DataLife Engine / Қазақ тілі | Стилистикалық категориялар

Қазақ тілі | Стилистикалық категориялар

Мазмұны

КІРІСПЕ ................................................................................................ 4-5
1 Стиль түзуші экстралингвистикалық факторлар ......................... 6-12
2 Стилистиканың ұғымдары мен категориялары .......................... 13-17
2.1 Стилистикалық акценттік категория ............................................. 17
2.2 Стилистикалық гипотезиялық категория ................................. .... 22
2.3 Стилистикалық автор образы категориясы ................................... 26
2.4 Стилистикалық бағалау категориясы ............................................. 29
2.5 Стилистикалық диалогтық категория ............................................ 32
ҚОРЫТЫНДЫ .................................................................................. 34-35
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ ..................................... 36

К І Р І С П Е
Стилистика – тіл ғылымының тілдік тәсілдер жүйесін зерттейтін саласы. Стилистика стильдердің даму, өзгеру тарихын, тілдік құрастыру тәсілін, жанрлық қатынасын, тілдік экспрессивтік құралдарын зерттейді. Қазіргі стилистика әр түрлі лингвистикалық бағыттар мен мектептерде декскриптивті стилистика, мәтіндік стилистика, функционалды стилистика, прагматикалық стилистика, тарихи стилистика, практикалық стилистика, теориялық стилистика, салыстырмалы немесе контрастивті стилистика және т.б. ретінде қарастырылады. Стилистика мақсатты ойды қайткенде дәл, айқын, әсерлі, экспрессивті, көрікті, көркем етіп айтуға тиісті жақтарын, соларға тән тілдік тәсілдерді анықтайды.
Стиль – тілдің қоғамдық-әлеуметтік қызметіне байланысты жіктелетін әдеби тілдің функционалды түрі. Стильдің ерекшеліктеріне:
а) тілдік құралдардың қолдану нормасына сай таңдап құралуы;
ә) шектелген және арнаулы лексикалық құрам;
б) өзіне тән сөздердің мағыналық реңктері мен сөзжасам элементтері;
в) өзіне тән фразеология;
г) өзіне тән синтаксистік конструкциялар;
ғ) әр стильге лайық мәнерлегіш құралдарын, құрамы мен қызметін жатқызуға болады.
Қазіргі қазақ әдеби тіліндегі стильдік тармақтар туралы пікірлерге назар аударар болсақ, әр түрлі көзқарастар, пікірлер беріледі. “Қазақ тілінің стилистикасы” еңбегінде: “Стильдер – тілдің бәріне тән құбылыс. Стильдерді топтастыру проблемасы да – тіл білімінде тиянақты шешілмеген даулы мәселелердің бірі. Стильдерді топтастырудың дәстүрлі, қалыптасқан, бұрыннан белгілі принципі жоқ,” – дейді. Аталған еңбекте орыс тіл білімінде де әр түрлі көзқарастар бар екендігі айтылады. Қазақ тіл білімінде де түрлі топтастырулар бар. Қазақ тілінің эпистолярлық стилі ресми стильмен бірге алынып жүргені белгілі. Эпистолярлық стильге ғалым Р. Сыздық: “бұл стиль – жеке адамдардың бір-біріне жазысқан хаттарының тілін танытатын сөз мәнері” – деп, анықтама береді [1, 45 б.].
Стиль ұғымына қатысты көптеген тіл мамандары ондаған жылдар бойы талай-талай пікірлер айтты. Соның өзінде бүгінгі таңда даусыз, бірауыздан қабылдайтын анықтаманы келтіру қиын. Ғалымдардың біразы бұл ұғымды көркемөнермен тікелей байланыстырады да, басқа салаларға содан тараған деп түсіндіреді. Екінші біреулер стиль тек әдебиеттануға ғана тән деген көзқарасты ұстанады. Қоғамдық қызметтің әр түрлі салаларында жиі қолданылатын, тарихи жағынан қалыптасқан, тілдік құралдардың шартты түрде тұйықталған түрі болып табылатын әдеби тілдің түрін функционалды стиль деп атаймыз.
М. Серғалиев стиль туралы былай дейді: “Біріншіден, стиль дегеніміз – әдеби тілдің түрі, демек қалың қауымға түсінікті сөздер мен конструкциялардан тұруы керек. Екінші, ол – тілдік құралдардың қалай болса солай тіркескен тобы емес, шартты түрде алғанда тұйықталғаны жөн. Оның мәнісі – бір стильдегі тілдік құралдар стильдің екінші түрінде де кездесе береді деген сөз.
Ауызекі сөйлеу тіліндегі кейбір элементтер көркем әдебиет тілінде де немесе ресми стильде болуға тиіс қайсыбір сөздер мен сөз орамдары ғылыми стильде де қолданылатындығы ұшырасады. Ал көп жағдайда әр функционалдық стильдің өзіне тән, телулі қолданыс тілі болады. Үшіншіден, стиль тарихи жағынан қалыптасқан категория болуға тиіс. Олай болатыны стиль әрі тарихи құбылыс, әрі өзгеріске түсіп отыратын құбылыс. Тарихи болатын себебі – тілдік құралдың қоғамдық қызметтің бір саласында жұмсалып, тұрақтауы бір күннің, бір айдың немесе бір жылдың жемісі емес, ол көптеген жылдарды басынан кешіріп, әбден қалыптасқан категория болмағы керек. Ал оның өзгеріске түсуі қайшылықты білдірмейді, қайта уақыт өткен сайын толығып, заңды қалпына келуін дәлелдейді” [2, 8 б.].
Жұмыстың өзектілігі:
Стилистика ғылымының өзіне тән ұғымдары мен категориялары бар. Олардың қатарына стилистикалық коннотация, стилистикалық категориялар жатады. Стилитскалық каннотация сөздің қосымша мағынасы болса, бұл мәселе жөнінде анықталмаған сұрақтар аз емес. Стиль құраушы экстралингвистикалық факторлар туралы да айту бүгінгі таңда стилистика үшін өте маңызды. Стилистикалық категорияларды топтастырып, олардың мәтін өрісіндегі тілдік белгілерін көрсету бұл жұмыстың өзектілігін айқындайды.
Жұмыстың мақсаты мен міндеттері:
Бітіру жұмысының негізгі мақсаты табиғаты күрделі саналатын стилистикалық категорияларды зерттеу болып табылады. Стилистикалық категориялардың мәтін өрісіндегі тілдік белгілерін ажырату, әр стильге тән ерекшеліктерін көрсету мүддесі алға қойылды. Осыған байланысты бітіру жұмысында төмендегі міндеттерді шешу көзделді:
- стильге берілген анықтамаларды бүгінгі лингвостилистикалық көзқарас тұрғысынан соны пікірлермен толықтыру;
- тілдік емес факторлар туралы да айта отырып, олардың стильге қатысын анықтау;
- стилистикалық коннотация туралы айтып, оның стилистикалық мүмкіндіктерін көрсету;
- стилистикалық категориялардың түрлеріне тоқтала отырып, мәтінде қолдану ерекшеліктерін ашу.

1 Стиль түзуші экстралингвистикалық факторлар

Жалпы алғанда, стиль – экстралингвистикалықпен тығыз байланысқан, дәлірек айтқанда, соған негізделген құбылыс. Мақсат, мәселе, сөйлеу жағдайлары мен салаларын, сонымен бірге айтылымның мазмұнын ескергенде ғана бұл құбылыс түсінікті болмақ.
Тілдің функционалды стильдерін жіктеудің және басқа да стилистикалық түрлерін дифференциялаудың негізі ретінде көптеген ғалымдардың лингвистиканың өз ұстанымдары мен біртұтас қаралатын экстралингвистикалық факторларды таңдап алуы кездейсоқтық емес. Бұл факторлар В.В. Виноградовтың функционалды стиль, стилистикалық бояу, стильдік белгі, стилистикалық норма және т.б. стилистиканың категориялары мен түсініктері анықтамасының негізінде жатқанын байқауға болады.
Лингвистикалық факторлардан тыс толық комплекстік бөлшектеп қарастырудан функционалды стильдер қалыптасатындығы белгілі.
В.В. Виноградов, А.Н. Васильева, О.А. Ахманова, К. Бюлер, Б. Гавранск,
К. Гаузенблас, М. Елинск, И. Мистрик, Дж. Кэрролл және т.б. зерттеулерінде жүйелі таңдаулар берілген.
Жалпы тілтану үшін тілдің әлеуметтік мәні, оның функционалдануы мен дамуы жөніндегі мәселелерге лингвистикалық және экстралингвистикалық мәселелердің қатынасын, тілге оған тән емес қызметтің тигізетін әсерін зерттеу тән. Осыған орай функционалды стильдер экстралингвистикалық факторлардың әсерінен түңілетіндіктен, оларға анықтама беріп, жіктеуді осы негізде жасау тиімді. Біз тек лингвистикалық негіздегі жүйелік құрылымның болмайтынын көрдік.
Функционалды стильдердің жіктелуі негізінде қандай экстралингвистикалық факторлар жатады. Ол әр түрлі тіл функциясынан шығатындай да болып көрінеді. Мұны анықтауда осы ұстанымға сүйене отырып жіктеу жеткілікті дәрежеде онша оң нәтиже бере алмайды. Мысалы, стильдердің белгілі классификациясындағы дифференцияшы бастаманың болмауының негізіндегі үш түрлі аталатын функциядан бес стиль бөлініп шығады:
1) тілдесу функциясы (сөйлеу),
2) хабарлау функциясы (іскерлік және ғылыми),
3) әсер ету функциясы (көркем және публицистикалық).
Функцияны негізге ала отырып стильдерді жіктеудің кемшілігінің өзі тіл функциясы мәселесін, әсіресе, оны тіл – сөйлеу дихотомия аспектісінде біржақты ғана зерттеу жеткіліксіз. Тіл функциясын негізге ала отырып стильдерге классификация берудің мүмкін еместігі олардың әдетте әрбір сөйлеу актісінде кездесетіндігіне байланысты. Ал сөйлеудің белгілі, этикалық, эмотивті-валютативті, сиқырлы функциялары тіл құбылысын жан-жақты қамти алмайды.
Жоғарыда айтылғандай, функционалды стильдің анықтамасы қызмет түрлері мен қоғамдық таным формаларының салыстырмалы сөйлеу саласына арқа сүйейді. Бұл факторларды стильдерді жіктеуде ескерудің қажеттігі айқын.
Тіл шынайы таным болғандықтан, функционалды стильдерді жүйелеуде қоғамдық таным формаларына (ғылым, саясат, құқық, өнер) сүйенудің қажеттігі анық екендігі ойға қонымды, олардың әрқайсысы қандай да бір қызмет түріне және әлеуметтік мәнді, өзінше бір стилистика – сөйлесу жүйесін құрайтын тіл құралдарын пайдалану ұстанымдарына жататын дәстүрлі сөйлесу саласына сәйкес келеді.
“Әлбетте әр стильдің өзіне ғана тән ерекшеліктері болады. Стильдің өзіндік айырмашылықтары лингвистикалық және экстралингвистикалық тілдік құралдардан тыс деп екіге бөлінеді,” – дейді М. Серғалиев [2, 9 б.]. Тұрмыстық стильдің экстралингвистикалық негізі ретінде тұрмыстық тілдесу мен қарым-қатынас саласын атауға болады, ең соңында тұрмыс – адамдардың өндірістен және қоғамдық-саяси қызметтен тыс қарым-қатынас саласы.
Сонымен, көрсетілген экстралингвистикалық негізде функционалды стильдер бөлініп шығады:
а) ғылыми,
ә) іскерлік,
б) публицистикалық,
в) көркем,
г) тұрмыстық.
Әрбір аталған салада осы функционалды стильдің спецификасына негізделген стиль түзуші факторлардың өз базалық кешені бар. Оған қоғамдық таным формаларына (ғылым, құқық және т.б.) сәйкес келетін белгілеу, оған тән ойлау формалары мен мазмұн түрі және осының бәрін анықтайтын тілдесудің мақсаттары мен мәселелері енеді. Бұл комплекс тілдің осы аталған салалардағы тиімді коммуникациясын жүзеге асыру үшін барынша тиімді қолданылуын негіздейді. Ол белгілі дәрежеде бәсеке, екіншілік факторларды, мысалы: жанрлар жиынтығы, сөйлеу түрлеріне тән функционалды-мәнділікті анықтайды.
Функционалды стильдер негізгі, әлеуметтік мәні бар сөйлеу түрлерін алға тартады. Осымен қатар олар қандай да бір сөйлесу саласындағы ерекшеліктерінің типтік стильдерін құрайды. Алайда сөйлеу әр түрлі факторлардың әсеріне ұшырай отырып, басқа да стильдік ерекшеліктерге ие бола алады. Байқап отырғанымыздай, қызметтің қандай да бір саласы мен таным формасына сәйкес сөйлеудің функционалды түрі иерархиялық құрылым, ал дәлірек айтқанда – өрістік құрылымға ие.
Шынайы тіл қызметінде сөйлеудің функционалды түрі осы стильдің таза
және типтік түсінігі түрінде нұсқауларда және т.б. болады.
Сөйлем континуумде тек функционалды стильдің типтік таралуы ғана болып қоймайды, тілдің функционалдануы тек базалық факторларға ғана әсер етіп қоймайды. Сөйлеушінің тілді пайдалануына әсер ететін экстралингвистикалық факторлардың күрделі иерархиясы туралы айта кету керек. Алайда осы факторлардың бәрі де сөйлеу сипатына әсер ете бермейді және олардың барлығы стиль анықтаушы бола бермейді. Экстралингвистикалық факторлар тіл дифференцияларының функциялық стилистика иерархиясына сәйкес келеді. Оны былай етіп кескіндеуге болады.
Әрбір функционалды стиль өзінше стильшелерге бөлінеді, ал олардың өзінің де жеке-жеке түрлері бар және т.б.; осылайша сөйлем өзіндік бір үлгіге келгенше бөлшектенеді. Бұндай бөліну ірі сөйлеу түрлерінің (макростильдер) белгілері жойылады дегенді білдірмейді. Мысалы, барлық жеке ғылыми сөйлемдердің түрлерінде (стильшелер, жанрлық және т.б.) ғылыми стильге тән негізгі, арнайы белгілер сақталады.
Осыған байланысты сөйлеудің функционалды-стилистикалық қатпарлануы негізгі стильге жанаспайды, ол өте күрделі сурет негізінде көрінеді. Сонымен қатар шындық өмірдегі стильдер өзара ықпалдасқан және қандай да бір нақты мәтін немесе тіпті жанр әр түрлі стильдер белгісін бір өзінде тоғыстыруы мүмкін.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, тілдік функционалды-стильдік жіктелуді өрістік құрылым түрінде қарастыруға болады, яғни әрбір стильдің орталығы мен шеткі аймақтары болады. Орталыққа қандай да бір стильге жататын, оның өзіндік қасиетін таза әрі толық көрсететін мәтіндер жатады. Ал шеткі аймаққа мәтіннің өзіндік қасиетін көрсететін, яғни түр өзгешелігі мен қатпарлануын, оның қатарында өзге стильдерден өзіне кірме жасалатын мәтіндер жатады. Міне, нақ осы шеткі аймақта, шекаралық аймақта, функционалды стильдердің тоғысуы және олардың неғұрлым мүмкін өзара ықпалдасуы байқалады. Бірақ қандай да бір нақты мәтін өз бойына сәйкес стильдің өзіндік белгілерін жинап алғанда, ол сол стильге жататыны анық; шеткі аймақта әр түрлі стильге (жеке) өтіп кете беретін әлсіз айтылымдағылар жатады. Сонымен, стиль өріс ұстанымы бойынша құрылған, ал осы стильдің өзара ықпалы және шеткері аймақта бір-біріне ықпалы анық байқалады.
Ғылыми түрде негізделген стильдер топтамасы мен олардың одан әрі қарай (іштей) бөлінуі өте өзекті және тек теориялық маңызға ғана емес, сонымен қатар практикалық маңызға да ие, әсіресе, сөйлеу мәдениеті, әдеби редакциялау, тілді оқыту әдістемесі үшін де маңызы зор. Бұл мәселе лингвистердің назарынан тыс қалмаса да, сонымен бірге функционалды стильдердің экстралингвистикалық факторлар мәселесі де онымен байланысты бола тұрса да, ол жиі түйсік деңгейінде шешіліп отырады. Сондықтан ол бұдан әрі қарайғы арнайы және кешенді зерттеуді қажет етеді. Тек осындай зерттеулер (әсіресе, ғылыми, заңнамалық сияқты салаларға қатысты) шынымен-ақ ғылыми негізделген топтама беруі мүмкін. Сөйлеу стилі көптеген экстралингвистикалық факторларға тәуелді болғандықтан, олардың стиль терминдіруші қасиетін, сөз сипатына әсер ету дәрежесі мен күшін жан-жақты талдау қажет (стилистикалық тілмен айтқанда, олардың ықпалының өміршеңдігі мен өміршеңсіздігі). Біріншілік пен екіншілік, күшті мен әлсіз, стиль түзуші мен стиль түзбейтін экстралингвистикалық факторлар туралы айтуға болады. Мысалы, жазбаша ғылыми стильде жанр сияқты фактор өте әлсіз стиль түзуші болып табылса (мақала, монография, очерк – бір-бірінен ғылыми стильдің өзіндік белгілері бойынша ажыратылмайды), іскери стильде бұл фактор (жанр) басым болады.
Сөйлеу стиліне көптеген факторлардың әсер етуіне байланысты, оларды ажыратуда, мысалы, монологтік және диалогтік сөйлеудің әр түрлілігі, коммуникациясының бұқаралық және бұқаралық емес сипаты, бұқаралық коммуникацияның әр түрлілігі (диспут, әңгімелесу, симпозиум және т.б.) кездеседі. Мазмұн ерекшелігінің стиль қасиетіне әсері, оның бойында авторлық индивидуалдықтың байқалуы да ерекше. Сөйлеу сипатына қарқынды ықпал ету қарым-қатынас, яғни ауызша немесе жазбаша формада да байқалады. Барлық функционалды стильдер ауызша, сонымен қатар жазбаша формада да кеңінен танымал. Мәселен, кейбір стильдердің ауызша формада өмір сүруі шектеулі (көркем, ресми-іскери), ал өзгелеріне ауызша форма тән.
Стильге экстралингвистикалық факторлардың әсер ету дәрежесін есептеу қиындығы айтушының темпераменті, тілдік дағдылары, білім сипаты мен деңгейі, қызығатын дүниесі, сөйлеу кезіндегі көңіл-күйі сияқты жеке белгілерін көрсетуде әрі қиындай түседі. Лингвистикалық әдебиетте (әсіресе шетелдік әдебиеттерде) сөйлеуге әсер ететін факторлардың ішінде мыналар да бар: сөйлеушінің жасы, білім деңгейі, жылдық табысы, отбасылық жағдайы т.б. Байқағанымыздай, айтылған факторлардың бәрі бірдей дәрежеде стиль түзуші емес, тіпті, стиль анықтамасына әсер ете алатын қабілеті де бар және болмауы да мүмкін.......
18.12.2018
Вернуться назад