DataLife Engine / Құдай, Алла, Аллаһ Тағала

Құдай, Алла, Аллаһ Тағала

Құдайға құрмет - елдің салты,
Еліне құрмет - ердің даңқы.

Кірсіз - Ай, мінсіз - Құдай.

Құдайға сенген құстай ұшады,
Адамға сенген мұрттай ұшады.

Адалды Құдай табады,
Момынды қайыр табады.

Құдай азды-көпті берсе де,
Нығметіне тәубе қыл.

Көп қайда болса, Құдай сонда.

Құдайдың құлы - Мұхаммедтің үмбеті.

Сыбырлағанды Құдай естімей ме?

Кісіден сұрағанның екі көзі шығады,
Құдайдан сұрағанның екі бүйірі шығады.

Жалғыздық Құдайға жарасар.

Дүниеде тек Құдай мұңсыз.

Сен Құдайға жеткенше,
Мен ауылға жетермін.

Тәңірінің құдіретін көрем десең тауға бар.

Адам ойлайды, Құдай шешеді.

Құдайға сенемін деп жолыңнан қалма.

Көпке ұнаған Құдайға да ұнайды.

Құдай құмырсқаға кәрін тіксе, қанат бітіреді.

Зорсынғанға Құдай бар,
Сом темірге балға бар.

Құдай берейін десе, жұдырыққа тас сынады,
Қимайын десе, бұршаққа тіс сынады.

Аллаға жағайын десең, азаның болсын,
Қазыға жағайын десең, қазаның болсын.

Құдайдың бергенін шайтан қызғанады.

Құдай бергенін алса да, берерін алмасын.
Құдай малыңды алса да, пейіліңді алмасын.

Құдай деген құнықпайды.

Хан да Құдайдың құлы.

Құдайға да сенеді,
Албастыға да ереді.

Жаратқанның назары
Не жақсыға, не жалғызға түседі.

Басы аман, малы түгелдің Құдаймен ісі жоқ.

Жыртық үйдің де Құдайы бар.

Жарлы деп сөкпе,
Пайғамбарға тілің тиеді,
Жалғыз деп сөкпе,
Құдайға тілің тиеді.

Таңғы нәсіп - Тәңірден.

Ауыз - дарбаза, сөз - самал,
Құдай ұрғанда не амал?

Құдаңа бола Құдайыңнан айырылма.

Емшекті ана береді,
Несібені Алла береді.


Момынның есебін қу табады,
Қудың есебін Құдай табады.

Шайдан басқа асым жоқ,
Құдайдан басқа досым жоқ.

Көпке тентек — Құдайға шет.

Алла кешірер, аруақ кешірмес.

Құдай салды - мен көндім.

Күштіде Тәңір жоқ.

Құдайдан безгенді шайтан сүйеді.

Құдайдың күнінің жаманы жоқ.

Бекерден бекер жатқаннан Тәңір безер.

Көкте - Құдай, жерде - құмай.

Алла бермегенді молда бермейді.

Жақсы да Құдайға керек.

Құдайдың өзі бермейді,
Біреудікін біреуге ауыстырып береді.

Құдай құлым десе,
Пайғамбардың үмбетімін демеске шара бар ма?!

Адамның дегені болмайды,
Алланың дегені болады.

Жаны күйген Тәңірін қарғайды.

Құдай бергенге құлай береді.

Құдай адастырарында адамның ақылын алады.

Құдай - хақ, Құран - ақиқат.

Қатты жерде қақ тұрар,
Ынсапты елде Хақ тұрар.

Тобы бірдің Тәңірі бір.

Басы ауырып, балтыры сыздамағанның
Тәңіріменен ісі жоқ.

Адамның басы - Алланың добы.

Тамыр берген түйеден,
Тәңір берген тоқты артық.

Жетімге ауыз берген Құдай нәпаха да береді.

Қашқан да Құдай дейді,
Қуған да Құдай дейді.

Құдай деген құр қалмайды.

Білімді ұстаз бергенмен, білікті Құдай береді.

Уәде - Құдай аты.

Құдайдың алдында бай да, кедей де - бәрі құл.

Құдайсыз қурай сынбайды.

Қорық Құдайдан, қайт райдан.

Сақтанғанды Құдай сақтар.


Жалғыздың жары - Құдай.

Халықтан ұял, Құдайдан қорық.

Құдайдан сұрасаң кешірер,
Кісіден сұрасаң, екі көзіңді өшірер.

Құдайдың бір аты - халық.

Әлі кеткен Құдайға тапсырады.

Мал - байдікі, жан - Құдайдікі.

Берейін десе, Құдайда назына көп.

Құдай бір айналдырса, шыр айналдырады.

Жүйрік атқа мінген Құдайын ұмытар.

Ұлыңды алып қыз берсе - қорлағаны Құдайдың,
Қызыңды алып ұл берсе - сыйлағаны Қүдайдың.

Құдай да бергенге береді.

Адам басына бір Алла.

Құдайдың құрығы ұзын.

Ауру берген Құдай әл де береді.

Құдай - біреу, кезек - екеу.

Тас - таразы, Құдай - қазы.

Құдай атқан оңалар,
Аруақ атқан оңалмас.

Жаратқанға сенген жаяу қалады.

Момынның ісін Құдай жөнге салады.

Құдай тірі еткенді құры етпейді.
Құдай бір ұрғанды қос қолдап ұрады.

Алланың өзі де рас, сөзі де рас.

Аллаға шек жоқ.

Шайтан сүйгенді Алла сүймейді.

Талап - адамнан, дем-су - Алладан.
Тамақ - байдан, ажал - Алладан.

Тәңір жолы - ақ жүрек.

Алла - жалғыз, аты - тоқсан тоғыз.

Алланың бір аты - шындық.
Алла асыраған пенде аш болмайды.

Әуелі Тәңірі жерге береді,
Жерге берсе, елге береді.
Елге берсе, ерге береді.

Адамға Алла береді,
Адамның ниетіне қарай береді.

Алланың берейін деген құлына
Оннан-мұннан құралар,
Бермейін деген құлының
Жалғыз тайын ұры алар.

Тәуекел ет те, тас жұт, ажалың - Алладан.

Құдай салды, көнерміз,
Аман болсаң, көрерміз.

Құдай - бір, Құран - рас.
09.01.2016
Вернуться назад