DataLife Engine / Екі иттің достығы

Екі иттің достығы

Бұрынғы уақытта дәулеті асқан, судай тасқан, көңілі жай, төрт түлікке сай бір бай болыпты.

Ол байдың Төрткөз, Мойнақ деген екі төбеті бар екен. Бір күні түс мезгілінде екі төбет өз қызығы өзіне, өз тұрмысы өзіне болып, тамағы тоқ, күн шуақта, үйдің есігінің алдында, бір-біріне қарама-қарсы жатып, өзара әңгімеге кірісіпті. Бұлар жақсылық пен жамандық жөнінде сөйлесіп, өз әлдерінше олардың қандай болатындықтарын тексеріп, оны бітірместен жомарттық жөнінде сөйлесіп, оны бітірместен сараңдық жөнінде сөз қозғап, бірінің басын, бірінің аяғын шатып, ақырында ырылдасып, ақыры әңгіме арнасы араздық пен татулыққа түседі.

Сол уақытта тілмарсыған Мойнақ:

— Достым, Төрткөз, осы мен ойлап тұрсам, дүниеде татулықтан жақсы нәрсе бар ма? Осы екеуіміздің төбелеспей жүретін күніміз болар ма? Біз жоқ нәрсеге ырылдасып, жоқ нәрсеге таласамыз, бірімізге-біріміз жылы шырайымызды көрсетпейміз, бір ойнап-күліп жүрмейміз. Күнде талас, күнде төбелес, осыменен күніміз өтіп барады. Кейде таласқанымыздан екеуіміз де тамақтан айырылып, оны Құтпан тартып әкетеді, бізден басқа Жолдыаяқ, Құтпан, Бөрібасар – бәрі де ынтымақшыл, бірінің аузынан бірі жырып жейді. Біз екеуіміз де солар сияқты ынтымақты болып, әр нәрсеге таласпай, бөліп ішіп, шын досжарлыққа көңілімізді берсек қайтеді? Біріміздің қабағымызға біріміз қарап, күннің қалай өткенін білмей қалатын болсақ қайтеді? Осы сөзімізге не айтасың? – дейді.

Сол уақытта Төрткөз аяқты көсіліп, құйрықты бұлғаңдатып, қабақты ашып, Мойнақтың сөзін құптады:

— Достым, Мойнақ, мұның әбден құптарлық сөз. Бұны мен де ойлаушы едім. Осы екеуімізге не жетпейді, тамағымыз тоқ, қайғы дегенді білмейміз, солай бола тұра түкке тұрмайтын бір нәрсеге таласып, жұлысып-ақ жатқанымыз. Расында, осы қылығымызды тасталық, – деп сөзін аяқтайды.

Мұның сөзіне Мойнақ та маңызданып, көз тігіп, құйрықты қысып:

«Ал, ендеше, дос болайық» деген сөз көмейіне бір келіп, бір қайтып тұрғанда:

— Дос болғанның белгісі, міне, – деп, Төрткөз Мойнақтың мойнынан құшақтай алады. Екеуі бірін-бірі құшақтап, аймалап, беттеріне беттерін тигізіп:

— «Екеуіміздің достығымызды ешкім айыра алмас, тау күйіп, тас жанса да, аштан өлсек те тамақ жағына таласпаспыз, – деп серттеседі. Достық құшақтарын айырыса алмай тұрғанда, ас үйден лақтырған бір майлы омыртқа екеуінің қасына келіп, топ ете қалады. Майлы сүйекті көргенде, көздері жайнап, естері шығып, екеуі де құшақтарын жазып, алға ұмтылысады. Тырнақтарымен сүйекті басысып, бірінен-бірі қызғанып, ырылдаса-ырылдаса барып, жұлқыласып, таласа бастайды. Бірін-бірі тістеп, тартқан зардабынан жүндері дода-дода болып, аспанға ұшады. Дауыстарын есітіп, Жолдыаяқ, Құтпан, Бөрібасарлар келіп, таласқан омыртқаларын Бөрібасар алып қашып кетеді. Шуылдаған қой үркіп, қойдың шетінде жатқан қойшылар келіп, иттерді сойылдап жүріп, зорға айырады.
27.10.2018
Вернуться назад