DataLife Engine / Қазақ тілі | Бастауыш сыныпта жүргізілетін диктант түрлері

Қазақ тілі | Бастауыш сыныпта жүргізілетін диктант түрлері

Мазмұны
І. Кіріспе
ІІ. Негізгі бөлім:
2.1. Бастауыш сыныптардағы тіл дамыту жұмысына қойылатын талаптар.
2.2. Ойды дамыту – тіл дамыту негізі.
2.3. Диктант жұмысын жүргізудің мақсаты, мазмұны.
2.4.Бастауыш мектептегі диктанттың түрлері, оны жүргізудің жолдары.
2.5. Бастауыш сынып оқушыларының қазақ тілінен жүргізілетін диктант жұмыстарын бағалау нормалары.
ІІІ. Қорытынды
IV. Тезаурус
V. Пайдаланған әдебиеттер тізімі

Курстық жұмыстың өзектілігі: оқушылардың барлық таным белсенділіктерінің басым көпшілігі бастауыш мектепте қалыптасатыны белгілі. Сондықтан да бастауыш сынып мұғалімдеріне ерекше күрделі әрі маңызды міндеттер жүктеледі. Солдардың бірі – оқушыларды сауатты, орфографиялық, пунктуациялық анықтамаларды ескере отырып, көркем әрі ұқыпты жаза білу дағдыларын қалыптастыру. Басқаша айтқанда, олардың ауызша тілі мен жазбаша тілін қоса дамыту, тілдік қорын молайту, адамгерлішік қасиеттерге тәрбиелеу. Осы аталған міндеттердің ішіндегі ең бастыларының бірі – оқушының жазба тілін дамыту. Ал, диктант әдісі арқылы оқушылардың жалпы жазбаша жұмысының негізгі бөлшегі іске асады. Сондықтан да диктантты жаздыру үшін оның мақсатын, міндетін, негізгі қызметін, оның түрлерін, орфографиялық талдауды, оны бағалау нормаларын дұрыс ескеру, т.б. мәселелер өздерінің өзектілігін танытады.
Курстық жұмыстың мақсаты:
 Бастауыш сынып оқушыларының диктант жұмыстарын толығымен саралау: олардың мазмұнын, мәнін, басқа жазба жұмыстарынан өзіндік ерекшеліктерін, түрлерін, оларды тексеру нормаларын зерттеу.
Курстық жұмыстың міндеті:
• диктант түрлерін саралау, олардың алуан түрлерін жүргізудегі мақсатын анықтау;
• диктант түрлерін сабақтың қай кезеңінде жүргізуге болатынын анықтау;
• диктант түрлеріне берілетін мәтіндердің, сөйлемдердің, сөздердің көлемін жобалау;
• диктантты тексеру жолдарын анықтау;
• диктант түрлерін жүргізгеннен кейінгі бағалауды анықтау.
Әдіснамалық негіздері: бұл курстық жұмыс Ш.Әуелбаевтың «Бастауыш сыныптарда қазақ тілін оқыту методикасы», Д.Әлімжанов пен Ы.Мамановтың «Қазақ тілін оқыту меодикасы», Р.Мұратәлиев, Ә.Марасұлов, Қ.Қасабековалардың «Диктанттар жинағы», И. Ұйқыбаев «Мектепте қазақ тілін оқыту мәселелері» , Е.Көшербаев «Диктанттар жинағы», Б.Ысқақов «Диктанттар жинағы» еңбектерінің негізінде автор пікірлерін талдап салыстыру арқылы жазылды.
Зерттеу объектісі: қазақ тілін оқыту әдістемесі пәні, бастауыш мектептегі диктант түрлері.
Зерттеу болжамы: бастауыш мектептегі диктант түрлерін, олардың бала дамуындағы зор маңызын негізге ала отырып, оқушылардың жүйелі ойлау қабілеттерін ояту, сауаттылыққа жол ашу, сөздік қорын толықтыру, пәнге деген қызығушылықтарын арттыру арқылы диктанттың оқушылар үшін маңызын ашу, ең тиімді деген әдіс-тәсілдерді, диктант түрлерін болашақта тиімді пайдалана білу.
Курстық жұмыстың құрылымы: курстық жұмыс кіріспеден, негізгі және қорытынды бөлімдерден, тезаурустан, пайдаланған әдебиеттер тізімінен тұрады.
Кіріспе
Бастауыш мектепте жазу жұмыстарының жүйесін белгілеу өте маңызды. Онсыз оқушыларды өз беттерімен жұмыс істеуге де, сауатты жазуға да үйрету мүмкін емес.
Жазу тілі сауаттылықты қажет етеді. Бастауыш мектеп оқушыларын дұрыс жазуға үйрету үшін, олардың есту сезімдеріне, сөйлеу аппараттарына, көру сезімдеріне, қол қимылы мен ой қызметтеріне ерекше көңіл бөлген жөн. Өйткені, жазуға үйретуде олардың әрқайсысының маңызы зор. Мысалы, белгілі бір сөзді қатесіз, дұрыс жазу үшін оны ести де көре де, айта да, жаза да білу керек және оның қалай дұрыс жазылатындығын есте сақтай да білу қажет.
Бастауыш сынып оқушылары әліппе кезеңінен бастап, естіген сөздерінің дыбыстық құрамын ажыратып, әр дыбыстың әріптерін қағаз бетіне дұрыс түсіріп бере алатындай дәрежеде болулары керек. Егер ауызекі сөздерді дұрыс ести білуге дағдыланбаса, оқушыларға емле ережелерін үйрету қиынға соғады. Сондықтан есту арқылы жеңіл сөздерді дұрыс жазу бірінші сыныптан бастап қолға алынады. Бұны сауатты жазуға үйретудің алғашқы кезеңі деп қарап, сол мезеттен бастап әрбір сөзді дұрыс айтып, дұрыс ести білуге ерекше мән берген жөн.
Сөздердің естілуі бойынша жазғанда, көбірек кездесетін қателердің бірі – әріп қалдырып жазу. Сондықтан сөздерді естілуі бойынша дұрыс жазуға үйретудің ең басты әдісі – сөздің буын және дыбыс құрамын талдатып, буындарын және дыбыстарын айыра білу. Сондықтан да оқу, жазуға үйрету кезеңінде балаларға жазуға берілетін сөздерді ең әуелі ауызша талдатып шығу қажет. Сонда оқушылар оқылған сөздерді қатесіз жазып үйренеді.
Оқушылар орфрграфия ережелерін дұрыс меңгеріп алулары үшін олардың білім алу дағдыларын дұрыс ұйымдастыру қажет. Мысалы, орфография ережелерін әдетте, мәтінді талдатып барып түсіндіру, бір грамматикалық форманы екінші грамматикалық формамен салыстыра отырып, олардың араларындағы өзара ұқсастықтары мен айырмашылықтарын ажырата білуге үйрету, мәтін ішінен зерттеліп отырған емле ережелеріне жататын сөздердің қалай жазылуына оқушылардың көңілін айрықша аудару, тиісті орфограммаларды анықтата отырып, морфологиялық форманың мағынамен байланысты болатынын ескерту, жаттығу материалын, әсіресе, оның сөздік материалын әр сыныпқа сәйкес етіп алу, үйретілетін орфограммаларды жеңілден бастап бірте-бірте күрделендіру қажет болады.
Кей жағдайларда оқушылар ережені біледі, бірақ жазып отырған материалының ішінен осы ережеге сәйкес келетін сөзді таба алмайды, сондықтан ережеге сүйеніп жазылатын сөзді айтылуы бойынша қате жазып қояды. Бұл сияқты қатені жаттығу арқылы ғана жөндеуге болады. Ол үшін грамматикалық-орфографиялық талдау, қатемен жұмыс жүргізу, терме диктант, т.б. сияқты жаттығулар жүргізіледі.
Сөздің морфологиялық бөлшектерін дұрыс ажырата алмайтын оқушыға мұғалім жалғау мен жұрнақтың айырмашылығын немесе олардың атқаратын қызметін түсіндірмек болған жағдайда оған қиынға соғары сөзсіз. Орфографиялық дағдыны қалыптастыру үшін әр түрлі жазба жұмыстары жүргізіледі.
Тіліміздегі дауыссыз дыбыстардың қалай жасалатындығы оқушыларға жете түсіндірілсе, ол дыбыстарды жазу оқушыларға соншалықты қиындықтар келтірмес еді. Сондықтан алғашқы рет жазуға үйретуде сөйлеу мүшелерінің қызметіне көңіл бөлудің айрықша маңызы бар.
Сөздерді жазуда жүйелілік болуы керек. Сөздердің біркелкі жүйелілікпен жазылуын орфография қарастырады. Оқушыларға орфографиялық ережелерді үйретпейінше, оларды дұрыс жазуға дағдыландыруға болмайды. Әрбір орфограмманы жақсы ұғынып, есте сақтауға үйреткен жөн.
Оқушыларды дұрыс жазуға үйрету үшін, диктантта оқылған мәтінді жақсылап тыңдап отыруға, көшіріп жазатын мәтін бойынша талданған орфограмманы жақсылап түсініп алуға, не жазса да оны түсініп жазуға, жазбаша орындайтын жұмыстың мәнін түсініп барып орындауға дағдыландыру керек. Әсіресе жаттығулардың мәнін түсінбей орындауға болмайды.
Оқушыларды орфографиялық дағдыларға үйретуде кітаптан, тақтадан оқыған сөздерді ұқыптылықпен байқап қарап оқудың пайдасы зор. Бұл әдіс сөздердің жазылуын есте сақтап отыруға септігін тигізеді.
Сонымен, есту, көру,сөйлем мүшелерінің қызметі, ой қызметі – осылардың барлығы оқушыларды сауатты жазуға үйретуде қосымша қызмет атқарады.
Оқушылар жуан айтылатын дыбыстарды жіңішке айтылатын дыбыстармен, ұяң дыбыстар мен қатаң дыбыстарды, қатаң дыбыстар мен үнді дыбыстарды шатастырмау үшін, әліппе кезеңінің өзінде оқушылардың қате жіберетін сөздеріндегі дыбыстарды соған ұқсас екінші бір сөздердегі дыбыстармен салыстырып көрсетіп отыру керек.
Оқушыларға жазба тілді үйретуге жеңіл-желпі қарауға болмайды. Жалпы жазба тілдің жүйелілігі, біртіндеп қалыптасады. Оқушылар орфографиялық ережелерді меңгермейінше, қатесіз, дұрыс жаза алмайтыны мәлім, бірақ қатесіз жазу үшін тек орфография ережелерін ғана біліп қою да жеткіліксіз. Сондықтан орфографиялық ережелерді іс жүзінде бірден қолдана білу дағдысын іске асыруды ерекше назарда ұстаған жөн.
Жазба тілде орфографиялық ережелерді дұрыс пайдалана білу жаттығу жұмысының түрлерін таңдап ала білумен және әрбір ережені оқуға, түсінуге байланысты жаттығулардың ретін тауып қолдана білумен тығыз байланысты болады. Орфографиялық жаттығудың мынадай түрлері бар: орфографиялық талдау, оқушылардың өз беттерімен істейтін жұмыстары, мазмұндама, шығарма жұмыстары, көшіріп жазу, жатқа жазу, диктанттар, т.б.
ІІ. Негізгі бөлім:
2.1. Бастауыш сыныптардағы тіл дамыту жұмысына қойылатын талаптар
Адам өмір бойы өзінің ана тілінің байлығын меңгерумен, тілін ұстартумен болады. Өзін айнала қоршаған дүниемен, адамдармен қарым-қатынас жасау қажеттілігі, тілге деген мұқтаждығы адамда тіпті ертеде, сәби кездің өзінен-ақ басталады. Баланың жасы өскен сайын ойын білдіру қажеттілігі де күшейе түседі. Осы мұқтаждықты өтеу үшін тіл құралдарын пайдаланады. Бірте-бірте сөздік қоры байиды, фразеологиялық тіркестерді меңгереді, өзі сөйлейтін тілінің сөз жасау, сөз түрлендіру заңдылықтары мен алуан түрлі синтаксистік құрылысын игереді. Қазіргі кездегі зерттеу деректері бойынша, жеті жасқа келген бала негізінен морфологиялық құралдарды және синтаксистік формаларды меңгереді. Ешбір ережеге сүйенбей-ақ, үйренбей-ақ олар сөздерді дұрыс қиыстырады, септей, тәуелдей, жіктей, көптей алады, сөйтіп, жаңа сөздер жасап, сөйлемдер құрастырады. Мұның барлығы ауызша сөйлеу шеберлігінде ғана іске асады.
Ана тілін балалар сөйлеу әрекеті арқылы үйренеді. Міне, сондықтан да олардың тілін дамыту жұмыстарын да мақсатты түрде ұйымдастырып, үздіксіз, жүйелі жүргізу міндеті туады.
Тіл дамыту балалардың ойын дамытумен тығыз байланысты болғандықтан, тілді меңгеру барысында бала анализ, синтез, қорытынды жасай алады, заттар мен құбылыстардың арасындағы түрлі байланыстарды бейнелей алады. Сондықтан балаларға сөйлеу үлгісін беру, яғни сөйлеу ортасын жасау қажет. Адам дамуында, жеке басының қалыптасуында қоғамдық орта шешуші рөл атқаратындықтан, баланың сөз байлығы мен сөйлеу шеберлігі көбінесе сөйлеу ортасының қандай болғандығына байланысты. Ендеше баламен сөйлескенде мұғалімдердің, ата-аналардың тіл шеберлігі, бала тіліне үлкен ілтипатпен қараушылығы маңызды болып табылады.
Сөйлеу арқылы бала тек басқа адамдармен қарым-қатынас жасап қана қоймай, сонымен бірге дүниені де таниды. Сөйлеуді меңгеру – шындықты меңгеру тәсілі. Олай болса баланың сөз байлығы оның түрлі елестері мен ұғымына, өмір тәжірибесіне байланысты. Ендеше сөйлеуге үйрену барысында бала тек қана тілдік материалға ғана мұқтаж болмайды, сонымен қатар негізгі материалдың да қажеттігі күшейеді. Керісінше, тілі неғұрлым бай болса, адамның табиғат пен қоғамдағы күрделі байланыстарды дұрыс тану мүмкіндігі де соғұрлым мол болады. Ал тілі жақсы дамыған бала ойын да дәл, шебер жеткізе алады, оқуды да ойдағыдай меңгереді. Көптеген зерттеулерге қарағанда, оқудан үлгермейтін оқушылардың көпшілігінің тілдері нашар дамыған, ойларын дұрыс жеткізе алмайтындар.
Тілді балалар үлкендермен қарым-қатынас жасау барысында, сөйлеу әрекеті процесінде меңгереді. Бірақ олардың тілді дұрыс меңгеруі үшін, алдымен әдеби тілді меңгерулері керек. Әдеби тіл дегеніміз – жүйелі қалыпқа түскен, стильдік тармақтары бар, қоғамдық қызметі әр алуан, жалпы халықтық тілдің ең жоғарғы формасы. Әдеби тілді жай тілден, диалектілерден, жаргоннан айыра білу бала тілін дамытуға қойылатын талаптардың бірі болып табылады. Бастауыш сыныптардан бастап балалар әдеби тілге, оның көркем ғылыми және сөйлеу тілі нұсқаларына жүйелі түрде үйретіледі.
Мектеп алғашқы күннен бастап-ақ балаларды оқу мен жазуға үйретеді. Оқу да, жазу да тілдің жүйесіне, оның фонетика, графика, лексика, грамматика, орфографиялық білімдеріне сүйенетін сөйлеу дағдылары дамиды. Жазбаша сөйлеу ауызшаға қарағанда қатаң нормаларға сүйенеді. Өйткені жазуда барлық қателер мен кемшіліктер көрініп тұрады. Жазбаша жұмыстардың сөз тіркестерін құрастыруда (жазбаша сөйлемдер ұзақ), сөз таңдауда, грамматикалық формаларды пайдалануда көптеген ерекшеліктері бар. Жазбаша сөйлеуді меңгере отырып, балалар стиль (ғылыми стиль, көркем әдебиет стилі, публицистикалық стиль, ауызекі сөйлеу тілінің стилі, ресми іс қағаздар стилі ) ерекшеліктерін ұғынады. Форма дегеніміз – тіл құралдарының көмегімен болатын тілдің сыртқы көрінісі. Стиль – белгілі бір қатынастың түрінде тілдік бірліктерді сұрыптап пайдалану арқылы, ойды жеткізу мәнерінің көрінісі. Мұның барлығы балаларда өз-өзінен қалыптаспайды, оларға үйретіледі.
Тіл дамытудың әр сыныпта белгілі бір мөлшері белгіленеді. Сондай-ақ тіл дамыту мәдениеті, оның бүкіл мәнерлілік мүмкіндіктері де анықталады. Оқушыларға тілдің дыбыстық жағын игеру, дұрыс дыбыстау, сондай-ақ сөйлеу арқылы қатынас жасау барысында баланың мінез-құлық мәдениетінің жоғары болуын қадағалау, дұрыс сөйлеу қалпына әдеттендіру, зейіні мен көзқарас мәнері, жаңа жағдайда өзін ұстауы, т.б. толып жатқан мәселелер де тіл дамыту жұмысында іске асырылады. Сөйлей білуге дағдыланудың негізі бастауыш сыныптарда қаланады:......
25.12.2018
Вернуться назад