Мектеп жасына дейінгі балаларды ойындар арқылы танымдық қабілеттерін дамыту


«МЕКТЕП ЖАСЫНА ДЕЙІНГІ БАЛАЛАРДЫ ОЙЫНДАР АРҚЫЛЫ ТАНЫМДЫҚ ҚАБІЛЕТТЕРІН ДАМЫТУ»
 
«Ойын баланың алдынан өмір есігін ашып, оның танымдық қабілетін дамытады, ойынсыз ақыл - ойдың қалыпты дамуы жоқ және болуы мүмкін емес»,- деп В. А. Сухомлинский айтқандай, ойын дүниеге қарай ашылған үлкен жарық іспетті. Ойын арқылы баланың өзін - өзі басқару қабілеті, тәрбиелігі, жауапкершілігі, оқу қызметіне деген ынтасы, ұйымшылдығы артады. 
Әлем бала өміріне біртіндеп кіреді. Бала ең алдымен оны үйде, бөбекжай - бақшада не қоршап тұрғанын ұғынады. Біртіндеп өмірден алған тәжірибесі көбейеді. Мектеп жасына дейінгі балалар өзінің айналасындағы қоршаған ортамен танысуға өте құштар. Бұл баланың бірнеше сұрақтар қоюына әкеліп соғады. Яғни, балаға әлем аздап ғана сырын ашса, онда баланың білуге деген құштарлығы арта түседі. Ойын – баланың бірінші әрекеті, сондықтан да оның мән – мағынасы ерекше. Қазақ халқының ұлы ойшылы Абай Құнанбаев: «Ойын ойнап, ән салмай, өсер бала бола ма?», - деп айтқандай, баланың өмірінде ойын ерекше орын алады. Мектеп жасына дейінгі балалардың зейіні тұрақсыз болады. Оларды біркелкі жұмыс тез жалықтырады. Сондықтан олардың зейінін үнемі қажетті бағытқа аудару үшін ойын түрінде жүргізу қажет. Өйткені ұйымдастырылған оқу қызметінде алған білімді ойынмен тиянақтау білімнің беріктігіне негіз қалайды. Ойын барысында баланың жеке басының қасиеттері қалыптасады. Баланың қуанышы мен реніші ойында айқын көрінеді. Ойын кезіндегі баланың психологиялық ерекшелігі мынада: олар ойланады, эмоциялық әсері ұшқындалады, белсенділігі артады, ерік қасиеті, қиял елестері дамиды, мұның бәрі баланың шығармашылық қабілеті мен дарынын ұштайды. Мектеп жасына дейінгі балалар көргендерін, байқағандарын, айналасынан естігендерін ойын кезінде қолданатын байқауға болады. Ойын айналадағы болмысты бейнелейді. Ойын барысында балалар дүниені тани бастайды, өзінің күш жігерін жұмсап, сезімін білдіруге мүмкіндік алады, адамдармен араласуға үйренеді. Сондықтан да ойшыл ұлы адамдар балаларды ойын арқылы оқыту керек деген ойға келді. Ойын арқылы оқыту, бұл ой көптеген оқытушылар мен тәрбиешілерді қызықтырды. Грузин педагогы Ш. А. Амонашвили ойын арқылы балаларға өте қиын әлемдік танымды түсіндіре білді. Ш. А. Амонашвили өз оқушыларымен ойын ойнағанда өзін балалармен бірдей қоя отырып, олардың көңіліне, ойына, санасына пайдалы ұғымды беріп, өз ісіне сенімді болып, қиындықтарды жеңе білуге үйретті, баланың көздерінде білімге деген құштарлықты байқады. Ойын арқылы оқытудың арқасында дидактикалық ойын пайда болды. Бұл ойындарды тәрбиешінің шығармашылықпен түрлендіре отырып, балалардың психофизиологиялық ерекшеліктерін ескеріп, жаңа тақырыпты өткенде, өтілген материалды қайталағанда, білімді тиянақтау кезінде іс - әрекеттің мазмұнына сай пайдалануға болады. Сондықтан, бұндай ойындар ойнау балалардың ойлау, қабылдау, еліктеу қабілеті және заттардың түрін, түсін, көлемін ажырата білуін дамыта түсу үшін өте қажет. 
К. Д. Ушинский мектеп жасына дейінгі балалардың ерекшеліктерін ескере, былай деп жазады: «Бала табиғатты, көрнекілікті аса қажетсінеді. Балаға өзіне белгісіз бес сөзді жалаң үйрете бастасаңыз, көп уақытты зая кетіріп, босқа қиналасыз. Ал енді жиырма сөзді суреттермен байланыстыра үйретсеңіз, бала оны лезде қағып алады. Сіз балаға қарапайым ғана ойыңызды қанша түсіндірсеңіз де, оңай ұға қоймайды. Дәл сол ойды күрделі суреттер көрсете баяндасаңыз, ол сізді тез түсінеді».
Дидактика - термині гректің «дидактос», яғни үйрететін деген сөзден шыққан. Дидактикалық ойын – оның аты айтып тұрғандай, баланың ақыл - ойын дамытып, таным түсініктерді ажыратудағы әдістердің бірі. Ойын арқылы оқыту – мектеп жасына дейінгі кезеңнің, негізгі ерекшелігі. Білімді меңгеру және оны бекіту үшін, дағды мен әдет қалыптастыруда балаға қайталау және жаттығу қажет. Егер баланың ойлауы образды, эмоциялық әсерде болса, ол соғұрлым жақсы нәтиже береді, сондай - ақ білім қызықты әрекетпен байланысты болса, ондай білімді бала дұрыс меңгереді. Бала әрбір затты ұстап, дәмін татып, сан рет байқап көреді. Бөбекжай - бақшада бала психикасының дамуына ойын әрекеті шешуші рөл атқаратындығы туралы белгілі ғалымдар (Ж. Аймауытұлы, М. Жұмабаев, Ш. Құдайбердіұлы, С. Торайғыров, Т. Тәжібаев т. б) өз еңбектерінде айтып кеткен. Педагогикалық үрдісті жетілдіруде ойынның алар орны жөнінде қазақстандық ғалым Н. Құлжанова да зерттеген. Ойын бала үшін еліктеу, инстинкт күнделікті негізгі іс - әрекет және өмірі деп дәлелдеген. Н. Құлжанованың айтуы бойынша ойынды әдептілік, тәрбиелік мақсатқа пайдалану – болашақ өміріне түзу жол салу, үлкендерге еліктеу және өмірдің талаптарына сай бейімдеу деп түсіндірген. Дидактикалық ойындарда міндетті түрде екі бала қатысатын ойындар түрін пайдаланған тиімді. Ойын арқылы оқыту үшін дидактикалық ойындар құрылған. Балаларға тапсырмалар ойын түрінде беріледі, бұл дидактикалық ойындардың негізгі ерекшеліктері. Балалар ойнау арқылы белгілі бір білім, білік, дағдыларды және ойын әрекеттерін меңгереді. Әр дидактикалық ойынның танымдылық және тәрбиелік мазмұны болады. Мектеп жасына дейінгі балалар мекемелерінде балалармен өткізілетін математиканың алғашқы ұғымдарын қалыптастыруда ойынның мынадай түрлерін пайдалануға болады: 
1) дидактикалық ойындар – логикалық ойлауын, математикалық қабілеттерін дамытады. 
2) санға байланысты санамақ, жаңылтпаштар, жұмбақтар – балалардың сандарды танып білуін, тілдерін жаттықтыру, есте сақтауын, ойлау қабілеттерін дамытады. 
3) математикалық сергіту сәттері – кеңістікті бағдарлау, қимыл қозғалысты дамытады, дидактикалық ойындар мазмұны, ойынды ұйымдастырудың әдіс – тәсілдерін меңгертеді. Олар балалардың зейінін, есте сақтауын, байқағыштығын, көзбен мөлшерлеуін, тапқырлығын дамытуға, математикалық білімдерін, икемділіктері мен дағдыларын, заттарды түсі, өлшемі, пішіні бойынша топтастыруға, салыстыруға, ажыратуға, кеңістік пен уақытты бағдарлауға үйретеді. Балалардың логикалық ойлау, қабылдау, есте сақтау қабілеттерін, зейінін, қолдың ұсақ моторикасын дамытуға арналады.
 Мектеп жасына дейінгі баланың дамытатын, өсіретін әрі тәрбиелейтін негізгі іс - әрекеті - ойын. Ойын арқылы бала өзінің қоршаған ортамен, табиғатпен, қоғамдық құбылыстармен адамдардың еңбегімен қарым - қатынастармен таныстырады. Халқымыз ойындарды тек балаларды алдандыру, көңілін көтеру әдісі деп қарамай жас ерекшеліктеріне сай олардың көз қарастарын мінез - құлықтарын қалыптастыру құралы деп ерекше бағалаған. 
Дидактикалық ойындар 3 - топқа бөлінеді: 
1. Заттық дидактикалық ойындар - дидактикалық ойыншықтармен және түрлі ойын материалдарымен ұйымдастырылады. 
2. Үстел үстінде ойналатын дидактикалық ойындар. 
3. Сөздік дидактикалық ойындар. 
Дидактикалық ойындар сәбилер тобынан басталады. Мұнда жоғары топтарға қарағанда жеңіл түрлері ойнатылады. Балалар ойыншықтарды қолымен ұстап, көзімен көріп, сипап сезу арқылы ойнайды. Немесе ойыншық заттарды сиапттауға болады. Мысалы: Бала ойнап отырған машинаның дөңгелегі нешеу, түсі қандай? Доп - домалақ. Ол күнге ұқсайды. Доппен біз қызықты ойындар ойнаймыз. т. б Кубиктерді түсіне қарай топтастыр, қане сен көк кубиктерді әкелші, үстелге апарып қойшы. Бұл жерде балалар кеңістікті бағдарлауды үйренеді. 
Дидактикалық ойындар ересек топтарда төменгі топтарға қарағанда күрделеніп жүргізіледі. Ойын шарттары мен көрнекіліктерін пайдалану арқылы ойын әрекетін дамытуға болады. Дидактикалық ойындар баланың ақыл - ойын ойлау қабілетін, қабылдауын, есте сақтауын, зейінін дамытуға, салыстыруға, жіктеуге өзін - өзі бақылауға үйретеді. 
Мысалы: «Телефон» ойынында диалогтық сөйлеудегі әңгіменің мақсаты бір нәрсе жайында сұралып баланың оған жауап беруге белгілі бір әрекетке түрткі болуға үйрету болып табылады. 
Ойын қызықты тартымды өту үшін дидактикалық ойындарды дұрыс ұйымдастыру керек. Ойынға керекті құралдар әр балаға жеткілікті болу керек, сонда ғана балаларға түсінікті болады. Дидактикалық ойындардың құралдары ұзақ уақыт сақталу үшін эстетикалық, гигиеналық талаптараға сай әдемі қораптарда, қалталарда тұру керек. Ұйымдастырылған оқу қызметінде дидактикалық ойындарды қолдансақ алға қойған мақсатымызға жетеміз. Заттық дидактикалық ойынның түрлері төмендегідей заттармен ойнатылады. 
Киім түрлерімен ойнатылатын дидактикалық ойындар: Киімдерді балалармен таныстырумен қатар киіну дағдыларын қалыптастыруға үйретеміз. 
Заттық ыдыстарды қолдану арқылы жүргізіледі: Ыдыстарды қолдана отырып жеке және жалпы атауын айта білуге балаларды үйретеміз. Сонымен қатар «Қуыршаққа тамақ дайындаймыз» ойынын ойната отырып ыдыстарды қолданудың әдістерін үйретеміз. Мысалы: қасықты оң қолға ұстаймыз, тарелкені екі қолмен ұстаймыз. т. б. 
 Заттық жеміс - жидектерді қолдану: Заттық жеміс – жидектерді қолдана отырып балармен бірнеше ойындар өткізуге болады. Мысалы: «Ғажайып дорба» ойынын алатын болсақ, онда жемістер мен көкеністерді сипап сезу арқылы оның пішінін анықтау, түсін анықтау және атын атауға үйретуге болады. 
 Заттық үй жануарлаын қолдану арқылы: Заттық үй жануарларды қолдана отырап балалардың зейінін, есте сақтау қабілетін дамытамыз. 
Мысалы: «Үй және жабай аңдарды ажырат» дидиктикалық ойынын ойнау арқылы заттық үй жануарларын қолдануға болады. Мұнда балалар жануарларды ажыратып, өз орындарына қолымен ұстап орналастырады. 
 Үстел – үсті дидактикалық ойындары таңертеңгілік балаларды қабылдау кезіне ойнатылады. Балалардың есте сақтау қабілеті таңертеңгілік уақытта жақсы қабылдайды. Сондықтан заттардың атын жаттау, немесе жалғасын табу, құрастыру, орнын табуға байланысты ойын түрлері ойнатылады. Мысалы: «Қуыршақ Айшаға киінуге көмектес», «Заттың екінші бөлігін тап», «Суреттің жетпей тұрған бөлігін толықтыр» (қысқыштармен) т. б.
 Сөздік ойындар - суреттер арқылы: суреттермен ойналатын дидактикалық ойындар барлық білім беру саласы бойынша ойнатылады. Суреттер арқылы балалар сөйлем құрастыруға үйренеді. Белегілері бойынша ажыратады. Жалпы атауын айтып үйренеді. Мысалы: « Суретте қай жыл мезгілі бейнеленген?» дидактикалық ойынын алатын болсақ, балалар оған қарай отырып өз ойларын білдіреді.
 Бөбекжай - бақшадағы тәрбиелеу - оқыту жұмысында балалардың тілін дамыту, сөздік қорларын молайту, ауызша сөйлеуге үйрете отырып, үйренген сөздерін күнделікті өмірде еркін қолдану, әрі оны күнделікті іс - әрекет кезіндегі тілдік қарым - қатынаста қолдана білуге жаттықтырады.
 Мектеп жасына дейінгі кезеңдегі балалармен сөздік жұмысын жүргізу ісі - сөйлеуді дамытудың негізгі бір міндеттері болып есептелінеді. Біз балалармен сөздік жұмысын жүргізе отырып, оларды айналасындағы заттармен таныстырып, атын атай білуге, қасиеті мен сапасын, түр - түсін және пішінін ажырата білуге, өмірдегі, қоршаған ортадағы түрлі құбылыстар жайындағы ұғым, түсініктерін дамыта отырып, белсенді түрде тілдік қарым - қатынас жасай білуге үйретеміз. 
Бала саусағын ойната отырып, сөйлеу тілін дамытамыз. 
 Саусақ ойыны - бұл ұрпақтан ұрпаққа жалғасын тауып келе жатқан, әрі үлкен мәні бар мәдени шығармашылық. 
 Саусақ ойыны - саусақтардың көмегімен қандай да болмасын ертегіні немесе өлең - тақпақ шумағын сахналау болып табылады. Саусақ ойыны арқылы баланың сөйлеуге деген талпынысы, қабілеті дамып, ынтасы артады және шығармашылық әрекетіне жол ашады. Саусақ ойынын ойнай отырып, балалар қоршаған ортадағы заттар мен құбылыстарды, жан - жануарларды, құстарды және ағаштарды бейнелей алады. Саусақтарының қозғалыс - қимылына қарап бала қуанады, шаттанады, сөзді айтуға тырысады және өлеңдегі үйренген сөз шумақтарын қайталап айта отырып, есінде сақтайтын болады. Сонымен қатар балалар екі қолын қимылдата отырып, оң, сол, жоғары, төмен т. б. түсініктерді бағдарлай алуды үйренеді. 
 Саусақ ойынын бөбекжай - бақшада және үй жағдайында әсерлі, көңілді түрде ұйымдастыруға болады. Алдымен балаларға саусақ ойыны түсіндіріледі, әр қимылы көрсетіледі. Мысалы: халық арасында кеңінен тарап жүрген «Қуырмаш» ойыны да саусақтардың нәзік қимылын жетілдіруге бағытталған. Саусақ ойындарын жүргізу арқылы балалардың саусақтарының нәзік қимылдары мен бұлшық еттерінің жетілуімен бірге, олардың сөйлеу тілі мен ойлау қабілеттері дамитын болады және кейін жазу шеберлігін ойдағыдай меңгеруіне дайындайды.
 Мектеп жасына дейінгі балалардың сөздік қорларын дамыту ісінде тәрбиешінің: 
 - балалардың сөздік қорларын дамыту; 
 - жаңа сөздерді меңгерту; 
- үйренген сөздерін тиянақтап, анықтап, әрі байытып отыру басты міндет саналады. 
 Қорыта айтатын болсақ, осы аталған міндеттерді тәрбиеші үнемі сөздік жұмысын жүргізуде басшылыққа алып отыруы тиіс. Балалардың сөздік қорын дамытуда ойын, тапсырма, жаттығуларының орны ерекше. Соның ішінде ойын – баланың шын тіршілігі. Ойын арқылы бала айналасындағы нәрседен өзіне қызықтысына ықыласы ауып, таңдап алады. Баланың бір ерекше қасиеті сөйлеуден еш жалықпайды. Ойын бала тілінің дамуына ықпалын тигізіп, таным белсенділігінің дамуына жол ашады. Қай бала болмасын ойынмен өседі, өйткені бала табиғатының өзі тек ойынмен байланысты. Ойын үстінде бала еш нәрсеге тәуелсіз. Ол өзін еркін ұстайды. Ал еркіндік дегеніміз барлық дамудың баспалдағы, бәрін білуге деген талпынысы мен құлшынысы. Баланың білуге деген құштарлығы, сөйлеуі ойын үстінде қалыптасады. 

Қолданылған әдебиеттер:
1. «Дидактикалық материалдар жинағы» Құрастырған Абжапарова Б. К. 2014ж.
2. «Саусақ және тіл жаттығулары» Арман - ПВ баспаханасы Абдрахимова Г. Д. 2013ж.
3. «Отбасы және балабақша» №5. 2014ж.
4. «Отбасы және балабақша» №5. 2013ж.
5. Балабақшада ойнатылатын «Дидактикалық ойындар» жинағынан.

Жамбыл облысы, Шу ауданы,
Бөлтірік ауылы, Әлия Молдағұлова мектебі,
«Аяулым» шағын орталық әдіскері 
Төлендиева Айгерім Сейтжаппаровна 
Мақала ұнаса, бөлісіңіз:



Іздеп көріңіз:

Қарап көріңіз:

Пікір жазу


Келесі мақала жүктелуде...