DataLife Engine / Қазақ әдебиеті | Шерхан Мұртаза

Қазақ әдебиеті | Шерхан Мұртаза

Шерхан Мұртаза (28.9. 1932 жылы туған, Жамбыл облысы Жуалы ауданы Талапты ауылы) — жазушы, қоғам қайраткері, ҚР-ның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері (1984), Қазақстанның халық жазушысы (1992). М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген (1955). 1955 — 56 жылы Қазақ мемлекет көркем әдебиет баспасында, 1956 — 60 жылы "Лениншіл жас” (қазіргі "Жас алаш”), 1960 — 63 жылы "Социалистік Қазақстан” (қазіргі "Егемен Қазақстан”) газеттерінде тілші, әдеби қызметкер, редактор, 1970 — 72 жылы "Жазушы” баспасы жанындағы Балалар мен жастар әдебиеті бас редакциясының және "Жалын” альманахының бас редакторы, 1972 — 75 жылы "Жұлдыз” журналының бас редакторы, 1975 — 80 жылы Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының 2-хатшысы, 1980 — 89 жылы "Қазақ әдебиеті” газетінің бас редакторы, 1989 — 92 жылы "Егемен Қазақстан” газетінің бас редакторы, 1992 — 94 жылы "Қазақстан” мемлекет телерадио компаниясының төрағасы қызметтерін атқарды. 12, 13-шақырылған ҚР Жоғ. Кеңесінің, 2-шақырылған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болды. Сондай-ақ ол ҚР Президенті жанындағы Ұлттық кеңестің мүшесі.
Мазмұны
1 Шығармашылығы
2 Аудармалары
3 Қоғамдық қызметі
4 Марапаттары
5 Дереккөздер
6 Тағы қараңыз
7 Сыртқы сілтемелер
Шығармашылығы

Шерхан Мұртаза шығармашылық жолын студент кезінде Л. Лагиннің "Хоттабыч қарт”, М.Кәрімнің "Біздің үйдің қуанышы” шығармаларын қазақ тіліне аударумен бастады. Ал тұңғыш кітабы — "Құрылысшы Дәку” очерктер жинағы 1958 жылы жарық көрді. Қазіргі замандас бейнесі, соғыс жылдарындағы тылдағы адамдардың қажырлы еңбегін баяндаған "Табылған теңіз” (1963), "Бұлтсыз күнгі найзағай” (1965), "Белгісіз солдаттың баласы” (1967), "Мылтықсыз майдан” (1969), "41-жылғы келіншек” (1972), "Ахметжанның анты” (1973), т.б. повестер мен "Интернат наны” (1974) атты әңгімелер жинақтары жарияланды. Өндірістің дамуы жөнінде, адам мен қоршаған ортаға қамқорлық туралы маңызды мәселелер көтерген, ғылыми-техникалық төңкеріс жайын сипаттаған "Қара маржан” (1976; ҚР Мемлекет сыйлығы, 1978) романы, мемлекет қайраткері Т.Рысқұловтың өміріне арналған ("Қызыл жебе”, 1, 2-кіт. 1980; "Жұлдыз көпір”, 3 кіт., 1984) роман-трилогиясы басылды. Драматургия саласында жазушының "Қызыл жебе” (1987, Қ.Ысқақовпен бірге), "Сталинге хат” (1988), сондай-ақ "Бесеудің хаты” (1989) атты пьесалары қойылды.
Аудармалары

Ол Г.Х. Андерсеннің әңгімелерін, венгр халық ертегілерін, Ш.Айтматовтың "Ботагөз”, "Қош бол, Гүлсары”, "Теңіз жағалап жүгірген тарғыл төбет” повестерін, "Боранды бекет”, "Жанпида” романдарын қазақ тіліне аударды.
Қоғамдық қызметі

Шерхан Мұртаза шығармашылық жұмыстармен қатар Қазақстан Республикасы тәуелсіздігі мен мемлекеттігін нығайту ісіне де белсене араласты. Қазіргі заманның, қоғамдық өмірдің маңызды мәселелерін, ел, жер, тіл мәселелерін көтеретін көптеген мақала-эсселер жазды.
Марапаттары

Шерхан Мұртаза "Құрмет белгісі”, "Отан” (1999) ордендерімен және бірнеше медальдармен марапатталған. Жамбыл облысының, Тараз және Астана қалаларының Құрметті азаматы. [1]
Дереккөздер

Қазақ энциклопедиясы, 9 том
17.10.2018
Вернуться назад