DataLife Engine / Арыстан

Арыстан

Арыстанды өлтірудің қазанын асқан қу түлкі жолбарыс пен қасқырдың уәдесін алған соң, соларды ертіп арыстанға жолығысқалы барыпты.

– Алдияр, тақсыр, – деп, жылмыңдай кірген түлкі арыстанның алдына бас қойып, тағзым етіп сөз бастапты:

– Дүниедегі алыптардың алыбы өзіңіз, сізге кімнің қол қусырып бас қоймасқа дәті барсын? Біз сізді патша еткелі келдік, сызған сызығыңызбен жүріп қызметіңізде болсақ...

– Сәулетті сарай да салып берер едік, – деп, түлкінің сөзін іліп әкетіпті, жолбарыс оны желпіндіре түсіп, сіздің алдыңызға әр күні жер бетіндегі ең құнды жылы-жұмсақ тағамдарды әкеліп тартамыз, сіз сол салтанатты сарайыңызда біздің ықылас-құрметімізге бөленіп қам-қайғысыз жатарсыз.

– Сендерді мұндай ықылас-пиғыл көрсетеді деп ойламаған едім, – депті де арыстан оларға алғысты раймен басын изеп, мақұлдығын білдіріпті.

Содан бастап арыстан жем үшін өзі әуреленбейтін болыпты. Өз сарайында әр күні түлкі мен жолбарыстың әкелген азығын жеп жата беріпті.

Күндер артынан күндер өтіп, бара-бара арыстан орнынан тұруға да ерінетін күйге түсіпті, аяқтарынан әл-қуат кетіп, тістері етке жақсы өтпейтін болып қалыпты.

Сонан, бір күні түлкі, жолбарыс, қасқыр - үшеуі арыстанның сарайына тағы барыпты. Бұл рет олар арыстанға тәтті, дәмді тағамдар емес, шоқпар-сойыл көтеріп барған екен.

– Ақымақ арыстан, – деп, ақыра кірген түлкі шоқпарын үйіріп, оған кіжіңдейді, – бізді сен шынымен өзіңді өмір бақи бағып-қағады деп ойладың ба? Ха, Ха! Есуас! Біз әбден қожыратып барып, көзіңді жоймақшы болғанбыз. Бұрын сенің адуын айбыныңнан именуші едік, енді қалтылдаған қауқарсыз бірдемеге айналдың, тапжылма тап! Оразамды өзіңмен ашамыз, әлі!

Сөйтіп, арыстан жылы сөз, тәтті лебізге сенемін деп түлкі, жолбарыс, қасқырлардан жан үзіпті.
24.10.2018
Вернуться назад