DataLife Engine / Аюбала

Аюбала

Ертеде бір асқан бай болыпты. Оның бір бәйбіше әйелі болыпты. Әлгі бәйбішеден бес ұл туыпты. Бес ұлы ер жетіп, бай қартайып қайтыс болыпты. Бәйбіше әйелі отыз екі жасында жесір қалыпты. Сонан бір жылдары ел жайлаудан етекке түскен кезде, жайланып жылдағы бір отыратын тау етегіндегі қонысында отырады.

Сөйтіп отырғанда, бір күні іңірде далаға шықса, бір нәрсе көтеріп алып қашып кетеді. Бәйбіше қорыққандығынан даусы да шықпайды. Сөйтсе аю екен дейді. Сол апарғанынан аю үңгіріне апарады. Бәйбіше үңгірде қамалып жатады. Жейтін тамағы алма, шикі ет, түрлі жемістер болады. Аю күндіз кетіп, түнде келіп түнеп тұрады. Түрлі жеміс, етті әкеп тұрады екен. Сонан бәйбіше үйреніп, аюмен бірге күнелткізіп тұра береді.

Ал енді қалған елдегі бәйбішенің балалары шешесінің қайда кетіп, қалай жоғалғанын қанша болжатып іздеп сұрастырса да ешқандай дерек біле алмай, жан-жақтан сұрастыра береді.

Олар сөйтіп жүргенде, аюмен бірге тұрған бәйбіше бір күндерде жүкті болып, үш бала табады. Баласының біреуі адамзат болып, қалған екеуі аюға ұқсайды. Аюға ұқсаған балалар аюдың майын сорып күн көреді. Адамға ұқсаған бала шешесін еміп ер жетеді.

Бәйбішенің елден киген киімі тозғаннан кейін теріден, жапырақтан үйтіп-бүйтіп үстін жасырады.

Сонан күн өтіп, ай өтіп, балалары ер жетіп, өздері жүретін де болады. Сөйтіп, ер жеткен балалар аюға ұқсаған, аюдан қалмайтын болады. Ерте кетсе, кеш келіп, аю балаларымен бірге жүреді. Адамға ұқсаған бала шешесімен бір қалып, сарғайып уайымдаған шешесіне ермек болып, шешесі баласын әбден адам тіліне жатық қылып үйретеді. Сөйтіп, үңгірде бала мен шешесі жата береді. Бір күні бала ерігіп есікке келіп, адам көтере алмайтын есікті көтеріп ашып, далаға барып ойнап келеді. Мұны шешесі біліп балаға түсіндіреді. «Енді шықпа», – дейді. Шешесі: «Егер шықсаң, аю сені талап өлтіреді», – дейді. Бала шешесінің тілін алмай, ойнап шығып келіп жүре береді. Шешесі баласына ерген соң, садақ үйретеді. Бір ағашты алып, оны иіп, бала оны әбден үйреніп, садақ атумен әуестеніп кетеді.

Сөйтіп жүргенде, бала бір күні шешесіне сұрақ қояды:

— Aпa, апа, осы аналардың түрі бір бөлек, біздің түріміз бір бөлек, онысы несі? – дейді. Оны шешесі түсіндіреді. «Біз адамзат, олар аң болады. Аң осылай тауда жүреді. Адам болса, өздері бір бөлек мал асырайды, атқа мінеді. Басында үйі болады. От жағады, тамақ пісіреді. Олардың тұрмыстары жақсы болады. Мен өзім сол жерде жүргенімде осы аю мені түнде көтеріп алып қашып кеткен. Сонан неше жылдай осында тұрып, сендер пайда болғансыңдар», – деп, шешесі баласын әбден көндіреді. Баласы онан жақсы түсініп: «Олай болса, кетейік», – дейді. Шешесі қорқып: «Жоқ, аю өлтіреді. Кете алмаймыз», – деп тоқталады. Сонан баласы болмай, шешесін арқалап, шешесі жол бастап қашады. Сол қашқаннан қашып, аман-есен еліне келеді. Елдің шетінде бір қойшыға жолығып, киім киеді. Сонан бір ауылға келіп, сұрастырып, бәйбіше балаларын тауып алады. Балалары қуанысып, қартайған шешесі табылып, қуанышпен той жасайды. Барлық ауыл адамдарына, балаларына бәйбіше басынан кешкен қиыншылығын баяндайды. Ауыл таң қалады. Бәйбішенің көрген қиыншылығы төңірегіндегі елге жайылып кетіп, жалпы елге мәлім болады. Әлгі баласы Аюбала болып қалады.

