаған соң, бір биік жерге шығып алып қарап тұрса, әлгі қоңырау қағылған алтын сарайдан күнмен шағылысып, адам сияқты бір нәрсе, жарқ-жүрқ етіп, бір-екі көшені айналып барып, бір қораға кіріп кетіпті. Уәзірдің баласы: «Бұл не ғажап екен, байқайын», – деп, бір биікке шығып қарап тұрыпты. Әлгі жарқылдаған бір сағаттай сол кірген жерінде болып, бір мезгілде жарқ-жұрқ етіп, кірген қорасынан қайта шығып, өзінің бастапқы шыққан алтын сарайына барып кіріпті.

Сонан соң сол сарайдағы қоңырауды тағы қаққан екен, жан-жақтағы бекітіп қойған қақпа, терезелерді ашып, ел үйлерінен шыға бастапты. Уәзірдің баласы мұның бәрін көріп алып, кемпір мен шалға келіп: «Мен осындай бір іс көрдім, ол не ғажап іс?» – деп сұрапты. Сонда шал айтыпты: «Балам, біздің бірнеше патшалардың үстінен қарайтын Қәһилә деген өте мықты патшамыз бар. Патшамыздың еркек баласы жоқ, Сақыпжамал деген жалғыз қызы бар. Ол Сақыпжамалдың сұлулығы адам баласына тура келмесе керек. Патшамыз ол қызын жас күнінен еркек кіндіктіге көрсетпей бағып келеді. Қызы осы күнде әбден бойжетті. Сақыпжамалды еркек затынан көретін осы шаһарымызда алпыс жастан асқан бір кәрі зергер бар. Сақыпжамал әр жұма сайын сол кәрі ұстаға келіп, білезік, сақина сияқты өзіне керекті заттарын соқтырып алады. Сақыпжамал кәрі ұстаныкіне шығар кезінде, Сақыпжамалды күзететін қырық қыз Сақыпжамал шығады деп қоңырау қағады, сонда Сақыпжамалды көрмеу үшін шаһардағы барлық адам жасырынады. Сақыпжамал жұмысын бітіріп сарайына қайтып келгенде, Сақыпжамал келді деп, екінші қоңырауды қағады, сонда жасырынған адамдар қайта шығады. Балам, сенің көргенің Сақыпжамал», – депті.

Уәзірдің баласы Сақыпжамалдың жайын түгел ұғып алып, Бәкірді жетелеп, кәрі ұстаға келіп: «Ата, мына бала екеуміз бір туысқан едік, әке-шешелеріміз өліп жетім қалып, жан бағуымыз қиын болып кетті. Ауыр жұмыс істей алмаймыз, біз жетімдер жан бағу үшін, менің мына інімді көрік басуға жалдап алыңызшы», – депті.

Сонда кәрі ұста: «Ойбай, қарақтарым-ай, маған жұма сайын Сақыпжамал келеді, Сақыпжамалға патша еркек затын көрсетпе деген, мен Сақыпжамалға не деймін?» – депті. Сонда уәзірдің баласы: «Ата, Сақыпжамал келгенде не деуші едіңіз?» – деп сұрапты. Сонда кәрі ұста: «Сақыпжамал мен отырған есіктің сыртында тұрып, «ата, бас екеу ме, біреу ме» деп сұраушы еді», – депті. Сонда уәзірдің баласы: «Ата-ау, онан несін қорқасыз? Сақыпжамал келіп әдетінше «бас екеу ме, біреу ме» деп сұрағанда сіз «Қарағым, бас біреу ғой» деп қойыңыз, Сақыпжамал есікті ашып жіберіп: «Е, біреу дегенің қане? Қасындағың кім?» – деп, ашуланып ұрысар. Сонда сіз айтыңыз: «Қарағым, Сақыпжамал-ай, бұл менің жалғыз балам еді, патша саған еркек затын көрсетпе деген соң, бұл баламды жер астына сақтап жүруші едім, мен қартайып өлер шағыма жақындап келемін, мен өлгенде саған білезік, жүзікті кім соғып береді? Көзімнің тірісінде, көкірегі жаттығып, қолы үйреніп, мен өлгенде өзіңе білезік, жүзік соғып берсін деп шығарып отырмын» –десеңіз болғаны емес пе?» – депті.

