DataLife Engine / Сатиралық ертегі: Құлжатай сөзі

Сатиралық ертегі: Құлжатай сөзі

Бұл кәдімгі Тобықты деген рудың, оның ішінде Қарамырза деген топтан атақты Тәуке батырдың туысқаны Құлжатай Қорыға баласы деген азамат, осының әңгімесі шығыс әңгімесінен де қызығырақ. Осылар екі атаның баласы, бір жағы – Жақып баласы Байғали, Нұрғали, Қали, екінші жағы – Қорыға баласы Мұсатай, Жолдатай, Құлжатай болып, Ақшоқы деген жерде жерге таласып, екі жақ болып, төбелеске шығады. Бір жағының батыры атақты Тәуке, екінші жағынан қашқын Әділқан деген Байтен деген рудан апрель айының аяқ кезінде талтүсте сарт та сұрт, ал соғыс. Бұл соғыста Қорыға жағы мегдетіп, Жақып баладарының көбі қашып, түсіп қалады. Басты орамалмен мықтап тартып алған, қолда Ақтабаннан нән бір-бір сойыл шоқпар еді. Жерге талас түс мезгілінде Құлжатай мырза тоқтап, Ақшоқының басына шығып, желпініп, насыбайын атайын деп, қалтадан шақшаны суырып ап, ердің қасына тық-тық еткізіп қақса, ері тілге келеді.
– Кенже-ау, басымды жардың ғой, – дейді.
Құлжатай мырза сасып, тап ерінің қасына қараса, тақымынан бір бас қылтиып шығып тұр, қараса, алғашқы кездескенде сасып жүріп, жауырынынан жұлып алып, Әділқан батырды тақымына қысып ап кеткен екен. Оны ұмытып кетіпті. Әлгі ердің қайысы деп, шақша қаққаны осы Әділқан батырдың басы екен. Ыржиып күледі.
– Ай, ант ұрған-ай, ұмытып кеткен екем ғой, – деп, тақымын босатып, сылқ еткізіп, жерге тастай беріпті, – дейді. Міне, әңгіменің төресі.
Осы Құлжатай мырзаның атақты сары құсы болатын-ды. Шағыр деген биіктің басына шығып, құсының томағасын тартып қалса, қолдан атып кетіпті дейді. Сары құс осы ұшқанда ерекше болып ұшты, себебі – жоғары бұлтқа өрлеп ұшып, бір кездерде бұлттың ішіне кіріп, ғайып болды.
Құлжатайдың екі көзі аспанда тұрды да қалды. Қазақ есебі сүт пісірім мөлшер болғанда торғайдай бұлт ішінен бір қарайған көрінеді, әлгі бірте-бірте төмендеп келеді. Байқаса, аяғында бір нәрсе салбыраған сықылды. Қараса, бір қара үйек орман түлкі.
Осы биік тау басына бұлт шөгерді де, енді көтеріліп ұшқанда, осы жортып жүрген түлкі бұлтқа мініп кетіпті. Сары құс бағана тілеп ұшқанда осы түлкіні бұлт ішінен көріп, ұшқанын оқушылар өздері де аңғарған болар.
Түлкіні айырып алып:
– Алда, жануарым-ай, жерді қойып, көктен де алдың, – деді Құлжатай.
Құлжатай айтады:
– Бір жылы май айында биені алғаш байлап, сүр, қымыз әбден ашыған. Үлкен ағайдың әйелі Кенже қымыз істеп, шақырған болатын-ды. Қараса, былқ толып тұрған қымызды сары тегешке құйып, сапырып беріп отыр. Мен ішіп отырмын. Бір кезде бірдеңе сарт-сырт етеді.
– Бұл қалай? – деп қарасам, бешпетімнің төрт күміс түймесі болатын-ды, менің ішім қымызға әбден созылып, үлкейіп кетіп, бешпетті кернеген соң үзіліп, түсіп қалған түйме. Бірақ көргенім бар емес пе, жеңгемнің аты Айымқан еді, өзіміз Бопай дейтұғын осы кісі көрмесе, өзім білмей де қалдым.
Өз құлағымнан естігенім. Қасымда Шәбден деген жігіт бар осы Құлжатайдікіне келдік. Май айының аяқ кезі еді, қымыз ішіп, әртүрлі сөз айтысып отырыстық.
Сонда Құлжатай мырза отырып айтты:
– Осы күнде мына отырған сары құсты мына бір тарғыл мысық асырап отыр. Қалайша десеңіз, Қарашоқының көліне барады, сонда көп қаздар бар, соларды арбайды. Екі қанатын салбыратып, мысықтың артынан еріп, ауылға келеді. Қолмен ұстап аламыз да, бауыздап, құсқа беріп, осымен күнелтіп отырмын, – деді.
Қасымдағы жігітім сырын біледі екен, мені бір тартып қалды.
Жарайды, мысығыңыздың мұнысы өнер-ақ екен, – деп, қайырлы болсын айтыстық. Тыңдаушы, осы айтылып отырған сөзде мін бар ма, қалауын тапса, қар жанады емес пе?!
15.08.2020
Вернуться назад