DataLife Engine / Қазақ әдебиеті | ХХ ғасырдағы қазақ аудармасының дамуы

Қазақ әдебиеті | ХХ ғасырдағы қазақ аудармасының дамуы

Мазмұны

КІРІСПЕ..................................................................................................................4
1 ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНДЕГІ АУДАРМА ЖАНРЫ.......................................7
1. 1 Қазақ әдебиетінде аударманың қалыптасуы................................................7
1. 2 Абайдың аудармашылық мектебі және аудармашы Ә. Найманбаев.......13
2 ХХ ҒАСЫРДАҒЫ ҚАЗАҚ АУДАРМА ТЕОРИЯСЫНЫҢ ДАМУЫ....18
2. 1 Қазақ аудармасындағы әдіс-тәсілдер және зерттелу тарихы....................18
2. 2 Қазақстандағы көркем аударманың дамуы..................................................39
ҚОРЫТЫНДЫ....................................................................................................44
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ...............................................46

КІРІСПЕ
Жұмыстың жалпы сипаттамасы Қазақ әдебиеті мен мәдениетінде өзіндік орны бар аударма өнері сан ғасырлардан тамыр тартып жатыр. Салт-дәстүрі де, әдебиеті мен мәдениеті де бір-біріне ұқсамайтын екі елдің арасында аударма екеуін жалғастырушы алтын көпір іспеттес. Аударманың тағы бір ерекшелігі ол әдебиеттің бұрынырақ пайда болған жанры болғандықтан, қалған басқа салаларға қарағанда тарихи тереңде жатыр. Қазақ аудармалары шын мәнінде мыңдаған жылдық даму жолын басынан өткерді. Мәселен, әдебиетшілер аударманың тарихын сонау XII-ХIV ғасырлардан бері қарай зерттеуді бастады. Әрине, ол кездерде қазақ әдебиетінің тарихында «Алтын орда дәуірі» деген атпен белгілі болған дәуірде аудармаға ұқсас өзгеше әдеби жанр «назирагөйлік» қатты өркендеп дамыған. Оның өзі әдеби байланыстармен қатысты екендігін осы жерден байқауға болады. Демек, аударманың өзі екі елдің бір-бірімен әдеби жағынан қарым-қатынасқа түсуі, сол арқылы елдердің арасында ортақ әдеби процестің қалыптасуы.
Аударма жанры қазақ әдебиетінде, әсіресе, өткен ғасырлардың ішінде дамудың үлкен бір белесіне жетті. Бұл тұрғыда орыс әдебиетінің классикалық үлгілерінен жасалған аудармаларды зор мақтанышпен көрсетуімізге болады. Атақты жазушылар Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Мұхтар Жанғаливтар орыс халқының ұлы тұлғалары Н. В. Гоголь, Л. Н. Толстой, Н. Погодиндерден аударма жасап, көптеген озық туындыларды қазақ әдебиетінің алтын қорына әкеліп қосты. Сондықтан көптеген зерттеушілер аударма туындыларды төл әдеби мұраларымыз деп қарастырды. Аударма теориясы мен практикасын ұштастыра қарастырған әдебиеттанушы-ғалымдар Ә. Сатыбалдиев, С. Талжановтар осы саладағы жарияланып жатқан көптеген еңбектерді сарапқа салып, талдауды жүзеге асырды.
Сол сияқты көптеген ғылыми зерттеу жұмыстары жазылы, осы салада кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғалды, монографиялар жазылды. Аударманы жан-жақы қарастырудың нәтижесінде аударма теориясы деген жаңа ғылым саласы қалыптасты. Аудармалардың өзі бірнеше топтарға бөлініп, оның теориялық және практикалық негіздері дамытыла бастады.
Кеңес үкіметі кезінде аударманың теориясын қалыптастырған С. Талжанов пен Ә. Сатыбалдиев еңбектері бұл жанрдың іргесінің беки түсуіне үлкен септігін тигізді. Ә. Сатыбалдиевтің шетел, орыс жазушыларының туындыларын қазақ тіліне келістіріп аударған тамаша аудармашы екендігі мәлім. Мұның өзі ғалымның екі жақты өнерді шебер меңгергендігін көрсетеді.
Ол көркем аударма саласындағы тәжірибесіне сүйене, аудармашылық өнердің қыр-сырын терең зерттеп, оны жақсартудың нақты жолдарын саралап, құнды пікірлерін ортаға салды. Яғни, көркем аударманың теориясымен де айналысып, аудармада түпнұсқаның ерекшеліктерін сақтау, шығарманың көркемдік күшін, идеялық, эстетикалық әсерін айнытпай жеткізу сияқты мәселелерін алға тартады.
Сонымен қатар майталман теоретик аударма түрлерін де саралайды:
«Еркін аударма – түпнұсқаның шеңберінен шықпай, автордың бар стилін сақтай отырып, аударманы оқуға жеңіл және тартымды етіп шығара білуді еркін жеткізу тәсіліне жатқызады, оның өзін шығармашылық еркіндік деу керек.
Жолма-жол аударма- бір тілден екінші бір тілге аударғанда, автор мен аудармашыныңі арасын байданыстыратын елші.
Сіреспе аударма – оқуға ауыр, ырғағы үйлеспейді. Ұғымы түсініксіз, сөздері қиыспайды, бір-біріне қабыспайды. Ойдың желісі бұзылады.
Дәл аударма – жазушының тіл,стиль, көркемдік ерекшеліктерін сақтай отырып, дәлме-дәл беру. Сөйлеміне сөйлем орай етіп аудару.
Балама аударма – сөз баламаларының әрбір контекстің ыңғайына қарай орынды қолданылады. Аудармашы белгілі бір сөзді қазақшалағанда, онымен ұғымдас, мәндес келетін бар сөздерді саралай отырып, солардың ішінен нақ осы қалыпқа, осы көрініске жазушының белйнелеп отырған өмір көрінісін құрастырмай сөздерді дәл тауып, қоя білуі керек.
Сөзбе-сөз аударма формализмнен туады. Түпнұсқаны сөзбе-сөз келтіремін деп, сірестіріп қою тіл бұзарлық болады» [1, 57].
Демек, Ә. Сатыбалдиев көркем аударма теориясында бүгінгі күнге дейін қолданылып жүрген аударма қағидаларын қалыптастыруға күш салады.
Аударма теориясының орнығуына үлкен еңбек сіңірген С. Талжанов аталмыш сала турасындағы өз пікірін былайша білдіреді: «Мен бүгін орыс тілінің қорғаушысы ретінде сөйлеймін, аударманы аудару кезінде оның тазалығына, шығарманың шынайылығына көз жеткізуіміз керек» [2, 97] дейді. И. Брагинский ойды қорғап, аудармашы әдебиеттанушы болу керек десе, А. Дейл болса, аудармашының талантын жоғары бағалайды. Біздің ойымызша, екеуінің де айтқаны дұрыс. Ендеше осы екі көзқарастың бастарын біріктіріп, былай деп түсіндірсек: «Аудармашы, біріншіден, талантымен ерекшелене білуі керек, екіншіден, сонымен қатар әдебиеттанушы да бола білуі керек» [3, 24].
Зерттеу жұмысының өзектілігі: ХХ ғасыр ғылымның қай саласы болсын, барынша дамып, ілгерілеген ғасыр болды. Бұл құбылыстан аударма саласы да сырт қала алмады. Қазақ аударма ғылымының қалыптасуына кеңес үкіметінің орнауы, одақтас он бес республикалардың бір-бірімен әдеби-мәдени қарым-қатынасқа түскені ықпал етті. Кеңес үкіметі орнаған 20-жылдары қазақ аударматану саласы тәжірибесіз болса да, келе-келе көршілес елдерден жинақтаған әдіс-тәсілдердің арқасында үлкен деңгейге өсті. Қазақ аударма саласының өсу жолдарына назар аударып, олардың шеберлік сырларын зерттеу диплом жұмысының өзектілігі болып табылады.
Зерттеудің мақсаты: Бітіру жұмысы мынадай мақсаттарды басшылыққа алды:
1) ХХ ғасырдағы қазақ аударма саласының қалыптасу, даму жолдарын анықтау;
2) Аударма салысының негізгі өкілдерінің ой-пікірлеріне, тұжырымдарына назар аудара отырып, олардың аудармаға қосқан үлесін анықтау;
3) Аударма саласындағы негізгі жеткен жетістіктерге, шығармашылық шеберлікке қатысты зерттеу жүргізу.
Зерттеу жұмысының пәні: Зерттеу жұмысының пәні ХХ ғасырдағы қазақ аударма саласының дамуы.
Зерттеудің теориялық және практикалық негіздері: Зерттеу жұмысын қазақ әдебиетіндегі аударма саласына байланысты ғылыми еңбектерге пайдалануға болады. ХХ ғасырдағы қазақ аударма саласының әдебиеттің көркемдік мәнін ашуда да маңызы зор болғандықтан, теориялық еңбектерге қолдануға болады.
Практика негізінде көркем аударма пәнінде жекелеген аудармашылардың еңбектерін қарастыру барысында айтылған ойларды жүзеге асыруға болады.
Зерттеудің дерек көздері: Зерттеудің негізгі дерек көздері ретінде С. Талжановтың көркем аударма туралы, оның ішінде Мұхтар Әуезовтің аударма пьесасы «Ревизор» туралы қарастырған «Көркем аударма туралы», сонымен қатар автордың тағы да бір еңбегі «Көркем аударманың кейбір мәселелері» монографиясы, «Рымғали Нұрғалиевтің «Трагедия табиғаты» зерттеу еңбегі, Мұхтар Әуезовтің жекелеген мақалалары, К. Треневтің, А. Афиногеновтің, Н. Погодиннің кітаптары пайдаланылды. Бұлармен бірге Ә. Сатыбалдиннің «Рухани қазына» кітабын да бітіру жұмысымызда басшылыққа алдық.

1 ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНДЕГІ АУДАРМА ЖАНРЫ

1. 1 Қазақ әдебиетінде аударманың қалыптасуы

Аударма — әдеби байланыстардың ең маңыздысы, өзара әрекеттестігінің әркелкі қарым-қатынастары мен формалары арасында ең бастапқысы. Сонымен бірге, жекелеген бір тілдегі туындылардың басқа бір тілде көрініс табу үдерісі тұрғысынан «әдеби шығармашылықтың жеке түрі» болып саналады.
Қай кезеңде болмасын, қоғам өмірінің ілгері жылжып, дами түсуіне аударма өнерінің қосқан үлесі айрықша. Себебі, әдебиет, мәдениет, экономика, халық ағарту ісі, халық шаруашылығы, өнеркәсіп, медицина т.т. қай-қайсысы да аударма арқылы қанаттанып қалыптасып отырған.
Аударма тарихы ежелгі Антика дәуірінен басталып, осы күнге дейін қарқындап, құлаш жайып келеді. Қазақ халқы мен Шығыс халықтарының ауыз әдебиеті мен ертегілеріндегі сюжет ұқсастықтарын алсақ, мұны біз аударма туындысы ретінде қабылдауымыз керек. (Мысалы, «Калила мен Димна», «Шахнаме», «Ләйлі-Мәжнүн» және т.б.). Қазіргі кезде әлем әдебиетінің тамаша үлгілері қазақ тіліне аударылған. Бұл жерде, У. Шекспирдің, И. Гетенің, Ги де Мопассаның, А. Дюманың және т.т., сондай-ақ орыс классиктері А. Пушкиннің, М. Лермонтовтың, Л. Толстойдың, А. Чеховтың т.с. сөз шеберлерінің дүниелерін атауға болады. Осы аударма өнері арқылы қазақ әдебиеті де дүниежүзілік әдеби арнаға қосылып, өзін бүкіл әлемге танытуда. Абай, Ж. Жабаев, М. Әуезов, С. Мұқанов, Ғ. Мүсірепов, Ғ. Мұстафин, І. Есенберлиннің және т.б. қазақ жазушыларының шығармалары түрлі тілдерде жарық көрді. М. Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясы ағылшын, болгар, венгер, вьетнам, грек, неміс, корей, поляк, румын, словак, түрік, француз, чех және т.б. тілдерге аударылды. Аударма халықпен-халықты жақындатып, рухани қазыналарымен ортақтас етіп, әдеби байланыстарды нығайтып, күшейе түсуіне ықпал етеді.
Көркем аударма әдеби байланыс процесі мен халықтар мәдениетінің ілгері жылжи, дами түсуіне қалтқысыз қызмет етіп келеді. Осыған дәлел: қазіргі таңдағы жарық көретін әрбір үшінші кітап аударма туындысы болып табылады. Көркем аударма туындылары бүкіл көркем әдебиеттің жартысына жуығын құрап, ұлтаралық әдеби байланыс «дәнекеріне» айналды.
Белгілі академик Н. И. Конрад: «Өзге бір тілде жазылған әдеби шығарманы өз тіліңде жаңғырту — әруақытта да шығармашылықтың шыңы. Аударманың пайда болуы — белгілі бір дәрежеде төл әдебиеттің баюына ықпал жасайды...» [4, 29] Әдеби шығармашылықты қажет ететін, көркем аударма, шындығында, әдебиеттердің өзара әсер етуіне, бірін-бірі байытуына жол ашты.
Ә. Сатыбалдиев өзінің «Рухани қазына» атты кітабында аударма жайлы ойларын қорытындылай келе былай дейді: «Көркем аудармада өзінен сөз қосып, ауа жайылып кету тұрпайылыққа, қарадүрсіндікке саяды, ол түпнұсқаны сөзбе-сөз келтіремін деп ұғымсыз етіп сірестіріп қою — тіл бұзарлық болады. Мұның екеуі де сорақы. Нағыз творчествалық көркем аударма дегеніміз түпнұсқаның тілдік ерекшеліктерін түгел ескере отырып, оның көркемдік-идеялық қасиеттерін толық жеткізу, әрі қазақша биязы да жатық етіп шығару. Осы екеуі шебер ұштасқанда ғана аударма көркем болады». [1, 171]
Аударма — басқа бір тілде жазылған шығарманың екінші тілге көшіріліп қайта жасалуы (интерпретация). Бұл дегеніміз, аудармашының еншісінде шамалы қажетті еркіндіктің болуы. Еркіндік шамадан тыс болмай, түпнұсқа мазмұнын дәлме-дәл беру ұтымды болмаған жағдайда ғана қажет. Ал аудармашының біржақтылығы мен «ауа сілтеушілігі, өзінен сөз қосушылығы» «аударма емес» — «желісі бойынша» еліктеуге әкеп соқтырады. Ұлттық бейімдеушілік — бір ұлт әдебиетінің екінші ұлт әдебиетіне ену формаларының бірі. Жеке бір тілде жазылған шығарманың мазмұны мен желісіне өзге бір тілде жаңғырту бейімдеушілікке жатады. Біз қарастырған аудармашының басты мақсаты — оқырманға түпнұсқаның мазмұнын жәй әрі қарапайым қазақы тілмен жеткізу секілді. Ұлттық бейімдеушілік аудармаға жатпағанымен, онымен тығыз байланысты.
Аудармашыға қойылатын ең бірінші талап: ол екі тілді де барынша жақсы білуі тиіс. Оның үстіне өз тіл сырын, тіл мәнін, көркемдіктің қадірін білетін, өмірге суреткерше қарап, әрбір көрініс пен құбылысты көркем образдылық тұрғысынан ұғына алатын қиялы ұшқыр, ойы терең, жаны сергек те сезімтал, ақындық-жазушылық дарынның иесі болуы керек.
«На массу читателей действует одно несомненно – прекрасное, действует один талант; талант; творческий дар, необходим переводчику; самая взыскательная добросовестность тут недостаточна »/5, 324/, - дейді орыс халқының атақты жазушысы И. С. Тургенев.
Бұл айтылғандарға қосымша, аудармашыға ауадай қажет нәрсе – нағыз энциклопедиялық жан-жақты білім, жоғары мәдениет. Ол түпнұсқаның тілінде сөйлейтін халықтың тарихынан, тұрмыс салтынан, әдет-ғұрпынан, сол дәуірдегі қоғамдық қалпынан хабардар болуы керек. Тіпті, жалғыз сол халықтың ғана емес, адамзат тарихы мен мәдениетіне байланысты көп нәрселерден зор мағлұмат алып отыруы қажет. Өйткені ол әрбір ойдың түпкі төркіні қайдан шығып жатқанын біліп отырмаса, сөздің арғы сырын жеткізе алмайды. Бұл тұрғыдан аудармашыға ғалымдық ізденімпаздық, әр алуан сөздіктер мен энциклопедияларға үйірсектік керек.
Бұлар түгелдей көркем аудармаға қатысы бар талаптар. Аудармашы қаншалықты дарынды болғанымен, екі тілдің де сырына қанықтығымен қатар, автордың ойы жеткен дәрежеге көтеріле алатындай жан-жақты білім иесі болмаса, екінші тілде түпнұсқаны оқушыларға бар ниетімен ашып бере алмақ емес.
Осылардың бәріне көп жылдық тәжірибеден, жалықпай сызу, өшіру және қайта жазу негізінде машықтана беруден барып бірте-бірте ашылатын нағыз өнерпаздыққа тән нәзік шеберлік қосылса, әр автордың әуеніне, үніне айнытпай салып, автор болып күліп, автор болып жылап, автор болып қатулана білетін артистік құбылымпаздық өзінің ішкі сезім дүниесін әрқашан ширатып ұстап, әр мақамға бұра алатын, әр саққа жүгіртіп, әр шыңға көтере алатын ырғақ болса, мұның бәрін істегендегі өзінің ең ардақты борышы – қасиетті ана тілінің өткірлігін, көріктілігін, икемді-орамдылығын, мағыналылығын, күллі сән-сәулетін арттыра әсемдей түсуге себін тигізу екенін, ана тілінде оқитындардың ой-өрісін ұлғайта түсуге қызмет ету екендігін нағыз – азаматша түсінсе, міне, аудармашылық өнердің қонғаны деп осы кезде айтуға болады. Аудармада ана тілінің заңды жүйесін бұрмалап, тілбұзарлық жасауды кешірілмейтін қылмыс деп жариялайтын уақыт жетті.
Аудармашы әрқашан өз ісінің белсенді қайраткері, аударманың жанашыр қамқоры, іскер ұйымдастырушысы, батыл жаңашылы болуы керек. Одан аударылатын еңбекті өз ыңғайы мен қабілетіне, көңілінің сүюіне, қызығуына қарап таңдап алудан бастап, ақыры кітап боп шығып көпке таратылуына дейінгі бар ауыртпалығын мойнына алу талап етіледі. Бұл жерде ол түпнұсқаның екінші авторы болып саналады. Кітаптың жаңа тілде қайта тууына байланысты қуаныш, реніштің бәрін ол өзі көтереді. Сондықтан да творчестволық толғану үстінде өзегін жарып шыққандай болып туған әрбір бейнелі сөзге оның шын авторша жаны ашиды, редакциялау кезінде ондай туындыларының қалай өзгертілуіне енжар боп елеусіз қала алмайды.
«Әдебиет теориясы көркем аударманың негізгі үш түрі болады. Олар: еркін аударма, сөзбе-сөз аударма, балама (адекватный), немесе реалистік аударма. Осы үш түрінің алғашқы екеуін, яғни еркін аудару мен сөзбе-сөз аудару әдістерін көркем аударма теориясы теріске шығарады. Дегенмен қай кезде болса да осылардың үшеуі де бой көрсетпей қалған емес» /6, 16/.
Бір айта кететін нәрсе, қазақ әдебиетінің жағдайында аударма жөніндегі біздің терминдеріміздің өзі әлі де ғылыми тұрғыдан қалыптасып болған жоқ. Қолданылып жүрген атауларды кейде әр адам әр түрлі түсініп, әр түрлі мағынада пайдаланады. Айталық, орыс тілінде аударманың түрлерін «вольный», «свободный», «дословный», «буквальный», «точный», «адекватный», «реалистический» деп бөледі. Біз де осыған қарап «еркін аударма», «сөзбе-сөз аударма», «дәл аударма», «балама аударма», «реалистік аударма» десіп жүрміз. Бірақ бұлардың әр қайсысының мағыналық шегі қандай дейтін болсақ, бұл сұраққа нақтылы жауап алу қиын. Мысалы, «еркін аударма» дегенді бірде «вольный перевод» дегеннің мағынасында қолданып, аудармадағы ауа жайылып кететін ұнамсыз мысалдарды келтіріп отырып сөйлесек, біре қазақшасы жатық келіп, еркін құйылып отыратын ұнамсыз мысалдарды айтқанда да қолданамыз. Аударма теориясының басқа терминдері жөнінде де осындай орнықпағандық әлі бар.
Аударма жайын сөз еткенде көп айтылатын жаман мағынасындағы «еркіндік» дегенді творчестволық еркіндіктен айыра білуіміз керек.
Аударма әдебиетін төл әдебиеттің өз қоры деп ұғуға болады. Қазақ тіліне орыс әдебиеті – оның классиктерінің аударылуы ХІХ ғасырдың екінші жартысынан басталды делінеді. Осындай игілікті іске әр дәуірде жанашырлық танытып отырған сыншылар да болды. Солардың жәрдемдерімен, газет-журнал беттерінде мақалалар жариялау арқылы кеңес беруімен қазақ аударма саласы дами бастады. Мәселен, ең алғаш рет 1915 жылы ақын, жазушы Сәкен Сейфуллин «Айқап» журналының бетінде сөз етті. Содан бері қарай аударма мәселесінің зерттелуі толастаған жоқ. Бұрын аударма жөніндегі күрделі сындар, кіші-гірім рецензиялар әр жерде: газет-журнал беттерінде жазылып келген еді. Кейіннен сол еңбектер жинақталып, басыла бастады. Аударма әдебиетін төл әдебиетіне байланыстыра, күрделі сатыға көтерген қалам қайраткерлеріміз М. О. Әуезов, Қ. Жұмалиев, М. Қаратаев, Т. Ахтанов, Т. Әлімқұлов, Ә. Нұрпейісов тағы басқалары болды.
Негізінен алғанда, осындағы сындар екі бағытты жүргізіледі. Бірінші, ең көбірек кездесетіні, орыс тілінен қазақ тіліне аударылған шығармалар жөнінде болды. Әсіресе солардың кем-кетігін баса айтумен келді. Екіншісі, қазақ тілінен орысшаға аударылған шығармалар жөнінде болады. Осыларды көбінесе көтере айтуға тырысады. Осы арада Е. Ландау, М. Әлімбаев, Е. Жовтис және тағы басқалары атап кеткеніміз жөн.
Осы жерде қазақ әдебиетіндегі аударманың біраз талас-тартысты мәселе болғандығын да ескереміз. Бұл көбінесе түпнұсқадағы ойдың дұрыс, нақты, сөздердің тұтас жеткізілуіне байланысты. Осыған қатысты аударма саласының білгірі С. Талжанов орыс жазушысы И. С. Тургеневтің «Записки охотника» атты шығармасының француз тіліне аударылуын мысалға келтіреді. Оны франзуз тіліне аударған Е. Шарриер «Записки русского барина» деп тәржімалаған болатын. Сол аударма бойынша француз тілінде сындар шығып, аударма басылып шыққаннан кейін екі жыл өткеннен кейін И. Тургенев өзінің шығармасын француз тілінде оқиды.
Сонда: «Не говорю уже о бессмыслицах и ошибках, которыми он изобилует, - но, право, нельзя себе представить все изменения, вставки, прибавления, которые встречаются в нем на каждом шагу. Сам себя не узнаешь» деп қатты ашуланып жазған хаты бар. Тургенев «И я убежал» десе, Шарриер «Я убежал как сумасшедший» деп аударады. Тургеневтің «қояны» - «ақ тиін», құлаған ағашы – «шашты алып» болып кетеді. «Овсянка» - сулы ботқа – ол орталан (кіші құс), арапник қамшы, ол «арап құл мағынасында» болып кетеді. Міне, осындай аудармадағы келісімсіздіктер кейін де қазақ әдебиетінде орын алып келгені мәлім болып отыр /6, 56/.
Тургеневтің аударма туралы бұл хаты туралы мәліметтер кейін де қазақ әдебиетінде оның шығармаларының аударылуына әсер етті. Бұлай деп айтатын себебіміз, тургеневтің әлгі сөзінен аса алмаған Мұхтар Әуезов жазушының романы «Дворян ұясын» өзінен аудармай, сол қалпында береді. «Абай жолы» эпопеясын жазған автордың стиліне ол аударма ұқсамайды. Бұл туралы кейін де бірталай айтылған-ды......
18.12.2018
Вернуться назад