DataLife Engine / Түлкі

Түлкі

Түлкі мен құмыра

Бір әйел далаға егін ора келіп, құмыраны сүтімен шөптің арасына тығып қояды. Бұны түлкі көрді де, жасырынып келіп, құмыраның ішіне басын тығып, сүтті ішіп қояды. Енді түлкі құмырадан басын шығара алмай әлек болады.

Түлкі:
– Әу, құмыра! Біраз ойнадың, жетер, жібер менің басымды, – дейді. Қалай жұлқынса да басын шығара алмайды. Түлкі ашуланып:

– Қап, бәлем, тұра тұр, жақсылықпен қаламасаң, сені суға батырармын, – деп жүгіріп келіп, өзенге қойып кетіпті. Сөйтіп, құмырамен бірге өзі де батып кетсе керек.


Түлкі мен Ешкі

Бір түлкі жүгіріп келе жатып абайсызда бір терең апанға түсіп кетіпті. Шығайын десе шыға алмай тұрғанда, ешкі су іздеп жүріп, әлгі апанға келіп, түлкіні көріп:

– Әй, түлкі батыр, неғылып тұрсың? – депті.

Түлкі айтты:

– Ой, неғыласың, батыр, жаным рахат тауып тұрмын: қырда әрі сусап, әрі ыстықтап өліп едім, апанның іші әрі салқын, әрі түбінде тұп-тұнық суы бар екен, – деді. Мұны естіп ешкі мен де салқын су ішейін деп, секіріп апанға түскенде, түлкіекең секіріп ешкінің үстіне мініп, онан мүйізіне шығып, мүйізінен секіріп қырға шығып, жөніне кетті дейді.


Түлкі мен қырғауыл


Бір түлкі қалың ағашты аралап келе жатып, ағаштың басында отырған қырғауылды көреді де, жақындап келіп:
- Сәлеметсіз бе, қырғауылым, халың қалай? – дейді.
Қырғауыл:
- Жақсы өзің қалай тұрасың? – дейді.
Түлкі:
- Жерге түсіп, сөйлессеңіз қайтеді, бір құлағым естімеуші еді? – дейді.
Қырғауыл:
- Жерге түсуге қорқамын, жерде әр түрлі аңдар бар, бізді жеп қоюы мүмкін, – дейді.
Түлкі:
- Әй, достым, қазір заман бұрынғы заман емес, жаңа ғана келдім, бұйрық шығыпты, біреуге біреу зорлық қылмасқа, қой мен қасқыр бірге жүрсін, түлкі мен тауық бірге жүрсін деген, – дейді.
Қырғауыл:
- Жақсы хабарыңыз бар екен, рахмет достым! Мына жақтан бір иттер келе жатыр, оларға да хабарыңызды айтыңыз, естісін, – дейді. Ит деген сөзді естіген соң, түлкі алды артына қарамастан қаша жөнеледі.
Қырғауыл:
– Қайда барасың, түлкім, бұйрықты ұмытып кеттің бе? – дейді.
Түлкі:
– Кім біледі, бұйрықты ол естімеген шығар, – дейді міңгірлеп.


Түлкі мен Қоян


Әуелде түлкінің құйрығы жоқ еді. Құйрығының жоқтығы оған бек қатты залал келтірген, өйткені жүрген ізін жасыра алмайды. Әрдайым түлкінің артына түсіп аңдып жүріпті. Бір күні қасқыр барып оның ініне кіреді. Егер түлкі інінің басқа жағындағы аузынан шығып кетпесе өлтіріп тастар еді. Cәлден соң түлкі ағаш ішіне кіріп кетіп, ағаштың түбінде тұрған қоянды көреді. Ол мезгілде қояндардың құйрығы ұзын болып, шапшаң жүруге ыңғайсыз болып тұрушы еді. Сол жерде түлкі қоянды ұстап алып, өлтірмекші болып жатқанда қоян:

– «Мені өлтірме, саған құйрығымды берейін», – деп уәде қылады. Мұнысына түлкі көніп, екеуі сол жерде құйрықтарын айырбастапты. Сонан бері түлкінің құйрығы ұзын болып, қоянның құйрығы қысқа болып қалыпты.


Түлкі, Қоян және Әтеш

Орманда түлкі мен қоян өмір сүріпті. Түлкінің үйшігі мұздан, ал қоянның үйшігі ағаштан болыпты.
Көктем келіп, күн жылынғанда түлкінің үйшігі, әрине, бірден еріп кетті. Жаураған түлкі қоянға келеді.
— Қоян, қоян! Мені үйіңе кіргізші, жылынып алайын!
Жылпос түлкі осылай алдап-сулап, аңқау қоянның үйшігіне кіріп алып, ақыры оны үйінен қуып шығады.
Қоян жылап келе жатып, иттерге кезігеді.
— Қоян, қоян! Не болды саған? Соншалықты қамығып кетіпсің ғой?
— Қалай жыламаймын? Түлкінің мұз үйі еріп кетіп, менің жылы ағаш үйімді тартып алды. Енді міне, баспанасыз тентіреп жүргенім…
— Жылама! Біз ол оңбағанды қазір-ақ қуып шығамыз! Иттер жиналып, қоянның үйіне келеді.
— Ау, ау, ау! Әй, түлкі, шық қане! Босат, қоянның баспанасын!
— Аха! Шықсам шығайын! Бірақ, мен далаға шықсам, сендерге жақсы болмайды ғой! Барлығыңды быт-шыт қыламын! — деді түлкі қорқытып.
Иттердің үрейі ұшып кетті. Басы аманда қашып құтылуды ойлап, тайып тұрды.
«Үйі жоқтың — күйі жоқ» деген. Қоян қаңғи-қаңғи шаршап, тағы да жы¬лай бастайды. Алдынан аю шығады.
— Қоян-ау, не болды? Сонша неге жылайсың?
— Жыламағанда қайтемін? Түлкінің мұз үйі еріп кетіп, менің жылы ағаш үйімді тартып алды.
— Жылама! Мен оны қуып шығамын.
— Жо-оқ! Қуып шыға алмайсың. Иттер де қуып шыға алмады.
— Көресің, қуып шығамын. Аю үйшіктің алдына келіп:
— Түлкі, шық! Босат, қоянның үйін! — деп ақырады. Түлкі болса пеш үстінен:
— Шықпаймын. Шықсам саған жаман болады. Быт-шытыңды шығарамын! деп қорқытты. Аюдың үрейі ұшып кетті. Басы аманда қашып құтылу¬ды ойлады.
Амалы құрыған қоян тағы да жылай бастады. Қараса, жанынан алтын айдарлы әтеш өтіп барады. Қолында күмістей жарқыраған шалғысы бар.
— Қоян, қоян! Неге жылап отырсың? — деп сұрады.
— Жыламай қайтемін? Түлкінің мұз үйі еріп кетіп, менің жылы ағаш үйімді тартып алды.
— Жылама! Мен оны қазір қуып шығамын!
— Жо-жоқ! Қуып шыға алмайсың! Иттер қуды, қуа алмады. Аю қуды, қуа алмады. Сен де қуа алмайсың!
— Жүр, көрерсің! Қуамын!
Екеуі үйшік жанына келді. Әтеш қатты дауыстап өлең айта бастады.
— Шөп шабамын, шөп шабамын! Түлкіні іздеп табамын. Қоянның үйінен шықпаса, оны да шалғынша шабамын!
Түлкі қорқып кетіп: «Қазір шығамын. Киініп жатырмын», — дейді.
— Шөп шабамын, шабамын! Түлкіні іздеп табамын. Қоян үйінен шықпа¬са, оны да шалғынша шабамын! — деп Әтеш қайта әндете бастайды.
Түлкі сасқалақтап: «Қазір-қазір, тонымды киіп жатырмын!» -дейді. Әтеш әнін үшінші рет қайталай бастайды. Түлкінің зәресі ұшып кетеді. Аман-сауында зыта жөнеледі. Сөйтіп, қоян ержүрек әтештің көмегімен қайтадан өз үйінде тұра бастайды.


Түлкі мен Бөдене

Түлкі мен бөдене екеуі айрылмас дос болыпты. Екі дос талай жерді шарлапты, талай қызық көріпті. Күндерде бір күні:
- Досым, мені бір күлдірші, - депті түлкі.
- Жарайды, күлдірейін. Сен менің артымнан ер де отыр. Мен ұшамын да отырамын, - депті бөдене. Сонымен бөдене ұшыпты да отырыпты, түлкі желе жортып, еріпті де отырыпты. Бір жерге келсе, бір кемпір сиыр сауып отыр екен, шалы бұзауды ұстап тұр екен. Бөдене ұшып барып, сиыр сауып отырған кемпірдің басына қона кетіпті. Түлкі анадай жерде тығылып қарап тұрыпты. Бөденені көре сала:
- Кемпір, кемпір, қозғалма! Мен мына төбеңдегі бөденені соғып алайын,- депті шал.
- Жарайды. Бірақ қатты соқпа, - депті кемпір. Шал жерде жатқан күректі алып, салып қалғанда, бөдене ұша жөнеліпті. Күрек кемпірдің басына тиіп, кемпір құлапты. Шелектегі сүті төгіліп қалыпты. Түлкі ішек-сілесі қатып күліпті.
- Досым, күлдің бе? - депті бөдене.
- Күлдім, досым, күлдім. Разымын, досым, разымын! - депті түлкі. Күндерде бір күні түлкі:
- Ал, досым, енді мені бір мықтап тұрып қорқытшы! - депті.
- Қатты қорқытайын ба, ашуланбайсың ба? - деп сұрапты бөдене.
- Жоқ, ашуланбаймын, қатты қорқыт! - депті түлкі.
- Жарайды, қорқытайын. Бірақ сен көзіңді тас қылып жұм. Мен сенің төбеңе қонып, екі қанатыммен көзіңді жабамын. Содан кейін сен жүр де отыр. Оңға десем оңға, солға десем солға жүр. Қашан мен төбеңнен ұшып: «Көзіңді аш!» дегенше, ашпа, - депті бөдене. Сонымен бөдене түлкінің төбесіне қонып, екі қанатымен көзін жауыпты. Түлкі көзін тас қылып жұмып, бөдененің жүр деген бағытына жүріпті де отырыпты. Осылай жүріп келеді, жүріп келеді. Бір кездерде бөдене:
- Аш көзіңді! - деп, ұша жөнеліпті. Түлкі көзін ашып жіберсе, тазы ерткен біртоп аңшыға таянып қалған екен. Аңшылар қызыл түлкіні көре сала қиқулап, куыпберіпті.
Түлкі қашып беріпті. Әрі-бері қашқан соң түлкінің алдынан қалың орман кез болыпты. Түлкі жалт еріп, орманға кіріп, өлдім-талдым деп аңшылардан әзер құтылыпты. Бір кезде бөдене келіп:
Қалай, досым, қорықтың ба?- деп сұрапты.
- Қорқыт - қорқыт дегенде осылай қорқыт деп пе едім?! - деп, түлкі бөденені бассалып, жемек болыпты. Бөдене түлкінің аузында тұрып:
- Досым! Ұзақ жылдар дос болып, ойнап-күлдік, талай қызық көрдік. Қазір мені жегелі тұрсың. Қайтем, жесең же! Бірақ осы күнге дейін аты-жөнімізді сұрап біліскен емеспіз. Жесең де, атымды айтып есейші, ақырғы тілегім болсын!
- Атым Маңғыт, еді - депті бөдене. Түлкі аузын ашып: Маңғыт дей бергенде:
- Аузыңа саңғыт! - деп, бөдене ұша жөнеліпті. Осыдан былай түлкі мен бөдене достықтан айрылысыпты.


Түлкі мен қасқыр

Ертеде түлкі мен қасқыр айырылмас дос болыпты. Бір күн екеуі жортып келе жатып, жол үстінде жатқан бір кесек еттің үстінен шығыпты. Етті түлкінің де, қасқырдың да жегісі келеді.

Қасқыр қасындағы түлкіге:

— Ал, сен жей ғой, достым, – депті жол беріп.

Түлкі арсалаңдай күліп:

— Менің аузым ораза ғой, достым, білмеуші ме едің? Сен-ақ жей бер, – дейді.

Қасқыр етті жемек болып, тұмсығын созады. Енді шетінен тістей бергенде, мойнын қақпан қауып алады. Ет бір шетке ұшып түседі. Түлкі етті қағып алып, қылғи салады.

Мұны көріп тұрған қасқыр:

— Ей, достым-ау, сенің аузың ораза емес пе еді? – деп сұрайды.

Түлкі қылмың қағып:

— Менің аузымдағы ораза ашылып, сенің мойныңа түсті ғой, – деп зыта жөнеліпті.


Түлкі мен аю

[media=https://www.youtube.com/watch?v=XK4GijeY5Pk&ab_channel=DaniyarDani]
07.10.2016
Вернуться назад