DataLife Engine / Күйеуі екі баласымен тастап кеткен астаналық келіншек Грекияда дүркіретіп тойын өткізген

Күйеуі екі баласымен тастап кеткен астаналық келіншек Грекияда дүркіретіп тойын өткізген

Бүгінде қазақ қыздарының шетел азаматына тұрмысқа шығып, «жатжұрттық» атанып жатқан оқиғалар күн санап артып келе жатқаны ақиқат. Бақытын шетел азаматынан тауып, өзге елде отау құрған қазақ қызының бірі - тараздық Аселина Лесса Андрулаки. Бойжеткеннің таңдауы неліктен өзге елдің азаматына түсті? Әйгілі Эллада елінің «келінге» қатысты қандай салт-дәстүрлері бар екенін Аселина NUR.KZ порталына берген сұхбатында айтып берді.

- Аселина, сіз бүгінде грек еліне келін екеніңізді білеміз. Осы орайда, таңдауыңыз неліктен грек азаматына түсті? Грек ер-азаматтары қазақ жігіттерінен несімен ерекшелінеді?

- Иә, оныңыз рас. Жолдасым грек ұлтынан. Жұбайыммен 2012 жылы, балаларымды Грекияға байқауға апарғанымда таныстым. Айта кететіні, мен бұған дейін де қазақ жігіттеріне тұрмысқа шығып, отбасы құрған болатынмын. Тағдырдың жазғаны болар, алғашқы күйеуімнен ерте айырылдым, одан бір қызым бар. Екінші рет некеге тұрған азамат та қазақ жігіті еді.

Күйеуі екі баласымен тастап кеткен астаналық келіншек Грекияда дүркіретіп тойын өткізген

Алғашында ол мені «жақсы» қабылдағанымен, кейін бәрі басқаша болып шықты. 2009 жылы мен қатерлі ісік дертіне шалдығып, жолдасым мені екі баламен (екінші некеден ұл бала дүниеге келген - авт.) тастап кеткені бар. Екінші күйеуім қызыма жүрегі жылып, оны бауырына баспады. Тіпті, оның туыстары да маған «жылы қабақ» танытты деп айта алмаймын. Қазір, Аллаға шүкір, бұл қиыншылықтардың барлығы артта қалды.



Жақындарым мен маған шынайы жанашыр болған жандардың арқасында дерттен құлан таза айығып, сауығып кеттім. Қазіргі жұбайым мені бойымдағы бар кемшіліктеріммен қабылдап, қос балапанымды өгейсіретпеді. Осыдан-ақ, қазақ азаматтарының өзге ұлттың ерлерінен несімен ерекшеленетіні түсінуге болатын шығар. Бұған қоса екі елдің менталитетіндегі айырмашылық та жер мен көктей.



Грекия Еуропа елі болғандықтан, мұнда әйел адамның ерлермен тең құқықта болуы, еркіндік сынды құндылықтарға баса мән беріледі. Ал, біздің елде керісінше, «келін» болып түскен жас бойжеткендердің отбасын құрғаннан кейінгі «өмірі мен тұрмысы» айтпаса да түсінікті шығар.



Гректер үшін, «отбасы» ұғымы адамның өмірдегі тірегі, қорғаны деген ұғыммен пара-пар десем артық айтқаным емес. Олар қашанда отбасындағы татулықты, бірлікті сақтауға, жанұяда жылы қарым-қатынас орнатуға жақын тұрады. Қазақ отбасылары «көреалмаушылық», «тырнақ астынан кір іздеу» сынды ұғымдармен етене таныс болса, гректерден ондайды әсте байқамайсыз. Бұл тұрғыдан, гректерден үйренеріміз көп.



- Халқымыз қазақ қыздарының жат елдің жігітімен тұрмыс құруын құптай бермейді, тіпті, оған түбегейлі қарсы десек артық айтқанымыз емес. Осы ретте, сіздің бұл әрекетіңізді сынға алып, қарсы шыққандар болды ма?

- Иә, әрине. Мені сынап қана қоймай, тіпті, табалап, қарғағандар да болды. Әлеуметтік желілерде де талай рет жұрттың «сөзіне» ілігіп қалып жаттым. Мәселен, инстаграмдағы «direсt»-ке: «Грекияға кетсең, қайтып келме. Сол жақта мәңгіге қал» деп сөккендер де болды.

Бірақ, тағы да айтарым, менің қос баламды өз баласындай қабылдап, маған отбасылық бақытты сыйлай білген, осы қазіргі жолдасым, яғни, грек азаматы болды. Ол жаныма демеу болып, өмірдің барлық қиындықтарын бірге жеңуге үйретті. Осы үшін жолдасыма алғыс айтып, оны кездестірген тағдырыма шүкір деймін.



- Ал, жолдасыңыздың жанұясы сізді қалай қабылдады? Жұбайыңыздың ата-анасымен, туыстарымен қандай қарым-қатынастасыз?

Жолдасымның ата-анасы, туыстары мені өте жылы қабылдады. Жұбайыммен танысқан күннен бастап, күні бүгінге дейін, яғни, төрт жыл бойы ата-енем маған үнемі сыйлықтар тарту етіп, «еркелетумен» болды. Мен «жолдасымның ата-анасы», «менің ата-анам» деп ешқашан бөліп-жарған емеспін. Сол себепті, ата-енемді өз әке-шешемдей көріп, оларға әрдайым сый-құрмет көрсетуге әзірмін.

- Грек ұлтының «отбасы, келінге» қатысты қандай да бір салт-дәстүрі туралы айтып бересіз бе? Бәлкім, олардың әдет-ғұрыптарының халқымыздың ырым-жоралғыларымен ұқсас тұстары бар болар?

Салт-дәстүрлердегі ұқсастықтардан бұрын, ерекшеліктерге тоқталғым келіп отыр. Мәселен, қазақ халқында қызды ата-анасы ұзатқаннан кейін, оны күйеу жігіттің шаңырағына әкеліп, ақ босағадан аттатса, гректерде керісінше, той күніне дейін, күйеу жігіт өз қалыңдығын көрмеуі тиіс. Дәстүр солай. Сол сияқты, біздегідей тойда «тілек айту» дәстүрі оларда атымен жоқ.



Есесіне, гректер өздерінің ұлттың биін билеуде алдына жан салмайды. Тойымызда Қазақстаннан келген қонақтар «Қаражорға» биін билегенде, олардың қатты таң қалғаны есімде.

Грек ұлтына тән тағы бір дәстүр – қалыңдықтың тәтті-дәмділерді күйеу жігіттің туыстарына, той меймандарына өз қолымен ұсынып, дәмін татқызу ғұрпы. Бір қызығы, қалыңдық әлгі тәттілерді қасықпен немесе шанышқымен емес, тек өз қолымен ұсынуы тиіс.



- Өзініздің желідегі парақшаңызда көптеген қоғамдағы мәселелер туралы ой-пікіріңізді бөлісіп отырасыз. Шетел азаматтарымен көңіл жарастырып, тұрмыс құрғысы келетін аруларға не айтар едіңіз?

- Сұрақ тосыннан қойылғаннан, не деп жауап берерімді де білмей тосылып отырмын. Ең әуелі, барлық қыздарымызға айтатыным, егер, шетел азаматымен отау құрып, жат елге қоныс аударуға бел бусаңыздар, алдымен, сол елдің тілін меңгеруге тырысыңыздар.



Сонымен бірге, әрқашан таным көкжиегін кеңейтуді ұмытпаңыздар. Жалпы, шынайы махаббат бар жерде, ел, жер, нәсіл, дін мен тіл сынды «кедергілерге» орын жоқ деп ойлаймын.

- Әңгімеңізге рахмет!
25.05.2017
Вернуться назад