Тазшаның қырық өтірігі

 Тазшаның қырық өтірігі

Ертеде бір хан халқына жар шақыртты:

— «Кімде-кім алдыма келіп, кідірмей-мүдірмей, бір өтірік әңгіме құрастырып айтып өтсе және артынан қырық ауыз өтірікті өлең қылып айтса, сол адамға қызымды беріп, күйеу етемін, тіпті, уәзір қоямын. Бірақ, бір сертім бар: әңгімесінің, иә өлеңінің ішінде бір ауыз рас сөз қосылса, дарға тартқызамын!» – депті.

Бұл хабар жұрттың құлағына тегіс тиген соң, ханның қызын алып, күйеу болуға қызықпайтын адам болмайды. Әркімдер-ақ дәмелі болып: «Ой, айтпай несі бар!» – деп ханның алдына барады, бірақ өтірігін келістіріп айта алмай дарға тартылып жатады.

Жұрттың ең соңынан бір тазша бала кіріп келіп, иіліп, тәжім етіп, сөйлеуге ханның рұқсатын сұрайды.

Сонда хан тұрып:

— Ие, не арызың бар? – дейді.

— Тақсыр, жарлығыңызды естіп, өтірік әңгіме мен өтірік өлең айтқалы келіп тұрмын! – дейді тазша.

— Жаным-ай, жас бала көрінесің! Сенен естияр талай адамдар да айтамын деп келіп, айта алмай кеткен. Жарқыным, өлуге асығып жүрген не қылған баласың? Тілімді ал да, қайта ғой! – дейді хан.

— Тақсыр-ау, солардан жаным артық па? Айта алмасам, обалым өзіме ғой, рұқсат етіңіз! – дейді тазша.

— Ал, ендеше сөйлей ғой! – дейді хан. Тазша:

— «Тақсыр, әкемнің белінде, анамның көңілінде жатып, әкемнің әкесінің жылқыларын он бес жыл баққан екенмін! Алған ақыма өзіме қалың беріп, әйел алып, бес-алты бала сүйген екенмін! Сол әйелімнен туған балаларымның қолымдағы ең кенжесі осы уақытта жиырманың бесеуінде, өзімнен он жас үлкен!

Жаздың қайнап тұрған ыстық күні жылқымды суарайын деп, құрық үстіне құрық салып, жау тигендей қуалап, айдын шалқар бір көлге келсем, – тақсыр-ай, – күннің ыстығын сонан білерсіз: көлдің суы кісі бойы, қол ұсыным мұз болып, қатып қалыпты, балтамен олай шапқыладым, ойылмайды, бұлай шапқыладым, ойылмады, балтаның жүзі жапырылып қалды. Балтамды қойныма салып қойып, сүйменімді қолыма алып, олай түйдім, болмады бұлай түйдім, болмады, сүйменім майысып қалды. «Енді не қылдым?» – деп дағдарып тұр едім, құдай дес беріп бір амал ойыма түсе қалды. Дереу кеңірдегімнен ұстап, басымды кеудемнен жұлып алып, ақырын ғана шекеммен бір шық еткізіп қалғанымда, – тақсыр-ай, бірі өтірік болмасын – мың жылқым қатар тұрып су ішетін суат ойылды да қалды. Қатқан мұздың астында қалған алпыс ала үйрек, жетпіс шіл үйрек пыр-пыр етіп ұшып кетті. Және менің бағыма көлдің суы зәрдей ащы шығып, сонда да жылқым ішіп-ішіп, іші-сырты бірдей болып, қарындары қампайды да қалды! Сонан соң жылқыларымды көк мұзды жарып шыққан сар балауса мен көк жоңышқаға матап салып, санамай, түстемей, түгендегенімде, – құдай берерінде сүйтіп береді ғой! – Алты құлаш ала биеден туған, жеті құлаш жирен құлыным жылқының ішінде де жоқ, ұры алғанын білмедім, қасқыр жегенін білмедім...Жалма-жан құрығымды мұзға шанша салып, басына шығып, төңірекке көз жіберіп едім, көрінбеді. «Құрығым аласа болған шығар», – деп, құрықтың басына қамшымды жалғадым, көрінбеді, оған пышағымды шаншып, шығып қарап едім, тағы да көрінбеді, пышағымның басына қынымды шаншып, оған шығып қарап едім, сонда да көрінбеді, көңілім әлі биіктетуде болып, оған тебен шаныштым. Және көре алмадым. Әбден дағдарған соң, құрығымнан ақыл сұрадым: «Апыр-ай, енді не қылайын?! Ақылың болса, айтшы?» дедім. Ол ант соққан, жатып тұрып өзімді сөккені ғой: «Ит болмасаң, айналып-айналып, жерге қарай бергеніңше, көзіңді жұмып, аспан жаққа да қарасаң болмас па еді!»—дегені ғой! «Ойбай-ау, аспанды бұлт басып тұрғанын көрмейсің бе?» – деп едім, онан жаман балағаттап: «Ант ұрған-ау, қолың жоқ па? – дейді. — Бұлттың әрісін әрі, берісін бері сермеп жіберсең, болмас па еді!» – деді. Ойлап тұрсам, оның сөзі де жөн екен. Дереу қолымды созып жіберіп, бұлттың былайғысын былай, олайғысын олай сыпырып жібергенімде, күннің көзі жарқырап, шайдай ашылды да кетті! Әбден мұралып болып, көзімді шарт жұмып, аспанға қарағанымда, – мұнан артық не тамаша болсын! – Темір қазықтың ар жағында, Шолпан жұлдызының бер жағында манадан бері қарап, таба алмай жүрген жирен құлыным жайылып жүр екен. Әйелім ұл тапқандай қуанып, құрығымның басында тұрып, секіре беріппін! Жалма-жан құрығымды қайық қылып, пышағымды ескек қылып, теңізге түсе қалып едім, шым батып барамын, Дереу пышағымды қайық қылып, құрығымды ескек қылып түсе қалғанымда, кірпік қаққанша сыр етіп, теңізден өте шықтым! Жирен құлынға міне салып, қайтадан теңізге түсе қалғанымда, шым батып барамын. Дереу инемді қайық етіп, құлынды өңгеріп түсе қалғанымда — көзді ашып-жұмғанша, теңіздің бетімен де емес, түбімен де емес, ортасымен де емес, сыр етіп, өте шықтым. Жылқыға келген соң: «Жүріс алған құрғыр тағы көзден ғайып болып, әуре қылып жүре ме?» деп, енесін құлынына, құлынды айғырдың құйрығына байлап, жылқыға қоспай, далаға айдап қоя бердім. Бір уақытта айдын мұздың үстіне қарап тұрсам, бітпеген қу тобылғының түбінде бір тумаған ту қоян жатыр екен; жалма-жан садағымды алып, оғымның масақ жағымен атып едім, өтпеді, масақ жағын кіріске қойып, көз жағымен тартқанымда, жұлдыздай ағып өтті де кетті. Асығып: үсігіп, атымды бір қу қазыққа байлай салып, етегіме тезек тере бердім. Бір уақытта қарасам, атым тулап жүр екен; етегімдегі тезекті төге салып, атыма қарай жүгірейін десем, – сұмдық-ай! — Манадан бері тезек деп тергенімнің бәрі бөдене екен, пыр-пыр етіп, бет-бетіне ұшты да кетті. Манағы қу қазық деп атымды байлағаным аққудың мойны екен, соның қанатынан үркіп, атымның тулап жүргені де сол екен. Атымды ұстап алып, манағы тебен инемді қазық қылып,басымды тоқпақ қылып жерге қағып жіберіп, атымды соған байлап қойып, «Уһ!» – деп демімді алдым. Атып алған қоянымды сояйын десем,қынымда пышағым жоқ. «Апыр-ау,қайда қалды?» – деп, ойға қалып тұрғанымда, үш күн, үш түнде барып есіме түсе қалды: баяғы құрығымның басына шанышқан бойымен қарауыл қараған жерде ұмыт қалған екен. Соған қайта баруға еріндім де, күрек тісімнің біреуін суырып алып, қоянды сонымен соя бердім. Қашаннан өзімнің мал сойғыштығымды жете қабылдап, қоянды үш күнде сойып болып, қақтап, тұздап:«Енді майын ерітіп алайын», – деп, бір бүтін қазанға еріткенімде, менің сорыма май ағып, тұрмады. Дереу бүтін қазанды тастай салып, бір тесік қазанға салып ерітіп едім, – тақсыр-ай, мұнан қызықты көріп пе едіңіз? Бір тамшысы жерге тамбай,тұра қалды. Еріген майда ыдысқа қотарғанымда, бір түйе қарнына, бір өгіз қарнына, бір борсық қарнына әрең-әрең сыйды. «Бұл титтей май менің қай керегіме жарайды? Онан да етігімді майлап алғаным олжа шығар!» – деп бас салып майлағанымда, бір етігімнің жұлығына зорға жетті, қонышыма жетпеді, анау етігім ауыз тиместен қалды. «Ер еңбегіне бір тойсын!» – деген сөз бар еді-ау! – деп қоянның бір кесек етін қолыммен күнге әрі-бері қақтап пісіріп, аузыма салайын деп ойлағанымда – сұмдық-ай! – аузым орнында жоқ екен, жүрегім мұздай болып: «Апырмай, аузым қайда?!» – деп қайта-қайта бетімді сипаласам, аузым жоқ дегенім ойыншық екен, солайымен кеудемде басым да жоқ екен! Тақсыр-ай, сондағы қорыққаным әлі есімнен кетпейді-ау! «Япырм-ай, бассыз қалай күн көремін?» – деп алақанымды маңдайыма қойып, ойға батып, тұрғанымда, біреу иығымнан тартып: «Әке, мына басты танисың ба?» – дейді. Байқап қарасам: өзімнің басым, тауып әкеліп тұрған өзімнің балам! «Шырағым, мұны қайдан таптың?» – деп сұрағанымда: «Суат ойып, инені қазық қып қаққан жеріңде жатыр екен, сенің басың екенін танып, алып келдім», – деді. Тақсыр-ай, сондағы қуанғаным әлі есімнен кеткен жоқ!.. «Көп жаса, бақытты бол, үбірлі-шүбірлі бол!» – деп балама бата бергенім-ай сонда! Көптен ұйқы көрмей сергелдең болып жүрген байғұс басым! Сол мезгілде ұйқы қыстап, қалғымайын ба! Мұздан төсек, қардан жамылғы қылып, жата қалсам, төсектің жылылығына бұйығып өлген адамдай ұйықтап, қатыппын да қалыппын.

Түн ортасы болған кезде, бір нәрсенің сарт та-сұрт естілген дыбысынан шошып, оянып қарасам, екі етігім жұдырықтасып, қызыл ала қан болып, төбелесіп жатыр екен. «Бұларың қалай?» – деп сұрасам, май жағылмаған етігім жыламсырап:

— «Қайтейін! Май біткеннің бәрін анау жалмауызың жеп қойды, маған ауыз тигізген де жоқ», – деді. Онда екіншісі:

— «Өзіңнің кем несібелігіңнен көрмей, майдың жетпегенін менен көргенің, не сасқаның?» – деді. Ашуымның әбден келгені емес пе? Маңдайларына бір-бір шертіп, екеуін екі жағыма қойып жата бердім. Таң атқан соң қарасам, – көзін ашпағыр! – май жағылмаған етігім өкпелеп, түнде қашыпты да кетіпті. «Алда жүгермек-ай», – деп, екі аяғымды бір етікке тығып алып, ізіне түсіп қуа бердім.

Айдан-айлар жүрдім, астымдағы атым зорығып өлді. Жылдан-жылдар жүрдім. Бір кездерде, жаялықтай жауырынына қауын егіп, пісіріп, отырған бір егіншіге келдім. Егінші бейшара бір өскен қауынды алдыма қойып: «Жарқыным, пышағың бар екен, өзің жарып жей ғой!» – деді. Кездігімді суырып алып, қауынға сала бергенімде, – шіркіннің жетесі босап жүр екен! – теміртегі суырылып, қауынның ішіне түсті де кетті. «Қап, жолым қырсығып жүрген бейбақ едім, бұ да соның салдары ғой! – дедім де: «Бала күннен бірге өсіп, біте қайнаған замандасым еді, қалай көзім қиып, тастап кетейін! – деп, қауынның ішіне сүңгіп, өзім де кіріп кеттім! Ал ізде: тау да қалмады, тас та қалмады, тоғай да қалмады.. «Апта болды-ау?» – дегенде маған ұқсап, жоқ қарап, сандалып жүрген бір жоқшыға кез болдым. Жоғымның түсін, түгін, ен таңбасын айтып сұрап едім, – «құдай соққан неме; тіфу!» – деп, бетіме түкіріп жібергені ғой! «Ау, жының бар немемісің? Жоқ сұрасам бетіме түкіресің?» – дегенімде, — о да бір ісік неме екен, – әкіреңдеп: «Жынды демей, не дейін! Мен бір айдан бері атымды зорықтырып, бір айғыр үйірлі қысырағымды таба алмай жүргенімде, сен төрт еліге толмайтын теміртекті іздейсің!» – деді. Әлгінің сөзіне шыдай алмай, сол жерде жаттым да төбелестім жараланбаған жеріміз де қалмады, қып-қызыл қанға боялдық, ақырында, мен де, ол да, сілеміз құрып шаршап, төбелесті доғарып, бір-бірімізден насыбай алып атып жөн-жөнімізге кете бердік.