Сол тойда Аюбала күреске түсіп, бірнеше жігітті талдырып тастайды. Бір-екеуін мертіктіреді. Аюбала мықты болып аталады. Алып болады. Бетіне жігіт қарай алмайды. Көрінген қыз-келіншекті өзіне қаратып, ауылдағы бозбалаларды сең соққандай қылады. Елге сыймай, басқа жігіттердің мазасын ала берген соң, барлық жігіттер болып басын қосып, «Аюбаланы» өлтірмекші болады. Аюбала оны сезіп, шешесімен қоштасып, беті ауған жакқа қашып кетеді. Өзі асқан мерген болады. Қолында жалғыз садағы болады. Сонан бірнеше күндер жолмен жүріп келе жатса, бір адам жолығады. Аюбала: «Не қылған адамсың?» – дейді. «Жақсылық іздегенмен жолдас болатын кісімін», – дейді ол. Аюбала оны жолдас қылып алады. Сонан екеу болып келе жатса, тағы бір адамға жолығады.

— Не қылған адамсың? – дейді.

Ол да: «Жақсылық іздеген адаммен жолдас болам», – дейді.

Оны да ертіп алады. Үшеу болып келе жатса, тағы бір адам жолығады.

— Не қылған адамсың? – дейді.

Бұл да: «Жақсылық іздегенмен жолдас болам», – дейді. Оны да ертіп алады. Сөйтіп төртеу болып, бір көлдің жағасына келіп, құс атып, балық аулап, тамақтанып отырып Аюбала аналардан жөн сұрайды.

Ең алғашқы жолдасына Аюбала:

— Сенің не өнерің бар? – дейді. Ол:

— Мен аспандағы жұлдызбен жаман-жақсыны болжап білем, – дейді.

Екінші жолдасына:

— Сенің не өнерің бар? – дейді.

— Мен судағы балықтың тілін білем, – дейді.

Үшінші жолдасына:

— Сенің не өнерің бар? – дейді. Ол:

— Мен қырық жылғы басып кеткен ізді білемін, – дейді. Сөйтіп Аюбала өзінің өнерін айтады:

— Мен асқан мергенмін, – дейді. — Бірақ менің жаным ұйықтағанда көк садақтың ұшында болады, – дейді. Аналар таң қалады. Сонан төртеуі бір ханның еліне келеді. Келсе, бір үлкен жиын болып жатыр екен дейді. Әлгі жиынды сұрастырып білсе, бір бәйтеректің астында төрт жүз қадам жерде ат басындай алтын бар деп бір бақсының айтуы бойынша, хан үш қызын бәйгеге тігіп, екі күннің ішінде алтынды алып берген кісіге үш қызымды отауымен мал бөліп беремін деп уәде жасап, егер айтқан күні алып бере алмаса, әлгі жігіттердің басын алады екен. Неше палуан мырза жігіттер уақытында алып бере алмай, ханның қолынан қаза тапқан екен. Бұл жиын соның жиыны екен. Мұны есітіп төртеуі ханға барып уәделесіп, уәделі күннен ерте қазып алып беріп, уәде бойынша хан үш қызын, отауы мен малын бөліп береді. Сонан Аюбала әлгі үш жолдасына үш қызды сүйгені бойынша қосып, ханның қасына орналастырып, өзі қоштасып, «бір көрісерміз, қош болыңдар» деп, өз бетімен жалғыз бір жақка жүріп кетеді. Жалғыздан-жалғыз бірнеше күндер өткен соң, қалың тоғайға келеді. Осы қалың орман-тоғайда бірнеше күн күнелтеді. Үлкен аңдар қамап, әрең құтылып, ағаш басына түнеп, жан сақтап жүреді. Өстіп жүргенде бір адамды көріп, әлгі адаммен аңдысып, әлгі адамды атып өлтіреді. Сөйтіп бір ағаштың басына шықса, бір талдың арасынан сызылып шыққан түтінді көріп, әлгі түтін шыққан жерге барады. Барса, бір қорғанның ішінде ақ отау тұр. Ақ отаудың ішіне кіріп келсе, бір асқан сұлу қыз отыр екен. Қызбен амандасып, төрге отырады. Қыз жөн сұрайды. Аюбала жөнін айтпай, елімізде соғыс болып, еліміз қырғын көріп, сонан басқа күн туған соң, осы қалың орман-тоғайға келіп бірнеше күн күнелттім дейді. Енді қыздан жігіт жөн сұрайды. Қыз айтады:

— Біздің еліміз осы судың аяғында болушы еді. Мен бір кедейдің қызы едім. Елімізде алпысқа келген хан бар еді. Ол хан жылында екі қыз алушы еді. Биыл әкем өлген соң, жасым жетіп хан әйелдікке мені алатын болған. Бір жалғыз бауырым бар еді. Сонымен бірге екеуіміз елден бөлініп, бір күнде келіп осы жерді сегіз ай мекен қылып отырмыз. Ат, түйеміз бар еді, аңдар талап жеп қойды. Үйімізге аң келмейді. Қорған жасап алдық, бауырым аң аулауға кетті, – деп сөзін доғарады.

Жігіт түсініп, бағанағы өлтірген кісі соның бауыры екенін біліп, қызға білдіреді. Жігіт айыпты екенін мойнына алады. Қыз:

— Сіз айыпты емессіз оған, сіз бен біздердің көрешегіміздің айдауы ғой, – дейді.

Сонан бір-екі күн өткеннен кейін жігіт қызға екі мәселе қойды. «Шырағым, бауырың өлді, мені Құдай айдап, сендерге кез келтірді. Енді елге апар десең, елге апарайын, бірақ басқа елге апарайын. Мен аға болайын, сен менің қарындасым бол. Болмаса, екеуіміз бірігіп өмір сүрелік еш жаққа бармай», – дейді жігіт.

Қыз көніп, жігітті сүйіп, екеуі өмір сүрмек болып қосылады. Екеуі тұрады, аса сүйікті болады. Қыз үйде қалады, жігіт күнде аң аулайды. Сөйтіп екеуі өмір сүреді.

Бұл екеуі өмір сүріп тұра тұрсын. Енді ханның жағдайына келейік. Қыз жоқ болған күннен-ақ жан-жаққа сұрау салып хан іздетеді. Еліндегі балгер-бақсыларды жинап болжатады. Сонда «Қара» деген бір бақсы ханға былай дейді: «Қыз судың жоғарғы жағынан табылады. Оны табатын «Шүпе» деген мыстан кемпір бар екен. Сол ғана таба алады. Сонда сол кемпірге тапсыру керек», – дейді. Хан оған көніп, кемпірді шақырып алып, кемпірді жұмсайды.

Кемпір аса қу, жеңгек, иісшіл, болжағыш кемпір екен дейді. Хан кемпірге керекті көп зат береді. Жолға жеуге кемпір екі-үш қойдың өкпе-бауырын алып кетеді. Ағып жатқан өзенді өрлеп кемпір жүре береді. Бірнеше жоталар жүріп Аюбала тұрған қалың орманға келеді. Кемпірді аң қамайды. Азап шегеді, үйтіп-бүйтіп кемпір амалдап аман қалады. Неше күн тоғайды аралап жүріп, кемпір бір күні таңертең Аюбаланың үйін табады. Кемпір кіріп келеді. Аналар өздерінен басқа ол маңайда кісі көрмеген соң, олар қорқып қалады. Кемпірден жөн сұрайды. Кемпір былай дейді:

— Қарақтарым, елімізде жаугершілік болып қаңғырып шығып кетіп сендерге душар болдым. Енесі жоққа ене болам, шешесі жоққа шеше болам, – дейді.

Балшықтан кісі жасай алмай отырған Аюбала «шеше бол» деп, кемпірді шеше қылып алады. Кемпір әбден үйір болады. Аю жігіт аңға кетеді. Кемпір мен қыз әңгімелесіп, бір-біріне ермек болып күнелтеді.

Бір күні кемпір қызға басын қаратып отырады да:

— Қарағым, күйеуің жақсы көре ме? – дейді.

Қыз:

— Е, жақсы көреді, оны неге сұрадыңыз? – дейді кемпірге.

