DataLife Engine / Көпес қазы мен молда

Көпес қазы мен молда

Бұрынғы заманда бір хан болыпты. Ол заманда хан серіктерімен жүреді екен. Хан серіктерімен бір үлкен тауға келіпті. Оның бауырында бір үлкен өзен бар екен. Хан өзенді жағалап сейіл құрыпты. «Бұған сен бас бол!» деп біреуді хан қойыпты. Ол өңірде бір үлкен көпес бай бар екен. Көпестің жалғыз қызы бар екен. Қызы оқымысты, дүниенің тілін біледі екен.

«Мен өлгенде, әйеліме зорлық қылмасын» деп көпес ханмен тамыр болыпты. Сол шағында бай дүниеден өтіпті. Ол елде бір үлкен молда бар екен. Бір күндерде қыз терезесінен тысқа қарап отырса, молда терезе алдынан өтіп барады екен. «Біздің әкемізге бата қылып, тамақ ішсін» деп, молданы қыз үйге шақырыпты.

«Жарайды, қырық кісіге жеткендей тамақ жасап қойсын!» – дейді молда. Түнде молда қыздың үйіне келіп тамақ ішеді. Тамақ ішіп болған соң Молда иек қаққанда, серігі далаға шығып кетеді...

Ертеңгісін қыз ханға барып:

— Түнде бізді жау шауып кетті, – дейді қыз.

— Ол жауды сіз таныдыңыз ба? – депті хан.

— Жауды таныдым, мені шапқан жау анау!– депті қыз ханның қасында отырған молданы көрсетіп.

— Өтірік айтасың, бұл кісі ешкімге тимейді. Мына қыздың орнын опат қылып, көзін жоғалтыңдар,– депті төлеңгіттеріне хан. Сонда бір төлеңгіті тұрып:

— Ей тақсыр, қыздың әкесі бір күндерде сіздің жақсы досыңыз еді, өлтірмеңіз, қызды шәріден қуып жіберіңіз,– дейді. Хан мұны дұрыс көріп қаладан айдап жібереді.

Қыз анасымен беті ауған жаққа қаңғырып кете барады. Күндер, айлар, жылдар өтеді. Күндерде бір күні жол жүріп, келе жатып су жағасындағы биік бәйтеректің түбіне келіп шешесімен саялайды. Теректің басында бір топ торғай отыр екен. Шешесімен екеуі жылап жатса, торғайдың біреуі: «Бұлар неге жылап жатыр?» дейді.

— Хан бұлардың мал-мүлкін шауып алып қойды!– дейді екінші торғай.

— Енді бұл байғұстар қайтіп адам болады?

— Бұлардың жатқан жерінде жеті патшаның малы бар.

— Ол жеті патшаның малын қайтіп алады?

— Шешесі шәріге барып, бір сүймен, бір күрек сұрап алып келіп қазса, кісі бойы жерден асыл тас шығады. Сол тасты сүйменмен ұрып сындырса жеті патшаның малын көмген қойманың аузы ашылар еді. Онда неше түрлі киім, сауыт сайман, арба бар. Оған базардан барып ат сатып алып, арбаға жегіп, қайтадан ханға барып «қонақпыз!» десе, хан «қон» дер еді. «Біз бұл жерге үй саламыз!» десе, хан «сал!» дер еді: Онан соң бұлар өзінің бұрынғы орнынасалып алар еді, – дейді торғай. Торғайдың айтқандарын қыз естіп жатады.

Қыз түрегеліп, естігенін шешесіне айтады. «Базарға барып, сүймен, күрек сатып әкел» дейді. Шешесі базарға барып сүймен, күрек сатып әкеледі. Күрекпен қыз теректің түбін қазады. Кісі бойы жер қазған соң астынан асыл тас шығады. Асыл тасты сүйменмен ұрып сындырса, тастың астынан жеті патшаның қазынасы шығады. Шешесі базарға қайтадан барып ат сатып әкеледі. Атқа арбасын жегіп, еркекше киініп қыз ханға келеді. Ханға келіп: «Қонақпыз!» дейді. «Қонақ болсаң, кімсің?» дейді хан. «Мен бір шәріде тұратын ханның баласы едім!» дейді қыз.

— Қонақ болсаң, қон! – дейді хан.

— Біз мұнда тұрып сауда қыламыз, үй тұрғызамыз! – дейді қыз.

— Жә, тұрғызыңыз! – дейді хан.

— Үй тұрғызсақ, осы жерде тұрғызамыз! – дейді қыз.

— Бұл жерде тұрғызбаңдар, өйткені бұл жердің иесі өтірік айтып, жазаға ұшыраған, бұл жер құтсыз мекен, – дейді хан.

— Құтсыз болса да сіз ықтияр болсаңыз осы жерге саламыз! – дейді қыз.

— Салсаң, сал! – дейді хан. Қыз үй салып, саудасын істеп жатады. Үйінің есігін теректің түбінен шығарып, терезеден қарап отырса, баяғы молда кетіп бара жатыр екен. Қыз молданы «бізге қонақ болыңыз» деп тағы да шақырады. Молда: «Барайық, кешке алпыс кісіге жеткендей тамақ даярлап қойыңыз» дейді. Қыз серіктеріне:

— Мен даңғыра соққанда, қырық есікті бекітіп тастаңдар, – деп тапсырады. Кешке алпыс кісі мен молда келеді, келеді де тамақ ішеді. Тамақ ішіп болған сон, молда серігіне «жау уақыты!» дейді, серігі шығып кетеді.

Сонда қыз барабан соғады, серіктері тез есікті бекітеді. Таңертең қыз жүгіріп ханға келеді.

— Бұл кім? – дейді хан.

— Бұл кешегі шәріден қуып жіберілген қыз, – дейді уәзір. Ханның жақсы уәзірі бар екен.

— Өтірігі үшін қуып жіберілген қыз бұл жерден не алады? – дейді хан.

— Ей, тақсыр! Мұны түнде тағы да жау шауыпты, – дейді уәзір.

— Шапқан кім екен? – дейді хан.

— Мұны тағы баяғы молда шауыпты, – дейді уәзір.

— Молда ұсталды ма? – дейді хан.

— Я, ұсталды, – дейді қыз. Молданы ханға алып келеді.

— Жә, молда! Сен мұны неге шаптың? – дейді хан. Қарабет молда жауап айта алмай төмен қарайды. Сол жерде өлім жазасы беріліп, молда өлтіріледі.

Молданың жүз кісі серігі бар еді. Олардың да күніге біреуі өлтіріледі. Ең соңында қалған серігі: «Молданың тыққан қазынасы бар, мен соны айтып берейін, мені өлтірмеңіз»,– деп жалынады.

— Жә, сені өлтірмейік, бұл молда қайдан келді? – дейді хан,

— Жеті қаланы қырып келді, – дейді молданың серігі.

— Ол жеті қаланың қазынасы қайда? – дейді хан.

— Оның бәрі мұнда көмулі, – дейді серігі.

Сөйтіп, жігіт арамза молданың далаға тыққан қоймасын ханға тауып беріп, өзі ханға сенімді уәзір болады.
21.10.2018
Вернуться назад