Назарбаев "Нұр Отанға" шерулету мен жасандылықтың қажеті жоқ екенін ескертті

Назарбаев "Нұр Отанға" шерулету мен жасандылықтың қажеті жоқ екенін ескертті

Елбасы, партия төрағасы «Үгіт-насихат жұмыстары және логистика тобының», «Ұйымдастыру жұмыстары тобының» және «Ақпараттық-сараптамалық топтың» қызметімен танысты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Сондай-ақ Қазақстан президенті өңірлік штабтар басшыларымен және мүшелерімен бейнеконференция режімінде кеңес өткізіп, барлық облыстық штабтардың үгіт-насихат науқанына дайындығы туралы есептерін тыңдады.

"Ертеңгі күннен сайлау алдындағы үгіт-насихат басталады. «Нұр Отан» партиясының XVII съезінен кейін бүкіл елде елеулі жұмыстар атқарылды. Қажетті үгіт-насихаттық өнімдер даярланды, Республикалық және өңірлік штабтар құрылды, партияның кандидаттары сайлау алдындағы науқанға дайын. Партиялық тізімге экономика салаларында, мәдениет пен қоғамның әлеуметтік өмірінде жұмыс тәжірибесі бар, алуан түрлі кәсіптің мамандары кірді. Бұл халық мұқтаждықтарын шешетін кандидаттардың құрамы сапалы екенін көрсетеді. Біздің партия сайлаушылардың дауысын иелену үшін сайлау алдында ашық әрі әділ күрес жүргізуге ниетті екеніне сенімдімін. Тұрақты диалог жүргізіп, азаматтарымыздың сауалдарына дереу үн қату керек. Біздің жұмысымыздағы негізгісі осы", – деді Қазақстан президенті.

Мемлекет басшысы кез келген саяси партия үшін сайлау шешуші сәт екенін атап өтті.

"Сайлау қорытындысы бойынша партияны ғана емес, оның мақсаттары мен бағдарламаларын қолдау деңгейі де анықталады. Электоралдық науқан ұйымдастырушылық және кадрлық әлеуетті, саяси және практикалық мүмкіндіктерді жаңа қырынан ашуға мүмкіндік береді. Сайлау науқандары партия кадрларын нығайтады және жаңартады, оны жаңа белсенділермен, жақтастармен толықтырады, болашақта ел басшылығына араласатын талантты саясаткерлерді танытады. Әрбір сайлау – партия құрылысындағы жаңа баспалдақ", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан президенті партияның негізгі міндеті Ұлт жоспарын тиімді орындау, «Қазақстан-2050» стратегиясының басты мақсатына қол жеткізу, сондай-ақ «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру болып табылатынын айтты.

"Түптеп келгенде, осының бәрі әрбір азаматымыз үшін жағдай жасайды. Осының бәрі әрбір қазақстандық лайықты жұмыспен қамтылып, жоғары кәсіби біліктілікке ие болуы үшін жасалуда", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отанның» барлық азаматтарға түсінікті сайлауалды науқанын жүргізуі керектігін айтты.

"Шерулету пен жасандылықтың қажеті жоқ. Әрине, бұқаралық үгіт шаралары маңызды, бірақ бастысы бұл емес. Әрбір адамға сөзіміз жету, жұмысымыздың мәнін БАҚ пен белсенділер арқылы түсіндіру маңыздырақ. Дабыра ұрандатулар аз, нақты істер көп болуға тиіс. Бұл үшін партиялықтар қоғамның барлық топтарының – ауыл мен қала тұрғындарының, кәсіпкерлер мен зиялы қауымның мұң-мұқтажын білуі және ескеруі керек. Электоралдық кезеңді азаматтарымызды топтастыруға, қоғамдағы тұрақтылық пен бірлікті одан әрі нығайтуға қолдану қажет", – деді мемлекет басшысы.


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Қарап көріңіз 👇



Жаңалықтар:
» Құрбан айт 2021: қашан, құрбандық шалу шарттары, дұғасы, құрбан малының жасы, жарамды мал 18.07.2021, 0
» Асқар Мамин: 600 мың педагогтің жалақысы 25 пайызға артады 13.07.2021, 0
» Space X осы жылдың қыркүйегіне дейін бүкіл әлемді интернетпен қамтамасыз еткісі келеді 12.07.2021, 0

Келесі мақала, жүктелуде...
Біз cookie файлдарын пайдаланамыз!
Біздің сайтты пайдалануды жалғастыра отырып, сіз сайттың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін cookie файлдарын өңдеуге келісім бересіз.
Жақсы