DataLife Engine / 20, 30, 40 жаста инвестицияны не нәрсеге құю керек?

20, 30, 40 жаста инвестицияны не нәрсеге құю керек?

Ақшаны жас ерекшелігіне байланысты қалай тиімді жұмсаған дұрыс?

20 жаста ақшаны құю керек?

Білімге

Алдыңызда өмірдің бар қызығы мен шыжығы күтіп тұр. Сүрініп, жығылмас үшін, Сізге әрдайым көмек болатын білім қажет. Оны тек білу үшін емес тәжірибеде пайдалану үшін игеру керек екенін түсініңіз. Сол себепті қалтаңызда артылғанды ғана емес, барыңызды білімге, білмейтін, дамытатын тұсыңызға жұмсағаныңыз жөн. Алдамшы семинар, тренинг, курстарға емес, пайдасы нақ бар екеніне көз жеткізген тұсыңызға ақша құйыңыз.

Болашаққа

“Қыстың қамын жаз ойла”. Ертеден бюджетіңізді тиісті орынға жинап отырсаңыз, 5–7 жылдан кейін осы әрекетіңізге дән риза боласыз. Қазір жас отбасылардың басты мәселесі баспана екенін ескере отырып, үй алуға ақшаны осы бастан жинаңыз. Ал егер баспана жағынан көмектесетін тарап болса, көлікке, өзге де болашақта аса қажет болатын орындарға жұмсаңыз.

30 жаста ақшаны қайда жұмсау керек?

Тұрақты қорға Әр отбасыға кез келген тығырықта алты ай өмір сүруіне жететіндей ақшаны қорда сақтау артық етпейді. Өмірде күтпеген тосын сыйлар жиі болады. Мысалы, аяқ астынан жұмысыңызда қысқарту болуы мүмкін, түрлі апаттар орын алуы да ғажап емес. Сол себепті артық ақшаңызды қорда сақтаудан бас тартпаңыз.

Жинаққа

Егер жақын арада ақша жұмсайтын пайдалы тұс болмаса, жинаққа салыңыз. Қандай жинақ болатыны өз қалауыңыз бен есебіңізге байланысты болмақ.

Қай жерде болмасын, ұзақ уақыт салынған жинақтың пайдасы көбірек болатынын ескеріңіз.

Жеке бизнеске

Барлығын нөлден бастаудың қажеті жоқ. Дайын компанияны сатып алуға болатын оңтайлы кезеңдер де болады. Мұндай ұсыныстарды интернеттен көптеп табасыз. Бастысы, ол бизнестің сіздің оң жаңбасыңызға сай келіп, болашағы бар екеніне көзіңіз жетсе, болғаны.

Дайын бизнесті сатып алудың артықшылықтары жоқ емес: штат, клиенттер бар. Сіздің жұмыс істеу керек тұсыңыз:
рентабельдік;
бедел;
заң тұрғысынан құжаттардың реттелуі;

Бизнес жүріп-тұрған күннің өзінде табыс әкелу үшін, аз тер төгесіз деп айта алмаймыз. Алдымен бизнестің барысын, ішкі тынысын сезінуіңіз қажет, қосымша жарнамаларға жүгінуіңіз тиіс.

40 жаста ақшаны қайда құю керек?

Зейнетақыға

Мемлекеттің қолдауына нағыз оптимистер жүгінеді. Алайда тек зейнетақыны ғана місе тұтпай, жасыңыз келгенде де ісіңіздің жүріп, табыс әкелетін көздерді ойластырғаныңыз жөн. Қартайған шағымда қалай күн көрмекпін? Бұл – жасыңыз 40-қа келгенде міндетті түрде ойлану қажет сұрақтың бірі.

Алтынға

Біз айтып отырған дүние әшекей емес. Әшекейлердің құйма алтыннан артықшылығы/ кемшілігі: мұнда зергердің еңбегі еленеді (сол себепті артық ақша төлейсіз). Егер алтынды жинақ ретінде сақтағыңыз келсе, алтын құймаларды, монеталарды таңдағаныңыз жөн. Жемісін қарттық шағыңызда көресіз.

Ипотекасыз жылжымайтын мүлікке

Жинаған ақшаңызды сақтаудың бір тәсілі – жылжымайтын мүлік сатып алу. Үйді жалға беру арқылы қосымша табыс тауып отыруыңызға да болады. Яғни, жинаған ақшаңыз айналымда деп есептейсіз. Бастысы, сатып алатын үйіңіз бұзылуға, бұзуға шақ тұрған үй болмағаны жөн

Денсаулыққа

35 жастан бастап ағза ақырындап бүліне бастайды. Сол себепті оған жастық шақтағыдан да күтімді көбірек жасау керек.

Инвестиция қашан да тәуекелге толы. Алайда ақшаны қалтаға басып, үйде сақтағандардың опық жегені қаншама?

дереккөз
01.10.2018
Вернуться назад