Жалғыздық

 Жалғыздық

Жалғыз ағаш
Орман болмас,
Жалғыз кірпіш
Қорған болмас.

Жалғыздың жолы тар,
Жалшының қолы тар.

Жалғыз жігіт басына іс түссе,
Ақылынан адасады,
Сасқанынан қырық құмалақ алып,
Бал ашады.

Жалғыз ағаш пана болмас,
Жалғыз биеден саба болмас.

Жаяудың жүрісі өнбейді,
Жалғыздың бір ісі өнбейді.

Жалғыз үйдің тамағы жетсе де,
Табағы жетпейді.

Жалғыз мая қайымас,
Жалғыз жігіт байымас.

Жалғыз батыр, жауға жоқ,
Жалғыз жігіт дауға жоқ.

Аңқау аңдамайды,
Әңгі таңдамайды.

Сіз тұрыпсыз тікейіп,
Біз тұрыппыз тікейіп.
Жерге түскен қамшыны
Кім алады еңкейіп.


Бір де болса — бірегей
Сүт бетінде кілегей.

Азды аяған көптен құр қалар.

Жалғыздың қалі — мүшкіл,
Дәмі — қышқыл.

Байлық мұрат емес,
Жарлылық ұят емес.

Жатқа жалшы жүргізген
Жарлылықтың салдары.
Жабағы-тай мінгізген
Жаяулықтың салдары.

«Кедеймін» десең, көшіпкөр,
«Теңдеріңді» шешіп көр.

Бөлінген бүлінеді.

Жалғыздың таңы атпас,
Жалғызға үйдің иті жатпас.

Жалғызға ұжмақ та жараспайды.

Жарлының жайын
Жарлы біледі,
Жарлы білмесе,
Сорлы біледі.


Ағайын қадірін білмесең,
Жалғыздық берсін сазаңды.

Қағынған қарғыс алар,
Қарасқан алғыс алар.

Екі бас,
Екі басқа малта да ас.

Тамшы ақса,— қосың жаман,
Ақсақ болса,— мосың жаман.

Жұлдыз тумай ай болмас,
Жұрынды болмай бай болмас.

Жалғыз ағашты жағу қиын,
Жалғыз баланы бағу қиын.

Жалғыз иттің
Үргені білінбейді,
Жалғыз жолаушының
Жүргені білінбейді.

Сығырдың ақысын сараң жейді,
Сараң болмаса, арам жейді.

От көрмеген от көрсе,
Күндіз шырақ жандырар.
Оқ көрмеген оқ көрсе,
Далаға атып даң қылар.

Жалғыз кісі емес,
Жапалақ құс емес.


Жалғыз тері тон болмас,
Жалғыздың сөзі оң болмас.

Біреу бейнетін көреді,
Біреу зейнетін көреді.

Жалғыздың ісі бітпес,
Созса қолы жетпес.

Қарыз қайтарумен ғанибет.

Басы — бапан, аяғы —сапан.

Бедері кеткен торқадан,
Бек тоқыған бөз артық.

Соқырдың қожасы — құлағы,
Ақсақтың аяғы — таяғы.

Асыққан шайтанның ісі.

Жуастың бір аты — жаман.

Егіз аттан жығылса,
Басын сүйер ағасы,
Жалғыз аттан жығылса,
Неге келер шамасы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі