DataLife Engine / Қорқақтық

Қорқақтық

Қорқақ көлеңкесінен де қорқады.

Қорқақ қол бастамас.

Қорқақтың қолы қысқа.

Қорқаққа қос көрінеді.

Қорқаққа құбыжық көп.

Қорқақтың сылтауы қойнында.

Бір ұрты май,
Бір ұрты қан.

Қорқақ - қашқан кісі,
Батыр - шанышқан кісі.

Қорқақтың бәрі Құдайшыл.

Қорыққан бұрын жұдырықтар.

Қорқақ пен қорқақ қорықпай көріседі.

Қорқарың бар,
Қосты неге тонайсың?

Қорықсаң, құның болмайды,
Жауды жеңбей, тыным болмайды.

Қорқақтың көзі үлкен,
Ақымақтың сөзі үлкен.

Қорқақты қуа берсең, батыр болады.

Қорықпас келін қой басынан қорқады.

Қорқақтың қатыны болғанша,
Батырдың жесірі бол.

Қорыққан мен қуанған бірдей.

Қорқақ ер болмайды,
Қола зер болмайды.

Қорқаққа қылыш жұмсаудың қажеті жоқ.

Қорықпас Құдайдан да қорықпас.

Құдайдан қорықпа,
Құдайдан қорықпағаннан қорық.


Шайтан жаманынан қорықпа,
Адам жаманынан қорық.

Ақылды қасыңнан қорықпа,
Жарымес досыңнан қорық.

Батыр жарқырап жүреді,
Қорқақ қалтырап жүреді.

Арадан қорықпа, жаладан қорық.

Ынжық ықтасын іздейді.

Ер жігіт бір өледі,
Қорқақ мың өледі.

Сенен қорыққаннан сен де қорық.

Жасқаншақтың жаны тәтті.

Қорықсаң, қасқыр інінің аузына барып жат.

Қашқанды қума.

Жорғадан туған жортақ бар,
Шеберден туған шорқақ бар,
Батырдан туған қорқақ бар.

Батырдың бір ісі тентек,
Қорқақтың екі ісі тентек.

Қашпақ болсаң, зымыра.

Қашып кетсең, шашып кет.

Қашпақ, қумақ - ерге сын,
Көшпек, қонбақ - жерге сын.

Қашқаннан тосқан жаман.

Тазы қуған қояндай.

Тікеннен шошып шоқ басқан.

Тізеден келер суға белден тәубе.

Айға шапқан арыстанның ашуына болайын,
Жауға шапқан батырдың тасуына болайын,
Ел көшті, жау жетті деп, қашуыңа болайын.

Аюдан қорыққан орманға бармас.

Тосылмайтын жүйрік,
Шошынбайтын жүрек болмайды.

Жылан қуса, жолға қаш,
Бура қуса, жарға қаш.

Қашпай қорқайын ба?

Ат үріккен жерінен,
Жігіт қорыққан жерінен шеттейді.

Бұға берсең, сұға береді.

Сен тимесең, мен тимейін бадырақ көз.

Шегірткеден қорыққан егін екпес.

Қарап жатқан жыланның,
Құйрығын неге басасың?
Шағайын деп шақпаса,
Шошынып неге қашасың?

Ала жіпті көрген жылан деп қорқады.

Жасқаншақтың көзі сау.

Ерше барып, итше қайтты.

Ауруын жасырған ажалсыз өледі,
Қиянаттан қорыққан амалсыз көнеді.
07.01.2016
Вернуться назад