DataLife Engine / Сақтық

Сақтық

Сақтықта қорлық жоқ.

Сақтансаң сақтаймын деген.

Сақтықты сұңқардан үйрен.

Сақтықты соқырдан үйрен,
Кішілікті түйеден үйрен.
Сақ жүрсең - тоқ жүресің.
Сауысқаннан сақ, жұмыртқадан ақ.

Саптыаяқтан ас ішіп, сабынан қарауыл қарайды.
Сырын білмеген аттың сыртынан жүрме.

Сақтаған көзге шөп түсер.
Өзі саққа Құдай жақ.
Алғырды мақта, өткірді сақта.

Өзіңе-өзің сақ бол.

Бір көзім қорада, бір көзім молада,
Бір көзім балада, бір көзім далада.
Оң көзіңе сол көзің қарауыл болсын.
Мұрын болмаса, екі көз бірін-бірі шұқыр еді.
Жаман көзден, жаман сөзден сақтан.
Жер екеш жердің де құлағы бар.

Жауың тышқан болса, арыстан деп қара.

Қамданған қапы қалмайды.
Балта шапқанша бөрене жол табады.
Құлайын деп тұрған тамға сүйенбе.

Итпен жолдас болсаң, таяғыңды тастама.

Тістейтін жылқы тісін көрсетпейді.

Жабу жауыннан сақтайды,
Жады жауырдан сақтайды.
Жабулы қазан жабуымен қалсын.
Дос деп сынамай, сырыңды айтпа,
Достың да досы бар.

Палуанның жаманы
Шалдырған соң өкінер.
Күзетшінің жаманы
Алдырған соң өкінер.
Ақбөкен көп жортпа,
Алдыңда қазулы ор бар.
Көктұйғын көп шүйілме,
Алдыңда құрулы тор бар.
Алды-артыңа қарайла,
Бөрік астында бөрі бар,
Басып кетпе, абайла.
Сақтан саламатқа жеткен.

Құрғақ талқан жегенді күлдірме,
Жайдақ нарға мінгенді желдірме.
Құлағы сақтың ойы сақ.
Мейірімдінің кәрінен сақта,
Қарсыз қыстың зәрінен сақта.
Алдыңа бір қарасаң, артыңа он қара.
Жақсыға сұқтан, жаманнан сақтан.
Кедейдің кәрінен сақтан.
Шайтанның шатағынан,
Ханның қаһарынан сақтан.
Кедейдің кербезінен сақтан.
Қанжар қынында қалғиды.

Екі жүзді пышақтан сақтанба,
Екі жүзді адамнан сақтан.

Кезенген жаудың көзінен сақтан, сойқанның сөзінен сақтан.
Ақтан жабысқан пәледен сақтан,
Аяқ астынан шыққан жаладан сақтан.
Күле кіріп, күңірене шыққаннан сақтан,
Күні шығып тұрып, жауғаннан сақтан.

Қас болып, дос болғанға мақтан,
Дұшпанмен дос болудан сақтан.

Досыңмен дос болғанға шаттан,
Дұшпанмен дос болудан сақтан.
Жапырағыңды малдан сақта,
Бұтағыңды балтадан сақта.
Айдапсал от жақса, сақтықтың суын сеп.
Досыңмен дос болғанға шаттан,
Досыңмен дұшпан болғаннан сақтан.
Тілдінің тілінен сақтан,
Сөздінің сөзінен сақтан.
Көздінің көзінен сақтан.
Сақ адам сандығын бекітеді.

Құйрығы - шаян, беті - адам,
Байқамай сенбе сұмпайыға.
Пейілі кедей байдан сақтан.
Қатерлі жерде қаперсіз отырма.
Маңдайы тайқыдан,
Көкірегі қайқыдан,
Еріні түріктен,
Ауызы бүріктен,
Көзі көктен,
Сылтауы көптен сақтан.

Шешуі жоқ, шегі жоқ
Үрейден сақта.
Тұсау ат сақтайды,
Ат ер сақтайды,
Ер ел сақтайды.
01.12.2015
Вернуться назад