DataLife Engine / Дінтану | Хасан Ибн Саббах және Ассасиндер

Дінтану | Хасан Ибн Саббах және Ассасиндер

Мазмұны

I. Кіріспе…………………………………………………………………..…….3

II. Негізгі бөлім:..................................................................................................6

1 тарау. Исмаилизм....................................................................................... 10
1.1. Исмаилиттердің 765-1171 жылдар аралығындағы тарихы............ 10
1.2. Исмаилизм діни философиялық ұстанымы..................................... 21

2 тарау. Хасан ибн Саббах және ассасиндер...............................................27
2.1. «Тау ақсақалының» өмірбаяны мен қызметі. Неоисмаилизм концепциясы........................................................................................................27
2.2 Аламут және ассасиндер мемлекеті және оның XIII ғасырдан
кейінгі тағдыры...................................................................................................35

III. Қорытынды.................................................................................................49

IV. Қолданылған әдебиеттер тізімі................................................................52

V. Қосымша мәліметтер..................................................................................54


Бөлініс – адамзаттың баяғыдан келе жатқан соры. Бірақ бұл жаратылыстағы қозғалысты қамтамасыз ету үшін, яғни өмір өлім айналымын тудыру үшін қажет болғандықтан, адамдар еріксіз, тіпті бейсана қалыпта бұл үрдіске тартылып кетеді.
Бөліністің бір түрі жаратушыны тану мәселесіне қатысты туындайды. Осыған байланысты әлемде бірнеше дін пайда болды. Түп негізінің бір екені мәлім болса да, адамдар топтарға бөлініп алып, дінді саяси билікке талас құралына айналдырып, дүниені бөліп жарып қақтығыс тудырады.
XXI ғасырдың басы діни көзқарастар айырмашылығы негізіндегі қақтығыстарға толы екендігін көзімізбен көріп отырмыз. Мұның бәрі діннің түпкі мәнін түсінбеушіліктен болып отыр.
Әлемдік тарихта, әсіресе Шығыста дін саяси қоғамдық өмірде ежелден ақ шешуші роль атқарып келеді. Шығыс (Орта және Таяу Шығыс) пен Солтүстік Африканың орта ғасыр тарихында дін тарих шеңбері айналуының басты факторы болды. Бұл VII ғасырда Шығыста ислам дінінің пайда болуымен тығыз байланысты. Ислам иудаизм, христиандықтан кейінгі үшінші және соңғы монотеистік дін.
Ислам дінін ұстаушылар үлкен екі ағым сүнниттер мен шииттер болып бөлінеді. Қазіргі таңда шиизм Иран Ислам Республикасының ресми діни ұстанымы болып табылады. Иранда халықтың 97 пайызын шииттер құрайды./21/
Диплом жұмысының тақырыбы «Исмаилизм: Хасан ибн Саббах және ассасиндер» деп аталады.
Бұл тақырыптың өзектілігі діни көзқарастарының айырмашылығы және мұрагерлікке талас негізінде пайда болған шииттік ағымның исмаилиттік тармағының шығу тарихы мен өзге діни ағымдардан айырмашылығы мен ұқсастығы айқын баяндалатындығында болып отыр. Өйткені 2001 жылы 11 қыркүйек оқиғасынан кейін баспасөз беттерінде әлемнің түкпір түкпірінде белең алған мыңдаған бейкүнә жандардың мәнсіз өліміне себепші болып отырған жанкештілердің өзін өзі өлтіру сияқты адамгершілікке жат әрекеттерінің төркінін тарихтан іздеп түсіндіру басталды. Олар көбіне ғасырлар бойы негізінен сүннит мұсылмандары тарихшылары мен кресшілер жорығының еуропалық тарихнамашыларының исмаилиттер жайлы қалыптастырған пайымдары мен деректеріне сүйенеді. Ал бұл авторлардың антиисмаилиттік бағыт ұстанғандығын білетіндіктен, мәліметтердің ақиқат ауылынан алыс болуы мүмкіндігін ескеру керек.
Диплом жұмысының мақсаты шиизмнің бір тармағы исмаилизм тарихын зерттеп, ондағы Хасан ибн Саббахтың атқарған ролін қарастырып, ассасиндер мемлекетінің тарихын баяндау болып отыр.
Диплом жұмысының міндеттері:
1) Исмаилизм тармағының шығу тарихын нақтылап жазу;
2) Исмаилизмнің концепциялық ерекшеліктерін талдау;
3) Низариттік исмаилиттер мемлекетінің негізін қалаушы Хасан ибн Саббахтың тұлғасын зерттеу;
4) Ассасиндер мемлекетінің тарихын жүйелеу;
5) Исмаилиттер имамдарының тізбегін қалыптастыру.

