DataLife Engine / Қазақ әдебиеті | Оралхан Бөкейдің «Атау кере» повесіндегі әр түрлі тілдік амалдары

Қазақ әдебиеті | Оралхан Бөкейдің «Атау кере» повесіндегі әр түрлі тілдік амалдары

Мазмұны

Кіріспе .............................................................................................................
І тарау
1.1 Әдеби тіл және жалпыхалықтық тіл жайлы ғалымдардың негізгі көзқарастары ……………………………………………………………….
1.2 Оралхан Бөкейдің әдеби тілге қосқан үлесі .....................................
II тарау
2.1 «Атау кередегі» бірқатар тілдік тұлғалардың мағыналары ……
а) Көркем әдебиет шығармаларының тіліндегі кірме сөздер
ә) «Атау кередегі» бейвербалды амалдар мен фразеологизмдер
б) «Атау кередегі» теңеулердің қолданылуының маңызы
в) Шығармадағы метафора, яғни сөзді құбылтып қолдану
г) Шығармадағы метонимия мен метатеза құбылысы
ғ) «Атау кередегі» эмоционалды-экспрессивті лексиканың көрінісі
Қорытынды....................................................................................................
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі..............................................................

Кіріспе
Бүгінгі таңда қазақ әдеби тілі мен жалпыхалықтық тілдің арасындағы сабақтастыққа көп көңіл бөліну үстінде. Себебі, жалпыхалықтық тіл көркем әдебиеттің қайнар көзі болып табылады. Ақын-жазушылар өз шығармаларында әдеби тілді де жалпыхалықтық тілді де өз ойларын жеткізу үшін ұтымды пайдалануға тырысады. Бұл талпыныстардың кейде сәтті шығатындары да бар, кейде олар шығарманың мазмұндық құрылымына нұқсан келтіріп тұрады. Сондықтан, жалпыхалықтық тіл мен әдеби тілдің арасындағы нәзік сабақтастықты үзіп алмай, олардың орнын тауып пайдаланғанның табысты болары анық.
Тілдік қордың толығуы, тілдік бірліктердің молаюы сияқты процесс осындай байланыстардың арқасында жүзеге асады. Сондықтан, жекелеген жазушылардың, ақындардың өз шығармаларында тілдік бірліктерді қалай қолдана алатындығына қарай олардың жеке стильдік ерекшеліктері сараланады, автор ретіндегі шеберлігі айқындалады.
Қазақ әдебиеті соңғы жылдары тек толысу, даму белесінде болғаны мәлім. ХХ ғасырда негізі қаланып, жүйелі түрде қалыптасса да, әлем әдебиетінің кез келген озық үлгілерінен кем түспейтін туындылар жазылып, талай елдердің тілдеріне аударылды, талай адамдар сүйсіне оқитын болды. Осының бәрі шындығына келгенде, жазушылардың жеке шығармашылық ерекшеліктеріне қатысты екенін ескергеніміз жөн.
Жергілікті тіл ерекшеліктері мен аймақтық лексиканы әдеби тіл деңгейіне дейін көтеріп, оқырмандарына жол тапқан ақын-жазушылар жетерлік. Оралхан Бөкей, Дүкенбай Досжан сияқты ғалымдарды міне, осы тұрғыдан келгенде бағалауымызға негіз бар. Әсіресе, Оралхан Бөкейдің бұл саладағы жетістіктері өте мол. Жазушының өткен ғасырдың 70 жылдары прозада қарымды еңбек етуі қайталанбас дүниелердің қазақ әдебиетіне қосылуына себеп болды. Оның шығармаларының тілдік ерекшеліктерін танып-білу де өз алдына бір әлем. О. Бөкей қазақ тілінің құнарын, шұрайын мейлінше сарқа пайдаланған жазушы болып есептеледі. Бұл кезінде көптеген ғалымдардың назарына да іліккен. Академик Р. Сыздық пікір білдіргендей, «Авторлық даралықты, жазушының өз қолтаңбасын танытатын стильдік амалдың бірі – кейіпкерлерді сөйлету, ойлату тұстары. Бұл саладан қарағанда, О. Бөкей тілге аса бір ұқыптылықпен қарайтын, сәйкестік, орындылық дегендерге интуициясы мен білігі күшті қаламгер екендігі көрінеді» [ Сыздықова Р. Ғ. «Қазақ әдеби тілінің тарихы.» Алматы, Ана тілі, 1993].