Ұста шал: «Ондай болса, жарайды, балам», – деп, ханның баласын көрік басуға жалдап алыпты. Сонымен, Сақыпжамалдың келетін уақыты болып, өзінің әдетінше тыста тұрып сұрап, ұста шал «біреу» дегенде, есікті ашып жіберіп: «Қасыңдағы кім?» – деп ұрысқанда, ұста шал уәзірдің баласының үйреткенін айтыпты.

Сақыпжамал: «Ондай болса, жарайды, ата», – деп келіп отырып, білезік, сақиналарын соқтырып, кетуге айналғанда, ұста шал: «Қарағым, тәтеңді аттандырып жібер», – депті. Сақыпжамал бұрынғыдай тез шығып кете қоймай, жалтақтап Бәкірге көбірек қарап, біраз айналып, тысқа шығып атқа мінгенде Бәкір қолтығынан көтере аттандырғанда, еріне отыра беріп, Бәкірдің қолын қысып жіберіпті. Бәкірдің өңі қуарып, не деп жауап қатарын білмей, тұрған орнында тік тұрып қала беріпті.

Сақыпжамал кетісімен уәзірдің баласы жүгіріп келіп, Бәкірден: «Сақыпжамалдан махаббаттың белгісі туралы бірдеңе сезе алдың ба?» – деп сұрапты. Бәкір: «Сөйлесе алмадым, аттандырғанымда қолымды қаттырақ қысқандай болды», – депті.

Сонда уәзірдің баласы: «Ондай болса құдай беріпті, Сақыпжамалдың көңілі түсіп, «кешке келерсің» деген екен», – депті. Күн батып, ымырт жамылғанда уәзірдің баласы кәрі ұстаға келіп: «Ата, кеше түні, көшеге балалармен ойынға шығып едім, бірқанша балалар мені жалғыздап, жақсы ойнатпады. Бүгін тағы ойнайтын күніміз, мына ініме рұқсат етіңіз, менімен бірге ойнасын», – депті.

Ұста шал: «Қарағым, ертең жұмысынан қалмаса болды ғой, бара берсін», – депті.

Уәзірдің баласы Бәкірді ертіп Сақыпжамалдың сарайына келсе, Сақыпжамал нөкер қыздарының сарайында өлең-жыр, тамашамен отыр екен, уәзірдің баласы Бәкірді Сақыпжамал жататын үйге кіргізіп: «Сақыпжамал келгенше ұйықтап қалып жүрме», – деп өзі басқа бір жерге барып жасырынып тұрыпты.

Сақыпжамал тезірек келе қоймай, біраздан соң Бәкірдің ұйқысы келіп, ұйықтап қалыпты. Бір мезгілде Сақыпжамал келсе, Бәкірдің ұйықтап жатқанын көріп, ары-бері оятса оянбапты. Сақыпжамал әбден оята алмай, қалтасына үш асық салып, өзі төсегіне шығып ұйықтап қалыпты. Уәзірдің баласы ұйықтамай таңға жақындағанда кіріп барса, екеуі екі жерде ұйықтап жатқанын көріп, Бәкірді сүйреп далаға шығарып қалтасын қараса, үш асық тұр. «Ой, бәле-ай!» Сен әлі асық ойнаудан шыға алмапсың», – деп, Бәкірді ұстаның үйіне жіберіп, өзі кемпір-шалдың үйіне кетіпті. Сонымен бір жұма тағы да өтіп, Сақыпжамал келіп аттанарда Бәкірдің бетінен шапалағымен жанып кетіпті. Сақыпжамал кетісімен уәзірдің баласы келіп: «Бұл жолы қандай белгі қалды?» – деп сұраса, Бәкір: «Онысы несі екенін білмеймін, бетіме шапалағымен бір жанып кетті», – депті.

Сонда уәзірдің баласы: «Бүгін кел деген екен», – деп базардан бір ащы дәрі алып, нанға араластырып, кішкене үш тоқаш пісіртіп алып, кешінде кәрі ұстадан Бәкірді сұрап алып, Сақыпжамалдың сарайына келсе, Сақыпжамал бұрынғыдай тағы да нөкер қыздарының қасында отыр екен. Уәзірдің баласы Бәкірді Сақыпжамалдың төсегінің алдына әкеп отырғызып: «Егер ұйқың келсе, мына тоқашты же», – деп, үш тоқаш беріпті де, өзі бір жерге барып, бұрынғысындай жасырынып тұра беріпті. Бәкірдің тағы ұйқысы келгенде тоқаштың бірін жеп жіберген екен, Бәкірдің аузын ашытып, көзінен жасын ағызып, ұйқысын келтірмей отырғанда Сақыпжамал келіп, екі ғашық қосылып, бір-бірінің халі-жайымен әбден танысып, құшақтасып жатқан күйінде шамдарын өшірместен екеуі де ұйықтап қалыпты. Бақташы қыздар: «Сақыпжамалдың шамы неғып өшпеді» деп келсе, екеуінің құшақтасып ұйықтап жатқанын көріп, бес-алты қыз жабылып, жатқан жерінде көрпелеріне орап көтеріп, моншасына апарып байлап қойыпты. «Бүгін түнде ол моншаға адам баласы жақын келуші болмасын!» – деп, қыздар барып жатып қалыпты. Бұл болған істі жасырынып тұрған уәзірдің баласы бастан-аяқ барлығын көріп, жүгіріп отырып кемпір-шалға келіп, оларды оятып, жалба-жұлба киімдерін кигізіп ертіп алып келе жатып:

– Мен сіздерді қазір Сақыпжамалдың моншасына апарып байлап, ондағы екі адамды шығарамын. Ертең патша сіздерді шақырып алып сұрағанда не дейсіздер? Патша сіздерден: «Ей, кемпір-шалым, бұларың қалай?» – деп сұраса, сонда сіздер: «Ойбай-ай, тақсыр-ай, біздер бір нашар кемпір мен шал едік, алыс жерде бір ұзатқан қызымыз бар еді. Баламызды сағынып сол қызымыздың бетінен сүйіп келелік деп, екеуміз жаяу жүріп, сол баламызға барып бір ай жатып, үңгір де болса үйім еді дегендей, үйге қайталық деп жаяулатып арып-ашып, шаршап келе жатып Сақыпжамалдың сарайының алдында ұйықтап қалыппыз. Сонан басқа ештеңе білмейміз», – деп, патшаның алдында кеңкілдеп жылаңыздар», – депті. Алтынға тойған кемпір мен шал: «Жарайды, балам», – деп үшеуі Бәкірлер қамалған моншаға келсе, моншашы «кіруге рұқсат жоқ» деп кіргізбепті. Сонда уәзірдің баласы: «Біздер сен түгіл патшаның өзіне барсақ та түсеміз, мә!» – деп қойнына толтырып әкелген алтынын шашып-шашып жіберіпті. Моншашы алтынды уыстап теріп жүргенде, бұлар дереу моншаға кіріп кетіп, Сақыпжамал мен Бәкірді босатып, олардың орнына шал мен кемпірді байлап үш кісі болып кіріп, қайтадан үш кісі болып шығып кете беріпті.

Сақыпжамал өз сарайында, Бәкір ұстанікінде, уәзірдің баласы шал мен кемпірдікінде жата беріпті. Ертеңіне патша тағына келіп отырғанда Сақыпжамалды ұстап байлаған қыздар патшаның алдына кіріп: «Тақсыр! Бүгін түнде қызыңыз Сақыпжамал бір жігітпен құшақтасып ұйықтап жатқан жерінен екеуін де ұстап моншаға апарып байлап қойдық. Әлі сол жерінде байлаулы тұр», – деп, арыз қылыпты.

Патша мұны естігенде түгі сыртына шығып, қаһарланып, жендеттеріне: «Қазір барып алып келіп, екеуінің де басын алыңдар», – деп бұйырыпты. Жендеттер барып алып келсе, Сақыпжамал дегендері өлмелі бір шал мен кемпір болып шығыпты. Патша бұларды көргенде қаһары тарқап, мұртынан күліп кемпір-шалдан жауап сұрағанда, олар уәзірдің баласының үйреткен сөздерін айтып, кеңкілдеп жылапты. Патша сол сағатында арызшы қыздарды қырғызып тастапты. Сонымен бір жұма тағы да өтіпті. Сақыпжамал бұл жолы атқа мінгенде Бәкірді шылбыр бойы жерге сүйреп апарып кетіпті. Уәзірдің баласы жүгіріп келіп: «Бұл жолы қандай белгісі бар?» – деп сұрағанда: «Шылбыр бойы жерге сүйреп апарып, тастап кетті», – депті.