Диплом жұмысының құрылымы алты бөлім – кіріспе, негізгі бөлім, қорытынды, қолданылған әдебиеттер тізімі және қосымша мәліметтер бөлімінен тұрады.
Кіріспе бөлімінде диплом жұмысына жалпы шолу жасалады. Негізгі бөлім 2 тараудан, әр тарау 2 тармақтан тұрады.
1- тараудың 1 тармағында исмаилизмнің 765-1171 жылдар аралығындағы тарихы баяндалады. Исмаилизм тармағының пайда болуы, алғашқы исмаилиттердің дава – үгіт насихат жүргізу қозғалысын ұйымдастыру мен Фатимидтер мемлекетінің пайда болу, даму және құлдырау кезеңі сөз болады.
1- тараудың 2 тармағында исмаилизмнің пайда болуының діни философиялық негізінің қалыптасуы мен оған әсер еткен әртүрлі ілімдер қарастырылады.
2- тараудың 1 тармағында Хасан ибн Саббахтың өмірбаянымен қатар оның діни саяси қызметі талданады. Низариттік исмаилиттік ағымның қалыптасуындағы Хасан ибн Саббахтың ролі аталып өтіледі. Хасан ибн Саббахтың «жаңа шақыру» концепциясының исмаилиттердің «ескі шақыру» ұстанымынан айырмашылығы баяндалады.
2 тараудың 2 тармағында Ассасиндер мемлекетінің 1090 1256 мен 1273 жылдар аралығындағы тарихы баяндалып, Персия мен Сириядағы низариттік исмаилиттердің дава – үгіт насихат жұмыстарының қарқыны анықталады. Моңғол шапқыншылығынан кейінгі низариттік исмаилитердің қауымы мен мемлекетінің жағдайы сөз болып, Анджудан қайта өрлеу кезіндегі исмаилизмнің суфизммен астасып, ортақ діни философиялық көзқарастың туындауы баян етіледі.

