DataLife Engine / Қазақ әдебиеті | Қазақ әдебиеттану ғылымындағы Абайтану мәселелерінің зерттеу

Қазақ әдебиеті | Қазақ әдебиеттану ғылымындағы Абайтану мәселелерінің зерттеу

Мазмұны

Кіріспе............................................................................................................

I тарау. Қазақ әдебиеттану ғылымындағы абайтану мәселелері...............

II тарау. Қазақ әдебиеттану ғылымындағы абайтану тарихы......................

Қорытынды.................................................................................................

Пайдаланылған әдебиеттер.....................................................................

КІРІСПЕ
Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Қазақ әдебиеттану ғылымы жыл сайын өсіп, өркендеп келеді. Әдебиеттану ғылымының да ауқымы кеңейіп, сан-салалы болып дамып келе жатқаны қуантады. Жиырмасыншы ғасырдың орта шенінде-ақ әдебиеттану ғылымының көрнекті бір саласы болып қалыптаса бастаған абайтану ғылымының да өзіндік ерекшелігі, алар орны ерекше деп айтуға болады. Сол себепті өзіміздің зерттеу жұмысымызда осы мәселені жан-жақты қарап, зерттеудің ерекшелігіне назар аудардық.
Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Ұлы Абай ақын, дана, ойшыл, кемеңгер ретінде әбден мойындалған құбылыс. Ал ұлы Абайды тану, жазу, зерттеу процесі ақынның көзі тірісінде-ақ басталған болатын және бұл процесс жүз жылдан бастам уақыт өтсе де ешбір үздіксіз, үнемі дамып, жетілу үстінде. Ғасырға жуық уақыт ішінде кемел қалпына келіп, әбден мойындалған абайтану ғылымын зерттеу объектісі етіп, одан әрі дамыта түсу бүгінгі күннің өзекті, көкейкесті мәселелерінің бірі деп тануға болады. Күні кешегі зерттеулерді жан-жақты қарап, салыстырып, бүгінгі күннің тұрғысынан бастап баға беріп отырудың өзі өзекті мәселе болып табылады. Абайтану ғылымы мен абайтану тарихын салыстыра, қос-қабат алып зерттеу де біздің жұмысымыздың маңыздылығын арттыра түсері сөзсіз.
Тақырыптың мақсаты мен міндеті. Абайтану ғылымы өзіне ерекше назар аудартатын саланың бірі. Ұлы Абайдың өмірі мен шығармашылық жолын, әдеби мұраларының мәні мен маңызын тану, тағылым алу бүгінгі күннің көкейкесті мәселелері деуге болады. Сол себепті абайтану ғылымы да жалпы әдебиеттанудың бір көрнекті саласы болып дамып, өркендеп келеді. Міне, осы аталған жайттардың бәрін ескере келіп зерттеу жұмысымыздың алдына бірнеше мақсат пен міндеттер қойдық.
- Абайтану ғылымының өзіне тән ерекшелігін, өміршеңдігін және келешегінің де мол екенін таныту;
- Абайтанушы ғалымдардың шығармашылығына талдаулар жасау, салыстырулар жүргізу көзделді;
- Сонымен қатар абайтанудың тарихын да тереңнен қозғап, жан-жақты сөз ету көзделді;
- Абайтану тарихында із қалдырған тұлғалардың еңбектеріне бүгінгі күн тұрғысынан баға беруді жүзеге асыру;
- Абайтанудың ғылыми бағыт ретінде қалыптасып, дамып, жетіліп отырғанын дәлелдеу, саралау мәселелері жайында мақсат пен міндеттер көзделді.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы. Қазақ әдебиеттану ғылымындағы абайтану ғылымының қалыптасу жолдары, абайтану тарихының тың дерек көздерінің бәрі сарапқа салынып, ой елегінен өткізілді. Абай мұрасын таныту, баға беру, ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығы жайында жазылғандардың бәрінің бір арнаға түсіп, абайтану ғылымына айналу процесін көрсету жүзеге асырылды. Абайтану ғылымының қалыптасуы мен тарихының сан-салалы жолдары көрсетілді, сонымен қатар кешегі мен бүгінгі тарихы салыстырыла отырып талдау объектісіне айналды.
Зерттеудің дерек көздері. Зерттеу жұмысының мазмұнын ашу үшін көптеген әдеби мұралар пайдаланылды. Атап айтқанда «Абай» энциклопедиясы, «Абайтану тарихы», «Абай және қазіргі заман» т.б. алуан-алуан материалдар пайдаланылды. Қазақ әдебиетінің тарихы, сыны, теориясы жайында әркез зерттеулер жазған, теориялық еңбектер берген ғалымдар М.Әуезов, З.Ахметов, Қ.Мұхаметханұлы, С.Мұқанов, Р.Бердібай, С.Қирабаев т.б. ғалымдардың еңбектері дерек көзі ретінде кеңінен пайдаланылды. Одан басқа да еңбектер, баспасөз материалдары, оқулықтар, монографиялық дүниелер де назардан тыс қалмады.
Зерттеудің теориялық және методологиялық негізі. Дипломдық деңгейдегі зерттеу жұмысының теориялық және методологиялық негізі ретінде әдебиеттану ғылымдарының жетістіктері, кешенді, салыстырмалы ғылыми әдістер алынды. Негізінен, отандық әдебиеттану ғылымының тұжырымдары, байыптаулары, әдебиеттану ғылымының өзіндік ерекшеліктерін қарастырған ғылыми еңбектер жұмысымыздың негізгі методологиялық әрі теориялық негізі болды. М.Әуезов, М.Мырзахметов, З.Ахметов, Қ.Мұхаметханов, С.Мұқанов, Р.Бердібай, С.Қирабаев тағы басқа да көптеген ғалымдардың еңбектеріне, монографиялық кітаптарына, сондай ұжымдық ғылыми зерттеулерге назар аударылып, қажетті кезінде ретіне қарай пайдаланылды.
Зерттеудің теориялық және практикалық маңызы. Зерттеу жұмысының теориялық тұжырымдарын қазақ әдебиетінің тарихы, теориясы, XIX ғасыр әдебиетін оқыту барысындағы Абай Құнанбаев шығармашылығы және соңғы жылдардағы оқу бағдарламасына сәйкес «Абайтану» пәнін оқыту кезеңдерінде жан-жақты терең үлгіде пайдалануға болады. Бұл зерттеудің практикалық мәні де зор. Жоғарыда аталған арнаулы пәндерді сонымен қатар қазақ әдебиетінің арнаулы курсы мен арнаулы семинары пәндерін оқыту кезеңінде де зерттеу жұмысының құнды дерек көздерін арнайы пайдалануға, практикалық талдауларға қолдануға әбден болады.
Диплом жұмысының құрылымы. Зерттеу жұмысы кіріспе қорытындадан бөлек екі тараудан тұрады, сонымен қатар жұмыс соңында әдебиеттер тізімі берілді.

I ТАРАУ. ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТТАНУ ҒЫЛЫМЫНДАҒЫ АБАЙТАНУ МӘСЕЛЕЛЕРІ

Қазақ әдебиеттану ғылымы, оның ішіндегі іргелі үш саласы әдебиет тарихы, әдебиет теориясы, әдебиет сыны ерекше қарқынмен өсіп-өркендеп келеді. Осы үш саланың ішінде әдебиет теориясы мен сынына қарағанда әдебиет тарихының ілгерілеушілігі мол деп қарауға болады. Әдебиет тарихын жасау, түгендеу жаңа дәуірге лайықталып, жаңаша көзқараспен пайымдалып жасалуда. Қазақ әдебиеттану ғылымындағы - әдебиет тарихының үлкен бір саласы - Абайтану. Абайтану ғылымына академик Зәки Ахметов былай деп баға береді: «Абайтану кемеңгер ақынның өмірі мен шығармашылық өнері, философиялық, қоғамдық, эстетикалық көзқарастары, қазақ поэзиясындағы өлең жүйесін, ақындық тілді дамытудағы үлесі, музыкалық мұрасы жайлы сан-салалы зерттеу еңбектерді қамтиды» /1.18/.
Абайдың өмірі мен шығармашылық өнерін зерттеудің алғашқы өнімді кезеңі деп А.Байтұрсынов, К.Ысқақұлы, Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, І.Жансүгіров, Қ.Жұбанов, Ы.Мұстамбайұлы, Ғ.Тоғжанов секілді әдебиет пен мәдениет қайраткерлерінің зерттеу еңбектерін, мақалаларын атауға болады.
Абайтануды дербес ғылым саласы дәрежесіне көтерген М.Әуезов болды. Әуезов өзінің «Абай жолы» эпопеясымен ұлы ақын, ағартушының алып тұлғасын дүние жүзі оқырмандарына толық танытып, әдеби бейне қатарына жеткізсе, ғылымда да сондай күрделі еңбек етті. М.Әуезовтің Абай жөніндегі зерттеулері осы ғылымның мызғымас негізі болып табылады. М.Әуезов 1933 жылдан 1957 жылға дейін ақын шығармаларын жариялауда, олардың ғылыми басылымын жасауда орасан зор еңбек етті. Бұл басылымдар ақынның 1909 жылғы жинағы мен Мүрсейіттің бірнеше қолжазбасы негізінде жүзеге асырылды. Әсіресе, 1957 жылы «Ғылым» баспасынан жарық көрген, М.Әуезовтің басшылығымен және тікелей қатысуымен дайындалған Абай шығармаларының екі томдық толық жинағының абайтану ғылымындағы елеулі табыс болғанын атап айту қажет. Алдағы уақытта осы ғылыми басылым үнемі негізге алынуға тиіс. М.Әуезов ұзақ жылдар бойы ізденіп, сан алуан деректерді зерттеп, жүйеге түсіріп, Абайдың ғылыми өмірбаянын жазып шықты.
Кейінгі жылдарда абайтану ғылымы көптеген әдебиетшілер, тіл зерттеушілер, музыка мамандары және басқа ғылым салаларының өкілдерінің еңбектерімен толыға түсті. Абайтану ғылымына С.Мұқанов, Қ.Жұмалиев, Т.Тәжібаев, Қ.Мұхамедханов, М.Сильченко, Ы.Дүйсенбаев, З.Ахметов, Б.Ерзакович, М.Мырзахметов, Ғ.Есімов, Ж.Ысмағұлов т.б. ғалымдар салмақты үлес қосты.
«Қазіргі кезде әдебиеттану және басқа қоғамдық ғылымдар идеологиялық қатаң қағидалардың тар шеңберінен шығып, кең құлаш жаюға мүмкіндік алған жағдайда абайтану ғылыми жаңа белеске көтеріліп жалғаса, толыға беруі керек. Абай шығармашылығының танымдық, көркемдік, тәрбиелік мәнін жаңа қырларынан қарап, терең ашып көрсететін еңбектер ғана абайтану ғылымын байыта түспек» /2.25/.
Абайтану ғылымының тарихы бай, кемел, іргетасы мықты ғылым десе де болғандай. Осының бәрін ескере келгенде келесі бір жағдаяттарды толық аңғаруға болады.
«Абайтану – ұлы ақын мұрасын жан-жақты, терең зерттеуді мақсат ететін қазақ әдебиеті тарихы салаларының бірі. Совет өкіметі орнасымен-ақ, өткендегі мұраға қамқорлық жаңа дүниетаным негізінде жүргізіле бастады. Ал Абай мұрасын тану, таныту, насихаттаудың алғашқы белгілері революцияға дейін-ақ көрінгенімен, оны шын мағынасындағы ғылыми тұрғыдан танып бағалау ісі біздің заманымызда ғана жүзеге асты. 1933 жылы М.Әуезов Абайдың тұңғыш ғылыми өмірбаянын жазып, Абайтанудың негізін салуды бастап берді. Бірақ 30 жылдардың аяғына дейінгі кезеңде жазылған сын мақала, зерттеулерде бұл мұраны танып, бағалауға сол тұстың әдеби атмосферасында орын тепкен тұрпайы социологиялық, компоративистік негіздегі теріс танымдардың салқыны тимей қалған жоқ» /3.54/.
Абайтану ғылымының негізін салушы, іргетасын қалаушы Мұхтар Омарханұлы Әуезов десек қателеспейміз. Сол себепті ең алдымен ұлы ақынның шығармашылық мұрасын зерттеуге бар ғұмырын арнаған ғалымның кейбір еңбектеріне қысқаша болса да талдау жасап кеткенді жөн көрдік. 1997 жылы жиырмасыншы ғасырдың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовтің туғанына 100 жыл толды. Осы мерекеге орай профессор, Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының лауреаты Мекемтас Мырзахметұлы мен тарих ғылымдарының докторы Ләйла Әуезовалардың құрастыруымен жарық көрген кітап «Абайтану дәрістерінің дерек көздері» /4/ деп аталған екен. М.Әуезовтің бұл кітабының үлкен тарихи маңызы бар. Академик ғалымның Абай мұрасы туралы ғылыми-зерттеу жұмыстары мен көркем туындылары, олардың түрлі қолжазба нұсқалары мол. Ұлы жазушының абайтану саласында жарияланбаған, архив сөресінде сақталынып келген материалдарының өзі әлденеше кітап болатыны белгілі болып отыр.
М.Әуезовтің абайтану саласындағы ғұмыр бойғы ізденістері екі салада қатар жүргізіледі: ғалымның ұлы ақын мұрасын ғылыми негізде тану бағытындағы зерттеулері жиырма жылға жуық мерзімді қамтыса, Абайдың көркем бейнесін әр түрлі жанрда сомдауға он екі жыл өмірін арнады. М.Әуезовтің бұл кітабында абайтанудың негізін салу жолындағы мол мұрасы жүйеленіп берілген. Енді осы жүйелеулердің үлгісін көрсете кетейік.
I. Абай өмірбаяны. II. Абай шығармаларының текстологиясы, III. Абай мұрасының рухани көздері. ІҮ. Абайдың ақындық дәстүрі. Ү. Абайтанудың арнаулы курсы. ҮІ. Баяндамалар, сөздер, пікірлер. ҮІІ. Абайтану жайлы еңбектерге пікірлер. ҮІІІ. «Абай жолы» эпопеясының жүргізілу тарихынан. IX. Түсініктемелер. Комментарии.
Орыс және қазақ тілдерінде, тоғыз бөлімнен тұратын, төрт жүз қырық екі беттен тұратын бұл еңбектің әрбір бөлімі, әр бөлімдегі алуан-алуан еңбектердің қай-қайсысы болса да абайтану ғылымының бір бөлесіндей, абайтану ғылымының өнегелі, өркениетті беттеріндей белгі береді. Абайтануға барар жолдың кілті I бөлімде, бұл бөлімде «Абайдың өмірбаяны», «Абай Құнанбаев (1845-1904)», «Құнанбаев Абай (Ибраһим)», «Абайдың өмірі» т.б. тараушаларды қамтиды. Әрине бұл тараушалардың барлығын бірдей талдап шығу мүмкін емес, алайда «Абайдың өмірі» тараушасынан төмендегі мысал үлгілерін келтіре кетсек.
«Абай 1845 жылы бұрынғы Семей облысының, Семей уезі, Шыңғыс болысында туған. Шыққан руы тобықты. Ата тегі сол тобықты ішінде билік құрып, ықпалын жүргізіп, үстемдік етіп келген тұқым. Үлкен әкесі Өскембай тобықтының атақты биі Кеңгірбайдан бата алып өмір бойы сол өз руының биі болып өткен. Өз әкесі Құнанбай көп заман тобықты болысына старшын (ол уақыттың дәреже ретінде қарағанда болыс) боп кеп, бір уақыт Қарқаралы округіне аға сұлтан да болды» /4.20/.
Абай өзі осы сияқты әралуан соққылармен шөгіп келе жатқанда 1904 жылы көктемде ең жақсы көрген өнерлі ойлы баласы Мағауия өліп, соның артынан қырық күннен соң өзі де өледі. Мағауияның өлімінен соң ешкіммен сөйлеспейтін боп үндемей, ас ішпей жапа жалғыз отырып алған болса керек. Дерті болса өзінде бір алуан осы сияқты дерт болады. Немесе өмірінен қажыған соң өзін-өзі өлтіру ретінде таңдап алған өлім түрі осы болуы керек.
1904 жылы 23 июньде өзі де қайтыс болады. Сүйегі өзінің ата қыстауы Жидебай деген жерде қойылған.
Абайтану ғылымының өміршең, мықты болып қалыптасуы үшін ең алдымен ұлы ақын Абайдың өмірі, өмірбаяны, сондай-ақ ғылыми өмірбаяны түзілуі керек, осы жолда М.Әуезов өлшеусіз үлес қосты, орыс және қазақ тілдерінде қилы-қилы зерттеулер жазды. Ендігі бір назар аударатын бөлім «Абайтанудың арнаулы курсы десе де болғандай.
Ғалым-зерттеуші М.Әуезов «Абайтанудың арнаулы курсында» бірнеше мәселелерді қамтиды, атап айтқанда: «Абай өмір сүрген дәуір - ол дәуірдің ерекшеліктері», «Абай шығармалары», «Абайдың Пушкинге баруы», «Абайдың ақын шәкірттері», «Абайтанудың арнаулы курсы» қамтитын мәселелер өте көп, енді Әуезовтің кейбір ойларына тоқталып, дерек көздеріне үңіліп көрейік. М.Әуезов «Абай өмір сүрген дәуір - ол дәуірдің ерекшеліктерінде» былай деп атап көрсетеді.
«Абайды да сол дәуір, қоғамдық жағдай туғызды. Абай 1845 жылы туды. Осы кездегі, алдыңғы кезеңдердегі ерекшеліктері қандай еді? Бұл кезде Қазақстан Россияға түгелдей қосылып біткен. Сондықтан осы мәселеге жауап беру үшін 30-50 жылдардағы бүкіл Қазақстанның жағдайын айту керек. Ол кездердегі халық көтерілістерінің (Исатай-Махамбет, Бекет) кейбіреулері нағыз халықтық форманы сақтап отырды. Дегенмен ол көтерілістер бұқаралық (крестьянский) жұмысшы күшіне сүйенбеген көтерілістер болып, жеңіліс тауып отырған жайы да болды» /4.187/.
Абай дүниеге, келгенде бұл мәселелер аяқталып біткен болатын, бірақ отарлау мәселесі әлі аяқталмаған еді. Орыс крестьяндары жер жетіспегендіктен, қайыршылықта болатын. Олар патша отаршылдары тарапынан Қазақстанға жіберіле бастайды. Солай ету арқылы Россия ішіндегі ереуіл, қайшылықтан құтылу мақсатын көздейді. Сонымен бірге патша үкіметі өзінің атқан оғы, шапқан қылышы казачестволары да қазақ жерлеріне, тек жақсы, шұрайлы жерлерге орналастырылған.
Қазақ сахарасын билеуге патша үкіметі түрлі әдістер қолданып отырды. Абай өмір сүре бастаған кезде Қазақстан ішкі Россияға сәйкес административтиік жүйеге сай бөлінген еді. Алты облысқа (Семей, Жетісу, Торғай, Сырдария, Орал, Ақмола) бөлінген еді. Әр облыстың басында военный губернатор (жандарал) түрған. Әр облыс бес-алты уезге бөлінген. Ал уезд болыстарға (волость) бөлінген. Бір уезде жиырма-жиырма бестен болыс болған. Ал әр болыс ауылнайға (старшинство) бөлінетін. Бір болыста мың я бес жүз үй болатын. Әр жүз үйден бір ауылнай сайланған. Болыстың басында (волостный управитель) болыс сайланып қойылатын. Ал болыстықтан жоғары әкімшілік қазаққа берілмеген. Болыс үш жылда бір сайланатын. Оларды халық емес, елубасылар (әр елу үйден бір адам) сайлайды. Осы елубасылардың тасын алу үшін, бүгін сайлама салып үш жыл бойы талас жүргізілетін. Бұл жағдайлар Абайдың өлеңінде сықақпен айтылып отырады. Сөйтіп, әкімшілікке ылғи үстем шонжарлар сайланып отырған. Ал, облыстар үш генерал-губернаторларға бөлінді. Мәселен, Семей-Ақмола Омскі губернаторына қарады. Қазақтар осы генерал-губернаторларды «корпус» деп атайтын. Уездный начальниктерге қазақтан тілмаштар болған.
Абайтанудың дәрістерінің дерек көздеріндегі келесі бір зерттеу «Абай шығармалары» деп аталыпты. Бұл бөлімнің де абайтану ғылымына қосар үлесі өте көп деуге боады. Абайдың әр алуан үлгідегі, әр алуан тақырыптағы шығармаларының әрқайсысының шығу тарихына талдаулар жасайды, түсінік, түйін айтады. Мысалы: «Абай шығармалары туралы көп зерттеулер бар. Әр тақырыпты болуы да заңды. Өйткені, Абай шығармалары жан-жақты, өте көп. Сан жағынан басқа классиктерден аз. Ал сапа жағы жеткілікті. Бірақ осылай кесіп, бөліп тексеру керек емес. Шығармаларын өсу жағынан, жылма-жыл, тұтас, эволюциялық жолын аша тексеру керек» деп баға береді, жол көрсетеді.
Абайдың өмірлік программасы, жаңа Абай екенін көрсететін өлеңі 1885 жылғы «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» деген өлеңі, ұлы ақынның өкініші. Мұнда үлгілі, жемісті өкініш айтылады. Кейінгілерге үлгі ретінде айтылады. Бұл сол замандағы барлық саналы ата-ананың өкініші еді.
«Бұл мақрұм қалмағыма кім жазалы?» дейді. Бұл «мақрұм» қалған Абай сол кезде Пушкин, Лермонтов, Толстой, С.Щедрин, Крылов т.б. біледі. Сонда да білген сайынғы білімге қомағайлықты көрсетеді. «Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім» дегенде дін медресе емес, басқа оқу жүйесін айтады. Шен алуды Абай сол 1885 жылы-ақ жек көрген, патшаға қызмет етіп, «жанбай жатып сөнуден» сырт тұрады.
1886 жылы Абай ақындық жолға біржолата құлай беріліп, үлкен-кішілі 18 өлең жазған. Бұл жылда програмды үлкен өрісті ақындық жеміс беру кезеңі көрінеді. Бар буын түгел қамтылады. Әуелі ата-аналар болып, кейін жігіттерге арнайды. Енді «Интернатта оқып жүр» деп балаларға оралады. Өлеңді қоғам тіршілігін көрсететін құрал екенін түсінеді. Абай мораль тәрбиесімен қауымды түзеуге болады деп түсінген. Бұл Маркстен бұрынғы ойшылдардың түсінігі еді. Осы 1886 жылы Абай халқымды түзеймін деп кіріседі, әрі келешек Абайдың әр жақтылығы көрініп қалады. «Жаз» деген пейзажды өлеңін жазады. 1886 жылғы өлеңдерінен Абай үлкен, жан-жақты ақын екенін көреміз.
Әрине, «Абайтанудың дерек көздерінің дәрістерінде» қамтылған, айтылған мәселелердің бәріне бірдей талдау жасап, айтып шығу мүмкін емес, оған диплом жұмысының көлемі де көтермейді. Ұлы Әуезовтің абайтану ғылымын қалыптастыруға ролі өлшеусіз деп жоғарыда айттық. Соның дәлелі ретінде келесі бір еңбекті айтуға болады. Бұл еңбектің де құрастырушысы, алғы сөзін жазушысы филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының лауреаты Мекемтас Мырзахметұлы. Кітап «Абайды білмек парыз ойлы жасқа» (Ибраһим Құнанбайұлының ғұмырнамасы» деп аталып, оқу құралы ретінде ұсынылған. Бұл кітаптың өзіне тән ерекшелігі бар, дәлірек айтқанда кітаптың атауына сәйкес Ибраһим Құнанбайұлының ғұмырнамасы, яғни Әуезов қаламынан туған Абай өмірбаянының төрт түрлі нұсқасы жүйеленіп берілген. Кемеңгер, данышпан Абай ақынның өмірі мен шығармашылығын 20 жылдардан бастап ғұмырбойы зерттеген абайтанушы Әуезов ұлы ақынның ғылыми өмірбаянының алғашқы нұсқасын 1933 жылы түзген екен. Уақыт өте келе жаңа, тың деректермен толықтырып 1940 жылы екінші нұсқасын, ал 1945 жылы ұлы Абайдың туғанына 100 жыл толу мерекесі қарсаңында үшінші нұсқасын жазған екен.
Сондай-ақ Абай жөніндегі алғашқы екі кітабын аяқтағаннан кейін, Абай жайындағы көркем шығарма жазып жүрген ғалым 1950 жылы ақын өмірбаянының ең соңғы төртінші нұсқасын жазған екен және бұған сол кезеңдегі қоғамдық-саяси ахуалы тарих талқысы, тағы да қайтадан жаппай етек алған қуғын-сүргіннің де әсері аз болды деп айта алмаймыз. Бұл кітап екі бөлімнен тұрады, Бірінші бөлімде Мұхтар Әуезов және Абай әлемі (алғысөз орнына), Мұхтартану және Абай ғұмырнамасы деген екі зерттеу берілген, бұл екі зерттеудің авторы Мекемтас Мырзахметұлы, ал екінші бөлім жоғарыда айтқандай Абай ғұмырнамасының төрт нұсқасы жайында айтылған ол жөнінде сәл кейінірек, толығырақ тоқталамыз. Енді Мекемтас Мырзахметов зерттеулерінің кейбір ерекшеліктеріне тоқталып көрелік. М.Мырзахметұлы «Мұхтартану және Абай ғұмырнамасы» деген еңбегінде былай дейді: «Қазақ әдебиетінің теңдесі жоқ ұлы классигі Абай (Ибраһим) Құнанбаевтың өмірбаянын толығырақ білу тілегі мен қажеттілігі ойшыл ақын қайтыс болған соң-ақ, көп ұзамай қолға алынды. Жалпы қазақ ақындарының арасында тұңғыш рет Абайға ғана баспасөзде арнайы өмірбаяндық деректер беріле де бастады.
Бұл салада Абайдың тұңғыш биографы - Кәкітай Ысқақұлы. Кәкітай ұлы ақынның немере інісі болуы себепті 12 жасынан бастап тікелей Абай тәрбиесінде өсті. Ес біліп есейген шағынан бастап Абай өмір сүрген ортаның сыры мен қырын танып, ақын өмірінде орын алған елеулі оқиғалардың бәріне де тікелей араласты. Көптеген Абай шығармаларының дүниеге келу сыры мен жазылу себептерін де өз ортасында кімнен болса да анағұрлым жетік білді. Абай өлеңдерінің қай жылы жазылғанын анықтау жолында да көп еңбек сіңірді.
Кәкітай Ысқақұлы жазған Абайдың тұңғыш қысқа түрдегі өмірбаяны өз заманында елеулі қызмет атқарып, соңыра абайтану тарихынан лайықты орны мен бағасын алды да» /5.5/.
20-жылдардың басында Абай мұрасын зерттеу саласында талантты көркем шығармаларымен, әдебиет тарихын зерттеудегі еңбектерімен үздік таныла бастаған М.Әуезовтің араласуы абайтануға үлкен зерттеушінің келіп қосылғанын бірден аңғартты. Жас таланттың ерте қанаттанып, өз ортасында даралана бастаған қазақ әдебиеті тарихына байланысты зерттеушілік қадамын жете тани білген Семей губерниялық Атқару Комитетінің 1925 жылғы 20 маусымдағы Ленинград университетінде жолдаған ресми қатынасында «...М.Әуезов қазақ әдебиетіне қызығуы мен осы саладағы өз бетінше жүргізген зерттеулері арқылы техникумда қазақ әдебиетін оқытатын лектор ретінде бірден-бір кандидатура болып табылады» - деп көрсетуі шындық еді. 1924-1925 жылдар аралығында Семейдегі оқу орындарында Абай мұрасынан дәріс оқып, «Таң» журналында ақын шығармаларын жариялап, Абайдың өмірбаяны жайлы деректер мен шығармаларын толықтыра түсу жолында тынымсыз әрекет етіп жүрген М.Әуезовті көреміз. Ол бұл кезде көлемді монографиялық еңбегін жазу үстінде болатын. Абайды көзі көрген ақын замандастарына естелік жаздырып, ел аузынан Абай өмірбаяны мен сол заман шындығы жайлы деректерді қағаз бетіне түсіріп қалуға асыға кірісті.
Кейін Абай еліне деректер іздестіру мақсатымен дүркін-дүркін соғып отырған. Тек баспасөзде жарияланған деректерге ғана сүйенгеннің өзінде: 1936 жылы Абай туралы жаңа деректер жию мақсатымен барса, 1943 жылы арнайы ұйымдастырылған экспедицияны өзі басқарып барады. 1944 жылы Е.Ысмайылов бастаған экспедицияны ұйымдастыруға ат салысса, 1945 жылы Абайдың жүз жылдық юбилейі қарсаңында Семей өңірінен басқа Ақмола, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан тарапынан да арнайы экспедиция шығару мәселесін мерейтой комиссиясы алдына қояды. Абайдың жүз жылдық юбилейі қарсаңында жазылған Абай өмірбаянының үшінші нұсқасын даярлау үстінде «Тіл-әдебиет институты Абайдың өмірін, шығармаларын зерттеу жөнінде екі экспедиция ұйымдастырып (1943ж М.Әуезов басқаруымен, 1944 жылы Е.Ысмайыловтың басқаруымен) Абайдың өміріне, шығармаларына байланысты жаңа материалдар тапты. Бұл осы жинаққа кіріп отырған жаңадан жазылған ғылыми өмірбаян, естегі сөз, ескертулерде толық пайдаланылды», - деп хабарлайды. Әрі Абаймен бірге болған, ақын өмірінің ең жемісті түрінда жазылған шығармаларының дүниеге келу сыры мен көп оқиғаларға куәгер болған тірі архив иелерінің естеліктерін дер кезінде түгел, сарқа жазып ала алмай, көз жазып қалғанына, соңыра қатты өкініш те білдірген еді.....
07.12.2018
Вернуться назад