DataLife Engine / Қазақ әдебиеті | Ертегілер арқылы оқушылардың тілін дамыту процесі

Қазақ әдебиеті | Ертегілер арқылы оқушылардың тілін дамыту процесі

Мазмұны

КІРІСПЕ---------------------------------------------------------------------------------------

I-ТАРАУ. Ертегілерді оқушылардың тілін дамытуда пайдаланудың педагогикалық негіздері----------------------------------------------------------------
1.1 Халық ауыз әдебиеті және оның түрлері--------------------------------------
1.2. Оқушылардың тіл байлығын дамытуда ертегінің орны, зерттеуші
ғалымдардың ой - пікірі-------------------------------------------------------------------

ІІ-ТАРАУ. Оқушылардың тіл байлығын дамытуда ертегілерді
пайдаланудың әдіс- тәсілдері-------------------------------------------------------------
2.1. Ертегілердің тәрбиелік мәні және оларды оқу - тәрбие процесінде пайдаланудың жолдары ------------------------------------------------------------------
2.2. Ертегілерді оқушылардың тілін дамытуда пайдалану
тәжірибесі және оның нәтижесі ----------------------------------------------------

ҚОРЫТЫНДЫ
ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР

Кіріспе
Дипломдық жұмыстың көкейкестілігі. Ертегілер әрқашанда қазақ халқының өмірінде маңызды роль атқарып келген. Себебі, ертегілердің мазмұнында халықтың тұрмыс тіршілігі салт-дәстүрі, әдет- ғұрпы, бүкіл болмысы, адамдардың өзара қарым-қатынасы, мінез-қүлқы т.б. бейнеленген. Ұрпақ тәрбиесінде ең тиімді тәрбие құралы ретінде ертегілер тілі жеңіл, түсінуі оңай болғандықтан, ертегілердің балаларға отансүйгіштік, еңбексүйгіштік, т.б. тәрбиелер беруде ғана емес, олардың тілін дамытуда да атқарар қызметінің маңызы өте зор. Ертегілер бастауыш мектеп оқушыларының ой-өрісін жетілдіріп, Отанын сүюге, елін қорғауға, өнерді игеруге, жалпы адамгершіліктік құндылықтарды бойына сіңіруге септігін тигізеді. Сонымен қатар баланың сөздік қорын да молайтуда қызметі өте зор. Ал сөздік қоры мол, тілі дамыған бала - үздік оқушы, себебі жоғарыда аталғандар - жақсы үлгілердің негізі. Ой өрісі дамып, сөздік қоры молайған баланың айтар ойы да, істер ісі де өнегелі болмақ. Демек, бала тілін дамыту - қоғам дамыған сайын күнделікті қажеттілікке айнала беретін ең өзекті мәселелердің бірі. Оның үстіне еліміз егемендік алғалы бері мемлекеттік тілде сөйлеу соны оқыту әдістемесін жетілдіру, соның ішінде, бала тілінің дамуы мен сөздік қорының молаю мәселесі әдіскер ғалымдардың зерттеуінен түспей, назардан тыс қалмай жүрген мәселелердің бірі. Сондықтан диплом жұмысы өзекті мәселеге арналған деп білеміз және де ертегілер арқылы бастауыш мектеп оқушыларының тілін дамыту енді-енді ғана қолға алынған мәселе екендігін ескерсек, біздің жұмысымыздың көкейкестілігі даусыз екендігіне ешқандай күмән жоқ.
Дипломдық жұмыстың объекті. Бастауыш мектептегі оқу - тәрбие процесі.
Дипломдық жұмыстың пәні. Ертегілер арқылы оқушылардың тілін дамыту процесі.
Дипломдық жұмыстың мақсат. Қазақ халқының ауыз әдебиеті жанрларындағы ертегілерді оқыту барысында пайдаланып, балалардың тілін дамыту жолдарын көрсету.
Дипломдық жұмыстың міндеттері:
- түрлі әдебиеттерді пайдалана отырып халық ауыз әдебиеті туралы қысқаша мағлұмат беру;
- ертегілердің түрлері мен олардың тәрбиелік мәніне шолу;
- оқушылардың тілін дамытуда ертегілердің рөлін сипаттау;
- бастауыш сынып оқушылардың тілін дамытуда ертегілерді пайдаланудың әдістемесін ұсыну.
Дипломдық жұмыстың ғылыми болжамы: Бастауыш мектепте ертегілерді оқыту арқылы балалардың сабаққа қызығушылығын арттыруға, сол арқылы тілін дамытып, сөздік қорын молайтуға қол жеткізуге болады.
Диплом жұмысының құрамасы: Дипломдық жұмыс кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

I ТАРАУ. ЕРТЕГІЛЕРДІ ОҚУШЫЛАРДЫҢ ТІЛІН ДАМЫТУДА ПАЙДАЛАНУДЫҢ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ

1.1 Халық ауыз әдебиеті және оның түрлері

Адамзат баласы табиғаттың сыр-сипатын, жұмбағын, қоғам өміріндегі түрлі болмыстың мәні мен мақсатын, шындығы мен қайшылығын ой-сана қуатымен, ғылыми-диалектикалық әдіспен зерттеп білсе, енді бірде көркем сөз өнері, соның ішінде өмір құбылыстарын образдық ой арқылы жеткізетін халықтың ұжымдық творчествосы - фольклор шығармаларынан танып біледі.
Әр елдің, әрбір халықтың өзіне ғана тән фольклоры болады десек, соның сан-алуан нұсқалары қай дәуірде туған? Фольклор туындыларының, жаратушысы кімдер? Оның жанрлық, көркемдік ерекшеліктері, ұлттық және тарихи сипаты неде? Ауыз әдебиетінен бөлінетін ерекшелігі қайсы дейтін көптеген сауалдар туады. Мұның бәріне жауап беру үшін фольклор шығармаларының ерекшеліктерін зерттеп, анықтау қажет.
Образды ойлау адам санасының өзгеше бір формасы. Ол қоғам дамуының қай сатысында туды дейтін мәсәле төңірегінде сан-салалы. пікірлер, ғылыми тұжырымдар болды. Солардың бірі алғашқы қауымдық құрылыс кезінде фольклор сөз өнері ретінде қалыптаса қойған жоқ еді дейтін пікірге сайып келсе, белгілі совет ғалымы В.Е.Гусев мұндай сыңаржақ тұжырымдарға тойтарыс бергенді. Қоғам дамуының сәби кезеңінде қалыптаса бастаған фольклор шығармалары мен халық поэзиясының табиғаты өзара жақын. Осыған біз «халық ауыз әдебиеті» деген атауды да қосып жүрміз. Халық әдебиеті жазба және ауыз әдебиеті болып бөлінеді. Бірақ екеуі де образдық ойдың көрінісі, соның тікелей жемісі болып табылады. Бұлардың жасалу жолдары да бірдей емес. Алғашқысы қоғам дамуының белгілі бір сатысында, жазба мәдениеті
шыққан кезеңде туады да, оның өмір көріністерін белгілі бір көзқарас, дәстүрлі әдеби әдіс, стиль және жанр ерекшелігінде суреттеп көрсететін жеке айтушылары болады. Ауыз әдебиеті болса, көркем ойлау мен көркем сөздің озық үлгісі ретінде қалыптасқан. Оның айтушылары халық арасынан шығып отырған. Келе-келе ауыз әдебиеті мен жазба әдебиет сабақтасып, қатар дамып, көркем әдебиеттің арнайы екі саласын жасаған. Кейде олардың сюжеттері де ортақ болған. Бірінде ол далалық сипатқа (көп варианттылық, ауызекі айтылуы) ие болса, енді бірде қалалық (жазба) мәдениетке жақын көрінеді. Бұл екі арнаның басты айырматышылығы да осында. Сол себепті жазба әдебиетті былай қойғанда, ауыз әдебиетінің өзін фольклор шығармаларының қатарына қою кейде даулы көрінеді.
Фольклор туындыларының өзіндік ерекшеліктері болады. Ең алдымен, фольклор - синкреттік өнер. Оның бойында халықтың тұрмыс-салты, театр, сөз, би және ән-күй өнері бір-бірінен дараланбай, тұтас күйінде көрінеді. Фольклор шығармаларына тән осы белгіні белгілі орыс фольклорисі А.Н.Веселовский де айтқан еді. Жоғарыда аталған терминдерді саралай келгенде, фольклордың бұл сипатына «халық ауыз әдебиеті» деген атаудан гөрі «халық поэзиясы» деген ғылыми термин көп жақын. XIX ғасырдағы фольклористика ғылымында осы атау қолданылып та келеді. Алайда бұл да фольклор шығармаларының сипатын толық аша бермейді, «Халық ауыз әдебиеті» деген атауға келер болсақ, ол фольклордан жіктеліп шыққан, бірақ әлі де болса дәстүрлі байланысын үзбеген жеке бір арна болып қалмақ.
Өмір тәжірибесімен бірге ой, оның материалдық қабығы - тіл жетіле келіп, сөзден өлең, өлеңнен ән және би бөлініп шығады. Осыған орай халық поәзиясын орындаушылардың да қызметі өзгеріп отырған. Оларды біз фольклор шығармаларының қарапайым аноним айтушылары, ертекші,
ақын, жырау, айтыс поэзиясының дарынды иелері - импровизаторлар дейміз.
Қоғам дамуының сәби кезеңдерінде фольклор шығармаларын орындаушылар отбасы, ошақ қасындағы қарт-қариялар болған. Оларды біз халық поэзиясының қарапайым жасаушылары дейміз. Сонда фольклор шығармаларының жасаушылары да, айтушылары да халықтың өзі болып шығады. Өнері өрге жүзген дарын иелерінің аузынан шыққан үлгілі де ғибратты сөздер мен жырларды басқа айтушылар іліп әкетіп, өңдеп, дамытып, нақышына келтіре орындайтын болған. Жырау мен жыршылар көлемді эпостық жырларды айтуды үрдіс етсе, жұмбақ, жаңылтпаш, мақал-мәтел, тұрмыс-салт айтыс сияқты ұсақ формалы өлеңдерді кішігірім айтушылар тудырып, көпшілікке ортақ рухани мұраға айналдырып отырған. Осы ретпен туып, атадан балаға жетіп, ел аузында сақталып келген көркем сөз өнерін, оның айтылу және орындалу ерекшеліктерін фольклор дейміз.
Ғылымда халық поәзиясын «фольклор», ал оны зерттейтін ғылым саласын «фольклористика» деп атайды. Неміс ғалымы Н.Ф.Кнафльдің анықтауынша бұл атау халық даналығы деген ұғымды білдіреді. Осы пікірді (Folk - халық, Іоге - білім, даналық) ағылшын ғалымы У.Дж. Томс та дамыта түсіп, фольклорды ел арасында туған өлең-жыр, ертегі, аңыз, түрлі наным-сенімдерді жинақтайтын термин ретінде ұсынған.
Фольклор оның мәні туралы Н.П. Андреев, Е. В. Аничков, Ф.И. Буслаев, Л.Н. Веселовский, В.Ф. Миллер, Е.Г. Кагаров, Ю.М. Соколов, В.Е. Гусев, В.Я. Пропп, В.П. Аникин, Ю.Г. Круглов, П. Г. Богатырев сияқты көптеген шетел фольклористері де ғылыми пікір айтып, ой қозғаған. Мысалы, белгілі ғалым Н.П. Андреев фольклор материалдарының тарихшы, этнограф, тілші-лингвист және әдебиет тарихын зерттеушілер үшін аса маңыздылығын айта отырып, оны халық тұрмысымен тығыз байланыстырады. Б.Н. Путилов та фольклорды халықтың (ұжымдық) тұрмыстық әлеуметтік және өндірістік қатынастарымен сабақтастыра сөз етеді. Рас, Б.Н. Путилов фольклорды әдебиетпен де жақындастырады. Алайда оны бір ғана көркем сөз ретінде емес, түрлі сипаттарды бойына жинаған синкреттік өнер ретінде бағалайды. Е. В. Аничков фольклорды діни нанымдармен байланыстырса, В.Ф. Миллер әтнографиямен жақындығын сөз еткен.
Осы сияқты көптеген пікірлерді ескере келгенде, фольклор шығармаларына бір ғана тұрғыдан сыңаржақ баға берудің ұтымсыздығы көзге түседі. Фольклор туындыларына біржақты баға берудің нәтижесі оның әстетикалық табиғатына қайшы келетінін В.Е. Гусев те атайды.
Фольклор шығармаларының табиғаты туралы М.К. Азадовский, Ю.М. Соколов сияқты көрнекті ғалымдар да ғылыми тұжырымдар айтқан. Өзінің «Фольклор как коллективное творчество народа» (М., 1969) деген еңбегінде В.П. Аникин бүгінгі фольклористика ғылымындағы екі түрлі ғылыми концепцияны анықтай отырып, Ю.М. Соколов - М. К. Азадовский бағыттығына қарсы уәж айтыпты. Ол қандай бағыттар? Алғашқысы - фольклорды әдебиеттен бөлмей, қатар қойып зерттейтін (Азадовский, Соколов), соңғысы - фольклор шығармалары мен әдебиет туындыларының арасына меже қоятын (Белииский, Буслаев, Миллер) бағыттар.
Орыс, кеңес фольклористикасында туған түрлі ғылыми пікірлерді бұлайша топтастырудың өз орнында жүйелілік сипаты болуға тиіс. Алайда бұл тұста кейбір ғалымдардың фольклор шығармаларының мәні туралы айтылған бір ғана пікіріне сүйеніп, олардың дәл осы мәселе төңірегіндегі басқа да тұжырымдарын елемей, ескермей кетушілік де бой көрсетіп отырады. Мысалы, В. П. Аникин сын семсеріне алатын Ю. М. Соколов
әдебиетті фольклормен, фольклористиканы әдебиеттану ғылымымен байланыстыра отырып, олардың табиғаты бөлек екенін де теріске шығармайды. Атап көрсетер болсақ, өзінің «Значение фольклора и фольклористики (в реконструктивный период)» - деген еңбегінде ол халық поәзиясының маңызды, бір буыны ретінде фольклор туындыларын атай отырып, оған әдебиеттану және өнертану ғылымдарының методологиясын қолданудың қажеттілігін баса көрсетеді. Бұл тұста ғалымның мұндай тұжырымы оның фольклор мен әдебиеттің бірлігі жайындағы пікірінен көп бұрын айтылғандығын да ескеру қажет сияқты. В. П. Аникиннің осы бір пікірін қазақ зерттеушісі Б.Абылқасымов та дамытып, Ю.М. Соколовтың «фольклор әдебиеттің бір бөлігі болса, фольклористика - әдебиеттанудың бір бөлімі» деген тұжырымын келтіріпті. Автордың бұл бағытқа Н.П. Андреевті жатқызуы да сыңаржақ пікір. Өйткені ол 1934 жылы жариялаған «Проблемы истории фольклора» деген мақаласында фольклорды халық тұрмысымен тығыз байланыстыра сөз еткенді. Оны жоғарыда айтып өттік.
Фольклор жанрлары туралы В.Я. Пропптың пікірлері де жанды. Ол бір халықтың фольклорына тән жанрларды екінші бір елдің фольклор мұрасына қолдана салудың айтарлықтай нәтиже бермейтіндігін айта отырып, үш түрлі межені анықтайды. Олар: а) фольклор шығармаларының поэтикасын зерттеу; ә) фольклордағы халық тұрмысымен байланысты жанрларды анықтау; б) олардың орындалу тәсілдеріне (формасына) жете көңіл бөлу.
Осы айтылғандарға фольклор шығармаларының тағы да бірнеше сипатын қосуға болар еді. Олар - фольклордың коллективтік және ұлттық сипаты, варианттылығы, дәстүрлілігі, тарихилығы және ауызекі дамуы.
Халық поэзиясын көпшіліктің өзі тудырғандықтан. Ол елдің тұрмыс-тіршілігімен тығыз байланыста болған. Әр ел өз басынан өткерген оқиғаларды құмарта жырлайды. Олай болса, фольклор шығармалары өзінің тарихилығы жағынан авторлық сипаты бар кез келген туындыдан анағүрлым шыншыл, әсерлі де көркем. Сол жырларға қарап, елдің әдет-ғұрпын, ой-сапасы мен түрлі сезімдерін дәл танып білуге болады. Қазақ фольклорының тарихилығының басты бір көрінісі осында.
Фольклор шығармаларының айрықша әсерлі болатын себебі - оның образдары есте қалғыш та, тілі ерекше көркем, тартымды әрі қарапайым. Осы екі сипатқа қосылатын тағы бір белгі - әрбір өлең жыр, жар-жар, айтыс, жоқтаудың өзіне тән арнаулы әуені мен музыкалық мақамының болатындығы. Ақын-жыраулардың импровизациялық дәстүрі поәзия мен музыка өнерінің синкреттік бірлігіне негізделіп, қобыз немесе домбыра аспабымен айтылған. Мысалы, Сыр елінің аты шулы жырауы Рахмет Мәзқожаев бір ғана «Алпамыс» немесе «Көрұғлы» жырын он төрт түрлі мақаммен жырлаған. Демек, фольклор шығармалары белгілі дәрежеде театр қызметін де атқарған. Оның артистері -орындаушылар, ән мен поәзияны қатар меңгерген шебер импровизаторлар.
Фольклор шығармаларынан халық тағдыры, оның өмірден көрген қайғы-қасіреттері мен мұң-зары, келешектен күткен арман-тілектері айқын көрініс тапқан. Жоқтау, сыңсу, қоштасу өлеңдерінде халық өз теңіне қосыла алмаған қазақ қыздарының ауыр тағдырына үн қосқан. Әрбір айтушы-импропизатор да тындаушысына ұстаздық жасап, олардың түйсік-сезімін келелі ой-ниеттерге бастап отырған. Мұндай өлең-жыр мен ән-күй көп жайда өмірдің өзінен туындайды. Оған қазақ фольклорының көтерген мәселелері мен тақырыбы да айғақ бола алады.
Фольклор шығармалары ауыз әдебиетімен сабақтасып, жазба әдебиетке жол салған. «Дария басы — бұлақ» демекші, қандай да болсын көркем сөздің алғашқы үлгісі — фольклор. Ауыз әдебиеті, одан соң жазба әдебиет туғанда оның көптеген сюжеттері фольклордан алынған. Бұл дәстүр бүгінгі әдебиет тәжірибесінде де бар. Мысалы, М. Әуезовтің «Қара қыпшақ Қобыланды», «Қалқаман—Мамыр», «Айман—Шолпан», «Еңлік—Кебек», Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш—Баян сүлу» сияқты пьесаларының
сюжеті мен образдары фольклордан алынған. Мұны фольклор
мен әдебиет арасындағы табиғи-органикалық байланыс дейміз.
Жазба әдебиет сияқты ауыз әдебиетінде де өмір шындығының
сәулесі бар.
Қазақ ауыз әдебиетінің бірнеше түрі бар. Соның ішінде бастылары: халық арасында әр алуан тақырыпқа шығарылған өлеңдер, мақал-мәтелдер, аңыз-әңгімелер, батырлар жыры, тұрмыс-:салт жырлары, айтыс өлендері
т. б.
