DataLife Engine / Жұмыспен қамту орталығына қалай тіркеледі?

Жұмыспен қамту орталығына қалай тіркеледі?

Кез келген азамат Жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркелуге құқылы. Бұл ретте орталыққа 15 күн сайын жұмыссызбын деп белгіленіп тұрудың қажеті жоқ.

1. Жұмыспен қамту орталығы қандай мемлекеттік бағдарламаны іске асырады?
Жұмыспен қамту орталығы 2016 жылдың 29 желтоқсанында қабылданған "Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы" аясында жұмыс істейді. Бұл бағдарлама еңбек нарығының тиімділігін арттыруға, кәсіптік мамандану, жаппай кәсіпкерлікті дамыту, еңбек қатынастарының әсерлі үлгісін құру, сонымен қоса, халықтың осал топтарын әлеуметтік қорғауға бағдарланған.

2. Жұмыспен қамту орталығына қалай тіркеледі?
Жұмыспен қамту орталығына жеке куәлігіңізді алып барсаңыз, мекеме қызметкерлері сізді жұмыс іздеуші ретінде тіркейді. Арнайы түйіндеме де осында дайындалады. Мекеме қызметкерлері түйіндемені сіздің келісіміңізбен enbek.kz сайтына да жариялап қояды. Себебі аталған сайтта республика бойынша барлық бос орын, жұмыс берушілер мен түйіндемелер жазылып отырады. Тіркелгеннен кейін орталық 10 жұмыс күні ішінде азаматқа жұмыстың табылуын күтеді.

3. Жұмыспен қамту орталығы кімдерді жұмыспен қамти алады?
16 жастан зейнет жасына дейінгі азаматтар Жұмыспен қамту орталығына тіркелуге құқылы. Орталық бұрын сотталған немесе пробацияда тіркеуде тұрған азаматтар мен мүмкіндігі шектеулі жандарды да жұмыспен қамти алады.

4. Жұмыспен қамту орталығы қандай мүмкіндіктер ұсынады?
Алдымен жұмыс іздеп келген азаматтың біліміне, мамандығына, тәжірибесіне қарай вакансия бөлімінің қызметкерлері жұмыс қарастырып көреді. Жұмыс беруші мен жұмыс іздеушінің талаптары сай келуіне байланысты орталық оларды сәйкестендіреді. 10 жұмыс күні ішінде жұмыс табылмаған жағдайда жұмыссыз азаматтарға және өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға тұрақты немесе уақытша жұмыс орнына орналасуға көмек көрсетеді. Оның ішінде мынадай бағыттар бар: 12 айға дейінгі мерзімде қоғамдық және әлеуметтік жұмыстарға орналастыру, 6 айға дейінгі мерзімге тәжірибеден өтуге (жастар үшін) жіберу, жазда 3 айлық қоғамдық жұмыстарға тарту, қысқамерзімді кәсіптік білім беру және кәсіпті таңдауға кеңес пен басқа да көмек беру.

5. 12 айға дейінгі мерзімде қоғамдық жұмысқа орналасу
Жұмыспен қамту орталығы жұмыс табылмаған жағдайда азаматтарды 12 айға дейінгі мерзіммен қоғамдық жұмыстарға жібереді. Көбіне мұндай жұмыстарға көп уақыт үйде жұмыссыз отырып қалған және зейнет жасына дейінгі азаматтар жіберіледі. Қоғамдық жұмыстар әртүрлі болып келеді және ешқандай білім мен тәжірибе талап етпейді. Жалақы мөлшері салықтарды, міндетті әлеуметтік аударымдарды және экологиялық үстемақыларды есептемегенде, пайдаланылмаған еңбек демалысы үшін өтемақыларды есепке алғандағы еңбекақы мөлшері - 56 568 теңге.

6. 12 айға дейінгі мерзімде әлеуметтік жұмыстарға орналасу
12 айға дейінгі мерзімге азаматтарды әлеуметтік жұмыс орындарына жібереді. Төленетін жалақының ай сайынғы мөлшері еңбекақының белгіленген мөлшерінің 35%-ы көлемінде, бірақ 1 АЕК (28 284 теңге) мөлшерінен аспайды. Мүмкіндігі шектеулі жандарға үкіметтік емес ұйымдармен құрылатын әлеуметтік жұмыс орындарының жалақысын субсидиялау көлемі – 56 568 теңге (2 АЕК).

7. 6 айға дейінгі мерзімде тәжірибеден өту
6 айға дейінгі мерзіммен жастарды (оқу бітірген) тәжірибеден өтуге жібереді. Егер азамат тәжірибе кезінде жұмыс берушінің көңілінен шығып жатса, тұрақты түрде жұмысқа орналасуына мүмкіндігі бар. Осы уақыт аралығында жас маман айына 60 125 теңге көлемінде (25 АЕК) жалақы алады. Субсидия мөлшеріне салықтар, міндетті әлеуметтік аударымдар, пайдаланылмаған еңбек демалысы үшін өтемақылар және банк қызметтері қосылады.
8. 3 айлық қоғамдық жұмыстарға
16 жасқа толған оқушылар мен студенттерді тек жаз айларында 3 айға қоғамдық жұмыстарға жібере алады. 18 жасқа толмаған оқушының ата-анасының рұқсаты болса болғаны, ал кәмелет жасына толған азаматтар өз еркімен қоғамдық жұмыстарға орналаса алады. Қоғамдық жұмыстар диплом мен жұмыс тәжірибесін талап етпейді.