Уәзірдің баласы: «Ой, құдай жарылқапты, бүгін кешке кетелік дегені екен», – деп, тығып қойған отыз төрт қашыр ділдәменен сол шаһардың ең алдыңғы үш тұлпар атын сатып алып, даярланып тұрып, ел ұйықтаған кезде үшеуі үш тұлпарға мініп, еліне қарай жүріп беріпті.

Бұлар тұлпардың бар жүрісімен екі күн, екі түн жүріп, әбден құтылып алғанда түс мезетінде бір ағаштың түбіне келіп, демалып жатқанында Бәкір мен Сақыпжамал ұйықтап қалып, уәзірдің баласы ояу жатса, үш кептер келіп ағаштың басына қонып отырып, бір-бірімен адамша сөйлесіпті: «Ойпыр-ау, мына жатқандар Қәһилә патшаның қызы Сақыпжамалды бір ханның баласы алып қашыпты деп еді, солар екен ғой», – десіпті. Сонда құстың біреуі тұрып айтыпты: «Алып қашуы дұрыс-ақ, бірақ бейшараның еңбегі еш екен ғой, Сақыпжамалдың әкесі Қәһилә патша сиқырға өте ұста, сиқырымен жібек аяқбаулы көк қаршыға жіберіп ұстайды, ханның баласының ажалы сонан екен ғой», – депті. Енді біреуі тұрып: «Егер де қаршығадан аман өтсе, алтын ер-тоқымды шылбырын шұбатып, тізгінін қаңтарған қара жорға ат келеді. Сол атты ұстаймын деп, ханның баласының ажалы сонан болады екен», – депті. Енді біреуі тұрып: «Ей, осылар сол екеуінен де аман кетер, еліне аман-есен барар, сонда той жасап, ақ отауда жатқанда отаудың шаңырағынан алты қырлы айдаһар түсіп, ханның баласының ажалы дәл сонан болар», – депті.

Сонда біреуі: «Осылардың біреуі ояу болмасын», – депті. Екінші біреуі: «Егер ояу болса осы сөздерді аузынан шығарып айтса, қара тас болсын», – деп ұшып кетіпті.

Уәзірдің баласы барлығын естіп алып, екеуін оятып алып келе жатқан бетіне қарай жүре беріпті. Бұлар біраз жүрісімен-ақ бір көк қаршыға жібек аяқ бауын салақтатып Бәкірді жанамалап жетіп келгенде, Бәкір ұстауға тұра ұмтылыпты. Сонда уәзірдің баласы: «Ойбай, Бәкір, мен ұстайын», – деп ұмтылып барып, қаршығаны қанжарымен екі бөліп тастап жүре беріпті.

Бұған Бәкір: «Неге өлтірдің?» – десе, ол: «Елге барғанда мұнан да артық қаршыға табылады», – деп қойыпты. Соның артынан көп ұзамай-ақ ер-тұрманы алтын бір қара жорға ат ағып, жорғалап жетіп келіпті. Бәкір ұстауға тағы ұмтыла бергенде-ақ уәзірдің баласы онан бұрын қара жорға атты мойнынан шауып жіберіпті.

Бұған Бәкір қатты ренжіп: «Мұның қалай?» – десе, ол: Сақыпжамал пайдакүнем екен дер, Сақыпжамалдан ұят болады, – деп қойыпты.

Соныменен, ай өткенде аман-есен өз еліне де жетіпті. Балаларынан үміт үзген хан мен уәзір бірнеше күн той жасап, Бәкірмен егіз қызын уәзірдің баласына беріп, екеуіне екі ақ отау тігіп беріпті. Балалары отауына кіріп жатқан соң, хан уәзірдің баласынан Сақыпжамалды қандай айламен қолға түсіріп алғанын сұрапты. Уәзірдің баласы әңгімемен отыра беріпті. Бір кезде айдаһар есіне түсіп, айтып отырған сөзінің аяғын шала тастап, Бәкірдің отауына жүгіріп келсе, айдаһар шаңырақтан жаңа түсіп келеді екен. Уәзірдің баласы қанжарын алып, қақ маңдайдан салып жібергенде, айдаһар екі жарылып жерге түсіпті. Айдаһардың бір тамшы қаны от жақта жатқан Сақыпжамалдың бетіне тамып кетіпті.