Бір күндерде ұлы жиын, ас беріп жатқан қалың елдің үстінен шықтым. «Жақсы болды ғой! Осы жиында етігіме де сұрау салайыншы», – деп, ошақты жағалап келе жатқанымда, аста табақ тартып жүрген бозбалалардың арасында, табақ көтеріп жүрген баяғы қашқан етігім анадайдан көзіме оттай басылды. Қатыным ұл тапқандай қуанып, секіре беріппін! Етігімнің де көзі мені шалып, ұялғаннан екі беті қып-қызыл болып кетті, қолындағы көтерген бір табақ қазы-қарта, жал-жаяны әкеліп: «Кешегі маған жағуға қимаған майың осы ма еді?» – деп, алдыма сарт еткізіп қоя салды. Пай-пай, тақсыр-ай, сондағы ұялғаным өмірімде есімнен кетер емес! Мінекей, тақсыр, туғаннан бергі өмірімде басымнан өткен істер осы, – деп тазша әңгімесін бітірді.

Қиыстырып, бір ауыз шын сөз араластырмай, айтқанына ханның көңілі толып:

— Қане, балам, енді өтірік өлеңіңді айтшы! – депті. Сонда тазшаның айтқаны:

Қайныма қарға мініп, ұрын бардым.

Күйеуден өзім қатар бұрын бардым.

Айғырын шегірткенің ұстап мініп,

Алдынан қайын атамның қырындадым!



Жүк артып инелікке, ерте көштім,

Шүйкелеп сары майдан арқан естім.

Мұртына шегірткенің ат арқандап,

Дегенде: өлдім-талдым!— әрең шештім.



Міндім де қара қоңыз аяңдадым.

Салдыртып аяңыма қоян алдым.

Япыр-ай, сол қоянның семізін-ай,

Көтеріп қоңызыма қоя алмадым!



Міндім де жасыл қоңыз сона қудым,

Басынан мұнар төбе сағым будым.

Дәулеттің құдай берген арқасында,

Қанменен көйлегімнің кірін жудым.



Үш жаста мергеншілік кәсіп қылдым,

Ши оқпен мың құланды атып қырдым.

Ауынан өрмекшінің кілем тоқып,

Ұялмай, жүз тұсақтан сатып тұрдым.



Балықтың қабыршағын отқа жақтым,

Өтірік бір сөз айтпай жұртқа жақтым.

Бір сонам асыранды қашып кетіп,

Дүниеден, он жыл іздеп, әзер таптым.



Ақылдан ер жеткен соң болдым жарым,

Бір суыр, мал дегенде, қолда барым.

Әйелім тел қоянды жаздай сауып,

Түйреді сары майды екі қарын.



Бергенде бақа қызын көбелекке,

Жүріпті қара шыбын жеңгелікке,

Бір туын қүмырсқаның ұстап сойып,

Той қылып, ат шаптырды төңірекке.



Міндім де қара қоңыз сона қудым,

Үш жүма, үш ай жүріп, қона қудым.

Қумасқа белді байлап, тұрып едім.

Дегенге жеңгем жерік бола қудым.



Бай болдым төрт түлікке тумай жатып;

Балама қалың бердім бәрін сатып.

Ретін мал жаюдың білмеген соң,

Сондықтан кедейлікке қалдым батып!



Байлықтан ыза шектім ақырында,

Бір түйір мал болмады жақынымда;

Малымның бәрін жинап отқа жағып,

Отырмын кедейліктің тақырында.



Камыстан жылқы ұстауға құрық қылдым,

Жусаннан үйге тіреу сырық қылдым;

Бір талын сойылымның кесіп алып,

Көшкенде мал айдайтын шыбық қылдым.



