DataLife Engine / "Болып жатқан жағдайға сөзім жоқ": Әбілдина өзін мазалаған мәселе туралы айтты

"Болып жатқан жағдайға сөзім жоқ": Әбілдина өзін мазалаған мәселе туралы айтты

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қарақат Әбілдина карантин кезінде шығармашылықпен айналыспаған, тек отбасы мен бала тәрбиесіне көңіл бөлген. Өнер иесі карантин біткен соң да күйбең тіршілікке бірден орала салмаймыз деген ойда. Сонымен қатар кейінгі кезде өнер адамдарының төңірегіндегі дау мен бала тәрбиесі, онлайн концерт жайлы ойын Sputnik Қазақстан тілшісіне сұхбат барысында айтып берді.

Карантинде отбасына көңіл бөлді

"Карантин кезінде шығармашылықпен айналыстым деп айта алмаймын, ешқандай жаңа әнге тапсырыс берген жоқпын. Әр нәрсе көңіл-күйге байланысты. Карантиндегі уақытым балаларыма, отбасыма арналды. Бірнеше ай 24 сағат бала-шағамен отыру – көп дүние жайлы ойлануға берілген мүмкіндік. Бұрын-соңды байқамаған олқылықтарды көріп, орнын толтырдық", - деп бастады әнші әңгімесін.

Айтуынша, күйбең тіршілік соңында жүргенде балаларын көмекшісіне тапсырған. Кейде тіпті мектептегі ата-аналар жиналысына бармаған. Ал қазір балаларының сабағына көңіл бөліп, нағыз бақыттың не екенін түсінгендейміз дейді.
"Әдетте көмекшіге аманаттап тапсырып, баламыздың мектепке барып-келгенінен хабар алып жүрдік. Қарап тұрсақ, өзіміз жұмысбасты болып, көп уақыт сыртта жүрген екенбіз. Қазір жанында отырған соң қадағалап, тәрбиелеп, сабақ үлгерімі, тазалығы, баланың бойында қандай теріс әрекеттер бар екенін – көптеген дүниені көруге мүмкіндік алдық. Үйдегі этика, эстетика, әдеп пен әдет, тәртіп пен тазалық жағынан қай жерде нені жіберіп алғанымызды байқап, сонымен жұмыс істедік", - деді Қарақат Әбілдина.

Тіпті кей күні отбасымен толық бір дастарханда отырмаған күндері болғанын есіне алды.

"Жанталасып жүргеніміз соншалық, бұған дейін бір күнде бір рет басымыз қосылмай жүрген күндер де болды. Бірге отырып ас ішудің өзі берері мол бақыт екен. Ал қазір сол жанталасып жүрген күйбең тірліктің отбасының жанында түкке тұрмайтынын түсініп жатырмыз", - дейді ол.

Сахнаны аңсап отырған жоқ

Карантин біткен соң әнші жұмыс кестесінде аздаған өзгеріс болатынын айтты. Оны қоғамның, адамдардың бірден қалыпты өмірге үйренісіп кетпеуімен байланыстырды.

"Қарқынды өмірге бірден түсіп кетпейтін сияқтымыз. Осы тыныштыққа, отбасылық жайбарақат өмірге үйренгенім соншалықты, тіпті онлайн концерт берген кезде абдырап қалдым. Адам бәрінен тез шығып кетеді екен. Әртіс көйлек киіп, айнаға қарап тез жиналудың өзі басқаша. Бұрын оны көзді жұмып жүріп істейтін едік", - деді Әбілдина.


Айтуынша, барлық адамда бейімделу үрдісі болады. Ал бұрынғы өмірге үйрену үшін тағы біраз уақыт кетеді.

"Сахнаны аңсап, сахнаға ұмытылып, қазір осы "мені сахнаға шақырса ғой", "той-жиында жүрсем ғой" деп армандап, тілеп, қалап отырған жоқпын. Бала-шағамның жағдайын жасап, жанында болатын өмірге үйрендім. Қазір үйде отыратын, әйелдік, аналық образға енгенім соншалық, көйлегімді киіп алып сахнаға шығып кетсем деген көңіл-күй жоқ", - дейді ол.

Сонымен қатар карантин кезінде бұрын-соңды істемеген істермен айналысып жатқанын айтты. Әнші есік алдына қияр мен картоп егіп, отбасымен ағаш отырғызған.

"Жаз мезгілі осылай үйде өтетін шығар. Шақырмаған жерге бармаймыз, шақырылған жерден қалмаймыз", - дейді Әбілдина.

Онлайн концерт туралы

Онлайн форматта концерт беріп жүрген әнші көрерменнің жанарына қарап, энергия алмасқанға ештеңе жетпейтінін айтты. Айтуынша, үлкен концерт сахнасында ән салып жүрген әншіге бірнеше камераға қарап ән салу қиын соғады.

"Онлайн-концерт берген кезде төрт камераға қарап өзің сөйлеп, өзің ән айтып отырасың. Кең, әдемі зәулім сарайларда құлаш сермеп ән айтып үйреніп қалған соң аядай бөлмеде отырып ән салу өнер адамы үшін қиын. Қолымыздан келгенше концерт бердік. Себебі ертеңгі күні "жанды дауыста ән айта алмайды екен" деген пікір айтылмауы үшін еш нәрседен қалыс қалып жатқанымыз жоқ", - дейді ол.

Әншілер төңірегіндегі дау

Ал кейінгі кезде әншілер төңірегіндегі дауда әркім өз қарақан басын ойлап, хайп қуып, жарнама жасап жатыр. Бір әңгіме бір рет айтылып қойса мейлі, оны алып шығып, үдетіп, таратып, дау-дамайға айналдырғаны жақсы емес, дейді ол.

"Хайп қуып, жарнамасын жасап, атына ұпай жинап жатқан жайы бар. Тілшілер де жеке басының я болмаса телебағдарламаның рейтингісін көтеріп алу үшін өнер адамдарын шығарды. Әркім әр түрлі нәрсені көздеп жатыр. Сырттан жай ғана бақылап қарайтын болсақ, өте сүйкімсіз, жаман іс. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бірлігіміздің арқасында мына сын сағаттан аман-есен өтіп, қасиетті айда бір-біріміздің тілеуімізді тілеудің орнына біз не істеп жатырмыз? ", - деп күйінді әнші.


Өткенді қозғағанды ұнатпайтын әнші сөздің реті келген соң осыдан үш жыл бұрын "Қарақат мешітте жын-ойнақ жасады" деген ақпараттың тарауына тағы бір рет тоқталды. Ол кезде дастархан жайып, уағыз оқылған рухани кешті ұйымдастырған әншінің әрекеті халыққа бұрмаланып жеткізілген.

"Қыз-келіншектерге өз қолыммен сыйлық алып, кәде жасадым. Қазақтың құрсақ шашу дәстүрін өткіздік. Майра Ілиясова, Тамара Асар секілді ел алдында жүрген кісілер қатысты. Дастарханымызды жайып, уағыз оқылды. Соны ертеңіне телеарнадан "Қарақат жын-ойнақ жасады" деп шығарды. Рухани кешімді қандай қылып шығарды?! Менің жағдайыммен де санасқан жоқ. Сол кезде төбемнен жай түскендей болды", - деп еске алды ол.

Айтуынша, әлеуметтік желіде әлі күнге дейін "мешітте жын-ойнақ жасаған Қарақат" деп жазатындар бар.

"Халыққа солай жеткізіліп отырған соң қарапайым халық мені қалай жақсы көрсін?! Еш жағдайға бір жақты қарауға болмайды. Ішкен-жегенін, ерсі қылығын, сатып алған көйлегінің бағасын айтып асылық жасап жататын әріптестерім де бар. Олардың теріс әрекетін жоққа шығармаймын. Сол арқылы өзін сүйкімсіз көрсетіп, халықтың ызасын келтіруге үлестерін қосып жатыр", - дейді әнші.

Сонымен қатар "бір құмалақ бір қарынды шірітедіге салынып", көпке топырақ шашпауға шақырды. Өнер адамдарына айтылып жатқан сынды бір жақты көзқарас деп атады.

Осының бәрі жиналып, қасиетті айда күнәға батып жатырмыз. Бір-бірін балағаттап, балтырдан тартып жатыр. Болып жатқан жағдайға сөзім жоқ. Мейлі, өнер адамдары шаршатқан екен, көргілеріңіз келмейді екен. Онда біздің тілеп отырғанымыз қазіргі жағдай ғой. Мешіттер, мәдени ошақ, үлкен концерт залдары қаншама уақыттан бері бос тұр. Бір сәт өнер адамдары, концерттер болмаса қандай болатынын ойланбаймыз. Бір жақты, шолақ ақылмен сөйлейміз", - дейді Қарақат Әбілдина.

"Әлеуметтік желіге тіркелгелі көп дүниеден шошынатын болдым"

Сондай-ақ, әнші оқиғаның ақ-қарасын ажыратпай жатып, пікір айтатындар туралы ойын айтты.

"Екі сөйлемді сауатты жаза алмай отырып, пікір жазады. Халықтың осындай деңгейге түскені ме, білмеймін, әлеуметтік желіге тіркелгелі көп дүниеден шошынатын болдым. Біреу бір пікір жазса болды, бәрі соны қостап кетеді. Бұл олай емес еді ғой деп бір адам шықпайды", - дейді ол.
Сонымен қатар әнші биыл жеке шығармашылық кеш өткізбейтінін айтты, алайда келесі жылы тыңдарманын жинап, ән кешін өткізуі мүмкін.


"Жеке шығармашылық кеш ойымызда жүр, ішкі дайындық та бар. Көктемде Ақтау және Оралда мектебіміздің ашылу салтанатын өткіземіз деп жоспарлаған едік. Биыл мектептің жұмысына көбірек көңіл бөліп жатырмыз. Студияның жұмысы тоқтап тұрғанымен балалармен қарым-қатынасымызды үзген жоқпыз. Не көрсек те елмен бірге көреміз. Дәл қазір жыр жырлап, той тойлап, көшеге шығатын көңіл-күй жоқ", - деп түйіндеді сөзін Әбілдина.


дереккөз
15.05.2020
Вернуться назад