DataLife Engine / Қазақ әдебиеті | Баққожа Мұқай - драматург

Қазақ әдебиеті | Баққожа Мұқай - драматург

Мазмұны

КIРIСПЕ
І ТАРАУ. Драма арқауы, заман сыры, адам тағдыры
ІІ ТАРАУ. Күлкісіз күн бар ма
ҚОРЫТЫНДЫ
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР

К І Р І С П Е
Қазақ әдебиетін жанрға бөліп сөз еткенде революцияға дейін поэзиядан ауызша да жазбаша да мол мұраға ие болса, прозаның төркіні Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаев, Спандияр Көбееев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Бейімбет Майлин шығармаларымен танылады. Ал драматургиямыз болса, дәстүр мұра дегеннен тұлдыры жоқ тақырда туып, тек қана қазан революциясынан кейін қалыптасты.
Драма (грекше drama – қимыл-әрекет) – сахнаға арналған, уақиғаны, оған қатысушы кейіпкерлердің іс-әрекетін, көңіл-күйін көрсету арқылы баяндайтын әдеби шығармалар. Драмаға уақиғаны қызу тартысқа құрып, мейлінше шиеленістіріп, шарықтау шегіне әбден жеткізіп барып тану – айрықша тән қасиет.
Драмалық шығармаларда кейіпкер өздерінің айтатын сөзі арқылы, сонымен бірге сахнадағы қимыл-әрекеті, жүріс-тұрысы, сонда байқалатын жай-күйі арқылы бейнеленеді. Кейіпкердің жеке қалып айтатын сөзі (монолог), бір-бірімен өзара сөйлесуі (диалог) – бұлар оның характерін, басқа адамдарға, өмірдегі әр түрлі жай-жағдайларға қатынасын, қоғамдық мәселелерге көзқарасын сипаттаудың басты тәсілі. Автордың уақиға барысын, кейіпкерлердің іс-әрекетін, мінез-құлқын, күй-жайын тікелей өз атынан суреттеп, баяндап беруі жоқтың қасы. Біз болып жатқан, болып өткен уақиға жағдайларды кейіпкерлердің айтуынан біліп, солардың көзімен көріп, кейіпкердің хал-жайын, сағыныш, қуаныш-қайғыға берілуінен, ойлау-сезінуінен байқаймыз. Сөйтіп драмалық шығармада жеке адамның ойлану-сезінуін терең көрсететін лирикалық тәсіл мен тұтас бір шиеленіскен уақиғаны баян ететін эпикалық жанрға тән көркемдік тәсіл қабысып, ұштасып жатады.1 Драматаругия қазіргі әдебиетімізде жетекші жанрдың біріне айналып, күрделі белге көтерілген.
Драматургия өте қиын жанр. Оның даму жолы да күрделi. Ол диiрменге барғанша әлденеше сынақтан, електен өтiп, мықтап тазарып, өз кондициясына жеткенде ғана дұрыс болмақ.2
Драматуригяның басқа жанрдан ерешелігінің ең бастысы оның тууы, дамуы, тіршілік тынысы театрға байланысты. Ұлы Қазан революциясының бостандыққа жеткізіп экономикалық, мәдени, рухани өміріміздің сан-саласына енгізген көп өзгерістерімен қатар қазақ халқына тартқан үлкен бір сыйы 1926 жылы ұлттық театрдың құрылуын 3 ескерсек бұл жанрдың өмір өлшемі белгілі. Әдебиет пен өнеріміздің осы жаңалығын реалистік әдістің идеялық, эстетикалық көркемдік құралы ретінде М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Б.Майлин, Ж.Шанин, Т.Ахтанов, С.Шаймерденов, Ә.Тарази т.б. шығармаларынан танып білсек,
