Қолөнер - зор өнер

Қолөнер - зор өнер казакша Қолөнер - зор өнер на казахском языке


"Шебердің қолы алтын", - дейді атам қазақ. Сөзге де шебер, іске де ұста халқымыздың зор мәдениеті мен өнерін паш ететін құндылықтарының бірі - оның қолөнері. Ағаштан, темірден түйін түйген, жүннен көз жауын алатындай бұйым жасаған, асыл тастардан сән бұйымдарын соққан, сүйек пен мүйізді, шиді қиынынан қиыстырған халық шеберлерінің ісі - мақтауға тұратын өнер туындысы.

Қолөнер - халықтың өз қолымен жасайтын, ұлттық мәдениет пен өнер туындысы
Дәуіт - пайғамбар, ұсталар мен шеберлердің пірі.
Ұста - темірден заттар жасайтын шебер.
Зергер - асыл тастардан, алтын, күмістен бұйымдар жасайтын шебер.
Тігінші - киім тігетін шебер.
Етікші - аяқ киімдер тігетін шебер.
Үйші - киіз үй сүйектерін жасайтын шебер.
Өрімші - қайыстан ат әбзелдерін жасайтын шебер.
Ерші - ер шабатын, шеберлер тілімен айтқанда "ер қосатын" адам.
Ағаш шебері - ағаштан заттар жасайтын шебер.
Бәдізші - тастан түрлі пішіндер, заттар жасайтын шебер.
Тоқымашы - тоқыма бұйымдарын жасайтын шебер.
Миясар - өнердің бірнеше түрін игерген шебер.
Ара - ағаш, темір кесетін тісті аспап.
Асқақ темір - бір аяғы ұзын, бір аяғы қысқа циркуль тәріздес өлшеуіш, әрі ою салатын құрал.
Бақауыз - темірді соққанда ұстайтын тіссіз аспап.
Балға - соғатын, қағатын аспап.
Бұрғы - ағаш тесетін құрал.
Біз (бігіз) - етікші құралы.
Білтегіш - тоқымашының тоқу құралы.
Жонғы - ағаш қабығын жонатын құрал.
Ине - тігін құралы.
Жуалдыз - үлкен ине.
Көземел ине - көзі үлкен ине.
Инелік - ағаштан, сүйектен жасалған ау тоқитын құрал.
Тебен - қалың бұйымдар (текемет, киіз) тігетін үлкен әрі жуан ине.
Егеу - темір егейтін құрал.
Мәймөңке - ұшы қисық ине. Терме жібін теретін қайқыбас кішкентай ағаш.
Сыдырғыш - өрімшінің өрімді тегістейтін сүйектен, қатты ағаштан жасалған құралы.
Сабау - жүн сабайтын ұзынша жіңішке ағаш.
Сояу - талдырма киіздерді жөрмейтін, тігетін сүйектен, ағаштан жасалған иненің бір түрі.
Сүргі - терінің көк етін алатын, ағашты тегістеп өңдейтін құрал.
Кескір - темір кесетін құрал.
Көрік - ұстаның шоқ үрлейтін құралы.
Кемпірауыз - қышқаштың бір түрі, ұста құралы.
Қышқаш - өңделетін, жасалатын затты тістеп тұратын құрал.
Қайрақ - құралдарды өткірлеу үшін оның жүзін қайрайтын тас.
Қашау - темірден жасалған ағаш оятын құрал.
Қазиек - соғатын, қыздыратын темірді ұстайтын құрал.
Қуысқұлақ - жүзі қуыс ағаш оятын құрал.
Қалып - етікші құралы, ағаштан жасалған аяқ үлгісі.
Қайшы - мата қиятын тігінші құралы.
Темір қайшы - қаңылтыр қиятын қайшы.
Түрпі - ағаш мінін алатын бұдырлы темір құрал.
Тескіш - темір, қаңылтыр тесетін ұшты құрал.
Ырғақ - тезден шыққан ағаштарды үлгіге келтіретін қарапайым қалып ретіндегі құрал.
Қақсал ағаш - әбден кепкен, үй жасауға жарамды ағаш.
Мор - қақсал ағашты жұмсарту (балқыту) үшін жасалатын пеш.
Обын - үй ағашын жұмсарту үшін жер астында жасалатын пеш.
Қоз - ағашты жұмсарту үшін от жағатын орын.
Тез - мор, обын, қоздан жұмсарып шыққан үй ағашын түзететін немесе иетін үйші құралы.
Сықаурын - тездегі ағаштың қисығын жамбасқа салып түзететін өте қатты ағаш.
Талқы - кепкен теріні, көнді, сіріні ұйысқан жүнді жұмсартатын ағаштан жасалған құрал.
Үскі - көк (таспа) өткізу үшін кереге тесетін құрал.
Түйебел - ши тоқитын құрал,"ши құрғыш" деп те атайды.
Сарнауық - керегеге сызық салатын темір аспап.
Тістеуік - шеге суыратын темірден жасалған құрал.
Төс - пайдаланылатын темірді салып таптайтын салмақты, берік темір тұғыр.
Оймақ - тігіншілердің, етікшілердің саусағына киетін ойық темір.
Тері оймақ - теріден жасалған оймақ.
Қож - ұсталардың көмір салатын сүйектен жасалған қалағы.
Ұршық - жіп иіретін құрал. Оның қаңғалағы, яғни басы, және сабы болады. Сабында бұрмашасы болады.
Ілдіргі - ағаштан, сүйектен, темірден жасалатын тоқымашы құралы.
Пышақ - кесетін құрал.
Шот - ағаш шабатын құрал.
Нәскүрік - ағашты тегістеп жонатын құрал.
Тігін машинасы - тігіншінің бас құралы.
Іскенже - темірді қысып тұратын бұрама ауызды құрал.
Өрмек - алаша, басқұр, қоржын т.б. тоқитын көптеген бөліктерден тұратын күрделі тоқыма құралы.
Термелі өрмек - кілем тоқитын құрал. Бұған, жалпақ тоқыма бұйымдары тоқылады.
Жәй өрмек - енсіз құр, бау, терме, басқұр сияқты бұйымдар тоқитын құрал. Ол бірнеше бөліктерден тұрады.
Қазық - желі және өрмек өрісі үшін қажет қазықтар.
Кергіш қазық - өрмек өрісін алдыңғы жағынан керіп тұратын қазық.
Күйеу қазық - "жетім қазық", өрмекті арт жағынан керіп тұратын қазық.
Мосы - арқалықты көтеріп тұратын үш бұтты құрал.
Адарғы - өрмек ерісінің астыңғы және үстіңгі беттерін айқастыратын ағаш құрал.
Серу ағаш - өрмек өрісі енін, жіптерін бірдей етіп ұстап тұратын құрал.
Жүгіртпе - арқау жібін өткізіп тұратын құрал.
Қылыш - адарғыдан кейін арқау жібін тығыздайтын қылыш тәрізді ағаш.
Бақылау жіп - өріс жіптері шатыспау үшін қолданылатын бөлек жіп.
Тергіш - өрнек шығару үшін түрлі түсті жіптерді теретін (іріктейтін) ағаш құрал.
Еркек жіп - күзуде тұрған желі жіптерінің үстіңгі беті.
Ұрғашы жіп - астыңғы беті.
Шатыс - еркек және ұрғашы жіптердің адарғы арқылы айқасуы.
Тарту жіп - күзуді қозғалмау үшін қатты тартып, бекітіп қоятын мықты жіп.
Арқау - тергіштен кейін шатысты ұстап қалатын, жүгіртпеге оралған арқау жіп.
Алқа - омырауға тағатын, көбінесе күмістен соғылатын әйелдердің сәндік, әсемдік бұйымы.
Білезік - білекке салатын, күмістен, алтыннан соғылатын әйел бұйымы. Жасалуына қарай алтын білезік, күміс білезік, құйма білезік, сағат білезік, топсалы білезік, бұрама білезік, қос білезік т.б. атаулары бар.
Бес білезік - алтын, күмістен, асыл тастардан көз орнатылған, күміс шынжыр арқылы бес сақина бекітілген аса қымбат білезік.
Балдақ - алтыннан, күмістен соғылған жұмыр сақина.
Жүзік - қымбат тастардан көз орнатылған жалпақ сақина. Оның еркектер де, әйелдер де тағатын түрлері болады.
Моншақ - түрлі тастар мен шыныдан жасалған, жіпке тізілген, мойынға, қолға салатын, киімге тағатын сән бұйымы.
Талмоншақ - бірнеше қатар тізілетін моншақтар.
Тұмарша - сәндік үшін омырауға тағатын үшбұрышты, салпыншақты күміс бұйым.
Маңдайша - сәукеле т.б. киім маңдайына тағатын, көз орнатылған күміс бұйым.
Сақина - саусаққа салатын, әртүрлі үлгіде күмістен, алтыннан т.б. металдан соғылатын бұйым.
Танакөз - шар тәрізді күміске тастан көз орнатылған түйме тәрізді сәндік бұйым.
Өңіржиек - салпыншақтар тағып, үзбелеп жалғаған, омырауға сән беретін, түрлі түсті тастардан көз орнатылған әсемдік алқалар тізбесі.