Диплом жұмысынын жазу барысында зерттеу еңбектері, оқу құралдары, мерзімді басылымдар мен интернет ресурстары қолданылды.
Зерттеулер ішінен диплом жұмысын жазу барысында қолданған бірнеше еңбекті бөліп айтуға болады. Солардың бірі – Фархад Дафтаридің «Традиции исмаилизма в средние века»/1/ атты еңбегі. Бұл автор исмаилизмді зерттеу институтының академиялық зерттеулер мен басылымдар бөлімін басқарады. Автор бұл еңбегінде мұсылман тарихшылары мен еуропалық кресшілер жорығы кезі тарихнамашыларының деректерін салыстыра отырып, ғасырлар бойы исмаилиттер жайлы қалыптасқан жалған ой, теріс пікірге тойтарыс беріп, шындықтың бетін ашуға тырысқан. Автор баяндауындағы исмаилиттер қанішер ассасиндер емес, тәуелсіздік үшін басқыншылармен күрескен низариттік исмаилиттер бейнесінде көз алдымызға келеді. Біз автор сараптамасымен келісіп, оның көзқарасын қанағаттандырарлығ деп бағалаймыз.
Екінші еңбек – И.П. Петрушевскийдің «Ислам в Иране в VII-XV веках»/5/ атты кітабы. Бұл кітапта жалпы исламның пайда болуы, оның әртүрлі ағымдарының туындауы және Иранда шиизмнің басты ағымға айналуы туралы толық мәлімет беріледі. Автор өз еңбегінде тарих пен философияны астастырып, әр ағым туралы біртұтас ұғым қалыптастырады. Еңбектің Кеңес заманында жазылғандығына байланысты қолда бар мәліметтер біркелкі баяндалып, объективтілік толық сақталған.
Үшінші еңбек Әл Хасан ибн Мұса ан Наубахтидің «Шиитские секты»/4/ атты кітабы. Бұл еңбекте шиизм ағымының пайда болу тарихы мен шиизмнің әр тармағының туындауының себептері мен салдарлары, айырмашылықтары мен ұқсастықтары кеңінен баяндалып, әр тармақтың кейінгі тағдыры сөз болады. Автор өзі орта ғасырда өмір сүргендіктен оның берген мәліметтері құнды деректер болып табылады.
Төртінші еңбек В.Бартольдтың «Культура мусульманства»/6/ атты кітабы. Бұл еңбекте ислам мәдениеті мен философиясының қалыптасуына әсер еткен барлық факторлар жүйелі түрде қарастырылып, ортағасыр мұсылман билеушілері тұсында өмір сүрген мәдениет қайраткерлері туралы мол мағлұмат беріледі. Автор баяндауында ислам мәдениеті адамзат тарихының ажырамас бөлігі, өркениет пен мәдениет алмасуының заңды жалғасы ретінде көрініс табады.
Бесінші еңбек – П. Куслийдің «Ассасины у границ России»/10/ атты мақаласы. Бұл мақалада соңғы жылдары халықаралық ылаңкестік мәселесі әлемдік қауымдастықты қатты алаңдатып отырғандығы туралы айтыла келіп, ылаңкестік актілерін орындайтын радикалдық діни ұйымдар өкілдері мен мұсылман әлемінде XI ғасырда пайда болған саясатта кісі өлтіру тактикасын қолданған ассасиндер салыстырылған.
Сонымен қатар М.С. Ивановтың «История Ирана»/3/ атты очеркі мен Фархад Дафтаридің тағы бір «Краткая история исмаилизма»/2/ атты еңбегі кеңінен пайдаланылды.


Диплом жұмысының қорытынды бөлімінде исмаилиттер тарихының өткені қайта сараланып, бүгінгісі таразыланады.

