DataLife Engine / Екі әтеш

Екі әтеш

Ертеде бір кемпір-шалдың құс дегенде, асырап отырған екі әтеші бар екен. Қолдарына түскен жемдерін соларға беріп, бағып-қағыпты.

Күндердің бір күнінде кемпір құсына жем шашады. Қарындары ашқан әтештер дүрсе қоя береді. Әрқашан бірге жүрген досынан шұбар әтеш жемді қызғанып, шекесінен одырая қарайды.

— Шіркін, мынаның бәрін жалғыз өзім жеп, тыңқия бір тойсам-ау, – дейді.

Сөйтеді де, шұбар әтеш қасындағы сұр әтешті қайта-қайта шоқып, жем жегізбейді, мазасын алады. Сұр әтеш бір рет елемегенсиді, екінші рет абайламаған болады. Тіпті қоймаған соң, ақырында ызаланып, ол да шұбар әтешті шоқып алады.

Осыдан соң екі әтеш жүндері үрпиісіп, бірі мен бірі төбелесе кетеді. Екеуінің де үсті-басы жұлым-жұлым болады.

Бұлар өстіп қызыл шеке болып жатқанда, көршінің шібилері келіп, жемді түгін қалдырмай жеп кетеді.
27.10.2018
Вернуться назад