DataLife Engine / Тарих | Билер институты

Тарих | Билер институты

Мазмұны
КІРІСПЕ
І бөлім Билер институтының тарихи даму кезеңдеріне сипаттама
1 тарау. XV ғасырдың екінші жартысынан XVІІІ ғасырдың ортасына дейінгі кезеңдегі қазақ хандығындағы билер институты
2 тарау. Билер институты Ресей бодандығы түсында
3 тарау. Кеңестік Қазақстандағы билер институты
ІІ бөлім Билер институтының жүйесі мен негізгі сатылары (инстанциялары)
1 тарау. Билер Кеңесі
2 тарау. Билер соты
3 тарау. Ақсақалдар соты
Қорытынды
Пайдаланылған деректер тізімі

К І Р І С П Е
Еліміз бүгінгі күні құқықтық, демократиялы ел болуға бет бұруда. Бұл асқақ мақсатқа еліміздің өткен тарих қатпарларындағы дала демократиясының көрінісі болып табылатын құбылыстарды танып, бүгінгі елімізде жүргізіліп жатқан реформалардың арқауы ете білген де ғана жетеміз. Сонымен қатар бұл еліміздің жалпы адамзат қауымдастығындағы өзіндік бет-бейнесі бар ел екендігін танытуға мүмкіндік береді.
Және де бүгінгі таңдағы жергілікті жерлерде көрініс беріп жатқан ұлттық-құқықтық қайта жаңғырығулардың табиғатын тануға жол ашады. Билер институтының Кеңес дәуірінде таптық көзқарастың тезіне түсіп, сұрықсыз түспен боялып, кертартпа, үстем таптың қол шоқпары ретінде бағаланғаны бізге аян. Ал бүгін бұл мәселені жалпы өркениеттілік құндылықтар тұрғысымен қарау кезек күттірмей жүзеге асыруды қажет ететін шаруа. Міне осы және жоғарыда айтылғандар тақырыптың қаншалықты өзекті екендігін аңғартады.
Билер институтының бірнеше ғасырларға созылатын зерттелу тарихы бар. Бұл қазақ әдет-ғұрып құқығының дәстүрлі институты туралы деректің бастауы қытай елінің қорларында жатыр. Оны кейінгі кездерде белгілі ғалым Қ. Салғараұлының сол елдерден әкелген және де бұрыннан бізге белгілі еңбектерден білеміз.
Ал билер институтына қатысты деректердің жүйелі жиналуы Ресей патшалығының қазақ елін отарлауымен байланысты. Осы тұстарда бұл институттың әр қырын терең тануға мүмкіндік беретін материалдар кең көлемде жинастырылды.
Кеңес дәуірінде әсіресе 70 жылдардан бастап белгілі ғылым академик С. Зимановтың басшылығымен қазақ әдет-ғұрып құқығының институттары мен нормалары кең масштапта ғылыми айналымға түсіп зерттеле бастайды. Осы уақыттардан бүгінгі күнге дейін би институтын зерттеуге қазіргі кездегі белгілі ғалымдар Н. Өсерұлы, З.Ж. Кенжалиев, С. Өзбекұлы, Н. Ахметовалар үлкен үлес қосты.
Біз жұмыс барысында алдымызға тұтастай би институтының сұлабасын жасауды мақсат етіп қойдық. Оған жету үшін біз өзіміздің алдымызға мынандай міндеттерді шешуді жүктедік:
- билер институтының хандық дәуірлердегі қаймағы бұзылмай дамыған кезеңіне;
- Ресей патшалығы тұсындағы би институтының құйтырқы саясаттың қолшоқпарына айналып, өзінің демократиялың бет-бейнесін жоғалтқанын сипаттау;
- Кеңес дәуіріндегі бұл жүйеге қатысты мемлекеттік саясатты және онымен күрес жолдарын көрсету;
- Билер институтының жүйесі мен негізгі сатыларына сипаттама беру;
Жұмыс мемлекет және құқық теориясы мен тарихи кафедрасында орындалды. Бітіру жұмыс кіріспеден, 2 бөліменен, 6 тараудан, қорытындыдан тұрады.
І бөлім. Билер институтының тарихи даму кезеңдеріне сипаттама
І тарау. ХV ғасырдың екінші жартысынан XVІІІ ғасырдың ортасына дейінгі аралықтағы Қазақ хандығындағы билер институты
Бұл кезеңдегі билер институтына қатысты мәселені қазақтың белгілі хандарының бірі Қасым дәуірінен бастаймыз. Қасым елі үшін үлкен қызметтер жасаған тұлған. Оның басты еңбегі сол уақытқа дейінгі “жол жоралғыларды” жүйелеп бір ізге салуында.
Сол туралы Шәкәрім Құдайбердіұлы “Қазақтың түп атасы” деген өлеңінде Қасым ханды былай марапаттайды:
“Баласы Әз-Жәнібек Қасым еді,
Атағы сол соғыста асып еді.
“Қасымның қасқа жолын” сол шығарған,
Ташкеңнің алтын тағын басып еді”1.
Бұл заңда ғұлама ғалым Ә.Марғұланның айтуы бойынша құқық нормасының бес саласы қамтылған. Олар:
1. Мүлік заңы /мал, мүлік, жер дауын шешу ережелері/.
2. Қылмыс заңы /кісі өлтіру, ел шабу, мал талау, ұрлық қылмыстарына жаза/.
3. Әскери заң /қосын құру, аламан еліндегі, қара қазақ, ердің құны, тұлпар ат/.
4. Елшілік жоралары /майталмандық, шешендік, халықаралық қатынастарда сыпайлық, әдпепиілік/.
5. Жұртшылық заңы /шүлен тарту, ас, той, мереке үстіндегі ережелер, жасауыл, бөксеуіл, тұтқауылдардың міндеті/2.
Сонымен қатар Қазақ ордасының мемлекеттік негіздерін, адамдардың арасындағы, рулар арасындағы қатынастарды белгіледі деген де пікір1 бар. Қасым хан өзінің сот шешімдеріне бұрынғы ата-баба ғұрыптарына сүйенудің қажеттілігін атап көрсетеді. Бұл ханның жолды жасаудағы ролін көрсетеді. Сол кезге дейінгі қазақ даласындағы қалыптасқан “жол “қасқа жолдың” халық арасына кең таралуының сыры оның хан тұсындағы билердің көкейінен шығуында еді. Өйткені, би ханның пәрменін халық арасында дұрыс түсіндірушісі, қамқоршысы болған. Сондықтанда бұл заң билердің, батырлардың тағы басқа игі жақсылардың бас қосқан жиынында мақұлданған. “И как гласит предание, он на одном из собраний знати, биев и влиятельных степных вельмож, объявил о необходимости придерживаться многих из этих норм и использовать в разбирательствах споров”2. Сөйтіп, ол билердің талқысынан өту арқылы өмірге жолдама алпы.
Билер бұл заманда негізінен ру басының қызметін атқарлы. Билердің беделі руларында зор болған. Сондықтанда қазақ хандығын нығайтуды ойлаған Қасым хан билердің ақыл-кеңестеріне сүйеніп, ел билеуге ұмтылған. Ал билердің беделінің неліктен артқандығына келетін болсақ, онда ол сол кездегі қалыптасқан шаруашылық жүргізуде еді. Сондықтан да халық ханнан гөрі, билерді көп сыйлаған.
Қасым хан тұсында билер жеке дара болмаса, тегеурінді әлеуметтік күшке айналмаған еді. билердің бұл кездегі тағы бір ерекшелігі олар әліде болса, ру басы, сол рудың дау-жанжалын шешуші тұлға болғандығы.
Есімхан Тәукелден туып қалған,
“Есімнің ескі жолы” деген заң шағырған1 – деп ақын жырлаған “Еңсегей бойлы Ер Есім” де қазақ мемлекеттігін нығайтуда зор еңбек сіңірген қайраткер.
“Ел ауында сақталған деректерге қарағанда, Қасым хан тұсында “қасқа жолға” қосылған жаңалық: “Хан болсын, ханға лайық заң болсын: батыр болсын, жорық жолы мақұл болсын: абыз болсын, абыз сыйлау парыз болсын, би болсын, би түсетін үй болсын” деген ережелер екен. Бұл қазақ хандығы құрылысының саяси-әкімшілік, әскери және сот істері жөніндегі негізгі заң сипатындағы төрт тұғыр екені байқалады”2. Сонымен қатар “қоныс-тұраққа, мал-мүлікке, адамар арасындағы қарым-қатынасқа қатысты туындайтын дау-шардың шешімдері осы кезде сараланады”3.
Оның ескі жол аталуы туралы пікірлердің барлығы, оның бұрын қалыптасқан “жол-жоралғыларды” өзгертпей дамытты деген пікірге4 саяды.
Енді Есім хан тұсында билердің ролі қандай болды? Соған тоқталайық. Би әруақытта елдің қамқоршысы, дала демократиясының жаршысы, сондықтан да билердің ролін арттыруға Есім хан да көңіл бөлген. Бізге жеткен ел аңызындағы деректерде Есім хан билер туралы арнайы бабты заңдастырған көрінеді: Ол мынадай: “би болсын, би түсетін үй болсын”5. Бұл заңда адамның табиғат берген ерекше қасиеттері де ескерусіз қалмаған. Онда үстеме құн ретінде: “өнер, құны, сүйек құны” белгіленген. Егер өлген адам батыр не ақын-жырау немесе би болса, сол өнері үшін үстеме құн алынған”. Ол тұста сонымен қатар билер кеңес құрып тұрған. Бұл әрине билердің сол кездң өзінде беделді күшке айналғанын куәләндіреді.
Бұл уақыт аралығы туралы жазылған нақты фактілі еңбектердің аздығы, әлі де болса қолға түспеуі бізді халықтың зердесінде сақталған аңыз әңгімелердің желісімен сол кезеңнің бейнесін сомдауға итермелейді. Сондай аңыздың желісі бізді Есімхан тұсында да билердің ролі қомақты болған деген ойға жетелейді. И.Байзақов шығармаларында мынадай аңыз әңгіме ұшырасады: “Қазақтың Есім ханы болған кездле, жау жорық жапан түзге толған кезде. Болыпты Монтай атты бір әділ би, руы ойбас қыпшақ орта жүзде”1.
Есімнің жоғын жоқтайтын, оның беделін дәріптен асыратын, елін билеуде тіреніші болған, билері де бар. Сондай биінің бірі кіші жүздегі ел басқарушысы Жиембет жырау еді2.
Хан қорланғанда оның ашуын басуға, сабасына түсіруге жарарлық күш билер болған. Олар өзінің тоқтау сөзін ханға көркем тілімен әшекейлеп, жүрекке жетерліктей етіп айта білген. Жиембет бидің інісі шатақ іс жасағанда Есім ханға келіп былай деген екен:
“Жол тосып алып кетіпті,
Қалмақтан алмақ сыйынды,
Қаһарынды басқалы
Қалың елім жиылды
Бастап келген өзге емес,
Жиембет – сынды биің-ді3.
Билер халық сүйеніші, кеңесшісі болған. Хан саясатын ру ішінде жүргізуші. Егер ханнан би сырт айналса, халық та теріс қараған. Билер сол кездің өзінде ханға, хансың деп қарамай ойындағысын айта білген.
Жиембет жырау:
“Еңсегей бойлы ер Есім,
Есім, сені есірткен
Есіл де менің кеңесім
Ес білген де, Есім хан,
Қолыңа болдым сүйесің,
Қолтығыңа болдым демесін
Ертеңгі күн болғанда,
Елің кеңес құрғанда,
Айналып ақыл табарға
Есіктегі ебесің,
Сонда ханым не десін,
Мен жоқ болсам, Есім хан,
Ит түрткіні көресің,
Жиембет қайда дегенде
Не деп жауап бересің?”1 – деген екен.
Есім хан өзінің әкесі Тәуекел хан дербес би ретінде белгілеген Досмұхамедті2 қатты құрметтеп сыйлаған. Оның билікшешімдерін үнемі мақұлдап отырған. Досмұхамедтің ісіне сүйіспеншілігінің белгісі ретінде халық оны “Дос би” деп атаған.
Есім хан халықтар арасындағы ынтымақты да нығайтуға күш салған. Және ол елдердің де билеріне құрмет көрсетіп отырған көрінеді. Ш.Уәлихановтың айтуынша осы ынтымақтың белгісі ретінде “Ташкентте қырғыздың көркем биіне арнап күмбез салдырған. Ол осы күнге дейін бар, “Көкемнің көк күмбезі” деп аталады1.
Көріп отырғанымыздай Есімхан тұсында билердің қоғамдағы атқарған ролі жоғары болған. Бұл кезде билер өзінің руының білектей піріне айналған. Бірақ та әліде болса билер жалпы ханға тегеурін боларлық айбынды күшке айналмаған еді. Сонымен қатар бұл кездің ерекшелігі билердің өздеріне тән шешендік, ділмарлық, тапқырлық деген қасиеттерінің кең құлаш жая бастауында еді.
“Көріп отырғанымыздай Есім мен Қасымның жинақтарында қомақты” орын әскери және елшілік нормаларға берілген. Бұл түсінікті де. Себебі, жас мемлекеттің ең басты мақсаты – күн астындағы өз орнын табу және соны нығайту елі2.
“Тәуке ханның “Жеті Жарғысы” қазақ халқы үшін тарихи маңызы зор конституциялық ескерткіш болып табылады. Өйткені XVІІ ғасырдың екінші жартысы мен XVІІІ ғасырдың басы Қазақстан үшін қилы да қиын дәуір болды. Ру-ру, ұлыс-жүз болып бөлініп, алауыздықпен өзара дау-жанжал, қақтығысқа белшесінен батқан қазақтарды Ресей патшалығының арамза саясаты, Шығыстан, арқадан тынымсыз шабуылдаған жоңғар қалмақтарының басқыншылығына ұшыратты.
Осындай қиын кезеңде билік құрған Жәңгір ханның баласы Тәуке ыдырап, берекесі кеткен қазақ халқының басын қосып, ішкі дау-жанжалды, барымтаны, тежемелі ұсақ хандықтардың уақытша болса да ынтымаған көздемей, сыртқы жаулармен батыл күресуге болмайтынын түсінді. Осы мақсатпен Тәуке қазақ қоғамына ірі-ірі реформаларды енгізді.
Сондай сүбелі реформаторлық қадамы, ол қазақ әдет-ғұрып құқығын сол қоғамның талап тілектеріне сәйкес қайта жаңғыртуы еді. Әрине бұл заңның негізін бұрынғы ата-бабаларымыздан келе жатқан жол-жорағылар құрады. Тәуке ханның еңбегі сонда, ол бұл заңдарға жаңа серпін, жаңа мазмүн бере алды.
Енді осы Тәуке ханның “Жеті Жарғысы” тұсындағы билердің роліне тоқталайық. Бұл мәселеге арнайы көңіл бөлген ғалымдарда бар1. Билер Тәуке хан тұсында үлкен әлеуметтік күшке айналды. Сондықтан да “билер кеңесі” деген тұрақты органының өмірге келуітегін емес сияқты. Бұл кезде атышулы, мемлекеттік дәрежеге жеткен билер де болған. Олар бәрімізге таныс Үш пайғамбар атанған “Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билер еді”.
Билер бұл кезде ру басы болумен қатар кәнігі сот қызметінде атқаралы және халықаралық қатынаста елшілікке де тартылады. “Қаздауысты Қазыбектің, Жәнібек Шақшақұлының елшілікке барғаны бәрімізге аян”.
Сонымен қатар белгілі билер ел басқарулы қойып тек соттық қызметпен айналысқан деуге де болады2.
Тәуке хан билердің соттық дәстүрін сол қалпында қалдырған “законы Тауке оставляли в неприкосновенности сложившуюся процессуальную сторону суда, который носил устный состязательный и гласный характер”3.
Тәуке хан заманынан бастап қалыптасқан тағы бір институт –“Жүгініс” яғни рулар арасында болған даулар мен қақтығыстарды билердің алқалық құрамымен қарауы1.
Қорыта келгенде Тәуке заманында билер өзінің классикалық сипатына бет бұрған. Олар: соттық, әкімшілік, ру басшысы, қажет болғанда елшілік қызметте атқарған әмбебап институт ретінде орныға бастайды.
Соңында айтарымыз қазақ хандығының бұл кезңінде билер институты белгілі дәрежеде эволюциялық жолдан өтті. Ру басы болған би, халықтың оң тізесін басқан ақылшысына айналды. Кейін бойына жоғарыда аталған функцияларды біріктірген белгілі “жүйе” болып орныға бастады. Бұл Тәуке хан тұсында айқын аңғарылады. Бір ескеретін жәйт, билер институтына тән “әмбебаптық” қасиет, оның ішкі мазмұнын құраған, сондықтан да ол билер институтының өткен жолында көрініс беріп отырған.
ІІ – тарау. Билер институты Ресей бодондығы түсында
Бұл бөлімде біз билер сотының қызметіне емес, патшалық Ресейдің билер институтының қазақ халқының тарихының аластауға байланысты жүргізген саясатын баяндауды жөн көрді. Ал, билер сатынын председательдық ерекшеліктері арнайы бөлімде сөз болды.
Қазақ елі Ресей отралауына өткеннен кейін-ақ империялық пиғылды ашықта-ашық сезе бастады. Патша өкіметінің саясатының түп мақсаты, қазақ елін өзінің ғасырлар бойы қалыптасып келген бітім-болмысынан айыруы құлдықа айналдыру еді. Бұл отарлау пиғылындағы елдердің барлығына тән әлімсақтан келе жатқан әдіс.
“Құлақ кесті құлға” айналдыру саясатын патшалық Ресей алғашқы кезде бекініске салу арқылы, елге дендеп бойлаумен бастағаны баршамызға аян. Кейін бұл әрекетті дала жұртынын саяси-құқықтық құрылымына қол салумен ұштастырды. “Проблемы организаций суда и судебной деятельности всегда стояла в центре политики как ханов, так и государств, проводивших политику завовевания и подчинения Казахстана”1 деп ұлағатты ғалым, академик С.Зиманов сот жүйесін әр уақытта отарлаушы елдердің көзінен таса қалмағанын атап көрсетті.
“Көшпелі қазақ ұғымында мемлекеттік биліктін ең кең және шырқай дамыған саласы – сот билігі болатын”2. Міне, қыр елінің бұл ерекшелігін салмай таныған Ресей шенеуліктері, тұтастай құлдыққа айналдыруды осы сот жүйесін түсаулаудан бастады.
Бұл бағыттағы алғашқы қадамын Ресей империясы “шекаралық соттарды”3 құрумен бастады. Оның әр ордадағы аясын кенейтуге күш салды. Содан кейін патша өкіметі жармыштап белгілі істерді өз қарамағына ала бастады.
Мұның барлығы империялық пиғылдын құрт іспеттес жаймен “кеусеп жеуінің” басы болатын. Бірден билер институтына тырнақ батыруға Ресей патшалығы неліктен жүрексінді?
Өйткені біріншіден, қазақ еліндегі ықпалы әлі де мардымсыз еді, сонымен қатар қашанда болса, кіші-гірім бұғау салу әрекетіне тосқауыл қоюға дайын еркін сүйгіш халықты өзіне қарсы қойып алғысы келмеді....
25.12.2018
Вернуться назад