Оралхан Бөкей Алтай өңіріндегі көпке танылмай, ұмытылып бара жатқан сөздерді әдеби тілге әкеліп қосты. Рас, кейбір жазушылар оның бұл қадамынан мін тауып, кемшіліктерін көрсетіп те жатты. Алайда сөздің бейнелілігін неше түрлі көркемдік тәсілдермен жеткізу, шығармада әр жолда тірі сурет жасау – Оралханның әдебиет белесінде жеткен шынайы табысы. Оны ешкім де жоққа шығара алмаса керек-ті. Сондықтан, Оралхан Бөкейдің әр шығармасын жеке алып, оның барлығын тілдік тұрғыдан талдаудың берері мол екендігі анық. Осы тұрғыдан алғанда, Оралхан Бөкейдің «Атау кере» шығармасын талдауды негізгі нысана ретінде алып отырмыз.
«Атау кере» повесті жазушының дара қаламгерлік шеберлігін, қолтаңбасын танытатын озық шығарма. Ондағы сюжет желісі де негізінен адам мен қоғам болмысына қатысты, екі арадағы байланыс, табиғат мәселесіне арналады. Мұндағы кейіпкерлер жүйесінің әрқайсысында өзіндік ойлау ерекшелігі, өзіндік ойлау стилі бар. Осылардың бәрін Оралхан Бөкей «Атау кереде» жеткізуде халықтық тілдің қазынасынан емін-еркін пайдаланған. Сол себептен, Оралхан Бөкейдің «Атау кересі» тілдік тұрғыдан біршама зерттеу еңбектерге арқау болды. Шығармадағы тілдік құбылыстардың, сөз тіркестерінің, фразеологизмдердің жеке-жеке зерттелуге тұрарлық дүние екендігін де айта кеткеніміз жөн.
Осының бәрін зерттеп-зерделеп, тіл білімінің саласына ендірудің маңызы зор болары анық деп білеміз.
Зерттеу жұмысында Оралхан Бөкейдің «Атау кере» повесіндегі әр түрлі тілдік амалдардың берілуі сөз болады. Ондағы метафоралар мен метонимиялар, бейвербалды амалдар мен фразеологизмдер арнайы тақырыптарға топтастырылып зерттеледі. Сонымен қатар, Оралхан Бөкейдің аталмыш туындысындағы экспрессивтік-эмоционалдық тілдік бірліктер талданады.
Диплом жұмысының жалпы сипаты
Әдеби тіл мен жалпыхалықтық тілдің ара-жігін ажыратпай, кез келген сөздерді ретсіз қолдану жазушының шығармашылық қабілетінің төмендеп, оны талғамсыздыққа ұшыратады. Әрі бұл шалағайлықтар оқырманның да көркем шығарманы қабылдамауына әкеліп соқтырады. Сондықтан «әдебиет – ардың ісі» болғандықтан, ондағы үлкен жауапкершілікті түсіне білу керек.
Оралхан Бөкей осындай жауапкершілікті терең түйсіне білген жазушы. Сондықтан,оның шығармаларындағы әдеби тіл мен жалпыхалықтық тілді зерттеудің қажеттілігі бүгінгі таңда артып отыр.
Диплом жұмысының мақсаты мен міндеттері. Диплом жұмысының алға қойған мақсаты мен міндеттерін былайша саралауымызға болады:
- Оралхан Бөкейдің «Атау кере» шығармасындағы тілдік құбылыстарға көз жеткізу;
- «Атау кередегі» әдеби тіл мен жалпыхалықтық тілге қосқан автордың үлесін даралау;
- Шығармадағы тілдік ерекшеліктерді (кірме сөз, метафора, метонимия, метатеза құбылыстары) табу.
Диплом жұмысының дерек көздері: Диплом жұмысына Оралхан Бөкейдің «Атау кере» туындысы, академик Рабиға Сыздықтың «Қазақ әдеби тілінің тарихы» және т.б. еңбектерінде, М. Балақаевтың зерттеулерінде, сонымен қатар, басқа да қазақ ғалымдарының еңбектері пайдаланылды.
Диплом жұмысының ғылыми жаңалығы. Диплом жұмысында ғылыми жаңалық ретінде мына мәселелерге көз жеткіздік:
- «Атау кередегі» кірме сөздердің өзгеше формада кездесетіндігіне;
-Шығармадағы тілді құбылыстардың, дара қолданыстардың мол болып келетіндігіне.
Осылардың бәріне алғаш рет ғылыми түрде талдау жасалып, баға берілді.
Диплом жұмысының құрылымы: Диплом жұмысы кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан және пайдаланған әдебиеттер тізімінен тұрады.
І тарау
1.1 Әдеби тіл және жалпыхалықтық тіл жайлы ғалымдардың негізгі көзқарастары
Соңғы жылдарда қазақтың жалпыхалықтық тілі мен әдеби тілі тарихына қатысты жеке мәселелерді қарастыру едәуір қолға алынғанымен, әрине, бұл ізденістер түйткілдерді түбегейлі шешіп тастауға әлі де жеткіліксіз [Русские писатели о языке. Хрестоматия. Под общей редакции Докусова А. М. –Ленинград, 1954].
Жүздеген жылдық тарихы бар лингвистикалық мектептері бар орыс тіл білімінде сонау М. В. Ломоносовтан бастап көтерілген бұл мәселе қазіргі кезге дейін толық шешімін таппаған.
Орыс тіл білімінде бұл проблема М. Ломоностовтың «Значение церковнославянского языка в развитии русского литературного языка» деген мақаласында: «Как материи которые словам человеческим изображаются различность по мере разной своей важности так и российский язык через употреблении книг церковных» по приличности имеет разные степени; высокий посредственный и низкий сие происходит от трех речений российского языка», деп түсіндіреді [ Ломоносов М. «Избранные в 5-ти томах.» –Москва: Наука, 1968, 120 б].
Қазақ әдеби тілінің қалыптасу, даму жолдары мен кезеңдері, әдеби тілдің туу, қалыптасу, даму процесінде әр дәуірдегі бай ауыз әдебиетінің, жазба әдебиетінің, ақын-жазушылардың, сондай-ақ кезеңдердегі түрлі жазба әдеби тілінің ролі, қазіргі әдеби тілдің нормалары және олардың әлеуметтік мәні мен стильдік тармақтары, қазақ әдеби тілінің жалпыхалықтық сипаты, жалпыхалықтық тілдің басқа түрлерімен қарым-қатынасы сияқты әдеби тілдің басты-басты мәселесі. [ Әуезов М. «Жиырма томдық шығармалар жинағы.» 19-том. –Алматы: Жазушы, 1985].
Әр түрлі пікірлерді сұрыптай келе, әдеби тілдің ең басты белгісі – оның өңделген, сұрыпталған, нормаланған тіл болуы. Бұл – бір. Қызметі жағынан сол халық өмірінде ұйымдастырушы қоғам мүшелерінің басын қосушы сипаты, жалпыға ортақ қасиеті болуға тиіс. Бұл – екінші меже. Әр нәрсенің, әр құбылыстың затын, мән-мәнісін салыстыру арқылы, өзге нәрселердің, өзге құбылыстардың қарама-қарсысына қою арқылы танылады. Әдеби тілді таныту үшін оның қарама-қарсысына қойылатын басты құбылыс – ауызекі сөйлеу тілі. Бұл тілді әдеби деп тануға қажет үшінші шарт. Әдеби тіл – қоғамның қолданылу практикасында сыннан өткен, нормаланған барша үлгілерге ортақ болуы шарт. Бұл – төртінші сипаты [ «Қазақ тілінің диалектологиялық сөздігі.» Алматы, Ғылым, 1969, 39 бет].
Әдеби тіл – таза әдебиет арқылы жүйесі қалыпқа түскен, стильдік тармақтары сараланған, қоғамдық қызметі әр алуан қатынас құралы. Ол – сөз шеберлерінің өңдеуінен өткен жалпыхалықтық тіл. Әдеби тіл – белгілі бір халыққа жаппай ұғымды, жаппай түсінікті тіл. Соңғы көзқарасты қолдаушылардың пікірінше, әдеби тіл жазу болғанға дейін қалыптаса алады.
Академик Н. Сауранбаевтың сөзімен айтатын болсақ, «...Әдеби тілді жалпы түрде «халықтық тіл» деп анықтау да айқын, дәл емес. «Жалпы халықтық тіл» деген ұғым «әдеби тіл» деген ұғымнан әлдеқайда кең, басқаша құбылыс» [ Сауранбаев Н. Т. «Қазақ тілінің проблемалары. Таңдамалы еңбектерінің жинағы.» –Алматы, 1982, 324 бет]. Қарапайым ауызекі сөйлеу тілінің (яғни халық тілінің) сөз байлығы ауыз әдеби тіліне қарағанда, жазба әдеби тілінің сөз байлығынан гөрі барынша бай да, құнарлы болып келеді, өйткені оның құрамында әдеби тілдің нормаларына жатпайтын диалектизмдер (наречиелер, говорлар, көпшілікке белгісіз жергілікті ерекшеліктер, кәсіби сөздер, т.т.), қарапайым сөздер (одағай, ірі, бейәдеп, қолайсыз және әр адамның өзінің қалауына қарай қалай да болса солай айтыла беретін әралуан кездейсоқ сөздер т.б.), историзм (көне сөздер, ескі сөздер, кірме сөздер, анахронизм, реликт сөздер), варваризм (әлдеқалай бұзылып айтылатын, қате айтылатын сөздер), арготизм, неологизм (жаңа сөздер, өзгертіліп айтылатын сөздер) т.б. элементтер қаптап жүреді. Олар айтылу иініне қарай, жұмсалу мағынасы мен морфологиялық тұлғасы жағынан өрескіленіп, көзге ұрып тұрады. Әлдеқандай функциональдық-стильдік қажеттілікке байланысты бұл аталып отырған және олардан басқа да сөздер мен сөзорамдары халық тілінің қойнауында қорланып, қатпарланып жатқан қазына ауызекі тілде де, жазба әдеби тілде де үнемі көрініс беріп отырады, бірақ солардың бәрін байқап, біле бермейміз. Олардың көзге түспей, назарға ілінбей жүргендері қаншама.
Н. Т. Сауранбаев былай көрсетеді: «Шын мағынасындағы әдеби тілмен салыстырғанда, жалпыхалықтық қарапайым тіл – көркемдік, стильдік, дәлдік, орамдылық жағынан сұрыпталмаған, шындап жетілмеген, олпы-солпы жақтары көп тіл. Сондықтан да, А. М. Горький қарапайым халықтық тілді бір сөзбен «речевой хаос» деп дәлі анықтаған: «әдеби тіл, халықтық тіл, бірақ оның шеберлер арқылы сұрыпталған түрі» [ Сауранбаев Н. Т. «Қазақ тілінің проблемалары. Таңдамалы еңбектерінің жинағы.» –Алматы, 1982, 324 бет].
Көркем әдебиет шығармаларының тілі, әдетте, әдеби тілдің нормалары бойынша жазылатын болғандықтан, сол тілдің тиісті нормалық ережелердің аясынан шықпағаны мақұл, бірақ ол халық тілінің материалдарын да пайдаланбай отыра алмайды. Әр автордың творчестволық лабороториясынан әр сөз бен сөз тұлғасының, сөз тіркесінің қалай шыңдалып, өңделіп, құбылып, жаңарып шығуы сол автордың шеберлік өнеріне байланысты. Сөз шеберлерінің сомдап шыққан жаңа тұлғалы сөздерімен жаңа мағыналы сөз орамдары әдеби тілді құнарландыра түсу үшін бәйгеге түспекші. Сөзді баптап -, бәйгеге салу – жазушының ісі, оны бағалап, иінін түсіндіру – зерттеуші тілшілердің жұмысы, іске асыру, ұшпаққа шығару – қалың қауым оқушының үлесі, яғни күнделікті қолданылып жүрген тіл практикасы, таразысы - әдеби тілдің нормалары. Сонымен бірге, жазушы халықтың қарапайым сөйлеу тілінің құнары мен нәрін жинап, әсем де айшықты болып келетін сөз өнерінің саналуан үлгілерін жасайды, қарапайым сөз тіркестерінен келістіріп, көркемдеп, өзінше бір реңк алатын жаңа өрнектер мен сөз орамдарын сомдайды, сөз саптау әдісінің сапалы да сәнді, ұғымды да мәнді етіп, әрлеп, көркемдеп келтіреді.
«Әдеби тіл» дегеніміз – жазба әдебиет арқылы жүйелі қалыпқа түскен, стильдік тармақтары бар, қоғамдық қызметі әр алуан тіл. Оның өзіне тән нормалары болады: лексикалық норма, орфоэпиялық норма, грамматикалық норма т.б. Әдеби тілдің нормасынан ауытқу екі түрлі болады: 1) жөнімен ауытқу және 2) жөнсіз ауытқу» [ Балақаев М. Б. «Қазақ тілінің мәдениеті» Алматы, 1971, 13 бет]. Бұл М. Балақаевтың пікірі, Р. Ғ. Сыздықтың пікірі бойынша, «барлық ауытқулар, соның ішінде сөз қолданыстарға уәжді (мотивті немесе жөнімен) және уәжсіз (мотивсіз немесе жөнсіз) ауытқулар» деп қарастырылады. Бұл тек көркем сөз стилінде ғана емес, барлық стильдерде болатын құбылыс. Бірақ, көркем әдебиет тілінде уәждірек ауытқулар жиірек кездеседі және олардың өздері әр сипатты болады... Сөз қолданыстағы жалпы әдеби тіл нормасынан ауытқу, біріншіден, әдеби тілден тыс тұрған элементтерді, диалектизмдерді, қарапайым жай немесе дөрекі сөздерді, жаргондарды т.б.
«Көркем әдебиет шығармаларының тілін зерттеудің негізгі мұраты – тілдің өзін емес, сол тілдің қолданылу мүмкіншілігін көрсету» [ Сыздық Р. «Абайдың сөз өрнегі.» –Алматы, Санат, 1995, 5 бет].