Негізгі бөлім

Мұхаммед пайғамбар қайтыс болғаннан кейін Ислам әлемі өз біртұтастығын жойды. Оның бірден бір себебі ұлан ғайыр жерді алып жатқан аумақты мемлекетті саяси және діни тұрғыда басқаруды кімге тапсыру керек деген сауал төңірегінде болды. Әрине алғашқы төрт халиф кезінде барлық назар мемлекет аумағын кеңейту, ислам дінін тарату шапқыншылық басқыншылық істерге аударылып ішкі іріткі көзден таса болып қала берді, бірақ бір мезет те толастамады. Алғашқы бөлінушілік басшы тандау (билікке таласу) ісінде болды:
1. сахабалар (пайғамбардын жақын достары) басшылыққа пайғамбарға жақын, дін таратуда айтарлыктай үлесі бар, ел ішінде беделді сахабалар арасынан бір адам таңдалу керек деп есептеді;
2. ансарлар (пайғамбар және оның жақтастарына Медине қаласында пана беріп көмектесушілер) ел билеуге олар да қатысуға құқылы деп санады;
3. хариджиттер (шетке бөлініп кеткен, теңдікті ұран еткен топ) ел басқаруға тек сахабалар мен ансарлар ғана емес, жалпы бүкіл ел қатысып, пайғамбар үмбеті арасынан лайықты адам тандалуы керек деп есептеді;
4. шииттер (пайғамбардың күйеу баласы Әлиді жақтаушы топ) билік пайғамбар ұрпақтарына, атап айтқанда, пайғамбарға ең жақын және «ізбасарым» деп пайғамбардың өзі нұсқап кеткен Әлиге беріліп, оның ұрпақтарына мұра етіліп қалу керек деп санады.
Осындай көзқарас айырмашылықтарына қарамастан, барлық мұсылман қауым төрт халифті заңды деп таныды.
VII ғасырдың орта шенінен бастап Ислам әлемінде тұғырнамалық айырмашылығы бар екі үлкен ағым – сүнниттер және шииттер қалыптасты. Сүнниттер негізгі бес парызды бекем ұстап, Құран Кәрім мен Мұхаммед пайғамбар хадистерін қасиетті деп танып, соған берік сенеді.
Ал шииттер осы бес парызға алтыншы имамат атты ұғымды енгізіп, Құран Кәрім, хадистермен қатар ахбарға (пайғамбардың жақын жолдастары куә болып баян еткен) сенім артты. Шииттер үшін пайғамбардың туысы ретінде және Алланың нұры жауған адамы ретінде Әли ибн Әбу Тәліп Мұхаммед пайғамбармен тең дәрежеде орын алады.
Шииттердің діни ағымы мен доктринасы Хұсейн ибн Әлидің қаза болған кезінен (680 ж.) бастап Аббасидтер әулетінің билікке келуі (749/50 ж.) жылдары арасында қалыптасты.
Шииттік діни доктринаның негізін қалаушы – Абдолла ибн Саба. Ол халиф Осман кезінде қызмет жасаған. Аңыз бойынша, ол Йемендік иудей болыпты. Кейін ислам дінін қабылдапты. Иудей, христиан және мұсылман ілімдері туралы білімі мол болыпты. Дін тақырыбында пікір таластыруды ұнатады екен. Ибн Саба ұлы пайғамбарлардың барлығының көмекшісі және өкілі – васидің болғандығы туралы айтады. Мысалы, Мұсада – Аарон, Йеремийде – Варух, Исада – апостол Петр. Дәл сондай васи Мұхаммед пайғамбарда Әлиден басқа ешкім де бола алмайды дейді. Сонымен қатар Ибн Саба Мұхаммед пайғамбардың қайтып келуі – раджа туралы ілім енгізді. Ол Исаның қайтып келуге тиістілігі сияқты Мұхаммед те қайтып келуге тиіс деп пайымдады. Кейіннен осы ілім шеткі (радикал) шииттерде Мұхаммед пайғамбардың Әлиде қайта туып (жанданып) және Әлидің жанының кейінгі имамдарда көрініс беруі туралы ілімдерге ұласты./5,39-40/
Абдолла Ибн Саба шеткі (радикал) шииттердің бастаушысы ғана емес, ол Әлидің құқығын жақтаумен қатар оны құдайылық дәрежеге дейін көтерді.
Имамат діндарлары өз ұстанымдары ретінде бес негізгі сенім догматикасын алға тартады:
1. таухид (құдайдың бірлігін мойындау) – құдайдың бірлігі;
2. адль (әділеттік) – құдай сотына сену;
3. набувват (пайғамбарлық) Мұхаммед және оның алдындағы пайғамбарлардың миссиясын қабылдау;
4. имамат Әли әулетінің мұрагер имамдарының қауымға қажеттілігін мойындау, қабылдау;
5. кийамат (қайта тірілу), басқаша маад (құдайға қайтып келу орны) өлімнен қайта тірілуге сену, қиямет күніне және өлімнен соңғы өмірге сену.
Бес негізгі догматтың төртеуін – таухид, адль, набувват және кийаматты сүннитер де қабылдайды. Бірақ адльді шииттер мутазилиттер түсіндірмесінде қабылдайды, яғни алдын ала жазылып қою дегенді теріске шығарады.
Имамат ілімі туралы шииттер мен сүнниттердің ойлары тоғыспайды. Шииттер имамның таңдамалылығы туралы принципті қабылдамайды. Олар бойынша мұсылман үмбетінің басшылығының жоғары билігі құдайдың тағайындауы арқасында заңды деп есептелінеді.
Шииттердің имамат халифат ұғымы туралы түсінігі:
1. исма – халиф имамның күнәдан тазалығы және ешқашан күнәһар болмайтындығы;
2. зухур (көріну, көрініс беру) – құдайдың мәңгілік нұры туралы ілім. Ол ілім «Нури Мухаммади», яғни «Мұхаммед пайғамбар нұры» деп аталады. Ол бойынша Мұхаммед пайғамбар нұры Әлиге беріліпті, содан кезекпе кезек имамдарға беріліп отырған. Кейіннен бұл хулуль – тікелей құдай етуге, құдай деп есептеуге әкеліп соқтырды.
3. «заман имамы» әр адам өз жанын құтқару үшін өз заманының имамын қабылдауға тиісті болды.
4. иджма – белгілі бір заманның ең беделді адамы. Сол заманның имамы шииттер үшін ең беделді адам болып есептеледі.
5. құпия білім – барлық имамдар Мұхаммед пайғамбардан Әлиге, атадан балаға беріліп келе жатқан Құранның ішкі (батин) сырын біледі. Имамдар өткенді де, болашақты да біледі деп есептелді.
6. ғайба туралы ілім – ғайыптағы имамға сену. Махди өлген жоқ, ол жерді жасырын бақылап отыр. Кейде таңдаулыларға, мысалы рухани жетекшілерге аян береді.
7. шахидтер культы Әли мен Хұсейн қайтыс болғаннан кейін шииттер арасында дін жолында жанын пида ету ұғымы пайда болды. Барлық Әли ұрпақтары дін үшін өлуге туған деген ұғым қалыптасты. Олардың жерленген орындарына зиарат ету басталды.
8. раджа – ғайыптағы имам Махдидің қайтып келуіне сену. Махди келген кезде әлемде әділеттік орнайды деп сенді.
9. шииттер сенім символы ретіндегі «Алладан басқа құдай жоқ, Мұхаммед – оның елшісі» деген мұсылман формуласына «және Әли – Алланың жақын әулиесі» деп қосады./5, 263-269/

Шииттердің басқа да ұстанымдары туралы:
1. такийа – саналылық, сақ болу. Шииттер оппозицияда болғандықтан, басқа топ өкілдері арасында қуғынға ұшырамау үшін өзінің шын ұстанымын жасыруына болады.
2. іштей жасырын түрде дұшпандарға қарғыс айту шииттер үшін моральды міндет болып табылады. Мысалы, Сефевидтер кезінде Абу Бекр, Омар, Османға халық көзінше қарғыс айту болыпты.

Әли қайтыс болғаннан кейін, халифатты Омейядтар әулеті басқарып тұрғандығына қарамастан, шииттер оның ұлдары Хасан мен Хұсейнді екінші және үшінші имам деп таныды. Кейінгі имамдарды тану мойындау барысында шииттер ағымында имаматты басқаруда мұрагерлікті айқындау турасында келіспеушіліктер туындады. Олардың біразы шииттік ағым құрамындағы жеке топтарға айналып кетті. Мұның өзі шиизмді ұстамды және шеткі (радикалды) деп бөлінуге алып келді.
Шииттік ағымның тармақтарға бөлінуінің басты себебі – имам мұрагерін айқындау кезінде туған келіспеушіліктер.

Шиизмдегі негізгі тармақтар:
1) Төртінші имам ретінде имам Әли ибн Әбу Тәліптің үшінші ұлы Мұхаммед ибн Ханафияны рухани мұрагер деп танушылар. Бастаушысы атымен кайсаниттер атанып кетті. Ұстамдыларға жатады.
2) Имам әл Бәкір тұсында оның ырықсыздығына қарсы шығып, оның бауыры Зейд ибн Әлиді жақтаушылар. Бастаушысы атымен зейдиттер атанып кетті. Ұстамдыларға жатады.
3) Әли ұрпақтарының мұрагерлік жолмен имаматты иеленуін жақтайтындар. Олар Мұхаммед ибн Әли әл Бәкірден кейін оның ұлы Джафар ибн Мұхаммедті алтыншы имам деп таныды. Оларды имамиттер деп атайды. Ұстамдыларға жатады. ...
19.12.2018
Вернуться назад