DataLife Engine / Қырыққанбас батыр

Қырыққанбас батыр

Қырыққанбас пен Назар ағайынды екеуі де батыр екен. Қырыққанбас батырдың ер кеуде ерлігімен де, қайыспас кайсарлығымен де, шалдырмас шешендігімен де аты алты Алашқа кең жайылыпты. Сол батыр ерегеспен ұрлық істеп, калмақ пен найманға маза бермепті. Бір сәті келгенде Қырыққанбасты наймандар ұстап алып, қалмақтарға байлап беріпті.

Олардың қолында байлауда бір жыл жатады. Қапысын тауып қашып шыққан батыр тұтқында көп жатып әбден әлсірегендіктен ұзап кете алмай, жазыққа жатып қалады. Таңертең қуғыншылар қиналмай-ақ тауып алады. Қалмақтар қашқынды атқа сүйретіп өлтіруге үкім қылады. Мойнына қайыс арқанды салып жіберіп, кең жазықта түс ауғанша сүйретіпті. Әлден уақытта өлді-ау деп жендеттер тоқтайды. Жансыз жатқанына бәрінің көзі жетеді. Олар жолына түсіп, көзден таса болды-ау деген кезде өлген батыр басын көтереді. Сөйтсе, батыр мойнына арқан түскенде кеңірдегіне басбармағын сала қояды да, сүйретілген кезде арқанның кылқындыруына иегімен тіреп дес бермей қойыпты. Ал, табанын тілгенде тырп етсе өлтіретінін біліп, қынқ етпепті есіл ер!

Жарасын шоқпытымен таңған Қырыққанбас түн қараңғысымен қалмақтың қорасынан бір қойды ұрлап алып шығады. Есін жиған ер ат ұрлап мініп, еліне келеді де, кешікпей кері оралып, өшескен найманына бет қояды. Найманның іргесін түріп қойып, жылқысын шауып әкетеді.

Келер жаз Қырыққанбас Найманда ашылған жәрмеңкеге келеді. Қайтарында жайылып жүрген тоғыз ақ бас атанға кез болады. Атандарға қызыққан Қырыққанбас бір тоқты алып кеп сойып жібереді де, қанымен түйелердің басын бояп тастайды. Өзі алыстан шолып мал иесінің келуін аңдиды. Ұзамай ол да көрінеді. Ол түйелерге барып кері қайтады. Батыр алдынан оза шауып, сәлем беріп жөн сұрайды. Жүргінші: Тоғыз ақ бас атаным бар еді. Соны айдап әкетейін деп келсем орнында жоқ, өзің көрмедің бе? – дейді. Батыр азар да безер болып, өзінің де қызыл бас тоғыз атанын іздеп дал ұрып жүргенін айтады. Ал, анау: «Е, жәрмеңкеге келген сорлы екен ғой» деп ойлайды да. өзі әлгінде көріп қайтқан атандарға жібереді.

Батыр тегін олжаға белден батып, еліне тартып отырады.

Әлгі пақыр біраз күн өткен соң алданғанын біледі де артынан қуып жолға шығады. Батырдың еліне келсе көрші-қолаңымен тоғыз атанды бөліп сойып алған. Батыр қоныс аударып көшіп кетіпті. Қуғыншы жұрттан атанның бір тобығын тауып алады да, Батырды қуып кете барады. Оны әзер тапқан қуғыншы даудың дабылын үдетіп, атанды әкел дейді.

Беттетпеген Қырыққанбасқа:

— Түйенің тобығы жұртыңнан табылды, төреге жүр! – деп сүйрелейді.

Сонда Батыр:

— Кане тапқан тобығың? – дейді. Анау тобықты қойнынан суырып алғанда, оны Батыр жұлып ап бір қылғып бір-ақ жұтыпты. Тобық тамағынан өткен кезде байлаулы тымағының бауы тырс етіп үзіліп кетіпті. Іс насырға шауып, даугер Батырды төреге алып келіпті. Төре даугерге:

— Куәң бар ма? – дейді.

— Бар куәм түйемнің тобығы еді, оны мына найсап жұтып қойды! – депті.

Сонда Қырыққанбас:

— Төрелігіңе құлдық тақсыр-еке! Бұл адамның нағыз жалақор екенін өзіңіз де көріп отырсыз. Егер осы адам түйе тұр ғой, қойдың тобығын жұтып берсе, тоғыз атанын тіркеуімен мен-ақ тауып берейін! – депті.

Қайдан жұтсын, тапқыр батыр даудан осылай құтылыпты. Қырыққанбастың шын аты Ысмағұл, шашына ұстара өтпегендіктен шашын қырықтықпен алғызады, сондықтан осылай атанған екен.
21.10.2018
Вернуться назад