Қазақ тіл білімінде бір кезде «дәуірлеп» тұрған, айтып ауыз толтырарлықтай қомақты табыстарға жеткен қазақ диалектологиясында артық-кем айтылып жүрген, тіпті жазылып та қалған әрқилы пікірлер болды. Мысалы, жергілікті ерекшеліктерді қолдану баспасөз бетінде де айыпқа саналып жүрді. Дегенмен,соңғы уақыттарды тек диалектизмдер ғана емес, жалпы кейбір сөздердің қолданылуы жайында жағымды пікірлер айтылып, қалыптаса бастады. Р. Сыздық, мысалы, әдеби тіл нормасынан ауытқыған кейбір сөздер мен сөз формалары туралы былай деген екен: «...олардың едәуірі тіпті диалектизм де емес, керек десеңіз көне де емес, күнделікті қолданыста сирек ұшырасатын, сол себептен де мағынасы ұмыт бола бастаған сөздер. Және бір (өкініштісі) ерекшелігі – олардың әлі де бірде бір рет регистрацияға (сөздіктерге) ілінбей келуі» [ Сыздықова Р. «Сөз қолданысы және әдеби норма.» –Алматы: Жазушы, 1983, 97 бет]. С. Мырзабеков «Тілімізде диалектінің өзі болмаса да соған ұқсас элементтердің (негізінен лексика-фонетикалық) барын жоққа шығара алмаса керек. Тек осыған бояуды көбірек жағып, «диалекті» деп ат-тонымызды ала қашып жүрген кейінгі кезде қалам қайраткерлері (тіпті баспасөзде) де көбірек пайдалана бастағанын проза тіліне байланысты өткен конференцияларда да жиі естідік», - деп өте бір орында ескертіп қойған еді. [ Мырзабеков С. Баяндама. Жинақ: «Қазақ әдеби тілі тарихының проблемалары.» –Алматы, 2000, 140-141].
М. Әуезов бір сөзінде былай деп еді: «Біздің кейбір ғалымдарымыз қазақта диалекті бар дегенде, Жайық пен Алатау қазақтарының солтүстік, шығыс облыстарынан бөлек айырмыстарынан грамматикалық өзгеше құрылыс белгісіне қарап айырмайды. Қазақстанның сол өлкелеріндегі сөздіктер айырмыстарын ғана айтады. Бұл, біздіңше, диалектілік айырым емес. Сөздік қордың айырмасы әдеби тіл тұтасып, бірыңғай болып қалыптасқан орыс тілінде де бар» [ Исхан Б. М. М. «Әуезовтің лингвистикалық ой-тұжырымдары.» –Алматы, 2000. 267 бет]. Б. Ихсан сөзімен айтқанда, «М. Әуезов қазақ тілінде ұшырасып қалатын «жергілікті тіл басқашалықтарының» бар екенін жоққа шығармайды және олардың сол кездегі қазақ ақындарының бәріне мәлім болмағандығын ескертеді».
«М. Әуезовтің лингвисткалық ой-толғамдары» туралы арнайы еңбек жазған ғалым Б. Исхан мынадай пікір айтады: «әдеби тіл ауытқыған, яғни олардың ішінен орын таба алмаған (орныға қоймаған) сөздерді шетқақпай жасамай, іске жарату қазақ тілінің бүкіл сөз байлығын қағазға түсіріп, көркем әдебиет, тағы басқа әдебиеттерде толық пайдаланып болмаған кезде пайдалы шара болмақ. Ондай жалпы халыққа танылып болмаған сөздерді жатырқауымыз (М. Әуезовтің ойы бойынша) астамшылық дейді. Одан әрі автор М. Әуезовтің ойын былайша жалғастырады: осы орайда да, тілдік қоры әлдеқашан қатталған, барынша мол зерттелген, барлық тіл байлығын, қазақ тіліне қарағанда, мейлінше игерілген орыс тілінің озық үлгісін алға тарта сөйлейді. Біздің тілдің өсуі мен баюы ол дәрежеге жетуден тым жырақ жатыр, тіліміз орыс тілімен салыстырғанда, сол барлық ойдағыдай игерілген жоқ. Ал, олар болса, әдеби тілімізді байыта түсетін мүмкіншіліктер» [ Исхан Б. М. М. «Әуезовтің лингвистикалық ой-тұжырымдары.» –Алматы, 2000. 267 бет].
Қазіргі қазақ тілінің сөздік қоры мен грамматикалық құрылысын байытып, жетілдіру саласында істелетін жұмыстар мен зерттелетін мәселелер аз емес. Ең алдымен, аталып өтетін бар проблема мынада: ауызекі сөйлеу тілі мен ауыз әдеби тілінің барлық байлығы мен грамматикалық ерекшеліктері әлі де болса, түгелімен хатқа түсіп, белгілі бір регистрациядан өтіп біткен жоқ......
07.12.2018
Вернуться назад