Жиынға, салтанатқа кидім құрым,

Қытықтап, зорға айтқыздым ханның сырын.

Келгенде қалыңдығым жиырма жасқа,

Қайныма жиырма бес жас бардым бұрын,



Жүз салған қорғасыннан қара балтам,

Шықпады он матадан сыңар қалтам.

Дәулеттің маған келген арқасында,

Көшкенде жүз түлкіге жүгімді артам.



Айдадым, жылқы қылып, тоқсан түлкі,

Борсықты ұстап мінсең аттың мүлкі.

Ішінде топ адамның тулап жығып,

Қылдың-ау, ойбай, қарсақ, жұртқа күлкі!



Арасын жырып қостым шөл қуаңның,

Молықтым, елін билеп бес дуанның.

Екі жүз құнан қойым егіз туып,

Осыған, нанар болсаң көп қуандым!



Мен көрдім қара шіркей бала қаздай,

Жүк арттым бес қарсаққа ала жаздай,

Түлкісін қырдың қызыл жайлаймын деп

Қан түсіп аяғына, өле жазды-ай.



Тамырға шын сөзімді қап-қап бердім.

Найзасын нар қамысқа саптап бердім.

Жүйрігін тасбақаның ұстап мініп,

Түлкіге тастан қашқан тап-тап бердім.



Басынан Қап тауының қора, қылдым,

Бітер деп бес мың жылқы, жора қылдым;

Топан су тау басына дамыл бермей,

Қылмасқа енді қора тоба қылдым.



Баласы қасқа айғырдың бөлтірік-ті,

Айтпаймын өлтірсең де өтірікті!

Мың кісі бір тышқанға мінгескенде,

Апырым-ай, бәрін тулап өлтіріпті!



Мен өзім кішкенеден қарға бақтым,

Қашырмай сол қарғаны зорға бақтым.

Біреуі жануардың үздік шығып,

Мойнына ақ киізден белгі тақтым.



Басында керегенің үрген қарын,

Көтердім балуандықпен соның бәрін,

Түйеге теңдеп соны қойғанымда,

Мертікті, көтере алмай, қара нарым!



Масаның сілекейін желі қылдым;

Шымшықтың жұмыртқасын келі қылдым.

Қамыстан сегіз қабат үй істетіп,

Жонынан шегірткенің көген тілдім.



Шымшықтың шылым шектім бақайынан;

Қоянның атым үрікті топайынан,

Тазшаның ақылы артық, ойы жетік,

Көртышқан етік қылдым шоқайынан.



Басына бәйтеректің тіктім орда,

Көкорай шалғын екен қорда-қорда,

Қос атпен күні-түні бірдей қуып,

Қашаған бір битімді тұттым зорға.



Мен өзім өтірікпен пайда еткенмін;

Бит терісін биялай қалта еткенмін.

Етіне бір шіркейдің қазан толмай,

Соймасқа қайтып шіркей ант еткенмін.



Мыс егіп, көбік қарда алтын ордым,

Ізіне ақ жыланның қақпан құрдым;

Шегірткем мініп жүрген тулап еді,

Жалғыз тал қыл қамшыммен өлгенше ұрдым.



Түгестім сар аяқпен Сырдың суын;

Он нарға артып жүрмін қыздың буын;

Еншіге әкем берген мың қоянның

Сол қыста қырып алдым барлық туын.



Тілімнің келмейді ебі өтірікке,

Тақсыр-ау, осыным да өтірік пе?

Қырық байтал қалыңмалға санап алып,

Қыз бердім, отау тігіп кекілікке!



Биені қымыз іштім мұзға байлап;

Тышқанды жауыр қылдым үш жыл айдап.

Қырық тоғыз мүшелімде әкем туып,

Жүгірдім қуанғаннан алақайлап.



Отыным жазда жаққан мұздан болды,

Салымым жүз жасаған қыздан болды.

Былтырғы жерошаққа жаққан отым,

Тұтанып зорға биыл қызған болды.



Сауысқан алып-ұшты бөлтірікті,

Айтпаймын қыз берсең де өтірікті!

Шіркіннің тепкісінің қаттысын-ай,

Бір қызды шыбын теуіп өлтіріпті!



