Пендешілік, күнәхарлық, пенделік

 Пендешілік, күнәхарлық, пенделік

Түйе қараған мылжың,
Қатыны өлген мылжың.

Екі мылжың кездессе, әңгіме ұзарады,
Екі тентек кездессе, шеке қызарады.

Төрешілдің ертеңі таусылмайды,
Мылжыңның «ертеңгісі» таусылмайды.

Қайғы қан аздырады,
Мылжың ми тоздырады.

Езбе мырыңдап жеңеді.

Жасыңда қылжаң болсаң,
Өскенде мылжың боласың.

Аз сөз — алтын, көп сөз - көмір.

Көп сөйлеген көптен айырылар.

Көп сөз есекке жүк.

Күніне мың сөйлеген адам өледі.

Көп сөз - бос сөз.

Ауыз өзімдікі деп сөйлей берме.

Аузымен орақ орғанның белі ауырмайды.

Аузымен астау шапқан,
Қолымен жаңқа жара алмас.

Мылжың үндемесе, басы ауырады.

Сөзшеңді үндемеген жеңеді.

Аузына келгенді сөйлеу,
Ақымақтың ісі.
Алдына келгенді жеу,
Хайуанның ісі.

Құр судан май шықпайды,
Құр сөзден мән шықпайды.

Көзі көктің былшылдаған сөзі көп.

Сөзі көп те, мәні жоқ,
Сабаны көп те, дәні жоқ.

Көп сөйлеген не жолдасынан,
Не құрдасынан айырылады.

Аңғал сөйлеп аспа,
Жолын білмей қашпа.

Сөзге батыр, іске пақыр.

Құрғақ сөз бас ауыртар,
Құрғақ қасық ауыз жыртар.

Аузы көжедей қайнайды.

Бір теңге беріп жырлатып,
Мың теңге беріп қойғыза алмады.

Әншейінде ауыз жаппас,
«Айт!» дегенде жағын ашпас.

Қолымен қоян соққан,
Аузымен орақ орады.

Көп қыдырған - кезбе,
Көп сөйлеген - езбе.

Өз үйінде ою оймаған
Кісі үйінде сызу сызады.


Өз елінде сызу сызбаған,
Кісі елінде нақыш салыпты.

Өз елінде шекпен пішпеген
Кісі елінде мақпал пішеді.

Көргеннен көзақы алады.

Көк инені көтінен түрте білмейді.

Қымбат мата сандықта жатып тозады.

Басқа үйдің жығуын білсе де, тігуін білмейді.

Олақ жаман, олақтан салақ жаман.

Алтынды еріте білмеген ірітер,
Теріні илей білмеген шірітер.

Алтынды еріте білмеген күл етеді,
Жібекті түте білмеген жүн етеді.

Шынжараны білмеген тұнжырар.

Ата алмаған атынан көреді,
Қайтып келіп қатынынан көреді.

Ине өз тесігін тіге алмайды.

Ат мінбеген ат мінсе,
Шаба-шаба өлтірер.
Тон кимеген тон кисе,
Сілке-сілке бітірер.

Ерте туып, кеш қалған.

Қырын алған қырқында шал.

Қырыққа келсе де, ырыққа келмеген.

Кері кеткеннің сақалы кеңірдегіне бітеді.

Бір сүрінген қырық сүрінеді.

Сорлыға соққы бұрын тиер.

Сорлыға сойылдың жуан басы тиер.

Сорлы ырым етер, ырымы қырын кетер.

Сорлының аты сорға жығылар,
Оралып келіп, орға жығылар.

Сорлының сырын сор кешкен білер.

Соры бар жігітке сортаң жер жолығар,
Айналасы ойпаң жер жолығар.

Тастаған шоқпар сорлыға тиер.

Сылбырдың аты шылбырына сүрінер.

Сойылды соға білмеген өзіне тигізер.

Құнтсыз кісі көсеумен қамшылар.

Қолапайсызды қойнына алса,
Көрпеден аяғы шығып жатар.

Отырса опақ, тұрса сопақ.


Қырсыз шілдеде жаурап,
Тойда аштан өледі.

Жаңбыр жаумай су болған.

Ит кемірген асықтай.

Тоңбай қалтырған.

Ине жұтқан иттей имеңдеген.

Күнге көннен қатырған сабадай.

Отқа оралып, суға сүрініп жүреді.

Отпен кіріп, күлмен шығады.

Аштан өлмей, көштен қалмайды.

Аузынан мәйегі түскен.

Аузынан сөзі, қойнынан бөзі түскен.

Жылан арбаған торғайдай.

Құлаққа ұрған танадай.

Есепте бар да, санда жоқ.

Көн етіктіге құрым шұлғау.

Тоқсаны жиналып, тоқты жыққан батырлар,
Сексені жиналып, серке жыққан батырлар.

Сақалды құл жарытпас.

Өтпес пышақ қол кесер.

Сабы алтын болса да,
Көсеудің көсеу аты қалмайды.

Ерте оңбаған кеш те оңбас,
Кеш оңбаған еш те оңбас.

Боқты боққа ұрса, былш ете түседі.

Күріш арқасында күрмек су ішеді.

Онсыз да шығайын деп тұрған көз еді.

Қылышын сермей алмаған өзіне тигізер.

Белден бөгіп, белшеден батқан.

Үйде оңбаған түзде оңбас.

Екі жарты - бір бүтін.

Іш қазандай қайнайды,
Күресуге дәрмен жоқ.

Күлге аунаған тауықтай.

Керегесін итке қомдаған.


Қырқында қыр аспаған,
Елуінде ел аспас.

Малдан боғы бөтен.

Жалаң аяқ жан кешті.

Шиқан үстіне қотыр.

Отызында орда бұзбаған,
Қырқында қамал бұзбас.

Жыртық тесікке күледі.

Жығылған сүрінгенге күледі.

Жыртық ауыз тыртық ауызға күледі.

Шалбары жыртық дамбалы тесікке күледі.

Тұмылдырық таққан бұзаудай.

Шытыр жеген түйедей.

Әрі кіріп, бері шыққан.

Тентек шоқпар жинар.

Тентектен тез хабар.

Тентек - жұртқа тентек, өзіне мақұл.

Тентектің есіл-дерті - бұзу,
Текенің есіл-дерті - сүзу.

Тентек отты тебемін деп, аяғын күйдірер,
Ділмәр шындықты жеңемін деп, тілін күйдірер.

Тентек өзін дәу санайды,
Жантақ өзін бау санайды.

Тентекті тентек десең,
Бөркі қазандай болады.

Тентектің түбі - теңіз.

Тентектің тобасы болмас,
Ақымақтың обасы болмас.

Телі-тентектің қолында темір сөйлейді.

Екі тентек кездессе,
Төбелеспен тарқайды.
Екі мылжың кездессе,
Ерегеспен тарқайды.

Көппен тентек болсаң да,
Көпке тентек болма.

Алыстың жақыны бар,
Тентектің мақұлы бар.

Екі тентек елге сыймас.

Екі тентек қосылса, аудай болар,
Екі ақылды қосылса, таудай болар.

Ел ішінде бір тентек жүрмей ме?

Баланың тентек болғаны үйінен,
Жігіттің тентек болғаны биінен.

Оңқа ойын бұзар,
Тентек тойын бұзар.


Елге сыймаған жерге де сыймайды.

Сойқанды әкеден сотқар ұл туады.

Жуастан жуан шығады.

Жын соққаннан мың соққан жаман.

Жын ұрғаннан жұқана қалады.

Жындыға талқан да бір, шалқан да бір.

Жын да бейімдіні ұрады.

Құтырғаннан құтылған.

Екі есерге бір есті.

Ұрынарға қара таппайды,
Емдетерге жара таппайды.

Дәлдір тіліне сүйенеді,
Дана білігіне сүйенеді.

Дәлдірлекке дару жоқ.

Аусардың қызықпайтыны жоқ.

Тебегеннің таңын сүзеген айырады.

Тебегеннің артынан,
Қабағанның алдынан жүрме.

Қашағанның қырсығы жусағанға тиеді.

Құл құтырса, ұдыққа қармақ салады.

Ауылды ала тайдай бүлдіреді.

Әкеңде жоқ арғымақ, шешеңде жоқ арғымақ, сен қайдан шықтың тіке жардан қарғымақ?

Ақылды ісіне сенеді,
Ақымақ күшіне сенеді,
Әңгүдік түсіне сенеді.

«Ә» десе, «мә» деген.

Шаш ал десе, бас алады.

Атың шықпаса, жер өрте.

Көзі қарайған там сүзер.

Қисықтың көлеңкесі де қисық.

Құлықсыздың қырық желеуі бар.

Тентекке күнде той.

Тұщы тәнге ащы таяқ.

Құлаққа - құлақ, тұяққа - тұяқ.

Долы кісі пышақ өткізеді.


Долы кісі бұтына сиеді.

Опақтан сопақ шығады.

Нілдей бұзылады.

От алып, ораққа түседі.

Ашуы шөккен нардай, жауған қардай.

Қардан кебіс киіп, мұздан құрсау салған.

Саудың асын жеп,
Жындының ісін істейді.

Тұздың ішкен теке көзденіп.

Шыбық тимей шыңқ етер.

Қисық аяққа қисық кебіс.

Айыбы бардың тізесі қалтырайды.

Күнәң болмаса, күнді болжа.

Наурызда шабынған бурадай.

Оқалақ тиген танадай өкіреді.

Оттай орақшы, жаудай қарақшы.

Бит ашуын сіркеден алады.

Талағы тарс айырылды.

Жыласаң, тағы ұрамын.

Бір тентек, бір ақылды таласса,
Атысқан жаудай болар.
Екі тентек таласса,
Сап-саудай болар.

Төбелес «боқ жемеден» басталады.

Тентегін тыйған ел болар.

Өңкей тентек ел болмас.

Иегі қисықтың сақалы түзу болмас.

Баланың сотқары — пәленің шоқпары.

Тебегеннен тер, қашағаннан қан жаудырады.

Қызба, қызуың басылғанда қызарарсың.

Ұзақтай шулайды.

Тентекті тентек десең,
Телпегі қалпақтай болады.

Тигенге тиіп,
Тимегенге сідігін шашады.

Қол қышуы қанбағанның
Таяқ тиер басына.


Екі тау қосылады дегенге нан,
Бұрынғы бұзық түзеледі дегенге нанба.

Онда барса, оған сақ,
Мұнда келсе, бұған сақ.

Негізі қара ағармас,
Негізі бұзық түзелмес.

Қасқадан төбел туады,
Қотырдан қыршаңқы туады.

Ел іші тентексіз,
Мал іші індетсіз болмас.

Жер астынан жік шықты,
Екі құлағы тік шықты.

Айқайы көптің айтары жоқ.

Екі мүйізі көк тіреген.

Тарпақ тайдай қылпылдаған.

Екі иығына екі үкі, басына бір үкі қадаған.

Құтпан төбеттей әупілдеген.

Тәрбиені тай-өгізге жеккен.

Көнекке тас салғандай.

Шегірткенің айғырындай безектейді.

Оспадар орға жығар.

Зікір салған бақсыдай қалшылдаған.

Іші жарау, жоны қырау.

Таудан тас арқалаған.

Төбелестен кейін жұдырық сермемейді.

Кекіреге тойған текедей бақылдар.

Сен істегенді мен істедім,
Сенен артық не істедім?

Оншадан мұнша жүріп.

Жалаң аяқ жар кешті,
Қызыл аяқ қар кешті.

Ұры кеппе, қау бөрік.

Алаңғасарға әрі құла десе, бері құлар.

Мойнында - қосаң, артында - тіркеу.

Асыңды ішейін, аяғыңды тебейін.

Жітікке саяқ қосылып.

Кетер аяғым, кетпен таяғым.

Тентекке таяқ өтпейді.


Қайқы сақалдың ашуы,
Қабанша жармай қайтпайды.

Зорлықтың түбі - қорлық.

Тозбас жасау болмас,
Бас білмес асау болмас.

Әлін білмеген әлек.

Қолың көтермес шоқпарды беліңе қыстырма.

Селтеңдеген жігіттің серкесінің соры.

Көрене зорлық - басқа қорлық.

Ісі түскенде мүсәпір,
Ісі біткенде кісәпір.

Ит арамды,
Тентек Құдайды танымайды.

Қоян аяғын жеген.

Албасты қабаққа қарап басады.

Жын ұрғаннан жұқана қалады.

Бұзық адам бетті келер.

Тентекке тіл жаңғырық.

Қойды шартық бүлдіреді,
Елді қортық бүлдіреді.

Тентектің таяғы сегіз,
Бірі тимесе, бірі тиеді.

Бас асауға жез ноқта.

Тарпаңға — кісен, қашағанға — шідер.

Жеңілген күреске тоймайды.
Таяқ жеген төбелеске тоймайды.

Азу тісі балғадай.

Адам басына әңгіртаяқ ойнатады.

Таяқтың екі ұшы бар.

Оқалақ тиген танадай.

Екі иінін жұлып жеген.

Керіскен көп бопсалар,
Артында қызыл шоғы қалар.

Алдына келгенді тістейді,
Артына келгенді тебеді.

Аузы алты қарыс.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі