DataLife Engine / Қазақстанда төртінші GSM-оператор іске қосылды

Қазақстанда төртінші GSM-оператор іске қосылды

Елімізде төртінші GSM-оператор іске қосылды. Бұл туралы ҚР Байланыс және ақпарат агенттігінің төрағасы Асқар Жұмағалиев өзінің блогында мәлімдеді, деп хабарлайды NUR.KZ.

"Бүгін жаңа GSM-операторының іске қосылуына арналған шараға бара жатып, соңғы жылдары ұялы байланыс саласында орын алған оң өзгерістерге ой жүгірттім. Қызмет бағасы бірнеше есе арзандады, лимитсіз тарифтер ұсыныла бастады, интерконнект мөлшерлемесі 40-45 % төмендеді, секундтық тарифтеуге толық көштік, 3G және 4G байланыс қызметтері енгізілді", - дейді агенттік басшысы.

Шенеунік нарыққа төртінші GSM-операторының келуін байланыс саласындағы маңызды оқиғалардың бірі деп атады.

"Жаңа ойыншы аталған саладағы бәсекелестіктің артуына, қызмет сапасының жақсаруына, тарифтің төмендеуіне ықпал етеді", - деді Асқар Жұмағалиев.

Сондай-ақ ол келесі жылы өзі басқарып отырған саланың байланыс операторын ауыстыру кезінде телефон нөмірін өзгертпеуге мүмкіндік беретін жаңа қызметті (MNP) сынақтан өткізетінін жеткізді.

Бұл қызмет мобильді байланыс нарығындағы бәсекелестікті дамытуға кезекті рет ықпал етпек.

"Абоненттің телефон нөмірін ауыстырмай келесі бір операторға ауыса алатынын ескерсек, компаниялар арасында клиент үшін таластың күшейе түсетіні белгілі. Бұл кезде тариф мөлшері мен қызмет сапасына басымдық берілетін болады. 2014 жылы Астана мен Алматы қалаларында ұялы байланыс желілерінің қолжетімділігіне, дауыс дыбыстарының берілу сапасына кезекті рет талдау жұмыстарын жүргізуге кірістік", - деді Жұмағалиев.
16.05.2014
Вернуться назад