соңғы жылдары қазақ әдебиеті біраз жаңа есімдермен толықты. Өзіндік сәтті ізденістермен танылған әдебиетіміздің тегеурінді толқыны. Сол толқынның ішінде тың туындыларымен көрінген Кәрібай Ахметбеков, Баққожа Мұқаев, Кеңес Юсупов, Т.Нұрмағамбетов, Н.Оразов, Роллан Сейсенбаев1 сияқты қаламгерлеріміздің шығармаларына назар аударуға тіпті әрқайсысы туралы жан-жақты талдап, әңгіме өрбітуге тұрарлық. Бұлардың қайсысы да бергісі төл әдебиетіміздің тәжірибесін тұғыр еткен, әрісі одақ, қала берді әлемдік әдебиеттің үлгілерінен хабардар қызықты да күрделі қолтаңбалары бар жазушылар. Сүйсінерлігі сол, осынау бір толқын лектің ішінде қазірдің өзінде суреткерлік қарымы сараланған өмір туралы, өнер туралы азаматтық кредосы айқындалған жазушылар бар. Одақтың семинарияларға қатысып, республикалық конкурстардан жүлде алып жүрген де осылар. Тіпті Оралхан Бөкеев пен Баққожа Мұқаев алғашқы сәтті драмамен республикалық Ленин комсомолы сыйлығына ие болды. Қазақ театр сахнасынан орын алып жүрген де көбіне-көп осы драматургтеріміздің шығармалары. Демек, драматругияның көші тығырыққа тіреледі деп дабыл қағудың реті жоқ.
Соңғы жылдары ауыз толтырып айтуға болатындай жақсы шығармалардың жазылғанын ешкiм де жоққа шығара алмайды. Драматургтер дәуiр бейнесiн, оның бойындағы драматизмдi көрсету үшiн қоғамдық өмiрiмiздегi түбiрлi өзгерiстерге сәйкес басқа мазмұнға көшкен жаңа адамның ойлау өрiсiн, дүниетанымына, өмiрлiк позициясына, оның жан дүниесiнiң диалектикасына терең үңiлiп, жан-жақты анализ жасау арқылы кең ауқымды көркемдiк қорытындыларға барып жүр. Бiр қуанарлығы – қазақ драматургиясында конфликтiнiң структурасы өзгердi. Қазiргi таңда драматургтер, әсiресе жастар жағы пьеса басталмай жатып, шиеленiсiп, орта жолдан “демi” бiтiп, қожырап кететiн “сыртқы” конфликтiден гөрi бар жұмбағы, бар сыры жасырын, кейiпкерлердiң дүниетаным, көзқарас, өмiрлiк концепциясынан туындап жататын “iшкi” конфликтiге машықтана бастағандығы байқалады.
Қаламгерлер драмалық структураны өзгерту арқылы пьесалардың әлеуметтiк-адамгершiлiк проблематикасын өткiрлей түстi. Соңғы уақыттарда жақсы бағаланған шығармаларда ескi мен жаңаның күресi мүлде басқа жаңа формада көрiне бастағанына сүйсiнбеске болмайды. Қазiргi кезде драмашылар уақыт пен қоғам, уақыт және адам арасындағы бiрлiк пен қайшылықтың диалектикасына терең үңiлiп, жан-жақты анализ жасай бастады.1
Жазушы драматургтарымыз жасампаз еңбектің республикадағы шалқар майдандарына белсенді араласып елдің де, жердің де, тілдің де, тарихтың да бірден-бір иесі. Бiздiң арманымыз осындай халық өкілдері – еңбек адамының зор тұлғасын көре білсе, сомдай білсе деген тілек.
Б.Мұқай – осы бағытта шарқ ұрып мол ізденіспен еңбек етіп жүрген жазушы. Ол прозада болсын, драматургияда болсын шамасы жеткенше жер басып жүрген еңбек адамының қарапайым философиясын түсінуге және оның рух тазалығын, мұрат биіктігін дәлелдеуге ұмтылатын жан.
Баққожа Мұқай талантты, бейнетқор жазушыларымыздың бірі. Ол сахна өнерінің сан алуан құбылған сазды әуенін, сан құбылыстарын тереңірек түсінуге тырысады. Б.Мұқайдың шығармаларында өмір құбылыстарын шыншылдықпен қызықтыра айта алатын әр уақыттың өзіне тиесілі тарихи парызы туралы, оны әркімнің азаматтық жоғарғы жауапкершілікпен атқаруы керектігі туралы ойлары айқын, жатық. Бұлардың қай-қайсысы да уақыттың көркем шежіресін жасауды басты мұрат еткен. Төл өнеріміздің кең дәстүрінен нәр алған.