Тамған қанның зәрі жайылып кетер ме екен деп ойлаған уәзірдің баласы, жібек орамалын суға малып жіберіп, қан орамалға жайылсын деп, қанды сорып жатқанда ханның қызы есіктен сығалап тұрыпты. Әкесіне жүгіріп келіп: «Ойбай, әке, күйеу балаңыз Бәкірді алдап жүр екен, Сақыпжамалдың бетінен сүйіп жатыр», – депті.

Бұған хан қатты қаһарланып, уәзірдің баласын шақырып алып, басын алмақшы болғанда, уәзірдің баласы: «Тақсыр, мен достым үшін баста өз жанымды құрбан қылып едім, мен ақырында достым үшін құрбан болдым, тыңдасаңыз, өлсем де айтып өлейін», – депті.

Хан қаһармен отырып: «Ал, айтшы!» – депті.

Сонда уәзірдің баласы: «Ағаштың түбінде жатқанымызда үш кептер келіп қонып, олар адамша сөйлесті. Бәкірдің неден өлетінін айтты. Ал мұны есіткен адам аузынан шығарса, қара тас болсын деп, ұшып кетті. Сөйтіп, бұларға сыр айтпадым, қаршыға келгенде қаршығаны қанжармен екі бөлдім», – дегенде, уәзірдің баласының тізесінен төменгі жері тас болып қатыпты.

Сонда хан: «Ойбай, шырағым, ендігісін айтпай-ақ қой!» – деген екен, уәзірдің баласы: «Мен достым үшін ақыр өлген адаммын, екі аяқтан айрылған соң менің тірлігім не керек, қара жорға ат келгенде мойнынан шауып жібердім. Сізге бүгін көргенімді айтайын деп отырып, айдаһарды ұмытып кетіппін, айдаһар есіме түскенде, айтып отырған сөзімді шала тастап, жүгіріп келіп едім, айдаһар шаңырақтан түсіп келеді екен, айдаһарды қанжарменен бір салып екі бөлдім», – дегенде бүтін денесі тас болып қатып қалыпты.

Хан қатты өкініп, қызын өлтіруге бекіпті. Уәзірі «ажалға амал жоқ» деп, ханды тоқтатыпты.

Ертеңгісінде Бәкір оянса, досы тас болып қатып қалған екен. Ойбай салып жылап «не болды» деп сұраған екен. Хан Бәкір мен Сақыпжамал сезбеген жасырын сырларын айтып, ол туралы досының қалай өлгенін түгел баяндап беріпті.

Сонда Бәкір: «Ғашық болып жүріп, өлімге тақалып, соншалық жол азабын көріп әкелген Сақыпжамалдың да керегі жоқ, жан достымнан ажырағанда ендігі тірліктің маған керегі не, мен осы достымды арқалап жүріп өмір өткіземін», – деп, тас боп қатып жатқан досын арқалап беті қалай бұрылса, солай сандалып жүре беріпті.

Сонымен, бірнеше айлар жүргенде, әл-шамасы құрып, аяқ басуға дәрмені келмей, бір ағаштың түбіне саялап, ұйқылы-ояу жатса, баяғы үш кептер келіп, қонып отырып, адамша сөйлесіп: «Ой, мынау, әлгі Қәһилә патшаның қызын алып қашқандар ғой», – десіпті. Сонда біреуі тұрып: «Ой, адам уәдесіз деген ғой, бұл сырын айтып қойған екен-ау!» – депті. Енді біреуі тұрып: «Бұлар көретінін көріп болды ғой, көргенін айтам деп тас болып қатуы бәрі сиқырдың ісі, енді сол сиқырдың қайтуы да оңай ғой. Осыдан батысқа қарай жүре берсе, қатар ағып жатқан үш бұлақ бар, соның біріншісінен өтіп барып, екіншісіне мына тас боп жатқан адамды батырып алса, сиқыр сумен қайтады ғой», – деп ұшып кетіпті.

Бәкір бұл сөзді естіп, қуанып кетіп, тас боп қатқан досын арқалап алып, күнбатысқа қарай жүре берсе, қатар аққан үш бұлақ кезігіпті. Есіткеніндей, бірінен өтіп, екіншісіне барып, досын үш рет суға батырып алғанда, досы ұйқыдан оянғандай «бісміллә» деп басын көтеріп алыпты. Сол жерде екі дос жылап-сықтап көрісіп алып, қол ұстасып еліне келіпті. Бірі хан, бірі уәзір болып баршасы мұраттарына жетіпті.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇
  • Автор: Umit
  • 725



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі