DataLife Engine / Ерлан Сағадиев халыққа несімен жақпай жүр?

Ерлан Сағадиев халыққа несімен жақпай жүр?

Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев осы лауазымға келгелі бұл салаға түрлі реформалар енгізуден жалығар емес. Оның бастамалары қағаздан іске көшпей жатып қызу талқыға салынатын болған. Ал кейбірінің арты үлкен дауға айналып жатыр. nur.kz порталы министр Сағадиевтің халыққа жақпай жүрген бастамаларын тізіп шықты.
 
Үш тілді білім беру жүйесіне көшу

Өткен жылғы наурызда министр «Білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2020 жылға арналған мемлекеттік бағдарламасын» бекітті. Осы құжатта қарастырылған білім берудің үштілді жүйесіне көшу, бес күндік оқу аптасының енгізілуі және оқу жылының ұзартылуы сияқты өзгерістер жұртшылық арасында алуан түрлі пікір тудырып, ата-аналар тарапынан жаңа министрге көп сын тағылды.
Министрдің бітпейтін экспериментінің басы осы болатын. Қоғамда үштілді білім беруге көшу туралы айтылғанда ата-аналар мен көптеген сарапшылар бұған еліміздегі мектептердің дайын еместігін айтып бақты. Көпшілігі қазақ тілінің жағдайына алаңдайтындықтарын жеткізген. Алайда Сағадиев мырза білім берудің жаңа жүйесін енгізудің еш қиындығы жоқ екенін алға тартып, жоғары сыныптарды 2019 жылға дейін біртіндеп осы жүйеге көшіру көзделіп отыр.
Электронды күнделік
Өткен жылы тамыз кеңесінде білім министрі 2017 жылдың соңына дейін еліміздің барлық мектептерінде электронды күнделік енгізілетінін мәлімдеген болатын. Бұл жүйеге қатысты қоғамда біржақты пікір қалыптаспады. Жүйе енгізіле бастаған сәттен мұның көшірме екенін айтқандар аз болған жоқ.
«Күнделік.kz» ресейлік «Дневник.ру» жобасының көшірмесі деген ақпарат тарады. Елді дүрліктірген де осы еді. Бір қызығы, жаңа жүйені енгізуде мұғалімдердің өз арасында күмән мен күдік көп. Олар түрлі органдардың тексерісінен сескенеді.
Сол үшін қазіргі уақытта ұстаздар электронды журналмен қатар, қағаз журналды да толтырып жүр. Ал министр осы орайда білім және ғылым, қаржы министрліктері прокуратурамен бірлесе хат әзірлейтінін айтты. Оған сай, элекронды журналды басып шығарып, мөр қойылса, ресми құжатпен тең болмақ.
Сынға қалған «Сауат ашу»
«Әліппені» бір-ақ сәтте алмастырған «Сауат ашу» халықтан қолдау таппады. Ата-аналар бұл оқулықтың балаларға қиын екенін алға тартты. Сауат ашуды оқу үшін бала мектепке әріп танып бару керек екен. Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан тіпті министрге осы атышулы оқулыққа қатысты талап қойды. Ол оқулықты ақтарсақ масқарамыз шығатынын айтып, сауат ашу пәнін алып тастауды, орнына әліппені қайтаруды сұрады.
ҰБТ-ны «тартымды» ететін сұрақ
Бұқаралық ақпарат құралдары ҰБТ сұрақтарын газеттердегі сұхбат негізінде дайындаған министрлікті айыптады. Тест сұрағының жауап нұсқаларында көрсетілген Баян Есентаева мен Нұртас Адамбайдың есімін көрген көпшілік білім министрін қатты сынады. Ұлттық тестілеу орталығы бұл сұрақтың осындай дау туғызатынын білдік деп отыр.
«Біз мұны білдік осындай болатынын. Биыл ҰБТ-дан өтетіндердің қызығушылығын көтеру үшін. Баян Есентаева мен Нұртас Адамбай туралы сұрақ та бар. Олар кинематография, кино саласы дамуы туралы өзінің ой-пікірін көрсеткен», - деп түсіндірді орталық директоры Рамазан Әлімқұлов.
Артынша, министрліктің баспасөз қызметі қоғамда кереғар ой туғызған, жауап нұсқасында жұлдыздардың есімі жүрген сұрақты базадан алып тасталғаны жөнінде мәлімдеді.
Тізімнен алынған «қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы
Білім және ғылым министрлігі «Қазақстан республика­сындағы жоғарғы және жоғарғыдан кейінгі білім беру мамандық­тарының классификаторы» деп аталатын білім құжатының жаңа нұсқасын осы жылдың 1-ші ақпанында қолданысқа енгізді.
Аталған құжаттың «Бакалавриат мамандықтары» деген 7.1. бөлімінде қазақ тілі және қазақ әдебиеті мамандығын алып тастаған. Оның орнына «Мұғалімдерді тілдер мен әдебиет бойынша даярлау»  деп қана көрсетілген.
Бір қызығы,  білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев жоғары оқу орындарында бұдан өзге де бірқатар мамандықтардың тізімнен алынып тасталғанын естімеген болып шықты.

05.03.2017
Вернуться назад