DataLife Engine / Құламерген

Құламерген

Баяғыда бір Құламерген деген батыр, өзі аңшы жігіт болыпты. Батырлығы елге жайылған адам болады, оның өзіне лайықты сұлу әйелі болады. Сол елдегі хан әр жерден сұлу әйел іздеп сұрау салады екен. Бір күні ханға бір мыстан кемпір келеді. «Сізге мен лайықты адам табайын, менің үйімде тазша балам бар, соған қызыңды берсең», – дейді мыстан. Хан бұған келісіп:

— Енді, маған лайықты сұлу әйел ізде! – дейді. Құламергеннің әйелі бір күні дарияның жағасына барып басын жуып отырғанда, бір буда алтын шашы суға ағып кетеді. Бұл шашты мыстан кемпір тауып алып ханға апарады.

— Бұл кімнің шашы? Не де болса, осы әйел менікі болсын, – дейді хан.

«Тақсыр, бұл Құламергеннің әйелінің шашы», – дейді мыстан. «Олай болса, қазір үйінің күл-талқанын шығарыңдар да әйелді мұнда әкеліңдер», – дейді хан әскерлеріне. Бұл кезде Құламерген аңға кеткен болатын. Ханның әскерлері келіп, үйдің күл-талқанын шығарып, Құламергеннің әке-шешесін сабап, әйелін байлап алып кетеді. Құламергеннің бір ер баласы мен қыз баласы болады. Олар үйде қалады. Кұламерген аңнан келгенде, осындай жағдай болып еді. Енді Құламерген ханның үйіне келіп:

«Үй салып бер, әйелімді қайтар, әйтпесе бәріңді де қырамын», – дейді. Ханның әскерлері көп болса керек. Құламергенді ханның босағасына байлап тастайды. Құламергеннің әйелі хан қасында жатады. Түн мезгілінде үйге өзінің қызы келеді.

«Ана қылышты алып бер, менің қол-аяғымды шеш», – дейді мерген. Бұған қызы жауап бермей қашып кетеді. Соның артынан баласы келеді. Бұған да: «Ана қылышты алып бер, қол-аяғымды шеш» – дейді. Бала үндемей, дыбысын білдірмей барып, ханның басындағы қылышты алып, әкесінің байлаулы тұрған арқандарын қиып-қиып тастайды. Қол-аяғы босаған Құламерген ханның өзін, әскерлерін қырады. Өлген ханның әскерлерінің ішінде мыстанның тазша баласы болады. Енді өлгеннің өшін алу үшін мыстан Құламергенді өлтірудің амалын қарастырады. Құламерген үйіне келеді. Құламергеннің соңына мыстан кемпір түседі. Құламерген әке-шешесінен ақыл сұрайды.

Әкесі айтады: «Сен астыңдағы атыңмен қашып кет, сенің қайда кеткеніңді біз айтпалық, сөйтіп жүргенде сен ұзап кетесің. Егер мыстан кемпір сені бір жерден қуып жететін болса, сен мыстан кемпірдің сол көзінен ат, әйтпесе, құламайды, осыны орында», – депті.

Құламерген қашып кетеді. Мыстан кемпір Құламергеннің үйіне келіп, кемпір-шалдан баласының қайда қашып кеткенін сұрайды. «Біз білмейміз, қайда кеткенін, ол жөнінде көп сұрап басымызды қатырма», – дейді мергеннің ата-анасы. Мыстан кемпір ештеңе өнбесін білген соң, желмаямен талай жерді босқа кезеді. Сөйтіп жүргенде бір ай өтіп кетеді. Ақырында Құламергеннің соңынан қуып жетеді. Құламерген желмаямен келе жатқан сол мыстан кемпір екенін біліп, тұрып қалады. Бірінші кезекті мыстан алады да Құлмергенді атады. Бірақ оғы тигенмен, Құламергеннің сауытынан өте алмай қалады. Екінші кезекті Құламерген алады да әкесінің айтқанындай, мыстанның сол көзінен атады. Мыстан кемпір жерге құлап, өліп кетеді.

Құламерген мыстанның желмаясын жетектеп еліне келіп, қызықты дәурен сүреді.
24.10.2018
Вернуться назад