9. Қысқамерзімді кәсіптік білім беру
Жұмыспен қамту орталығы жұмыссыздар үшін еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша қысқамерзімді кәсіптік оқытуды ұсынады. Оқитын студенттер шәкіртақымен қамтамасыз етіледі. Курсқа 16 жастан зейнет жасына дейінгі азаматтар қатыса алады. Курс азаматтың өзі қалаған салаға қарай оқытылады.

10. Азаматтардың кәсіп таңдауына бағытталған ұсыныстар
Жұмыспен қамтудан бөлек азаматтарға кәсіп таңдауға көмектесуге бағытталған ұсыныстар бар. Кез келген кәсіппен айналысамын деген азамат алдын ала дайындық курсынан өтіп, әрі қарай өз ісін жүргізуіне мүмкіндігі бар. Кәсіп ашуда азаматқа ең жоғары мөлшерде 19 миллион теңге көлемінде микрокредит беріледі. Микрокредит 6 %-бен 5 жылға беріледі. 19 миллион теңге – 8000 АЕК-ке тең. Бұлардан бөлек, атаулы әлеуметтік көмек жүйесі де іске қосылған.

11. Атаулы әлеуметтік көмек жүйесі дегеніміз не және ол кімдерге беріледі?
Әлеуметтік көмек оған шынымен зәру азаматтарға ғана беріледі. Еңбекке қабілетті кірісі төмен азаматтарға мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек олардың еңбекке ықпал ету және әлеуметтік бейімдеу бағдарламаларына белсенді қатысуы негізінде ғана беріледі.

2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа нысандағы атаулы әлеуметтік көмек екіге – шартты атаулы әлеуметтік көмек және шартсыз атаулы әлеуметтік көмек болып бөлінеді.

12. Шартты атаулы әлеуметтік көмек
Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына және қажет болған жағдайда, әлеуметтік бейімдеу шараларына міндетті түрде қатысу шартымен аз қамтылған адамдарға (отбасыларға) ай сайынғы және біржолғы ақшалай төлемдер түрінде көрсетіледі.

13. Шартсыз атаулы әлеуметтік көмек
Объектив себептерге байланысты табыс табуға мүмкіншілігі болмаған азаматтар мен отбасылардың жекелеген санаттары үшін беріледі.

14. Атаулы әлеуметтік көмек қалай есептеледі?
Атаулы әлеуметтік көмек жиынтық табысты отбасы мүшелерінің санына және үш айға бөлу арқылы есептеледі. Мысалы, отбасының ай сайынғы табысы 60 000 теңге делік. 60000*3=180000. 180 000 теңге: 6 адамға=7000 теңге. Сонда отбасының жалақысы әр мүшесіне 7000 теңгеден үлестіріледі. Енді атаулы көмек осы қаржыға 50%-дық төлем қосады, яғни отбасының әр мүшесіне 7000 теңге қосып, нәтижесінде 15 000 теңге көлеміне жетеді.

15. Әлеуметтік төлем деген не?
Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры азаматтарға жұмысынан айырылуы жағдайына әлеуметтік төлем ұсынады. Жұмысынан айырылуы жағдайына төленетін әлеуметтік төлемге құқық Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына аударымдар төлеген міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркелуге өтініш берген күннен бастап туындайды.

16. Әлеуметтік төлем қандай жағдайда беріледі?
Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің өзі үшін әлеуметтік аударымдар жүргізген қатысушысына жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемдер:

6 айдан 12 айға дейін әлеуметтік аударымдар жүргізілген жағдайда – 1 айға;

12 айдан 24 айға дейін әлеуметтік аударымдар жүргізілген жағдайда – 2 айға;

24 айдан 36 айға дейін әлеуметтік аударымдар жүргізілген жағдайда – 3 айға;

36 айдан бастап және одан көп айларға әлеуметтік аударымдар жүргізілген жағдайда – 4 айға;

ҚР Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 1,2,3 тармақшаларында көзделген негіздер бойынша жұмысынан айырылған адам үшін 36 айдан бастап және одан да көп айларға әлеуметтік аударымдар жүргізілген жағдайда – 6 айға тағайындалады.

17. Жұмысты онлайн түрде қалай іздеу керек?
- Онлайн түрде жұмыс іздеу enbek.kz сайтында жүргізіледі. Ол үшін аталған сайтқа кіріп, тіркелу формасын толтырып, электрондық поштаңызды растаңыз. Электрондық биржаға кіріп, өз түйіндемеңізді өзгерте алу үшін "Жеке кабинет" құрыңыз.

- "Жаңа түйіндеме қосу" батырмасын басып, қажетті ақпаратты толтырыңыз және сақтаңыз. Бос жұмыс орындар базасында кеңейтілген іздеуге мүмкіндік алыңыз.

- "Түйіндемені жіберу" батырмасын басып, оны жұмыс берушіге жіберіңіз. Компанияларды іздеңіз, лайықты ұсыныстарды таңдаңыз.

Сіз жұмыс берушінің жіберген шақыруын қабылдауыңызға немесе бас тартуыңызға болады. Жұмыс берушілер сіздің қабылдаған шешіміңізді көре алады. Өзіңіздің "Жеке кабинетіңізге" жұмыс берушіден келген барлық шақыруды қараңыз. Шақыруларға жауап беріңіз.
Сонымен қатар халыққа қолайлы болуы үшін барлық ХҚКО-да Жұмыспен қамту орталығының мамандары бар.

дереккөз
02.11.2018
Вернуться назад