Қоянның шаңырақтай омыртқасы;

Көнектей көлбақаның жұмыртқасы;

Болғандай енді өтірік несі қалды,

Түбінен шау қияқтың ердің қасы.



Жонынан атжалманның айыл алдым,

Үш жерге ішін жарып майын алдым.

Ізіне аттың басқан қақ тұрыпты,

Қырық құлаш қармақ салып, жайын алдым.



Шымшықтың шылым шектім қу басынан;

Атжалман арқан естім шудасынан.

Қырық қарға, отыз сона құда түсіп,

Инелік киіт киді құдасынан.



Серік боп құрқылтаймен қылдым сауда,

Айналды серіктіктің арты дауға.

Борсыққа жарап жүрген міне шауып,

Ұрандап, бір бүйірден тидім жауға!



Дарияға тоған бастым ебелектен,

Жаратып қасқыр қудым көбелекпен.

Жығылып таскенеден мойны үзіліп,

Бір кемпір – «ә» дегенше өле кеткен.



Аспанға алты жерден тіреу қойдым.

Борышыма жел жемісін бере қойдым.

Жүрегін құрқылтайдың төрт бөліп жеп,

Нансаңыз, өмірімде бір-ақ тойдым.



Сауысқан елден асты аққуды іліп.

Еліме қызғыш шауып салды бүлік.

Кақалып кеше кешке жеген етке.

Қолқамда бес жыл тұрды кәрі жілік.



Күмістен ақ тышқанға таға қылдым;

Құйрығын көртышқанның жаға қылдым;

Терісін сары масаның теспей сойып,

Жиынға он бес қарыс саба қылдым;

Жабылып тоғыз жігіт көтере алмай,

Қылмасқа ондай саба тоба қылдым.



Өтірік айтпағаннан, жұртқа жақтым,

Құмырсқаны қайырып, қойдай бақтым.

Ел қыдырған кешегі есер кезде,

Бүгелектің басына тана тақтым.



Бір қоянды міндім де аспанға ұштым,

Екпініне шыдамай, жерге түстім.

Алты күндей ақ боран соғып еді,

Жалғыз қурай ығында ас қып іштім.



Дүниенің ауыры үрген қуық,

Жалғыз өзім көтердім аузын буып.

Үлкеніне шіркейдің арба жектім,

Ондай мықты көрмедім өзім туып.



Бес қарсақты күнінде баса жектім

Жүргізе алмай, шіркінді азап шектім;

Екі теңді үстіне теңдеп алып,

Қара жолдың үстінде борп-борп шаптым.



Үлкеніне шіркейдің арба салдым,

Басқа, көзге төпелеп зорға салдым.

Мені мықты дегенге жұрт нанбайды,

Қойдай битті көтеріп отқа салдым.



Өтірікті айтпаймын ең басынан,

Арқан естім бозторғай шудасынан.

Алты инелік, бес торғай той қылыпты,

Киіт кидік солардың құдасынан.



Өтірік өлең айтпаймын ең басынан,

Шылым қылдым шымшықтың қу басынан.

Қара шіркей етіне қазан толды.

Астау-астау ет қалды әр басынан.



Маса деген бір талай батыр екен,

Сона деген қансорғыш пақыр екен,

Екеуінің қылығы асқынған соң,

Құмырсқалар жазалап жатыр екен.



Бүгелектің терісі – ер-тұрманым,

Қоян мініп мен өзім жау қуғанмын.

Шегірткенің айғырын ұстап мініп,

Тұра қашқан түлкіні бір бұрмадым.



Көлбақаның көлектей иегі бар,

Көртышқанның қырық құлаш үйегі бар.

Өзім барып, жерінен алып келдім,

Бір түлкінің қырық арба сүйегі бар! – деп аяқтады өлеңін тазша.

Тазшаның әңгімесі де, өлеңі де бастан-аяқ ханның өзі айтқандай, рас сөзден бір ауыз қосылмай айтылғанына ханның мейірі қанып:

«Адам қай іске бет түзеп ұмтылса, сол істің үдесіне шығады. Егер осы неше түрлі жақсылық жұмыстарды мойнына артса, оның да үдесіне шығарына көңілім сенеді. Түбінде мұның қолынан үлкен-үлкен жұмыс келер», – деп, айтқан уәдесімен қызын да берді, уәзір де қылды.

Тазша сөйтіп мұратқа жетті.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇
  • Автор: Umit
  • 2 716



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі