DataLife Engine / Қазақ әдебиеті | Қуат Терібаевтың ақындығы мен шығармашылығы

Қазақ әдебиеті | Қуат Терібаевтың ақындығы мен шығармашылығы

Мазмұны

КІРІСПЕ
1. ҚУАТ ТЕРІБАЕВТІҢ ӨМІРІ МЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ
2 АЙТЫСТАРЫ МЕН АУДАРМАЛАРЫ
ҚОРЫТЫНДЫ
ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

КІРІСПЕ
Жұмыстың жалпы сипаттамасы:
Aуыз әдебиет халықтың тарихи және рухани тіршілігімен бірге жасасып келе жатқан қоғамдық елеулі құбылыстың бірі.Халықтың басынан кешкен кезеңдері осы ауыз әдебиетінде бейнеленген, халық феодалдық, патшалық заман жағдайында қандайлық азапта болса да, өзінің өлең¬¬- жырын, ән-күйлерін шығарудан ешуақытта тынбаған.
Байлар-бектер билеген дәуірде халық ортасынан шыққан талант иелері үнемі үстем тап өкілдерінің қуғындауында болып, қанатын еркін жая алмады.
Ұлы Қазан төңкерісінен кейін Қазақстанда халық ақындарының шығармашылығы жақсы дамыды. Қазақ поэзиясындағы айрықша орын алатын басты тұлға Жамбылдың және даналықпен, көркем жырланған халық поэзиясы қазақ әдебиеті көлемінде айрықша маңызды орын алады. Халық әдебиетінің асыл қазыналарын ақындық өнерлерін сақтап келген Жамбыл халық поэзиясның сол жақсы дәстүрлерін, өмір шындығын жырлауда тың дәстүр қалдырды. Жамбылдың сол жаңа дәстүрін ұстап, онан үлгі алып ілгері дамытушы шәкірттерінің бірі- Қуат Терібаев. Қуат Терібаевтың өмірі мен шығармашылығы, аудармалары қаралып зерттелді.
Диплом жұмысының өзектілігі. Қуат Терібаевтың ақындығы мен шығармашылығы негізінен жеке тақырып ретінде зерттелмеген. Десек те, тек Есмағамбет Исмайловтың «Ақындар» атты еңбегінде аудармасына байланысты мәліметтер бар, сондай-ақ «Қазақ әдебиеті тарихы» жинағының бірінші том, үшінші кітабында өмірі мен ақындығына байланысты аздаған мәліметтер айтылған. Бұл тақырып жеке арнайы зерттелмегендіктен, жинақтап осы Диплом жұмысын жазуға өзек болып отыр.
Диплом жұмысының мақсаты мен міндеттері. Жұмыстың негізгі мақсаты Қуаттың ақындығын, өлең жазу ерекшелігін ашып көрсету. Осыған байланысты мынадай міндеттерді шешу көзделді:
–– ақынның өлеңдерін талдау;
— айтыстағы суырып-салмалығын анықтау;
— аударма жазудағы ерекшелігін салыстыру;
Диплом жұмысының әдістері мен дерек көздері.
Диплом жұмысын зерттеуде семантикалық талдау әдісі мен салыстырмалы әдіс қолданылды. Шығармалары ақынның «Өмір жыры» атты шығармасынан алынды. Жұмысты жазу барысында Е.Ысмайлов, М. Дүйсенов, А. Берқайдар, Ғ.Мүсрепов, М. Әуезов және т.б. ғалымдардың ақындық өнер туралы еңбектеріндегі теориялық тұжырымдар басшылыққа алынды.
Диплом жұмысының ғылыми жаңалығы. Жұмыстың ғылыми жаңалығы мына төмендегі нәтижелер негізінде көрініс табады:
— аұынның өлең жазу ерекшелігі анықталды;
— айтыстары мағынасы жағынан талданды;
— аудармалары салыстырылып зерттелінді;
— ақынның тілдік құралдарды пайдаланудағы даралығы дәйектелді;
Диплом жұмысының құрылымы. Диплом жұмысы кіріспеден, екі тараудан және қорытындыдан тұрады. Жұмыс соңында пайдаланылған әдебиеттер тізімі берілген.

1. ҚУАТ ТЕРІБАЕВТІҢ ӨМІРІ МЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ
Қазақ ұғымында ақын деген сөздің ауқымы кең, мағынасы терең. Оның туу төркіні туралы әр түрлі байлау-болжамдар бар. В.Радловтың, М.Әуезовтің топшылауларына жүгінсек, «ақынның» арғы тегі ағын, ағылудан таралған секілді. Шаршы топ, «асау той, тентек жиын» үстінде үздік өнерімен бұлақтай бұлқынып, жыр төккенде тыңдаушысын өзінің ағынды да әсерлі өлеңімен еліктіріп баурай білгенді ғана шын ақын деп тануға болады дейді В.Радлов. Ал қырғыз тілі мен әдебиетінің білгірі профессор К.К.Юдахин ақын деген сөздің өзі ұйғырдың ақылгөй, құрметті адам мағынасындағы атаудан қырғызға, қазаққа ауыспады ма екен деп тұспал болжам жасайды. К.Юдахин бұл мәселені ақындық дәстүр тұрғысынан емес, тілдік этимологиялық тұрғыдан қарап тексергісі келеді. Шығысты зерттеуші ғалымдардың дені ақын деген сөздің ата-тегін фарсының, арабтың, яки бараба татарларының ахон деген атауынан іздемек болады. Бұлар да дәлел айтып, дәйекті қорыту жасамайды.
Тілі мен ғұрып-салты ұқсас туысқан Орта Азия халықтарында «бахшы», «шайыр», «жыршы» деген атаулар әрқалай ұғым алып қалыптасқаны белгілі. Сол секілді «ақын» қазақ, қырғыз, қарақалпақ халықтарында ұлттық ерекшелігі бар нақты мағынаға ие болып қалыптасқан. «Ақын – ақындық өнермен шұғылданушылық» деп түсіндіру қай жағырар болсын толымды жауап болмайды, жүдеу, жалаң берілген анықтама. Өйткені қазақтың әдебиет әлемінде ақын бір ғана «ақындық өнермен шұғылданушылық» емес, немесе бір ғана әңгімеші, жырлаушы мағынасында да жүрмейді. Ол шығарып айтушы – поэт мағынасында да қолданылады. Сондықтан да бір ақын деген сөздің ауқымына орыс ұғымындағы әрі поэт, әрі певец, әрі сказитель, әрі импровизатор сияқты дербес те көл-көсір мағыналы ұғымдар сиятын сияқты.
Басқалардан бөлек бір ерекшелігіміз: біз қазақ поэзиясын екі типке ажыратамыз да, оған орай екі жікке салалай қараймыз. Бұлар бірін-бірі толықтыра түсетін, ажарлай, әрлендіре түсетін, екінші жағынан, өзіндік бояу-белгілерімен көрінетін, сапалық өзгешеліктерімен таылатын типтестірулер. Мұның бірі – өлеңді табан астында төгіп салатын немесе жазып шығарғанымен әнге қосып жатқа айтатын ауыз әдебиеті дәстүріндегі ақпа ақындар – импровизаторлар. Ал, екіншісі – өлеңді жазып шығаратын оқыған адамдар, мәдениеті жоғары, көтеретін жүгі мол, көтерілер өресі биік, кәдуілгі жазба ақындар. Екі ауыз өлең шығару екінің бірінің қолынан келетін секілді. Асылы, ондайды ақын демей, өлеңші, әуесқой деу жөн. Бірақ «бірі – жамау, бірі – құрау» өлеңдер шығарған адамды халық әсте, ақын деп, халық ақыны деп қадір тұтпаған. Ақындықтың халық ақындарының үлкен әлеуметтік мән-мағынасын белгілейтін әдебиеттік анықтамасы болмақ. Қазақ әдебиетінің тарихына көз жіберсек, көңіл аударсақ, әр ақын өзінің туған төңірек, өсекн өлке, қоршаған қауымына қарай, шыққан тегі, шығарған ортасына қарай әр түрлі таптық идеяны жырлаған. Бір саласы, хан-сұлтандардың, би, бай-патшалардың шашбауын көтеретін қошеметшілер ретінде феодалдық, хандық идеологияны қолпаштаса, енді бір тобы еңбекші бұқара басындағы ауыр халді, аянышты күйді, күйкі көн көрісті көріп, халықтың еркіндік жолындағы күресін, азаттық арманын, жақсы өмірді аңсауын жырлаған. Осы екі жүйедегі ақындардың екеуі де ауызша шығарып айтқанымен, әуелгісі үстем таптың сойыл соғары да, екіншісі халық мұңдасы, еңбекші жұртшылықтың жан ашыр жаршысыболып танылған.
Халық жырының, халық тұрмысының қаз-қалпындағы сурет-сарынын, кескін-көрінісін көп көкейіне қонымды қылып айтып беретін ақындар болады. Ондай ақындарды Белинский тура мағынасындағы халық ақындары деп атаған (Ол мысалға Кольцовты келтірген). Кольцовты орыс шаруасының жан-сезімін, тұрмыс-тұрқын дәл де қонымды кейіпте, түсінікті, орамды тілмен айшықтаған шешен әрі шебер халық ақыны деп бағалайды Белинский.
Біздің заманда халық тілегі мен ақын тілегі бір жерден шығып, ұлы мұраттар төңірегіне толық қабысты. Өмірдің өскелең дамуын сезіне отырып, сол ортадағы шындықты шабытты жырға қосқан ақын әрине халықтың құрметтісі, қадірмен ақыны болып саналады. Халық ақыны халқымыздың неше ғасыр бойғы әдемілеп жасаған атадан ұрпаққа мирас болып келген батырлық жырлар мен лиро-эпосты аңыздар мен әңгіме- ертектерді, тапқыр сөз, шешен тіл көркемдіктерін жаңа мазмұнды шығармаларына молынан пайдаланып, жаңа идеяға сәйкес дамытып отырды. Ауылды жерде шаруашылардың бәрі бірдей тың шығармалар беретін ақпа ақындар емес, бірқатары жаттап айтушы, жыршы немесе өлеңшілер ғана. Міне мұның бәріне халық ақыны деп ат қойып, айдар тағу шындыққа үйлесе бермейді.
Бүгінгі күнде ұжымдық шығармашылықтан гөрі ақынның даралық рөлі анағұрлым артып, күнгей көрініс беріп тұр. Ақындардың көпшілігі шығармаларын суырып салып айтып беріп жүр.
Ақындық дарын, шығарғыштық шабыт, тапқырлық талант тәжірибе тұрғысынан қарағанда халық ақыны мен жазба ақында бір-біріне ұқсас келеді. Ең басты айырмашылығы – халық ақынының импровизациямен төгіп тастайтындығы. Суырып салма ақынның да өмірден үйренуі, айналадағы шындықты танып білуі жазба ақындағы өнерпаздық тәжрибемен ұштас. Халық ақынының шығармашылық өрісінде ауыз әдебиетіндегі ортақ дәстүрлермен, ортақ мотивтер басым көрінеді.Бұрыннан сақталған ақындық өнер үлгісі, сюжет сарыны халық ақындарында қайталанып отырады да, ағыла жөнелуге, суырып салып айтқыштыққа өзіндік сипат қосады. Суырып салма ақын – үлкен шығармашылық тұлға. Ол өмір өзгерістерін, тарихи оқиғаларды өзінің зердесі жеткен биіктен таниды, сезінуі шапшаң, ол жіті көріп, әп -сәтте іліп әкетеді. Алған әсерін көпке дейін ұмытпайды. Ақын естігеннен көрі көргенін шапшаң қағып алып, жылдам жырлай жөнеледі. Міне осылардан жинақтала келіп суырыпсалмалық дәстүр қалыптасып, өріс жаяды. Айт дегенде тақырыпқа табан аузында өлең шығарып, жыр бұлағын ағылту жүйрік ақынның бөлек бір белгісі. Әдетте тұтқиылдан сөз тауып, қысылтаяңнан өрнекті өлеңмен құтылып кетпеген адамды халайық күшті ақын санатына қоспаған.
Ақпа ақынның сынға түсіп, шын бағасын алатын жері – шаршы топ, торқалы жиын, қызған айтыс үсті. Алдына жан салмас жүйрік ақын бабына келіп жаратылған бәйге аты секілді той-думанды көрсе, алқа қотан айтыстың ортасынан шықса, арқасы қозып, көтеріліп өрлеп кетеді. М.Әуезов суырып салма ақындарды «қынаптан қылыш суырғандай жалт еткіш, өткір өнер иесі– деп бағалаған,–айтысқа шеберлік – жалпы ақындық өнерінің тіпті барлық әдебиет өнерінің өзгеше бір биік белгісі. Шабыты келген ақпа ақын бабындағы аш қыранға меңзес. Томағасын тартқанда алғыр қыран бар өңірді сәтте көріп, шолып өтіп, қимылдаған шөп басын қыбыр еткен тышқан жүрісін, қылт етіп бұққан түлкі түгін лезде шалып қалғанда, айтыс ағымындағы ақпа ақын да сондайлық көмескіні көргіш, бұлдырды білгіш болмақшы.
Бұл қасиет ақынға оңай оралмайды. Олшын ақпа ақын өнеріне бейім болған күнде де ұзақ сонар сын кешіп, сан сайыста сілкісе жүріп, сан рет жаға жыртып, тон тоздырып барып жетеді».
Қазіргі халық ақындарының көбі суырып салма, шешендер. Суырып салмамен өлең айту да үлкен шығармашылық жауапкершілік бар. Бұл қасиет ақынның жаратылысында сүтпен кірген, сүйекке сіңісті қасиет емес, бұл да бұрынғы дәстүрді дамытуға, машыққа, үздіксіз үйренуге, төселуге байланысты туып, дамып, шыңдалатын өнер. Талантқа қарай талғам, тақырыпқа қарай білім керек. Өмірден бейхабар, ауыл-айьағынан басқа алысты көрмейтін адамнан қанша құйма құлақ, зейінді болса да арқалы ақын шықпайды. Білген адамға көңілінде, шығармашылық қиялында толғағы жетіп, күйіне келіп жүрген тақырыбы болса ол туралы сұлу да мінсіз, ойлы да өрнекті өлең шығару қиынға соқпайды. Ақын мұндайда барлықпайды, қайта делебесі қозып шалқи жөнеледі. Ал білгенің шамалы, тақырыбың танымал емес, ойлағаның шығармашылық қиялыңнан әлі де бекем орын теппеген тосын дүние болса – ондайда ешқандай ұтқыр өлең тумайды, бұрыннан бергі жатамалы, ақ қаптал өлеңдердің әзір ұйқасынан қылқиып тұрған сөз қайырымынан шыға алмай кикің-кібіртікте қаласың. Айтқаның ала-құла шығады, әлгіндей айтыс үстінде сүріншек боласың, өлеңнің күлді-көмеш, кеудірлек болып, бір сілтеуі кем соғып, жетіспей жатады.
Әлбете талант та, ақындық шабыт та адамның саналы өнерпаздық еңбегінен туып дамитын, психологиялық құбылыс. Қайсыбір ақындардың ұстазынан «бата» алып немесе түсінде «киелі күш аян беріп», осындай өнерге тап болдым деген түсінік-байламы жаңсақ соғады.
Суырып салмалықпен жырлау – әр жеке адамның қарымына, дарынына қарап шығармашылық тәжірибеде бірте-бірте жетілетін қасиет. Бұл қасиет сол орта, отырыс, жәй-жағдайға қарап құбылып, бірде қанаттанып, жалын атып, шалқып отырады да, енді бір сәтте су сепкендей басылып, тына қалатын кездері де болады. Суырып салып айтушылық өнерге көтеріңкі күй, көңілді жағдай керек. Анда –санда «ау, уһи!» –деп қойғанда әнші қалай қанаттанады, сол секілді ақынды да шабытқа шақырып, жанып салып, делебесін қоздырып отыратын тосын әсер керек. Қазіргі ақындардың көпшілігі қалың қауым, жиын-той ортасында іркіліссіз, шапшаң жырлап, ағыла айтып кететіндіктерін көрсетіп жүр. Тегінде ықыласты тыңдаушы келіспеген жерде ақындар өнер көрсетпеген , ондайда мәнді өлең-жыр тумаған да. Сөз түзелген жерде тыңдаушы да ықыласты болса екі жақтан да ұғынысқан көңіл үстінде ұтымды шығарма шықпақ. Бұл жалғыз қазақтың ақын-жазушыларының шығармашылық өміріндегі дәстүр ғана емес, Орта Азия халықтары – өзбек, қырғыз, түркпеннің бақшы, шайыр, жыршыларының шығармашылық өмірінде де бар дәстүрлер. Академик Б.Я.Владимирцов айтады: Ойрат эпосын әрбір жыршы өзінше өңдеп, жаңартып, жақсылап жырлау үшін жыршыны ықыласпен тыңдап, көтермелеп отыратын топ, жиын тыңдаушы керек, онда жыршы рухтанып, тасып, өзін ұмытқандай жырын қызықтап айтып кетеді».
Ғалымдар қырғыздың манасшылары тек жаттаумен ғана айтпайды, «Манас» жырын суырып салып жырлау халық қызығып, құрмет көрсетіп ұйып тыңдаған уақыттарда күшті шығатындығын айтады. Сөйтіп тыңдаушы қауымның қошемет, құрметі, көтермелеп отыруы – ақын-жыршының тың өлең, жыр айтуына негізгі бір жағдай, түрткі болып отырады.
Талантты ақынның төгіліп жырлауына жел беріп, жол ашатын көпшіліктің құрметі мен ықыласы ғана емес, бөгелмей айтуға қобыз, домбыра, сыбызғы, сырнай секілді музыкалық аспаптардың сүйемелі сөзге жан, күйге көрік беріп, қосыла жырлағандай болып отырады. Әр ақынның өзіндік құлақ күйі, қол қағысы, музыкалық жазуы болады. Нәшті әуен, бірде асқақтап биік шығатын, бірде сорғалап төмен құйылатын саз ақын жырының мықты сүйемелі.
Импровизациямен жырлау үшін көпшіліктің қошемет құрметі, ықыласты тыңдауы керек. Ақындық шабытқа қайрап салатын өткір сын да ерекше ызыландырып, қайғыртатын, намыстандыратын уақиғалар да ақынның суырыпсалмалылығына елеулі түрткі болады. Сонымен суырыпсалмалық халық ақындарының шығармашылық қасметінің бірі, ол қасиет – ақындық талант шабытының сыртқы көрінісі, образды ойдың көрінісі, образды ойдың түйіні. Белинский ақынның тың шығармаларды жазуға жығыла беріліп отырған мезгілін ақындық шабытының жалындаған, қанаттанған шағы, онда шығармашылық қиналумен қатар оның ой дүнниесінде ерекше қуаныш сезімі өрлейді деп қарайды. Белинскийдің қағидасынша ақын өмірдегі құбылысты басқалардан бұрын, тез сезеді. Өзі көріп сезгеніне сүйінуі де, күйінуі де шапшаң, ақынның жаратылысында жас баланың мінезіне ұқсас белгілер бар. Ол қазір өмірдегі бір көрген тамаша қызықты әсерге қуанып, шаттанып отыратын болса, енді бір кезекте өзіне жайсыз әсер еткен бір уақиғаны көріп, сезіп, ол күйінеді, ызаланады, ақынның мінезі қазір күліп-ойнап жүріп, қазір ашуланған балаға ұқсайды. «Ол қабылдағыш,– дейді Белинский,– түйсікшіл, әрқашан алғыр, оған кішкене ғана тиіп кетсе, электрдің тогы бергендей, дыз ете түсіп, қуанады, шаттанады, кектенеді, сүйеді, жек көреді».
Міне осы мезгілде ақын бүкіл дүниені, жаратылыс, жер, көк, әлемін бір ғана өзінің шығармашылық қиялында көріп, өмірден алған әсерлерін түйіндеп жырлап кетеді, образды ойын қорытады. Халық ақындарының суырып салмалықпен жырлауы да сондай образды ойдың, ақындық сезімінің жарқын көрінісі.
Бұрынғы фольклористердің көбі ақпа ақындар өз өлеңін өзі жазып алу дәрежесіне жеткеннен соң суырып салып айтқыштық дағдыдан айырылады дейді. Әрине, мұның бір ғана шартты шындығы бар. Халықтың тұрмыс қалпы төмен күйде тұрған заманда, мәдени тірлікке жазу-сызу енбеген кезде өлең-жыр, сөз жоқ, ауызша шығарылып айтылған.
Қазан төңкерісінен бергі дәуірде ақын-жыршылардың орта шамадағыларының көбі дерлік хат танып, сауатын ашты. Дүниені, өскен ортаны, ел тарихын өз көзімен көріп, біліп, анығына қанып барып түсінді. Ақындардың ой-өрісі, дүниетанымы кеңейіп, бұрынғы түсінік нанымдардың тар шеңберінен шығып, ғылым мен техника табыстарын, табиғат сырларын адам арқылы, адам еңбегі арқасында терең ұғынуға болатынын аңғарды. Ақын жырлары бұрынғыша өзі өмір кешкен ауылдың атырабымен ғана шектелмей, енді баспасөз, радио арқылы бүкіл өлке көлеміне ортақ мәдени қазынаға айналды. Ақынның суырыпсалмалық, жаттағыштық дәстүрінде, осының нәтижесінде, елеулі өзгерістер туды. Бірақ бұл бәсеңдеу бағытындағы өзгеріс емес қайта халық ақынының өлең-жырларының идеялық, көркемдік мәнінің көтерілу бағытындағы шығармашылық, сапалық даму. Бұрынғы суырып салма жырларда, айтыс өлеңдерде тақырып көлемінң тарлығы сезілсе, қайым, қайталау өлеңдерінің үлгілері ұшырассып қалып отырса, жаттамалы сарын көрініс беріп қалса, жаңа дәуір ақындарынң шығармаларында мұндай кем-кетіктер мен мін-мүлтіктер азайып, бірте-бірте бәсеңси бастады. Қазіргі ақын өмірдің түйінді кезеңдерін негізгі тақырып қылып жырлайды. Бүгінгі тіршілік кәдесіне аспайтын алыс дүние, бұлдыр қиял ермегіне ермейді. Қайта жазба әдебиетінен оқып, тыңдап, үйрене отырып өз өнерінің өрісін кеңейтіп, өресін өсіріп мінсіз шығарма беруге тырысады. Бұл шартты суырып салып айтқанда да, айтыс үстінде де толық сақтауға ден қояды. Сонымен қатар хат танымайтын қарт ақындардың суырып салып айтқыштық, жаттағыштық дәстүрді қаз-қалпында толық сақтағанына тоқталғанымыз жөн. Ал хат танып білім алған ақындардың көпшілігі де сол дәстүрді дамытып, қолданып келді (Исаның, Нартайдың, Нұрқанның, Кененнің, Қуаныштың т.б. шығармашылығы дәлел). Бұлардан мынандай түйін шығаруға болады: суырып салма ақын мен жазып шығаратын ақын, домбыра мен қалам бір-біріне кедергі емес, бұлар бір таланттың екі қыры ретінде бірге жүре береді.
Ақын неғұрлым халық өмірімен тығыз байланыста отырса, оның өнері де өмірлі болмақ. Ал халықпен үні үндес, ұраны бір шығармашылық адамы жұртшылық жүлдесіне ие, әрдайым ел ардағы, қауым ққұрметтісі саналмақ.
Ақындардың суырып салып айтқанда ойды ұмытып кетіп, бізді тек қана сезім билейді дегендері де біржақты теріс. Белгілі бір тақырып өмір шындығы туралы ақын ойы тиянақты болмай, оның суырып салып айтқан өлең-жырында мазмұн болмақ емес.
Ақынның ойы, сезім дүниесі ― материалдық дүниеден аулақ, өз алдына бір құбылыс емес, алдымен адамның ақыл миы, санасы арқылы көрінген заттық өмірдің сәулесі.
Ақынның сезімі өткір, бейнелі келеді. Өмір көрінісі, адам кескіндері ақынға дәл өзінің табиғи қалпынан гөрі екінші бір затқа ұқсас, бейнелес, тепе-тең ажарлы, айқын елестеуі мүмкін. Айталық көктемгі құлпырған жер жайып тастаған кілемге , қарлы Алатау ақ шашты ақсақалға, ақын сөзі тасып аққан таза бұлақтың суына, адамның ызалы мезгілі қабағын түйіп жауғалы келе жатқан бұлтқа ұқсап тұруы неғұрлым айқын сияқты. Бірақ ақын өмір шындығын қаншалық көркемдік бейнемен қабылдап танитын болса да, оның түпкі раелдық негізі ақынның саналы ойынан мықты орын алады. Сондықтан шапшаң айтыс, суырып салып жырлау үстінде түйдек-түйдегімен айтылатын өлең, жыр санадан тыс, тек сезімнің, шабыттың ғана жемісі емес, ақынның саналы образды ойының түйінді, жинақты көрінісі.
Ақындық, жыршылық ― бәрі де өнер. Бірақ, ол қандай өнер? Ақындық таланттың күші ме? Екінің бірі ақын бола ма? Бұл мәселелер дүние жүзіндегі әдебиеттану ғылымының, эстетиканың ― көп заманнан бері зерттеп, сан түрлі ғылымдық айтыс, тартыс талқыларына салып әлі күнге дейін толық шешілуіне жете алмай келе жатқан түйінді мәселелердің бірі.
Ақындық өнер ― көркем өнер. Екінің бірі ақын бола алмайды, Сонымен бірге жаратылысынан, тұқымынан ешкім де ақын болып тумайды. Рас, ақын болатын адамның бойында ақындық талант, қабілет, бейімділік болады. Ақындық таланттың адамда болуы оның өскен ортасына, жас күніндегі тәрбиесіне де байланысты. Көркем өнер поэзияның айрықша гүлденген, қадір тұтқан отбасылық, қоғамдық ортада ақындық талант ерте, молырақ оянып жарыққа шығады. Егер поэзия ақын дегенің қадірсіз, елеусіз, оның ірі үлгі алатын таланттары жоқ болса, ақындық таланттар мүлде жарыққа шықпай жоғалып кетуі мүмкін.
Төңкерістен бұрын қазақтың талай ірі ақын таланттары ескі құлдық өмірде тұншығып жоғалып кеткендігі, бірлі-жарым жарыққа шыққаны өз талантын дамытып жетіле алмағаны бізге белгілі. Абай сияқты мыңнан біреуі ғана өзінің ақындық талантын зор қиындықпен дамыта алған. Ал совет тұсында жастардың таланты айқындалып даму түгіл, бұрынғы сөнуге, тұншығып жоғалуға айналған қарттардың да ақындық таланты оянып қанат бітіп қайта туды, дамып жетілді. Сөйтіп, ақындық талант белгілі бір қолайлы қоғамдық, отбасылық ортаға байланысты анықталып, дамиды.
Отбасылық дегеніміз ― ірі ақындарға туыс, жолдас, дос ретінен жақындығын айтамыз. Абай, Сүйімбай, Жамбыл айналасынан көптеген ақындар шыққан. Алдындағы ұстазы, даңқты ақынды көрген жастардың талайы ақын болуға талпынады. Бойында ақындық қабілеті, икемі бар жастың таланты поэзияға құмарлық үстінде тез оянады, тез қанаттанады, ұстаз, аға ақыннан үйрену, оқу, үлгі алу үстінде өзінің талантын желпіндіреді, жетілтеді, көрнекті ақын қатарына көтеріледі, онан әрі өзі шығармашылық жолмен дамыту жолына түседі. Ал бойындағы ақындық таланты, қабілеті шамалы жас қанша талаптанып, күш жұмсап, үйреніп үлгі алғанымен жақсы ақын бола алмайды, ол мықтағанда «кәсіпқор» ақын немесе зеректігі басым болса жыршы болады, таланты да, зеректігі де жетпесе, ол өлеңші дәрежесінде қалып қояды.
Халық ақындарының ақындық туралы ұғым, әдеттері әртүрлі, бір-біріне қарама-қарсы қайшылықты көзқараспен айтылған мәселен, ақындықты түсінде көріп қабылдау, ақындықты батамен алу, ақындық ұрпақ, тұқым қуалап қону, үйренумен, еңбекпен ақын болу сияқты. Қазақтың бұрын-соңғы ақын жырауларының қалай ақын болдың дегенде айтатын жауаптарының негізі осы төрт түрлі ұғымға, әдетке айналып соқпай кетпейді. Бірталай ақындар ― ақындықты киелі, әруақты, бір жат сырлы қасиет деп түсінеді. Әрбір өнердің белгілі бір иірі, қолдаушысы, иесі болады деген көне дәіурдегі шамандық дін ұғымының қалдығы кейбір ақындардың ақындық жөніндегі түсініктерінде осы күнге дейін сақталып келген.
Сөйтіп ертедегі ақындық ұғым, әдеттің тамыры шаманизм, бақсылық нанымдарға байланысты. Міне осыдан келіп ақындық түстегі киелі «әулиеге», әдейі арнап қонатын белгілі ғайып күштің бейнесіне айналады. Ақындардың айтуына қарағанда, ақын болар кезде түс көргіш болады, шошып оянып, мазасы кетеді, ол түсінде белгісіз ақсақалды қарияны көреді, немесе ертеде өткен, атын естіп білетін, яки, сол өзінің еліне мәлім атақты ақын келіп, аян беріп домырасын ұсынады, не белгісіз қария, не әлгі белгілі ақын, мұны мазалап ақындыққа шақыра береді.
Шашубай Қошқарбаев: 14 жасымда түсімде ақындық пайда болды, таудан тауға құс болып ұшып қонып, жеміс жеп жүр екенмін, сол түстен кейін өлеңді айтып кеттім» дейді.
1942 жылы Мұрын жырау былай дейді:»Менің әкем Сеңгірбай Абыл ақынның үйінде ұсталық құрып жатқан уағында ― сіз қалай ақын болдыңыз деп сұрағанда, Абыл айтыпты: ― отызға келген езім, ерте қой өргізіп ұйықтап қалсам біреу келіп аузыма бір сұйық нәрсені құйып еді, жұтып жібердім. Ояна келсем кеудемді өлең, сөз кернеп барады екен. Осыдан былай қарай ақын болып кеттім» депті.
Осындай, ақындықты түсінде қабылдау туралы аңызды қазақтың бұрын-соңғы ақындарының көбінен естисің. Түсінде ақындық қону деген наным өзбек, қырғыз, түркпен тағы басқа елдердің жыршыларының әдетінде де бар көрінеді.
Бұл аңыз әңгімелердің түйіні ― ақындықты киелі ― «иелі» деген көне дәуірдегі ескі магиялық (сиқырлы күшке сену) нанымдарға, ақындық түбі ― ғайыпты болжаушылық, бақсылық деген шаманизмнің қалдықтарына тығыз байланысты материалистік дүние тануға қайшы ескі идеалистік көзқарастар.
Дүниедегі, жаратылыстағы құбылыстардың, жан-жануарлардың өз алдына тәңірісі иесі бар деп табыну сияқты, ертеректе көп халықтар ақындықтың да иесі, тәңрісі бар деп сенген, табынған. Бұл киелі нәрсе ақындардың жыры мен аңызында ақсақалды қария, жылы жел, сұлу қыз, тұлпар ат, домбыра, сұңқар, аққу, үйрек, кептер құстар бейнесінде өздерінің жан серігі, рухани досы болып айтылады, жырланады.
Ақындық адамның жан дүниесіне байланысты құбылыс. Оған құмартып, жығыла берілсе, сол арман еткені ұзақ уақыт орындалмаса сөз жоқ ол адамды ауыр рухани азапқа салады, түс көргіш, түсінен шошып оянғыш болады, кейде есінен шатасқандай да қылықтар көрсетеді. Ұйқылы-ояу өң мен түс арасында ол өлең айтып, ән салып жүреді. Оның есінен жатса да тұрса да ақын болу кетпейді. Осындай халде жүргенде ескі сенімдегі жасқа ақындық қону, ұялау, бата, жәрдем жайындағы сан алуан жақсы түстер кездеседі, соның өзі ептеп демеу болады да, әрі бұған дейін жаттап үйренгені бар, әрі осы қиналып жүргенде шығарғаны бар, ол енді өзін сенімді ақын санап, біртіндеп жырлап кетеді......
07.12.2018
Вернуться назад