Кемпір:

— Ой, шырағым, біз жас күнімізде күйеуімізді әр қалай сынаушы едік, қарағым. Сен осы күйеуіңді сынап көрдің бе? – дейді.

Қыз кемпірге:

— Шеше! Қалай сынаушы едіңіз? Мен қалай сынасам, тура болады екен? – дейді.

— Ой, қарағым, біз әр түрлі сынаушы едік. Күйеуімізге жаның қай жерде болады. Сенің сүйгенің не, нені жақсы көресің деуші едік. Тағы анау-мынау сұрай беруші едік. Сен, шырағым, күйеуіңді сына, сынағанда жаның қай жерде деп сұра. Айтпаса болма, бүгіннен бастап сұра, сонда жақсы көрсе, айтады, жек көрсе — айтпайды.

Қыз «жарайды» деп, кешке келгенде сұрайды: Жігіт айтпайды. Ертеңінде кемпір: «Айтты ма?» – дейді. «Жоқ, айтпады», – дейді қыз.

— Үшке дейін сұра, бүгін сұра, ертең сұра, сонда айтар, – дейді кемпір. Сонан қыз екі-үш күн сұрап, үшінші күн жігіт айтады: «Мен өзім садақты жақсы көруші ем, түнде ұйықтағанда, жаным көк садақтың ұшында болады».

Ертеңінде Аюбала аңға кеткен соң, кемпірге қыз айтады. Кемпір қуанып: «Түу, жақсы көреді екен ғой, өмірлерің ұзақ болсын»,— деп жақсылық сөз айтады.

Кемпір жігіттің жаны қайда екенін білген соң, бір күндері тұрады да көк садақтың ұшын ағып жатқан өзенге лақтырып тастап, өзі кейін қашып еліне кетеді.

Бірнеше күнде еліне келіп, ханға мәлім қылады. Таңертең қыз тұрып оятса, тұрмайды. Жігіттің өлетінін біліп, кемпір сұраған көк садақтың ұшы есіне түсіп, кемпірдің дұшпан екенін сонда ғана біледі.

Жылайды, зарлайды. Сабыр етіп, жігітті орап, төсекке жатқызып қояды. Сонан ханның елінен ханның уәзірлері келіп, қызды алып кетеді. Еліне барған соң, хан қызды күң қылады. Басына ақ отау тігіліп, мола болып Аюбала өліп қалады. Қыз кетерінде, көк садақты басына жастап кетеді. Үйді бекітеді, аң кірмейтін қылады.

Жігіт пен қызды қоя тұрып, енді баяғы ханның қыздарын алып, ханның қасында қалған үш жолдасына келейік.

Үш жолдасы мал жалданып, жан жанданып кеткен екен дейді. Бір күні болжағыш жолдасы болжап отырып, Аюбала сондайлық халге ұшырағанын біледі. Жолдастарына айтады, бәрі ақылдасып, қаруланып, қос-қостан ат мініп, іздеуге шығады. Сонда қырық жыл басып кеткен ізді білетін бір жолдасы ізбен келіп неше күндер жүріп іздеп табады. Келсе, бір ақ отауда жатқан Аюбаланы көреді. Олай ойлап, былай ойлап, көк садақты Аюбаланың бас жағынан тауып алып, көк садақтың ұшы әлгілердің есіне түсіп, болжағыш болжап, кемпірдің суға тастағанын біледі де балық тілін білетін жолдасы судағы балықтан сұрайды. Балық тілін білетін адам судағы балықтан сұрастырып, көк садақтың ұшын тауып алып, оны киік майымен майлап, көк садақтың басына ұшын кигізіп, Аюбаланы үш күн ішінде тірілтіп алады.

Аюбала көрген-білгенін айтып, кемпірдің келгенін айтып жолдастарына түсіндіреді. Сонан сол жерден аттанып төртеуі бірдей қызды алған ханға келіп, бір түн ханды өлтіріп, күңдікте жүрген Аюбала әйелін босатып алып, төрт жолдасымен сол елден олжалы болып қайтып келіп, үйді көшіртіп алып, ана үш жолдасының қасына барып, төртеуі бірдей дәурен сүріп, тату болып өтіпті дейді.
24.10.2018
Вернуться назад