Сүйегі көрініп тұрды: Пойыз апатында қос аяғын сындырған жолаушы қалай аман қалды?

Сүйегі көрініп тұрды: Пойыз апатында қос аяғын сындырған жолаушы қалай аман қалды? казакша Сүйегі көрініп тұрды: Пойыз апатында қос аяғын сындырған жолаушы қалай аман қалды? на казахском языке


Жамбыл облысында пойыздың рельстен шығып кетуі салдарынан зардап шеккен жолаушының әйелі апат кезінде вагонда не болғанын айтып берді. Ол күйеуі Әліби Байжанов екі аяғын қалай сындырып алғанын баяндады деп хабарлайды Sputnik Қазақстан агенттігіне сілтеме жасаған nur.kz.

Айгүл Кәрімованың айтуынша, олар аударылған вагондардың бірінен екі бүйір орынға билет алған.

"Біз Астанадан Алматыға бара жатыр едік. 14-ші вагонда болдық. Мен бүйір орында отырдым, күйеуім жанымда отырған. Ұйқыдан тұрып, шай ішіп жатқанбыз. Сағат бірге таяп қалған уақыт. Бір кезде пойыз теңселіп, аударыла бастады… Бірден бір жерден ұстап қалу керек деген ой келді. Пойыз құлап бара жатқанын түсіндім. Ал күйеуім менен ұстамақ болды. Өйткені бүйір жақ болғандықтан оның қолына ештеңе іліне қоймаған", — деді ол.
Әйелдің айтуынша, пойыз аударылғаннан кейін олардың екі орны да жоғарыда қалған.

"Бұған дейін күйеуім: "Мына пойыздың тежегішінде ақау бар, жұлқып жатыр" деп еді. Көзді ашып-жұмғанша құлап кетті, сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес", — дейді Кәрімова.

Сыртқа шығу үшін терезені сындыруға тура келген.

"Шаңғып кетті, балалар жылап жатыр – біздің вагонда 18 бала болды! Құдай сақтап бәрі аман… Күйеуім: Айгүл, аяғым сынып кетті" деді. Адамдар жоғары қарап қалған терезені сындырып, оны шығарып алды. Содан кейін талдардың арасына алып барып жатқызды. "Жедел жәрдемді" күттік. Ашық сынықтан қан кетіп жатты, сүйегі көрініп тұрды", — дейді әйел.
Көз жұмған жасөспірімді Кәрімова алыстан көріпті. Оның өмірін құтқарып қалуға әрекеттенген, алайда нәтиже болмаған. Сонымен қатар, жолаушының айтуынша, апаттан кейін жолсеріктердің бірін тоқ ұрған. Алайда қазір оның жағдайы жақсы екен.

Бүгін Әлиби Байжановқа дәрігерлер ота жасауы тиіс.

"Екі аяғы да сынып кетті, бір аяғында жабық, екіншісінде ашық сынық. Дәрігерлер гипс салды. Күйеуім есін біледі, сөйлеп жатыр", — деп түйіндеді ол.
Еске салсақ, кеше Жамбыл облысы Шу ауданында "Астана-Алматы" жолаушылар пойызының сегіз вагоны рельстен шығып кетті. Пойызда 829 жолаушы келе жатқан. Апат кезінде 12 жасар жасөспірім көз жұмған.