Ауыз әдебиетінің бұл аталған түрлері, әрине, бір мезгілде туып, бірден калыптасқан жоқ. Әрқайсысының шығу, өсіп-өркендеу тарихы, ұзақ уақытқа созылған даму жолдары бар. В.Г.Белинский «Әдебиеттің түрлері» дейтін мақаласында ауыз әдебиеті мен жазба әдебиеттің арасында елеулі айырмашылықтар барлығын көрсетеді. Оның айтуынша: ең басты айырмашылық шығарманың авторы белгілі болу-болмауында. Осыған байланысты, ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетінің айырмасы жөнінде В. Г. Белинскийдің мына бір пікірін келтірейік. Ол былай дейді: «...Ауыз әдебиетін
алатын болсақ, оның жүртқа аты белгілі авторы болмайды, өйткені қашан да болса, ауыз әдебиетінің авторы халық болады. Халықтың немесе бір тайпаның жас шағындағы ішкі және тысқы тіршілігін ешбір боямасыз айқын көрсететін қарапайым, үстіртін аңғал өлең-жырларын шығарған кімдер еді, оны ешкім біл-мейді... Ал әдебиетті алсақ, ол мүлде басқаша болады: оның шығарушысы халық емес, оның авторлары - халық рухының әр алуан жақтарын өзінің акыл-ойы арқылы білдіретін жеке адамдар. Әдебиетте жеке адамдар әдебиеттегі өздерінің праволарын толық өз қолына алады, сөйтіп, әдебиет дәуірлері сол жеке адамдардың аттарына байланысты болып белгіленеді».
Белинский бұл пікірін «Әдебиеттің түрлері» және «Әдебиет деген сөздің жалпы мағынасы» туралы жазған еңбектерінде де айтады. Ұлы сыншының пікірінше ауыз әдебиеті мен көркем әдебиеттің арасындағы басты айырмашылықтың бірі жеке авторлардың болу-болмауына байланысты. Және де өз дәуірінің, бүкіл халықтың «рухын білдіретін жеке авторлардың шығуы әкономиканың дамыған, қоғамдық ой-сананың ұлғайып өскен кезінде болады; экономиканың дамуы мәдениеттің, техниканың өсуіне ықпал жасайды, жазу өнерін шығарады, кітап басу ісінің тууына әсер етеді; осыдан былай жеке авторлардың шығармалары жүртқа жазу үлгісінде, баспа арқылы тарайтын болады»,- дейді.
Демек, жазба әдебиеттің қандай туындысын алсақ та оның авторы белгілі болады. Соған қоса оның өмірбаяны, шығармаларының қашан, қандай тақырыпқа арналғандығы, қай кезде баспа жүзіне жарияланғаны т.б. көпшілікке мәлім болып отырады. Ал ауыз әдебиетінің авторлары белгісіз болады. Бұдан, әрине, ауыз әдебиетінде автор болмайды деген ұғым
тумайды. Онда автор болған. Мәселен, «Ер Төстік», «Күн астындағы Күнікей қыз», «Алдар Көсе», «Қобыланды батыр» т.б. сияқты ертегі, әңгіме, жырлардың қайсысын болса да әуел баста жеке авторлар шығарған. Бірақ ол кезде жазу-сызу өнері болмағандықтан авторлардың өмірбаяны, аты-жөні сақталмаған. Ал шығармалары ауызша айту түрінде туып, ел арасына ауызша айту ретімен тарап кеткен. Олардың авторы халықтың өзі болған. Ауыз әдебиетін халық әдебиеті деп атаушылық, міне, осылай туған.
Ауыз әдебиетінің жазба әдебиеттен келесі бір айырмашылығы - ауыз әдебиеті шығармаларында варианттардың көп болуында.
Бір-біріне жалпы мазмұны, оқиға желісі, кейіпкерлерінің аттары үқсас келетін шығармаларды бір шығарманың туынды түрі, яғни варианты десек, бұл ауыз әдебиетінде көп кездеседі. Мысалға: «Қобыланды батыр» жырын алайық. Қазіргі күнде бұл жырдың 28 варианты бар. Олардың жалпы мазмұны, оқиға желісі, басты кейіпкерлерінің есімдері бір-біріне үқсас келеді. Бәрінде айтылатын басты әңгіме: Қобыланды батырдың сыртқы және ішкі жауларға қарсы күресі, осы жолда оның жасаған ерліктері. Бұл оқиғалар жырдың варианттарында әртүрлі жырланады, ал ол варианттарда өз ара үлкенді-кішілі айырмашылықтар болып отырады......
30.11.2018
Вернуться назад