Қаңбақ айғақ

 Қаңбақ айғақ

Ерте заманда бір бай баласы мен хан баласы жолдас болады. Күндерде бір күні екеуі аңға шығады. Келе жатқанда бай баласының ойына бір арамдық түседі.

«Мен мұнан гөрі батырмын, неге осыған бағынамын. Хан баласымын деп, мені ауыр жұмыстарға жұмсайды. Мұны өлтірейін де, ат-тұрманын олжа қылайын», – деген ойға келеді.

Бір азырақ жүріп, бір белестен асып түскеннен кейін хан баласына бай баласы:

— Ал, достым, ажалың жетті,– дейді. Хан баласы сасып қалып, жан-жағына қарайды.

— Ажалды алыстан келеді екен деме, міне, мен сені өлтіремін, – дейді.

— Ей, мұның қалай, достым? – дейді хан баласы.

— Достықтың шегі жетті, – дейді бай баласы.

Соның арасынша күн желдетіп, бұрқыраған құйынның ішінде бір қаңбақ келе жатады.

— Ей, достым, тым болмаса біраз уақыт бер. Мына ұшып келе жатқан қаңбаққа жолығайын, – дейді хан баласы. Соның арасынша ұшып бара жатқан қаңбақ жанынан өте шығады.

— Әй, қаңбак, мына кісімен жасымнан жолдас едім, сол жолдасым бүгін мені өлтірмекші болып тұр, бір күндерде айғақ боларсың, – дейді. Ұшып бара жатқан қаңбак онымен ісі жоқ өте береді. Бай баласы:

— Енді болдың ба? – деп сұрады.

— Болдым, – деді хан баласы. Сонан кейін қылышпен бай баласы хан баласының басын шауып түсірді де ат-тұрманын, алтын-күмісін, сауыт-жарағын сыпырып алып, жүріп кетті.

Жылдардан жылдар өтеді. Бай: баласы еліне барып әйел алады, басына үй тігіп, алдына мал салады. Бір күндерде әйелінің сіңілісін ұзатпақшы болып, қайын-жұрты тойға шақырады. Тойға әйелі екеуі бармақшы болады. Тойға сый-сыяпат алып шығады. Пәуескеден әйеліне шаң тиеді деп, күймесін жауып, сыртқа әйнегінен қарап келе жатады. Келе жатса, баяғыдай қаңбақ ұшып терезе алдынан өте шығады.

Қаңбақты көргеннен кейін баяғы жігіттің өлерде қаңбаққа айтқаны есіне түсіп, мырс етіп күледі. Онымен қоймай:

— Ей, досым, әлі жүрсің бе? – дейді.

Әйелі бұған:

— Ей, саған не болды, ұшып бара жатқан қаңбақпен сөйлесіп? – дейді.

— Жай, қаңбақтың ұшып бара жатқанына күлемін, – дейді бай баласы.

— Сен шатасқан боларсың, – дейді әйелі. — Жер бетінде жел ұшырған каңбақ көп, соған күле берсең, сен сау болмассың! Сенде бір сыр бар, бостан-бос қаңбаққа кісі күле ме! Сен маған сырыңды айтпайды екенсің, көңілің бөлек екен, – деп әйелі өкпелеп мінез көрсетеді.

Амал қанша, жігіт әйелінен құтыла алмайтын болғасын, кісі өлтірген сырын айтып береді.

Сол болған уақиға есіме түсіп, қаңбақты көргеннен кейін күліп едім, айтпасыма қоймадың ғой. Біздің осы кезге дейін бай болып жүргеніміз сол жігіттің дүниесі еді, – деп сөзін аяқтайды.

Сонымен қайын-жұртына да жетеді. Той-топырын істеп, қыз-күйеуін жақсылап қарсы алып, бірнеше күн тамаша да болады. Ең ақырғы күні әйелі екеуі тағы ренжіседі.

Әйелі төркініне барғаннан кейін-ақ бұзыла бастайды. Ағаларына арыз етеді.

— Мені осы кісіден құтқарсаңыздар екен, өте қорқыныштамын. Бұл неше жылдан бері жолдас болған досын шауып өлтіріпті, мені де бір күні өлтіре ме деп, қорқып жүрмін. Мені бауыр десеңіздер сол жігітке қылған ісін өзінің алдына келтірсеңіз екен, – деп жылайды. Ағалары қарындасының айтқанын істеп жігітті қылышпен шауып өлтіреді. Бұған тағы да қаңбақ айғақ болады.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇
  • Автор: Umit
  • 895



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі
» қазақ тілі тестілеуде_келген_сұрақтар_зерттеуші
» Наурыз мейрамы Қазақстанда жаңа форматта тойланады