DataLife Engine / Елімізде қияр мен қызанақ арзандады

Елімізде қияр мен қызанақ арзандады

Қазақстанда сәуір айында пияз 4%-ға, орамжапырақ 6%-ға қымбаттаған. Ал, қызанақ керісінше 4%-ға, қияр 7%-ға арзандапты. Бұл туралы азық-түлік өнімдері бағаларының мониторингін жасаған «Қазагромаркетинг» АҚ мәлім етті.

Жеке аймақтардағы өзгерістерді талдаған компанияның баспасөз қызметінің хабарлауынша, Көкшетауда бөлшек саудада пияз 46%-ға қымбаттап, келісіне 140 теңгеге сатылып жатыр. Астанада пияз 13%-ға қымбаттап, келісі 104 теңгеден саудалануда. Пияз қорының азаюына байланысты Көкшетаудағы көтерме баға 55%-ға, келісіне 84 теңгеден 130 теңгеге дейін, Астанада 17%-ға, келісіне 75 теңгеден 88 теңгеге дейін артқан.

Кейбір аймақтарда орамжапырақ та айтарлықтай қымбаттаған. Көкшетауда өсім - 61%, өнім келісі - 140 теңге, Астанада өсім - 46%, өнімнің келісі -118 теңге, Өскеменде өсім - 10%, орамжапырақтың келісі 99 теңгеге сатылуда. Көкшетау мен Астанаға ерте піскен орамжапырақ жеткізілген, бір апта ішінде көкөністің көтерме бағасы Көкшетауда 86%-ға, келісіне 70 теңгеден 130 теңгеге дейін, Астанада 62%-ға, келісіне 73 теңгеден 118 теңгеге дейін артқан.
Елордада сондай-ақ, отандық өндірушілердің сақтауындағы көкөністің азаюы мен көкөністі ұзақ мерзім бойы сақтауға кеткен шығындардың нәтижесінде сәбіз 16%-ға қымбаттап, келісінің бағасы 87 теңге болды.

Ал, ОҚО-да қызанақ 19%-ға арзандап, келісі 350 теңгеден саудалануда. Себебі, Өзбекстаннан өнімнің көп көлемі жеткізіліп, көкөністің көтерме бағасы 21%-ға төмендеген.

Қиярдың сатылымдағы көлемінің артуы нәтижесінде Астанада оның көтерме бағасы 14%-ға, келісіне 475 теңгеден 410 теңгеге дейін, Шымкентте 24%-ға, келісіне 370 теңгеден 280 теңгеге дейін, Өскеменде 24%-ға, келісіне 470 теңгеден 358 теңгеге дейін арзандады.
Сонымен қатар, Шымкентте Өзбекстаннан көкөністің айтарлықтай көлемі әкелінгендіктен, қызылша арзандап отыр. Бір апта ішінде келісінің көтерме бағасы 90 теңгеден 80 теңгеге дейін немесе 11%-ға төмен бағада сатылуда.
18.04.2014
Вернуться назад