Жазушы – драматург Баққожа Мұқай шығармаларына тоқталмастан бұрын ол кісінің өмір жолына көз тастайтын болсақ, Б.Мұқай 1948 жылы 31 қаңтарда Алматы облысы Райымбек ауданы Нарынқол аулында дүниеге келген. 1966 жылы кешкі жастар мектебін тәмәмдап, Әл-Фараби атындағы қазақ мемлекеттік университетіне түскен. Оның журналистика факультетін 1971 жылы бітірген.
1965-1966 жылдары Райымбек аудандық «Коммунизм нұры», «Советтік шекара» газеттерінде, 1970-1988 жылдары «Білім және еңбек», «Жұлдыз» журналдарында, Қазақстан жазушылар одағында қызмет атқарған. Мәдениет министрлiгiнде репертуарлық коллегияның Бас редакторы, Бас басқарма бастығы болған. Қазiр “Парасат” журналының бас редакторы, Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО iстерi жөнiндегi Ұлттық комиссиясының мүшесi.
Баққожа Мұқайдың алғашқы туындылары алпысыншы жылдардың бас кезінде жарық көрген. Содан бері оның қаламынан бiрнеше әңгіме, хикаялар, драмалық шығармалар, екі роман туды. Б.Мұқай бүгінгі күннің тақырыбына батыл барып жүрген жазушы. Жеке адамның қоғамнан алар орны және сол дәуірдің қым-қиғаш қайшылықтары қаламгер шығармаларының негізгі арқауы. Оның көптеген шығармаларында кешегі кеңестік қоғам мен жеке адам арасындағы ымыраға келмес қайшылықтар, елім деген ерлердің қасіреттері мен өмірлері көркемдік келісім тапқан.
Баққожа Седінұлы Мұқайдың «Жаңбыр жауып тұр», «Жалғыз жаяу», «Өмір арнасы», «Аққу сазы», «Мазасыз маусым», «Дүние кезек», «Тоят түні» сияқты кітаптары қалың оқырманның ықыласына бөленген. Оның шығармаларының құндылығы дәуір болмысын, заманның ащы шындығын батыл әрі дәл көрсете білуінде.
Баққожа Мұқай жұртшылыққа кең танылған драматург. Оның қаламынан оннан астам драмалық шығармалар туған. Сол шығармалар негізінде қазақ, орыс, өзбек, қырғыз, тәжік, түркмен, татар, лак, башқұрт , қарақалпақ және басқа тілдерде қырықтан астам спектакльдер қойылған.
Драматург шығармалары өткірлігімен ерекшеленеді. Оның М.Әуезов, Ғ.Мүсрепов атындағы және республикамыздың басқа да театрларында қойылған «Тоят түні», «Қош бол менің, ертегім», «Заманақыр», «Сергелдең болған серілер», «Өмiрзая» деп аталатын шығармалары көрерменнен де, театр сынынан да өз бағасын алған. Жазушы «Қош бол, менің ертегім» пьесасы мен «Аққу сазы» атты кітабы үшін 1982 жылы Қазақстан Жастар Одағының сыйлығын алды.
Б.Мұқай Колесниковтың деректі материалдар негізiнде жазылған «Рихард Зорге» атты кiтабын және бұдан басқа орыс, өзбек, қырғыз, түрік жазушыларының шығармаларын да қазақ тіліне аударған. Ол республикаға танымал журналист. Б.Мұқай қоғам қайраткері ретінде де елеулі жұмыстар істеп жүрген азамат.
Қазақ әдебиетінде өзіндік қырымен көрініп жүрген Б.Мұқайдың драматургиясын жұмысымыздың зерттеу нысанасы етіп алып отырмыз. Б.Мұқай творчествосы қазақ әдебиеттану ғылымында толық зерттеліп өз бағасын алған жоқ. Яғни біздің тақырыбымыз бұл тұрғыдан келгенде өзекті де жаңа десе де болады. Ал мақсат – Б.Мұқай драматург ретіндегі жазушылық қырына баға беру. Егер бұл кiсiнiң қазақ драматургиясына қосқан үлесін өз әлімізше саралап алсақ, онда мақсаттың орындалғаны.

І ТАРАУ. ДРАМА АРҚАУЫ – ЗАМАН СЫРЫ, АДАМ ТАҒДЫРЫ

Бүгінгі әдебиетімізде тарихи кезеңдер туралы түрлі тұрғыдан ой толғайтын туындылар саны жылдан-жылға көбейіп келеді. Халық өмірінің қоғамдық саяси әлеуметтік рухани өзгеше бетбұрыс жасаған кезеңдердің көркем шығармалар өзегіне айналуы – жекелеген қаламгерлеріміздің көркемдік идеяның ізденісі ғана емес, сонымен бірге уақыттың қажеттілігімен бірге талабынан туындап отырған ұлттық мәдени – рухани өрлеудің де бір куәсі.
Б.Мұқай – талантты бейнетқор жазушы-драматург. Бұл кісі өзінің тұңғыш пьесасын мектепте оқып жүрген кезде жазған екен. Осы шығарма «Қалың мал адыра қалсын» деп аталған. Бұл пьесаны драматург жаза отырып, мектеп сахнасына шығару барысында өзі режиссер болып, басты рольдердің бірінде ойнаған екен.
Баққожа Мұқай – жұртшылыққа танылған драматург. Бұл кісінің шығармалары өзінің жаңашылдығымен, өткірлігімен ерекшеленедi. Драматургтің көптеген пьесаларының ішіндегі соқталысы «Тоят түні», «Заманақыр», «Өмірзая», «Қош бол менің ертегім», «Дүние кезек», «Сергелдең болған серілер» пьесалары.1 Автор бұл пьесаларында оқиғаны барын-бардай бояуын бұзбай кескіндеуді місе тұтпайды. Біздің тұрмыс – түйсігіміздегі дендеп бара жатқан небір адами кесапаттарды жегі құрттай жеген жұмыр індет-имансызды ашып көрсетіп, тоғышар, тоңмойын, өтірікші, жылпос, екіжүзді, мансап пен байлықтан басқаны ойламайтын, соның жолында бәріне де беті былш етпей мәңгүрттікке тосқауыл болар түйсіктерді оятқысы келеді. Драматург шығармаларындағы адам жанын дір еткізер ардан аттаушылық ұят деген қазақи қасиеттерді таптаушылық, сол арқылы жақсылыққа жетсем болды деп – тым қарапайым өмірлік қатынас та, өмірлік күйбең де қалай болатынын кім-кімді де шошынтып селт еткізеді. Жайдақ жаяуымыздан бастап, зиялымызға дейін ұшырып отырған осы ардан аттау адамгершілік қасиет дегеннің жабайыланып бара жатуы драматург зердесіне ащы шындықтың тамшыларын сіңіріп, көңіл көрігінде қорытылып келіп, қалам ұшынан сорғалағанын көреміз. Ең жаманы адамды тірідей жүйкелетіп құртатын жайт. Білімді, зиялы адамдардың арасындағы әділетсіздік. Мұндай әділетсіздік сауаттылықпен, ақылдылықпен жасалады.
Драматург өмірдің осы жағын тереңірек үңілуді парыз көреді. Тіксінген жүрек қаламға жүгiнбеске амалы қалмайды. Міне, Б.Мұқайдың драмадағы арқау тартыс біздің бір-біріміздің арамызда болып жатқан ситуациялардан шым-шып алынған өмірдің шындықтары. Тоят түніндегі бар үлестерінен айырылған, қолдары қарапайым игіліктерге өз адал еңбектерінің жемістеріне жете алмай Асан мен Баян бүгінгі тіршілік теңізінің әрең малтып келе жатқан пенделері. Олар қазіргі өмір теңізінде қалай жүзудің қырларын білмейді. Сөйтсе өмір олар ойлағандай кең айдын емес екен. «Мен адам сияқты өмір сүргім келеді, адам сияқты»,1 деп Асанның ашына айқай салатыны содан. Бірақ үлкен қызметтегі Жолдас пен Қалилардың өмір сүру кредосы мүлдем басқаша. Жеке бастың қамы үшін бәріне барудың айыбы жоқ, адамгершілік деген ол сөз, істе бәрі керісінше, одан қоғам еш ойсырамайды деп біледі. «Мансап, екеуіміз үшін, біздің бақытты өміріміз үшін қызмет етер еді»2 – деп Асанның тағы да түңіле мойындауы қоғамның ішкі індетінің қалай қабынып кеткенін байқататын сәт. Мұның ар жағында: «Өмірдің бәрі мансапқа кеп тіреліп жатқанын көрген ұрпақ өз ұрпағымыз алдында не тұрса да өнер мен дене, арды аяққа баса, ұятты белге түйе ұмтылады-ау?» деген күдік те бас көтереді. Соны ойлағанда шошына қарауға мәжбүр боласың. Оны оқырманға немесе көрерменге қатты әсер етіп, қабырғасына бата тигенде ғана түсінеді, қобалжиды, тебіренеді.
Баққожа Мұқай ақын Олжас Сүлейменовпен бірігіп жазған «Заманақыры» бұған қарама-қарсы саяси ыңғайдағы тақырыпты қаузыған туынды. Бұл трагедия талай жыл, талай ұрпақ айта алмай келген зардың запыран күйі іспетті. Драматургтің оның құрғақ публицистика емес, қилы тағдырлар арқылы көрсетуге ұмтылуы үлкен ізденіс көп дайындықтың дәлелі.
Б.Мұқайдың «Заманақыр», «Тоят түні», «Өмірзая», «Қош бол менің, ертегім» пьесалары жазушы-драматург қаламының бар қырынан танытатын сүбелі шығармалары. Бұл пьесалар қазақ сахнасын байытқан оның репертуарына тұрақтап енген қойылымдар.
Баққожа Мұқайдың «Қош бол, менің ертегім» пьесасы 1977 жылы Ұлы Қазан социалистiк революциясының алпыс жылдық торқалы тойы құрметіне өткізілген республикалық жабық конкурсте екінші жүлдеге ие болған шығарма.1
Пьесаның авторы бұл дүниесінде қоғамдық, әлеуметтік үлкен мәселе көтерген. Ол мәселе – адамның, яғни біздің бүгінгі замандастарымыздың өзін қоршаған ортаға, жер мен суға, тау мен тасқа, орман мен тоғайға, бәр-бәріне, күллі табиғат байлығына иелігі және оны көздің қарашығындай сақтауға міндеттілігі, жауапкершілігі. Жер-ананы құрметтеу, оны ұзатылар қыздай жасандырып, сұлу көркін салтанатқа бөлеп ұстау, әсіресе, бүгінгі біздің ұрпақтың алдағы келер болашақ ұрпақ алдындағы ең қастерлі, ең абыройлы борышы. Табиғат пен адам егіз, оның тұнып тұрған байлығы адам өмірінің өзегі. Адамның ішкі жан дүниесінің, рухани тірлігінің бай, сұлу, көрікті болуы да табиғаттың тамылжыған қалпын бұзбай, көркем келісімін мәңгі сақтап тұра алуына тікелей байланысты. Ал оны сақтап, қастерлеп ұстау – қазіргі ұрпақтың міндеті, парызы. Драматург пьесада осы мәселені әдемі айтып бере алған. Сонымен қатар автор бұл туындысында бүгінгі күн тынысын көрсетуге, замандастардың жарқын бейнесін сипаттауға, өмір құбылыстарын өзінше пайымдап, өрнектеп айтуға ұмтылған, көрерменін бейтарап күйде қалдырмайтын шын мәніндегі психологиялық драма. Бір қарағанда алыс түкпірде, тау қойнауында жатқан бір малшының кәдуілгі таңы атып, күні батып жүрген күйбеңіндей көрінетін құбатөбел тіршілік. Автор осынау оқшау ортаның сырттай салқын сипатына драмалық қан жүгіртер, жан бітірер негізгі тартыстың көркемдік кілтін сәтті тапқан.
Неліктен пьеса өмірден жоғары баға алды? Мұндағы ата, бала, немере сабақтастығын өзек еткен арқауда жалын әр ұрпақтың өмірге, ортаға, тұрмысқа тән өзіндік көзқараспен, өзіндік рухани құштарлықпен қарайтыны, қадам жасайтыны талғам таразысына тартылады. Әркімнің ішкі мінезімен сырласуға, шындықты өз бетінше іздеуге үндейтін мұнда да романитикалық хикая оқушыны бей-жай қалдырмайды.
Пьесада символдық бейнеге айналдырған кәрі бәйтерек маңындағы бас кейіпкер Әли қарттың әңгімесі.
Барлық оқиға аға ұрпақтың өкілі орманшы қарт Әли, оның немересі Мұраттың қатысуы арқылы өрбиді.
Пьесада басынан бастап біз мақсат–мұраты тоғысқан ,арман-мүддесі түйіскен екі ұрпақ өкілінің өнегелі өміріне сүйеніп, сан қилы тағдырына толғанамыз.
«Адам өмірге келеді, жәй келмей – өзінен кейінгілерге бір тамаша ертегідей көрiп, үлгі тұтар еңбек пен ерліктің сөзін, жырын қалдыру үшін келеді. Мына бәйтерек соның дәлелі». Бұл пьесадағы Әлидің өз немересі Мұратқа айтары, ұрпағына қалдырар аманаты, ғибраты. Туған жер төсін ну орманға айналдырсам деген қарияның көңіл төрінде жүрген арман-мұраты. Бірақ шуағы мен көлеңкесі, ерлігі мен ездігі, адалдығы мен алалығы, ақылдылығы мен дарақылығы, мансабы мен мұраты ұдайы жағаласып, шарпысып жүретін адамдар қарым-қатынасындағы әлі де кездесіп қалар «әттегенайлар» Нұрбек пен әкесi Әлидің өмір, уақыт, адамдар туралы толғам түсініктерін тұсайды. Орманшы қарт Әли бүгініне риза емес, ертеңгі күннің қамын жейтін, ұрпақтарының тағдырына басы ауырып, балтыры сыздайтын, табиғаттың келешегі үшін күресіп жүрген байсалды да байыпты жан. Пьесаны оқи отырып, Әли – бойында қулық-сұмдығы жоқ ақкөңіл жан екеніне риясыз сенеміз. Бірақ ол қажетті жерінде турашылдығы бар, алған бетінен қайтпайтын қайсар жан. Мәселен, Алматыда үлкен қызмет атқаратын баласы Нұрбектің өзі туып өскен ауылына алдын-ала хабар беріп, қоңыраулата келгенін көпті көрген қария жаратпай: “Осы жолғы келiсiңе көңiлiм толмады. Ақылы бар азамат туған жерiне ұрандамай келушi едi”,1 – дейдi.
Тіпті әке мен бала арасындағы орман жайлы пікір-таласы үлкен дауға айналып, орманшы қарттың өз ойын дәлелдемек болып жоғары орындарға көмек сұрап барған сәттері, әумәсір Жаппардың араққа тойып алып тоғайға өрт қойған тұсында: “Одан да менi… Менi өртеп қарап тұрғандарың жақсы едi…Менi… Менi өртеңдер”2, – деп еңiреп жылап жiберген Әли бейнесі оқушы көңіліне жылы әсер қалдырады.
Әли қарт пен баласы Нұрбектің арасын жалғайтын үшінші ұрпақ – Мұрат бейнесі пьесада әлеуметтік-психологиялық арқауына айналуында да мол мән бар. Атасы Әлидің мейірім мен ізгілікке толы ойларының ғұмырын ұзарта түсетін, ал әкесі Нұрбектің кейбір тоғышарлардың біріне айналғанын меңзейтін тұлға – Мұрат. Мұрат – арманшыл да адал, өзінің ұстаған бағыты бар, айналасына сеніммен қарайтын, зерек те алғыр жасөспiрiм. Мұрат көкірегі ашық, көзінің оты бар сәтті бейне. Ол қаншама елгезек те ақкөңіл болғанымен Асан сиқтылардың пікіріне батыл қарсы шығады.
Мұрат бейнесін өзіндей арманшыл , пәк сезім иесі Маржанмен арадағы махаббат арқылы бедерлене түседі. Маржан жаны нәзiк, сезiмтал, әдемiлiктi, сұлулықты жанымен түсiнуге, аялауға құштар жан. Екеуі алғаш кездескенде айтатын ойнақы, күлкілі әзіл сөздері кейінірек түсініскен сәттегі үп еткен тұңғыш махаббат, үлбіреген пәк сезім серпілісі. Екеуінің ой-арманы, шын тілегі оқырман көңіліне шымырлай батып сенім ұялатады. Азамат соғысында қаза болған қызыл әскердің басына Маржан екеуі қатар жүріп ескерткіш орнатуы, соны өздерінше үлкен мәні бар іс санап, бар ынтасымен бас қоюы олардың ең алдымен тиянақтылығын, екіншіден, жан жүректерінің аяушылық, бауырмалдылық, достық сезімге бай екендігін анық танытады. Түбі Әли қарттың еткен еңбегін өмірінің мақсаты тұтқан істі жалғастыратын осы Маржан мен Мұрат болатынына кәміл сенесің.
Басқаша айтқанда, ертек пен ертегінің ертеңге жалғасқан ертектің ұштасқаны деп түсінеміз. Өскелең өмірдің ертеңі, болашағы деп білеміз.
Пьесада адамдар арасындағы қақтығыстан туындап оқырман зердесіне ұялайтын бір ой бар. Ол – бүгін қоршаған ортаны, табиғатты аялай сақтауға тырысайық деген заман талабына сай туындап жатқан толғақты мәселе. ЮНЕСКО – дан бастап талай-талай алқалы жиын-жиналыстардың өзекті тақырыбы болып отырған бұл маңызды мәселенің жазушы назарын аударуы да, суреткерлік сергектiктi танытары даусыз. Мәселенің қойылысы осылай болғанда соның сахналық шешімі де көңіл толарлық. Пьеса финалында бұл міндеттің оңайлықпен жүзеге аспайтыны бұл жолда талай тер төгу қажеттілігі туралы жақсы ой айтылған.
Пьесадағы Әлиге қарама-қарсы бейне – омарташы Қожабек. Екеуінің өскен ортасы бір, өткен өмірі ұқсас болғанымен, олардың ой-армандары, мақсат-мүдделерi, азаматтық ар-ұжданы, адамгершiлiк қалып тұрғысы, өмiр мән-мағынасын түсiнiп таразылауы мүлде бөлек жандар. Әли қоғамдық мүддені алға тартса, Қожабек бас пайдасын көбірек ойлайды. Екінші бөлімнің басында Нұрбек келген кезде Қожабектiң: “Ұмытпай жүргенiңiзге мыңда бiр рақмет, Нұреке! Жаман ағаңыз да өзiңiздiң тiлеуiңiздi тiлеп жүредi. Колхоз председателiн нұсқап: Мынау сияқты балаларға Нұрекең деген iнiмiз бар деп мақтанып қоямын кейде”1 – деп жағымпаздануы оның мiнез-құлқын, бет-бейнесiн дәл аша түседi.
Айжан ана – кеңпейілді, мейірімді жан. Оның қартқа деген назы қандай мол болса, балалары Нұрбек пен Мұратқа деген аналық махаббаты да ерекше.
Айжан ананың өмiрге деген шын көңiлден шыққан пiкiрi әдемi бояуымен биязы да нәзiктiгiмен баурап алады....
30.11.2018
Вернуться назад